Жақсылық ҮШКЕМПIРОВ: ОН ЖЕТI БАЛАҒА ОН ЖЕТI ЖҮГЕН ҰСТАТТЫМ
Жақсылық ҮШКЕМПIРОВ: ОН ЖЕТI БАЛАҒА ОН ЖЕТI ЖҮГЕН ҰСТАТТЫМ
Алматы облысы, Жамбыл ауданында Мыңбаев деген ауыл бар. «Сол Мыңбаев ауылында Жақсылық Үшкемпiров көкпар берейiн деп жатыр, бәйге болады екен» деген хабарды естiп, жолға шықтық. Үлкен трассаның бойымен зулап келе жатырмыз. Ауылдың атын естiгенiмiзбен, бағыт-бағдары айқын емес. Бет алысымыз белгiлi болғанымен, ауылды бұрын-соңды көрмегендiктен, анық болжай алар емеспiз.
Жолшыбай кездескен жолаушыдан Мыңбаев ауылын сұрап қоямыз. Мыңбаевтың атын естiгеннен: «Жақсылық Үшкемпiровтiң ауылына бара жатырсыңдар ма? Онда бүгiн көкпар болып жатыр» деп, бiрден бiле қояды. Көпшiлiктiң сiлтеуiмен ауылға жеткенiмiзде, көкпар аяқталып қалған екен. Ауыл ортасында орналасқан «Жақсылық» шаруа қожалығының алдында үлкен ақ боз үй тiгiлiптi. Он екi қанат киiз үйдiң iшiнде қымыз сапырылып, шұбат үлестiрiлiп жатыр. Ел-жұрттың аяғы басылған уақыт. Сөйтсек, бұл күнi мыңбаевтықтар үшiн үлкен той екен. Балуан ағамыз өзiнiң алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында, ауылға өз атынан газ жүргiзiптi. Әрi газдың келу құрметiне, әрi мерейтойдың құрметiне, ауыл халқына арналып ас берiлiп, көкпар тартылған екен. Көл-көсiр қуаныштың, үлкен мерекенiң үстiнен түсiппiз.
Бiз келгенде Жақсылық аға ауылдағы ағайынмен арқа-жарқа болып, әңгiме-дүкен құрып тұр екен. Балуанның қуанышынан бiз де алыс кете алмадық. Ағайынның әңгiмесiнен үзiлiс тапқан бiр тұста, балуанға өзiмiздiң сауалдарымызды қойып үлгердiк.
– Балуанның атқа мiнiп, көкпар шабуы таңсық емес шығар. Бiрақ балуанның осындай кәсiппен айналысуы қарапайым жұртшылық үшiн қызық көрiнетiнi рас. Сiз үшiн жылқы баптап, сиыр бағу кәсiп пе, әлде әуестiк пе?
– Мен өзi ауылшаруашылығы институтын бiтiргем. Мамандығым – зоотехник. Осы мамандықты өзiм де жақсы көремiн. 1999 жылы инфаркт алып, қатты ауырдым. Сонда Бақанасқа барып, бiр жаз емделдiм. Бақанас Дiнмұхаммед Қонаев ағамыздың ата-бабасының жерi ғой. Кезiнде Алматы облысының әкiмi болған Серiк Әбiкенұлы да сол жерде жұмыс iстептi. Дәрiгерлер маған "таза ауамен демалуыңыз керек" деген соң, сол жаққа барып, бiр жаз демалдым. Өмiр бойы спортзалда жаттығып, тар қапаста жүрген соң ба, таза ауада жүрiп, ешкiнiң сүтiн iшiп, аңшылық жасап, таза ауамен демалу — менiң денсаулығыма жақсы әсер еттi. Құдайға тәубә! Содан достарымның айтуымен жүз ешкi сатып алып, мың гектар жер алып, шаруашылықпен айналыса бастадым.
– Аға, сөзiңiздi бөлейiн. Осыдан бiрер жыл бұрын, бiр кездесуде: "Жүз ешкi бағып, ешкiлi бай атандым" деген едiңiз. Бұл сол кездердi айтып отырғаныңыз ба?
– Иә. Сол кездер ғой. Жүз ешкiм бiрер жылда бес жүз ешкi болды. Ешкi малы жарықтық тез көбейедi екен. Әмiр Құлмаханов маған: "Жәке, жазылдың, ендi iрi қарамен айналыс" деген соң, ешкiлерiмдi сатып, сиыр, жылқы ала бастадым. Сөйтiп екiншi мамандығымды бастадым ғой. Ауылда өскеннен кейiн малды жақсы көремiз. Қойдың қошақаны ерiп, жылқының құлыны ерiп, сиырдың бұзауы ерiп жүргенi қандай жақсы?! Елбасыға рахмет! Нұрекең де осы ауыл шаруашылығына қатты көңiл бөлiп жатыр. Әсiресе, еттi бағыттағы iрi қараға. Мен де сол еттi бағыттағы iрi қарамен айналысып жүрмiн.
