СӨЗ – КӨҢIЛДIҢ ҮЗIЛIП ТҮСКЕН ТАМШЫСЫ

СӨЗ – КӨҢIЛДIҢ ҮЗIЛIП ТҮСКЕН ТАМШЫСЫ

СӨЗ – КӨҢIЛДIҢ  ҮЗIЛIП ТҮСКЕН ТАМШЫСЫ
ашық дереккөзі
412

Бисмиллахир – Рахманир – Рахим!

Жаратқан Алланың сәттi бiр күнiнде үлкен қалаларымыздың бiрiндегi сурет көрмесiне жолым түсiп, бара қалдым. Көрме залында әрқилы орналасқан неше түрлi бейнелi суреттерге сұқтана көздерiн тiккен бiрнеше мұсылман бауырларымызды көрдiм. Қатарға тұра қалып, мен де көз салған едiм, қасымдағылардың iштей сөйлеп тұрғанын байқадым.

Сонда мынадай ой туындады, Жаратушы Иемiздiң мына асқан сұлу керемет шеберлiкке толы әлемiн көзге әсерлi қанық бояуымен жеткiзген суретшiнiң жансыз суретi сөзсiз көркем. Әрине, оның бұл дүниесiне жоғары баға беруге болады. Алайда онда самал жел еспейдi, аспандатып қанатын сермей құс ұшпайды, ағаш жапырағы сыбдырламайды, сылдырап бұлақ ақпайды, тiрi жәндiк қыбырламайды, тылсым өмiр патшасы – адамзаттың таңы мұнда атпайды, кешi батпайды. Бiр ғажайыбы, суреттегi жансыз бейне қызыға қараған қай пенденiң болсын көзiнен өтiп, жүрегiне қонып, тiлiне барады. Сонда оған жан беретiн тек қана тiл екен. Ал тiл – сөз анасы. Әлем Раббысы Жаратқан Алла тағала адамзатты жаратарда барша жақсылыққа бөлей әрқайсысының алдына мақсат қойған. Яғни адамның екi аяғын мешiттерге баруға, мұсылмандарға жәрдем беру мен жақсы iстер атқару үшiн жаратқан. Екi қолды Құран ұстауға, екi көздi Құран бетiне, ата-ананың жүзiне, барша жақсылыққа қарауға болса, екi құлақты Құран сөзiн тыңдауға жаратқан. Ал ақыл мен сана – сезiм осыларды жиыстырып, жүрекке түйiп, Құран сөзiне сүйене шүкiрлiк айту үшiн тiлдi берген. Ертеде атамыз: "Е, Алла, он екi мүшемдi аман ет, кiсiге күнiмдi салма, жақсылығыңды бере гөр" деушi едi. Сондағы он екi мүше қатарына жататындар да, мiнекей – осылар. Ал "Расында да, сiздердi қорғаушылар бар. Мәртебелi жазушылар. Не iстегендерiңiздi бүкпесiз бiлiп тұрады" ("Инфитар" сүресi, 10-12 аяттар) деген аят бар. Бұл дегенiмiз, адамның аузынан шыққан барша сөздердi жазып тұратын перiштелер болатындығы. Бiрде жолда келе жатқан бiр адамның есегi сүрiнiп кеткен көрiнедi. Оған иесi: "Сорлы есек-ай!" – дептi. Сонда бiр перiште: "Бұл сөздi жақсылықтар қатарына жатқыза алмаймын" – дептi. Ал келесi перiште: "Мұны жамандықтар қатарына жаза алмаймын" – дептi. Сол кезде аспаннан үшiншi перiште келiп: "Бiр перiштенiң жазбағанын екiншi перiште жазуға тиiс" – дептi. Сондықтан ауыздан шыққан әр сөзге жауап беремiз. Ал хазiретi Әлидiң (р.а.): Сiздер ауыздарыңыздан шықпаған сөздерге патшасыздар және сiздер ауыздарыңыздан шыққан сөздердiң құлы боласыздар – дегенiн әбден естен шығармаған жөн. Алайда тiлден бал да, зәр де тамады. "Адамның сөзi – ақылының таразысы" заманында өз аузына өздерi құл болып жүргендер бар. Адамның басына келген қуаныш пен қайғыға да адамның өзi себепкер. Себебi сөз Жаратқанның ырыздық несiбесiнiң жолын ашады немесе оны тосады. Құранда Алла тағала "Қаф" сүресiнiң 17-18 аяттарында адамның iсiн, сөзiн жазып отыруға – даяр екi перiште бары, бұл перiштелер қырағы әрi адам қашан, қайда болса да сөз сөйлегенде, iс қылғанда қасында бағып жүретiндiгi анық баян?далған.

