ЖАҢА ФИЛЬМ КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ
ЖАҢА ФИЛЬМ КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ
Отандық фильмдердiң қатары кезектi романтикалық кинотуындымен толықты.
Өткен аптада Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының Тон студиясында режиссер Талғат Теменовтiң «Менiң күнәлi перiштем» фильмiнiң көрсетiлiмi өттi.
Фильмнiң түсiрiлiмi осыдан бiр жыл бұрын басталып, екi жарым ай көлемiнде түсiрiлген екен. Түсiру жұмыстары Қазақстанда және Францияда жүргiзiлген. Жаңа туындының бюджетi 2 млн. АҚШ долларын құрапты.
Кинотуындының режиссерi әрi сценарий авторы Талғат Теменов: «Бұл – шексiз махаббатты, шынайы достықты, iзгiлiк пен адамгершiлiктi паш ететiн фильм. Монтажын атақты француздық маман Николас Трембасьевич жасады. Киноға француздық актер Жерар Депардье түстi. Жастардың игiлiгiне қызмет ететiн шынайы да әсерлi дүние ұсынып отырмыз. Көрермендердiң көңiлiнен шығады деген ойдамыз», – дедi.
«Менiң күнәлi перiштем» фильмi – романтикалық махаббат, өмiрдiң бұралаң-соқпақты жолдары, қыз бен жiгiт арасындағы нәзiк сезiм жайында.
Фильм желiсi бойынша Айша атты талантты әншi, сұлу бойжеткен бай жiгiтiнiң демеушiлiгiмен Парижге кетiп, танымал болғысы келедi. Арманы – Францияны талантымен табындыру. Асқақ арманының орындалуына аз ғана уақыт қалғанда Айша шынайы махаббатын – Азаматты жолықтырады. Осылайша махаббат үштағаны пайда болады.
Бай кәсiпкер Асхат Айшадан айрылып қалмау үшiн небiр қулық-сұмдыққа барады, алайда екi ғашық бастарынан небiр қиындықтарды өткере отырып, кiршiксiз, шынайы махаббаттарын сақтап қалады.
Басты рөлдердi бұрын-соңды киноға түспеген жас әртiстер – Данияр Қанатқалиев (Азамат) және Құралай Анарбекова (Айша), ал бай кәсiпкер Асхаттың рөлiн Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi Мұрат Ахманов сомдады.
Фильм барысында қолданылған «Қорлан», «Япур-ай» сынды қазақ әндерi, сондай-ақ Ұлықбек Есдәулеттiң сөзiне жазылған, Айгүл Қосанованың орындауындағы «Ей, перiштем» атты жаңа әнi көрермендердi ерекше әсерде қалдырды. Сонымен қатар фильмнiң ұлттық құндылықтарымызды дәрiптейтiн тұстары да баршылық. Жүректiң нәзiк қылын шертетiн сыршыл сезiм, тағдыр тәлкегi, өмiр шындығы көрiнiс тапқан бұл туындының жастарға ой салатын астары да жоқ емес.
Романтикаға толы, әуездi де әсерлi туындыны киносүйер қауымға биылғы жылдың күз мезгiлiнде тарту жоспарланып отыр.
Ботагөз ДАСТАНҚЫЗЫ, ХҚТУ-дiң 3-курс студентi