ӨКIНБЕЙ ӨТЕР ӨТКЕЛ БАР МА?
ӨКIНБЕЙ ӨТЕР ӨТКЕЛ БАР МА?
Әрбiр қария өз бастарынан өткен қателiктерiн өзiнiң соңындағы ұрпақтары қайталамаса екен деп тiлейдi.
"Өзiм жасаған қателiк – өзiме сабақ" дейтiндер де аз емес. Бiрақ түбiнде адаспайтын адам жоқ болса, өзегiңдi өртер өкiнiш соңыңнан қалмайды екен, сонда дiттеген жерiңе адастырмай апаратын даңғыл жолды қайдан iздеймiз?!
Әрине, бұл жолды бiлiмнен iздеген абзал. Десек те iлiм-бiлiм, ғылымның шыңырау түбiне жетiп, толық меңгерген адам баласы бар ма екен? Ақылды данышпандар, бiлiмi мықты ғалымдар бұл жалғанда жетерлiк, бiрақ оларды да өкiнiш өртi шарпып өтпеген деп айта аламыз ба?!
Адамның ақыл-ойы кiлт секiлдi, құлыптардың барлығына түсе бермейдi. Сондықтан сұрақ көп, жауап аз.
"Қылшылдап тұрған жасты бақытты деме, өмiрiн жақсы сүрiп өткiзген қартты бақытты де", – деп айтқан Эпикур данышпан сол қартты таниды ма екен?
Өмiрiн жақсы өткiзген адам шынында бақытты, өйткенi ол өкiнбейдi.
Иә, ол өткенге өкiнбейдi, жан-жағындағы достарына, туыстарына мейiрiмiн төгiп, нұр шашып тұрғысы келедi. Бiрақ Алладан басқа, мәңгiлiк еш нәрсе, еш пенде жоқ. Достары да, туыстары да сирей бастайды. Олардан бұрын бұл өмiрге қош айтпағанына өкiнер ме бұл қарт?
Ақ-қара, күн-түн, ыстық-суық, бәрiнiң де қарама-қайшы серiгi бар, өкiнiштiң серiгi қайда?
Сұрақ көп, жауап аз.
Расында, құлып көп, кiлт аз…
Ботагөз ДАСТАНҚЫЗЫ, ХҚТУ-дiң 3-курс студентi