Бiрде Әбу Бәкiрдiң (р. а.) үйiне Омар (р. а.) келедi. Сонда Әбу Бәкiр (р.а.) көзiне қатты жас ала жылап, күйiнiп отыр екен. Мұның мәнiсiн сұрағанда, "Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адамды жәннетке апаратын да – тiл, тура тозаққа апаратын да – тiл дегенiн естiп, осы тiлiм себептi тозаққа түсiп қалмасам екен" деп, қайғырып отырғанын мәлiмдеген екен. Сондықтан дүниеде бiр мезетте жалғанды шынайы, алысты жақын, қиынды жеңiл, азды мол ететiн, әлемдi бiр сәтте гүлдендiретiн, қолыңмен ұстап, көзбен көре алмайтын сиқыр сөздер бар. Арқаны кеңге жiбертiп, аспандағы айды жерге түсiретiн, самал желдей өңменiңнен өткенде жаныңды жайландыратын әдемi сылқым сөздер бар. Жазира далада мекенiн iздеген киiкке ұқсамайтын, екпiнiнен жапырақ қалтырайтын, ешбiр жанды көзге iлмейтiн, жанына шаң жуытпайтын соқыр сөздер бар. Қанша жерден мәпелеп – аяласа да жаныңа жылу бермейтiн, жайсаңдана жағаңды жамаса да көңiлге жар бермейтiн тақыр сөздер бар. Керiсiнде ананың алақанын сездiретiн, асаудың жүрегiн елiтетiн, астыңа мамық боп төселетiн ақ ұлпа, кiршiксiз таза, майда жылы сөздер бар.

Дана халқымыз "Сүйкiмдi сөз – сүйек балқытар", "Жақсы – байқап сөйлер, жаман – шайқап сөйлер", "Оттың шаласынан сөздiң шаласы жаман", "Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады", "Ұялмас бетке талмас жақ бiтедi", "Аңдамай сөйлеген ауырмай өледi", "Көз жетпеген жерге сөз жетедi" "Тiл тас жарады, тас жармаса, бас жарады", "Басқа пәле тiлден"деп, ащылап – тұщылаған.

Айта берсең толып жатыр, бiрақ оларды таразылау — үлкен ғанибет әрi дiн бұлағындай. Алайда сөздердiң сан түрi болса да бiр ғана ырыстың басын, берекенiң тасын өрге домалататын жақсы сөздер бар. Онымен ата-әжелерiмiз ошақ басында "Жақсы сөз – жарым ырыс" деумен өмiрдiң күйбең отын жаққан.

Жүрегiмдегi тiлiмде, тiлiмдегi түрiмде дей келе"кiсiнi аузындағы сөзiнен таны" деп, әр пендеге жол тапқан.

Сондықтан сөз ол – Алланың құдiретi. Араб тiлiнен аударылса, Жаратқан Алланың Кәләм сипаттары. Оның қадiрiн тек қана аз сөйлеген адамдар ғана бiледi. Ғылым мен бiлiм де аз сөзге жинақталады. Бұған дәлел, үлкен ғылым иесi, саңлақ сахаба Абдулла ибн Аббастан адамдар бiлiм шыңына жетудiң жолын сұрағанда, ол: "Бiлiм үш нәрсе: әуелi – Алланың қасиеттi кiтабы – Құран, екiншi – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннетi, үшiншi бiлмеймiн деген сөз" – деп жауап берген екен. Содан болар, халқымыз "Көрдiм, бiлдiм – көп сөз, бiлмедiм деген – бiр сөз" деп тұжырымдаған.

Әлбетте, көреген халқымыз о бастан сөз құдiретiне қатты мән берген. Орақ ауызды бабаларымыз өткiр тiлiмен ел тағдырын, бiр ауыз сөзбен жер тағдырын шешкен. Анамыз "Балапаным, ай-күнiм, арайлым, атар таңым, жақұтым, бал – шырыным, асылым" деген ерке сөздерiмен қызының жүрегiне әдемi жол салса, әкемiз"Батырым, айбарлым, ұрпағым" деген асыл сөздермен ерлiктiң рухын ұялата ұлын тәрбиелеген. Ал қазiрде небiр ақылға толы әсем сөздермен бүгiнгi жас көңiлдiң асты-үстiне түссең де, жаны қас пендедей ұл-қыздарымыз нелiктен мойын бұрмайды? Немесе олардың рухани көзi бiтеу ме, әлде сөз құдiретiн жоғалтты ма? Мұны ұғынып, құлақ асар, жүрегiне түйер адам бар ма, қайсысы деген сауалдар көптi мазалайды.

