АСТАНАДА САЛТАНАТ ҚҰРҒАН АЙТЫС

АСТАНАДА САЛТАНАТ ҚҰРҒАН АЙТЫС

АСТАНАДА САЛТАНАТ ҚҰРҒАН АЙТЫС
ашық дереккөзі
264

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қомақты жүлде тағайындады

Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын ұлық­та­ған Астанадағы аламан айтысты құлағының құрышы қанған көпшiлiк көпке дейiн айта-айта жүретiн болар. Ұлттық айтыс өнерiнiң шежiресi үшiн де, көмейiнен жыр саулаған төкпе ақындар үшiн осынау шабытты күндердiң орны бөлек. Елордадағы Конгрес-холлда желтоқсан айының 2-4 аралығында өткен Республикалық айтысқа өзiмiздiң арқалы ақындармен бiрге ар жағы Қытайдан, бер жағы Моңғолия, көршi Қырғыз елi мен Өзбекстанды қосқанда 41 ақын қатысты. Бұл айтыста Қытай Халық Республикасынан келген қандасымыз, белгiлi айтыс ақыны Жәмиға Дәулетқызы Бас жүлденi қанжығасына байлап, 3 миллион теңге көлемiндегi арнайы сыйақыға ие болды.

Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын ұлық­та­ған Астанадағы аламан айтысты құлағының құрышы қанған көпшiлiк көпке дейiн айта-айта жүретiн болар. Ұлттық айтыс өнерiнiң шежiресi үшiн де, көмейiнен жыр саулаған төкпе ақындар үшiн осынау шабытты күндердiң орны бөлек. Елордадағы Конгрес-холлда желтоқсан айының 2-4 аралығында өткен Республикалық айтысқа өзiмiздiң арқалы ақындармен бiрге ар жағы Қытайдан, бер жағы Моңғолия, көршi Қырғыз елi мен Өзбекстанды қосқанда 41 ақын қатысты. Бұл айтыста Қытай Халық Республикасынан келген қандасымыз, белгiлi айтыс ақыны Жәмиға Дәулетқызы Бас жүлденi қанжығасына байлап, 3 миллион теңге көлемiндегi арнайы сыйақыға ие болды.