– Жуырда асыл тұқымды малдың санын көбейту туралы мәселелер қозғалды. Қазақтың ақ бас сиырының тұқымы жоғалып кеттi. Асыл тұқымды малды көбейту керек деген сияқты әңгiмелер жиi айтылуда. Оның амалы қайсы?
– Сырттан әкелiп жатқан ештеңем жоқ. Бұрынғы Кеңес үкiметi кезiнде қалай болғанын бiлмеймiн. Өзiмiздiң iрi қара еттi сиырларды будандастырып жатырмыз. Бұл малдың тұқымын iрiлендiру 2007 жылы басталған едi. Америкадан алып келген тұқымды "Жетiсу типi" деп шығарған. Ендi мiне, қайтадан iрiлендiру басталды. Соған байланысты, осы ауылда бiр табынды, яғни 150 басты ұрықтандырып жатырмыз. Мұның өзi оңай шаруа емес. Асылдандыру жұмыстарын жүргiзетiн арнайы ғылыми-зерттеу институттары мен аграрлық университеттермен бiрлесе отырып, жұмыс iстеп келемiз. Құдайға тәубә, оның нәтижесiн келесi жылы көретiн боламыз. Мыңбаев ауылын алу себебiм де — осы. Елбасының ауыл шаруашылығын көтеру керек деген ұраны бар. Соған iлiккен сияқтымын. Серiк Әбiкенұлына рахмет, осы ауылдан 35 мың гектар жердi бес жылға басқаруға бердi. Ары қарай жұмысым нәтижелi болса, жалғастыратын боламыз. Қаншама техника алдық, қаншама iрi бас мал алынып жатыр?! Бәрi оңай емес.
– Сiздiң шаруа қожалығыңызда кiмдер жұмыс атқаруда?
– Барлығы дерлiк осы ауылдың тұрғындары. Тракторшысы да, көлiк айдаушысы да — бәрi ауылдың адамдары. Қазiр ендi шөп шабуға дайындалудамыз. Жақын күндерi он трактор шығады. Бүкiл техникамызды шығарамыз. Оның бәрiнде 20-30 адам еңбек етедi. Малды бағып, қарап отырғандардың өзi оннан астам отбасы. Ары қарай көбейтетiн болсақ, ауылға мұның да игiлiгi тиер едi. Бүгiн Мыңбаев ауылына газ жүргiздiк. Оның бәрi ауыл үшiн жасалып жатқан дүниелер. Елге кiшкене пайдасы тисе деймiн. Көмiрдi сатып алып, жаққанның орнына, газды пайдаланған өте тиiмдi емес пе?
– Бұған дейiн бұл ауылға газ келмеген бе?
– Келмеген. Осыдан үш жыл бұрын ұсыныс тастаған адамдар болған екен. Бiрақ газ жүргiзе алмапты. "Тәуекел" ЖШС-мен келiсiп, жүзеге асырдық. Оның бастығы Молдияр Нұрбаев менiң өте жақын жолдасым. Сол азаматпен келiсiп, менiң алпыс жасыма орай, туған күнiмде газ кiргiземiз дегенбiз. Облыс әкiмiнiң орынбасары Болат Тәкенов келiп, қатысып қайтты. Бүкiл ауыл адамдары жиналды. Жаман болмаған сияқты. Ауыл адамдарының көңiлi жайланып қалды. Әншiлер де келiп, өнер көрсеттi. Елдiң еңсесiн көтеру мақсатымыз едi, сол мақсаттан шыққан сияқтымыз. Ендi мектептегi жасөспiрiм балалар үшiн ауылдағы спорт мектебiн қайта жаңғыртсақ деп отырмын. Жастар спортпен шұғылданып, олардың арасынан бiз сияқты әлем, олимпиада чемпиондары шығуы мүмкiн. Соларға жағдай жасауымыз керек. Бұрынғы Мәдениет үйi бос тұрған едi. Соны бүгiн облыс әкiмiнiң орынбасарына айтып көрдiм. "Соны қайта жөндеп, жасасам ба?" деп едiм, "қарсы емеспiз" дедi. Оның өзi де маған оңай шаруа емес. Бiрақ жастар үшiн спортзал жасасам, қалған бөлiгiн мәдениет үйiне айналдырсам деген ойым бар. Оны өмiр көрсетедi. Командадағы балалар үшiн де жиi көмек берiп тұрамын. Малымды сойып, қымызым мен шұбатымды берiп, жарысқа қатысуларына ыңғайлы жағдай жасап отырмыз.