Дұрыс әрi мәдениеттi сөйлеу – адамның ең бiр iзгi Алладан берiлетiн, ата-ана тәрбиесiмен, ақыл-парасатпен орнығатын ұлық қасиет. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөз сөйлеген кезiн сахабалар "Бiз, Пайғамбарымыз сөйлей бастағанда басымызда құс қонақтап отырғандай, соны ұшырып алмайық дегендей аса бiр сақтықпен құлақ салып тыңдайтынбыз" деп еске алады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыл тұқым сепкен адам. Сондықтан Оны (с.ғ.с.) тыңдаған құлаққа бар сауап. Шырайын келтiре, адамның санасын ұйытып, Құранның нақыл сөздерiмен жан дүниесiн безендiрсең, ниетiн түзеп, жүрегiн тазаладың деген сөз. Ал үзiк үмiтiн жалғай, қолынан жетектеп, Азанның үнiн естiртуге мешiтке ертсең, әр қадамын сауапты еттiң. Әрiде қолына Құран ұстатып, оның әрбiр әрiбiн үйретсең, өмiрiне нұр себелеттiң. Бұдан артық мұсылманға не керек? Бүгiнде ойшыл мен данагөйлердiң қанатты сөздерi, ақындардың жырлары Құран аяттарына қарсы кетiп жатқаны да ара-тұра кездеседi. Мал мүйiзден байланып, адам тiлiнен байланса, артық сөз күнә болары хақ. Кейбiр деректерде ұлық сахаба мен табиғиндер аузына ие болу үшiн тас салып жүргендерi де белгiлi. Қазiр елiмiздегi орта мектептерде психологиялық қызмет көрсетушiлер тестi үлгiлерiмен алғашқы сынып оқушыларының рухани даму бағытын анықтап жатады. Ол өте дұрыс. Бiрақ соның нәтижесiне қарай аяулы сөзiмен, ғибратты iсiмен ата-ана баланы рухани жетекке алса игi. Бiрде "Кiм Аллаһқа, қияметке сенсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесiн" – деген хадистi естiген бiр бала үндемей қояды. Әкесi дәрiгерге қаратады. "Балаңыздың ешқандай ауруы жоқ, зерiккен болар, бiр уақыт серуендетiңiз" – деген дәрiгердiң ұсынысынан кейiн, серуен құрып жүргенде шиқылын тоқтатпаған тоты құсты баланың әкесi ұстап алып, торға салып қояды. Сонда бала тоты құсқа: "Сен үндемей, шиқылдамағаныңда мына тор-қапасқа түспес едiң" демей ме. Бұл сөзiн естiп қалған әкесi: "Сен сөйлей алады екенсiң ғой, адамды құр босқа әу-сарсаңға түсiрiп…" деп, баласын жазалайды. Сонда бала: "Мен сөйлемесем, мен де пайда табатын едiм, сөйлеймiн деп, мiне таяқ та жедiм" – деген баланың ақылынан айналуға болады. Ал бүгiнде ас шайнаудан талмаған жақ сөз ұқпағаннан шаршады-мыс. Сондықтан қадiрiн ұқпаса, гаухар сөз ғарiп, жаман сөздi қаласа, құрғақ үйден су тамар. Ал оны өз бетiмен бiлмесе, айтқан сөзге ермесе, ұқпасқа айтқан сөз жетiм. Аллаға жанаспайтын, нәрсiз, құнарсыз, улы дәмдегi ащы сөздер бүгiнде адам санасынан өтiп, жүректi жаулаған, әрине бұдан көкiректегi көз ластанады, жүрек қатаяды. Баяғыда атақты күрiшшi Ыбырай Жақаев "Дихан – кетпенiне, шопан – таяғына, жазушы қаламына ие болсын" деген үш-ақ ауыз сөзiмен дүйiм елге баяндама жасаған. Сондықтан адамдағы бiр ауыз, екi құлақ – аз сөйлеп, көп тыңдау деген сөз. Әлбетте, жүректегi қуатты сөздердiң шығар тура жолы – тiл.

Аллаh деген сөз жеңiл,

Аллаhқа ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңiл,

Өзгесi Хаққа жол емес – деген Абай естiр құлаққа жағымды сөз – садақа, сауапты амал екенiн Алла сөзiмен таразылап отыр.Қай пенде болмасын, "Бисмилла" сөзiмен бастамаса, iсiнде береке болмас, "Алла қаласа, құдай бұйыртса" деп ертеңге үмiт артпаса, бiр iсi келте болары хақ. Өйткенi Алла қаламайынша, ешбiр iс орындалмайды.

Мұсылмандар үшiн ең қымбат сөз – "Ассаламуалейкум уа рахматуллахи уа баракатуху"! Бұл – Алланың амандығы мен берекетiн, сәлемiн жолдаймын деген мағынаға келедi. Мұны бүгiнгi "Сәлеметсiз бе, не болмаса салем!" деген мазмұнын жоғалтқан сөздердiң орнына қолданса, әр таңымызға Жаратқан Алла Тағала ырыс несiбе жiберерi сөзсiз хақ! Ал одан кейiн "Қайырлы таң, күн, кеш, түн, амандық-саулық" сөздерiн айтса жақсылық болады. "Ақылды ұққанға, үгiттi жұққанға айт" дегендей, насихатымыз ұлық Сөз күйiнде қалмай, амалмен iске ұлассын! Әумин, Аллаху Әкбар!

Нұрлан АСАНОВ,

Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының Өскемен аймақтық өкiл имамы

Серіктес жаңалықтары