Үш күн бойы Елорданы думанға бө­леген айтысқа «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры демеушілік жасап, қомақты жүлде қорын тағайындады. Осы уақытқа дейін «Самұрық-Қазына» қоры ел экономикасына қарайласатыны жайлы қалам тербеп келсек, ендігі жерде қордың әлеуметтік-жауапкершілікті ұйым ретінде қоғамда ерекше маңызы бар мәдени шараны ұйымдастыруға қолдау көрсетті. Осының жарқын айғағы – Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған аламан айтыс. Сонымен осы айтысты көре алмай қалған көпшілікке оның жай-жапсарын қысқа қорыта баяндағанда, төмендегідей болды. Айтыстың ашылу салтанатында айтыстың жүргізушісі, ақын Жүрсін Ерман: – Қа­зақ жұрты­ның тарихы азат­тық жолын­дағы күрестерге толы болды. Бабалары­мыз­дың ар­ма­ны орын­­далып, Қа­зақстан көк байрағын жел­біретіп, әлемдегі ең ай­тулы мемлекет­тердің қа­та­рына қосылғалы да, міне 20 жыл толып отыр. Ақындар ай­тысының осы мереке қар­саңында ұйымдас­ты­рылуы тегін емес. Өйткені сонау ақта­бан шұбырынды, оның арғы-бергі жағындағы өткен уақыт­тардың бәрінде азат­тықты, тә­уелсіз­дікті ақын­­дардай жыр­лаған, ақын­дар­дай аңсаған еш­кім болған емес, – деді. Қасиетті Тәуелсіздікті, азаттықты, егемендікті аңсаған да, көксеген де, оны сұлу сөзбен суреттеп, кестелі оймен безендірген де – ең алдымен ақындар, десе, Жүрсін Ерман ақиқаттан алыстағаны емес. Расында, осы өлең додасына еліміздің әр өңірінен «Сен тұр, мен атайын» ақындар жиылып, үш күн бойы Астананың төрінде тәуелсіздігімізді ұлықтады. Ақындар айтпай қалды дейтін жәйт қалмады. Басқа да көкейкесті мәселелер жыр болып төгілді Бас тақырып – Тәуелсіздігіміздің торқалы тойынан бастап, қазақтың көбеюіне дейін қамтылған айтыста аға мен інінің, қыз бен жігіттің, жезде мен балдыздың әдемі бір қазақы қалжыңдары мен қағытпалары да болды. Ата-бабамыздың жөн-жоралғысын да осы айтыстан көрдік. Қытайдың ресми органдары төрт ақынымызға бас қылып, Шыңжаң автономиясы мәдениет министрінің орынбасары Ма Ин Шың және ҚХР Мәдениет министрлігінің Өнер басқармасының бастығы Зо Ин Шаң деген азаматтарын жіберген екен. Олар да үш күн бойы тапжылмай айтыс­ты тыңдады. Сөйткен қытайлық делегация басшыларына да Қырғызстаннан келген арнайы өкілге Мырзатай Жолдасбеков ризашылығын білдіріп, шапан жауып қайтарды. Мұның сыртында Қытайда омыраудағы нәрестесін тастап, осынау ұлы тойдың айтысына келген Гүлсінай ақын мен кішкене баласын Астанаға ертіп келген алматылық Сара Тоқтамысованы да құр қол қайтармай, балаларына «тай» мінгізді. Жоғарыда атап өткендей, бұл айтыстың бір ерекшелігі – көрші елдерден де қандас бауырластар қатысып, ай­тыстың еларалық сипат алғаны мен басымдықтың жастарға берілгені болды. Айтыстағы Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Дәулеткерей Кәпұлы, Аманжол Әлтаев, Серікзат Дүйсенғазин секілді елге танымал тарланбоздардың жөні бір бө­лек болса, бұл жолы Әлібек Сер­ғали, Мұх­тар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров сияқты жалындаған жас перілер бәйге көрі­гін қыз­дырып, ел-жұртты риза етті. Мұны елі­міз­дегі туған тілін төрге оздырған Тәуел­сіз­дік­тің бірден-бір көрінісі, күн өткен сай­­­ын өз мұратына жетіп келе жатқан ана тілі­міздің мәуелі жемісі деуге болады. Ал ақындарымыздың өлеңі мен өресін сарапқа салған қазылар алқасының құрамында Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов, Асанәлі Әшімов, Өмірзақ Айтбаев, Фариза Оңғарсынова, Бекболат Тілеухан, Несіпбек Айтұлы сияқты өнер қайраткерлері және айтыс жанашырлары болды. Қазылар алқасының шешімімен Бас бәйгені (3 миллион теңге) Қытай Халық Рес­публикасынан келген қандасымыз Жәмиға Дәулетқызы жеңіп алды. Бірінші орынды (1,5 миллион теңге) Ақ­мола облысынан сайысқа түскен жас қыран Әлі­бек Серғали иеленді. Ал екі ІІ орынды (1 миллион теңгеден) қызыл­ордалық Мұх­тар Ниязов пен астаналық Еркебұлан Қайна­за­ров қанжығасына байласа, үш ІІІ орын (500 000 теңгеден) Қырғыз Рес­пуб­лика­сы­нан қатысқан Аалы Туткучев пен Алматы және Астана айтыскерлері Сара Тоқ­та­мы­сова мен Айнұр Тұрсынбаеваға бұй­­ырды. Қазылар алқасының шешімімен халық та келіскен сыңайлы. Әрине, өзге де айтыскер ақындар кәдесіз қалған жоқ. Айтқандай, бұл айтыстың жүлде қоры үшінші күні аяқастынан ұлғайды. Айтыстың бұрыннан танымал жанашыры Нұртай Сабильянов 1 миллион теңге, ал «Алтын қыран» компаниялар тобының бас директоры Исламбек Салжанов «айтысқа шашуым» деп 3 миллион теңге қосқан. Сарыарқада салтанат құрып, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тағзым еткен ерекше айтыстың тек жүлде қоры 10 миллион теңгеден асып жығылатынын ескерсек, айтулы мәдени шарадағы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының да салмағы көрінеді. Дегенмен, «Самұрық-Қазына» ел экономикасына ғана емес, әдет-ғұрпымызға сай мәдени шараны қазіргі заманда одан әрі дамытуға және ел арасындағы бірлігімізді нығайтуға айтарлықтай қолдау көрсетіп келе жатқанын айту ләзім.
Айнаш ЕСАЛИ

Серіктес жаңалықтары