– Балуандарға көбiрек көңiл бөлесiз ғой, сонда?
– Балуандарға ғой. Күрестi дамытып алсақ, оның өзi де үлкен шаруа. Ай сайын бiр малымды сойып, олардың ешнәрсенi уайымдамай, тек жаттығуына мүмкiндiк жасауға тырысамын. Спорттың барлық түрiне қамқорлық жасау оңай емес. Өйткенi менiң қызметкерлерiм де бар ғой. Олардың жалақысын беруiм қажет. Техникаларымыз бар дегендей. Олардың дұрыс жұмыс iстеуi үшiн де қаржы бөлiп отырамыз. Қаншама литр жанармай кетiп жатады. Мыңнан аса гектарға арпа мен бидай ектiк. Одан бөлек жоңышқалығымыз бар. Осының бәрi күнi-түнi жасалып жатқан еңбек. Бәрiн де ауылды көтеру үшiн жасап отырмыз.
– Қымыз орталықтарын, шұбатхана ашу мәселелерiн де қолға алып жатырсыздар ма?
– Әзiрге қымызханаларымыз жоқ. Бiз көбiне дайын цехтарға өткiземiз. Қымызханалар салу үшiн қосымша жұмыс орындарын ашу керек.
– Жылқыны сүймейтiн қазақ жоқ. Жылқы малына деген көзқарасыңыз ерекше болар?
– Ер азаматтардың бәрi жылқыны сүйедi. Менiң кiшкентай немерелерiм де жылқы десе, iшкен асын жерге қояды. Жылқы деген жарықтық төрт аяқты сұлу жануар ғой. Табиғаттың ерекше жаратылысы.
– Бәйге аттарын баптайсыз ба?
– Жоқ. Бәйгемен айналыспаймын. Бәйге үлкен қаражатты талап етедi. Менiң өзiм де үлкен бәйгеден келген адаммын ғой. Соның өзi жетiп жатқан шығар. Ал менде жабы жылқылар бар. Асыл жануар ғой. Бұрынғы қазақтың жабы жылқыларының тұқымы азайып бара жатыр. Соны қайта жаңғыртып, елiмiздiң өзге аймақтарынан да жылқының түр-түрлерiн жинақтаудамын. Күршiмнен, Алтай өңiрi дейдi, сол жақтан алдырамын. Мұғалжардан әкелiп жатырмын. Содан кейiн жылқыларды түр-түрге бөлем. Боз жылқыларды бiр бөлек, торылар бiр бөлек. Үйiр-үйiрiмен бөлiп қойғам. Байырғы кезде бiздiң бабаларымыз осылай жасаған. Өте қатаң қараған. Ала шұбар болып кетпеу үшiн, солай iстеген. Шұбар ала жылқыны ұстағанды ұнатпаймын.
– Жас кезiңiзде бәйге шауып, көкпар тартып өстiңiз бе?
– Жастық шақта оның бәрi басымыздан өттi ғой. Талай жығылып, талай сүрiнiп, аттан құлап өстiк. Қой бақтық. Аталарымыздың бәрi мал баққан. Жаз бойы жайлауда, малдың соңында жүрдiк. Содан үйренген кәсiбiмiз ғой. Қазақтың қай баласының да төрт түлiктi ұнатпайтыны жоқ шығар. Сондықтан төрт түлiктiң бәрi бар. Құдайға тәубә! Менiң мал баққаным – кәсiбiм ғана емес. Өзiмнiң алдыма қойған үлкен мақсатым бар. Ол ауылды өркендету, ауылды аяғынан тұрғызу. Елбасының айтқаны да осы. Облыстың да талабы осы. Осы ауылды үлкен орталық жасап, осы ауылда үлкен мал бордақылау зауытын салсам ба деп жүрмiн. Маған оны лизингке бередi. Он екi жылға алып, алты пайызбен қайтарам. Агрокомпаниядан бiраз қаражат алып, мал сатып алып жүрмiн. Көбейте түсу керек.
– Жайылымдарыңызды жиi аралайсыз ба?
– Шынымды айтсам, екi күннiң бiрiнде жайылымда жүрем. Онсыз болмайды. Мойынсұнбай, жайына жiберсек, бiр жылдан кейiн малдың бiрiн де таба алмай қаласыз. Сондықтан мықты тәртiп керек.
– Балуан болған соң, спорттан сырт айналып кете алмайтыныңыз белгiлi. Спортқа да жиi көңiл бөлесiз бе?
– Оның рас, мен спорттан сырт айналып кете алмаймын. Ол менiмен өле-өлгенше бiрге, бiте қайнасқан деп айтуға болады. Апта сайын дайындық орталықтарына барып тұрам.
– Қазiргi жастардың арасынан таланттарды жиi байқайсыз ба?
– Грек-рим күресiнен Тiнәлиев деген жiгiт бар. Әлем бiрiншiлiгiнен бiрiншi орын алды. Азия ойындарында чемпион болды. Сол азаматтан үлкен үмiт күтем. Жас жiгiттердiң арасында да дарындылары көп.
– Балаларын ертiп, алдыңызға келетiн азаматтар да жоқ емес шығар. Ондай балаларды не iстейсiз?
– Жиi келедi. Қолымнан келiп жатса, қолұшын беруге тырысамын. Дәулет Тұрлыхановтың Алматыда үлкен мектебi бар. Соған жiберемiн. Күресемiн деген баланың қолынан қақпаймыз ғой.
– Жарыстарды көрiп отырып, қазақ күресiн бақылап отырып, жиi ренжисiз бе? Көңiлiңiз толмайтын, көкейiңiзден шықпайтын сәттер жиi бола ма?
– Әрине, көңiлiң толмайтын сәттер де кездеседi. Өзiм сияқты қазақтың қара домалақ балаларының арасынан чемпион шығуы керек. Бокста бар. Ал бiздiң күресте әлi ешкiм жоқ. Келесi жылы – Лондон. Ол да келiп қалды. Соған дайындық жүрiп жатыр. Осы айдың 19-ы күнi Астанада Елбасының кубогына жарыс өтедi. Балалардың дайындығын көремiз. Одан кейiн әлем бiрiншiлiгi өтедi. Соған барам. Балалардың деңгейiн көремiн. Оның бәрiне уақыт керек. Жайылымның бәрiн аралап шығу да оңай емес.
– Қай уақытта демаласыз?
– Осы уақытқа дейiн демалуды бiлмеппiн. Ертең демалыс. Бiрақ демалыс екен деп, үйде шалжиып жата алмайсың. Қаншама қыруар шаруа күтiп тұр.
– "Алпыс – тал түс" деп жатады. Шынында да солай ма екен?
– Бiлмеймiн. Сол алпысыңды әлi сезiне қойғам жоқ.
– Қызылағаш ауылына бiр үйiр жылқы апарып бергенiңiзден хабардармыз. Бұл өзiңiздiң қалауыңыз болды ма?
– Әрине. Халық қиналып жатқан кезде, көмектесуiмiз керек. Ол – адамгершiлiк iс, сауапты iс. Елбасы Қызылағашқа келiп кеттi. Тура сол күннiң ертесiне бiр үйiр жылқымды алып, Қызылағаш ауылына бардым. Он жетi баланың қолына он жетi жылқының жүгенiн ұстатып тұрып: "Қайсың чемпион боласың, осы жылқыны қалдырам. Болмасаңдар, қайта алып кетемiн", – дедiм. Кiшкентай балалардың бәрi мәз болып қалды. Ол баланың есiнен ол сөз ешқашан да шықпайды. Ол бала ертең келешекке басқаша жолмен ұмтылады. Спорттан чемпион болмаса да, өмiрден өз жолын дұрыс табатын болады. "Халықтың азаматы болыңдар. Сендер қиналмаңдар. Сендердiң қиындықтарыңа бiз дайынбыз. Спортшылар осындай болады", – дедiм.
– Өзiңiздi Атымтай жомартпын деп есептейсiз бе?
– Бiлмеймiн ғой. Оны менен емес, елден сұрау керек шығар. Бiрақ менiң ұстанатын бiр ғана принципiм бар – елдiң еңбегiн жемеу керек.
– Балаларыңыз да сiздiң кәсiбiңiздi меңгерiп жүр ме?
– Ортаншы ұлым екеумiз бiрге жұмыс iстеймiз. Ол да ауыл шаруашылығы институтын бiтiрген. Ауыл шаруашылығының қыр-сырын жақсы меңгерген. Бәрi де күрестi, бiрақ түбегейлi сол жолға түсе қойған жоқ. Чемпиондық деген бәрiне бұйыра бермейдi ғой. Ол миллионның бiрiне бұйыруы мүмкiн. Мәселен мен қазақта бiрiншi шықтым. Мен чемпион болғалы 31 жыл өтiптi. Содан берi чемпион болған ешкiм жоқ күрестен. 1980 жылы — олимпиада чемпионы, 1981 жылы – Әлем чемпионы, 1982 жылы – Әлем кубогының иегерi болдым. Халықаралық жарыстардың көбiнде чемпион болдық.
– Қазақта "бақ шаба ма, бап шаба ма?" дейдi. Чемпион болғаныңызды бағымның жанғаны деп ойламайсыз ба?
– Мүмкiн. Бағым да жанған шығар. Бiрақ ең әуелi дайындықтың да болғаны дұрыс. Ол кезде мектептер де жақсы болды. Ең қиын жерi, он бес республиканы жеңiп, олимпиадаға бiреуi-ақ баратын. Қазiргiдей емес. Қазiр тiптен жақсы. Бүгiнгi жастарға: "Сендер бақыттысыңдар. Шiркiн-ай, маған сондай бақыт берсе. Бiр емес, бес рет чемпион болар едiм",– деп айтам.
– Өте намысқой болып өстiңiз бе?
– Намысқойлық та бар. Жеңiлу деген оңай. Жеңу деген қаншама жауапкершiлiктi жүктейдi. Айтуға оңай. Өте намысқой болғаннан кейiн, осындай биiкке жеткен шығармын. Әйтпесе, әке-шешем менiң күресiп жатқанымнан да хабарсыз болды. Тiптi бiр рет Семейге де iздеп барған емес. Өзiм оқыдым, өзiм күрестiм. Қазiр ғой баласы күреске шықса, ата-анасы, туыстарының бәрi қасында жүредi. Бiз шақырмайтынбыз. Жеңiлiп қалсақ, әке-шешемiз көрмесiн деген намыс қой.
– Чемпион болған кезiңiздi де әке-шешеңiз көре алмады ма?
– Жоқ. Теледидардан көрiп отырды. Үлкен жарыстарға шетелдерге ол кiсiлердi ертiп апара алмайсың. Менiң қуанышымды елге келген соң барып бiлетiн. Сол кезде барып, қуанғандарын сездiретiн.
– Чемпион болған сәттегi қуанышыңыз әлi де еске түсе ме?
– Әрине. Чемпион болғанға не жетсiн?! Бiрақ ең басты нәрсе, жеңiлмей кеткен дұрыс. Яғни жеткен биiгiңнен төмендемеу. 33 жасымда спорттан кеттiм. Сөйтiп жатқан жай. Жастық шақ болған соң, сол жастығыңды спортқа беру керек. Соның шыңына жету қажет. Қазiргi спортта жүрген жастарға да айтатыным сол. "Бұл кезең он жылдың iшiнде өтедi де кетедi. Қайтып артқа бұрыла алмайсың", – деймiн. Бiздiң жiгiттердiң кейбiрi намаз оқып, дiнге бет бұрып жатыр. Базбiр жiгiттерге айтам: "Халықтың қаншама ақшасы, қаражаты сенiң мойныңда. Сол елдiң үмiтiн ақтап, үлкен шыңға жетшi. Содан кейiн намаз оқып, дiни уағыз айтуға үлгересiң. Дiни сенiм адамның iшiнде, iшкi жүрегiнде болу керек. Отыз күн ораза ұстайсың. Ораза ұстаған адам аш жүредi. Өзiң аш болсаң, қалай жарысқа қатысасың?! Балуанның салмағы өзiне сай болуы керек. Ел сенiң жеңiсiңдi күтiп отыр. Қазақтың намысын қайрасын деп отыр. Қазақтың атын әлемге танытсын деп отыр. Спортшының ең басты ойлайтыны – тек қана дайындық болуы керек. Менi Аллаға сыйынбайды деп ойламаңдар. Мен Кеңес Одағының идеологиясы дүрiлдеп тұрған кездiң өзiнде әрбiр жарысқа iштей бiр Аллама сыйынып шығатынмын. Әлi де солай болып келедi", – деймiн.
– Ауыл шаруашылығы институтын бiтiрген маман балуан болмағанда, сол кездiң өзiнде осы шаруашылықты меңгере алар ма едiңiз?
– Кiм бiледi? Бiрақ адам қай жерде талпынысы болса, сол жерден шыңға жетедi. Ол тек қана күресте емес, қай еңбекте болса да көрiнедi. Қазiр мал бағып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып жатырмыз. Мұнда да көрсеткiштерiм жаман емес. Демек, талпынған адамға биiктi бағындыру аса қиын емес.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА