ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ 20 ЖЫЛЫ

ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ 20 ЖЫЛЫ

ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ 20 ЖЫЛЫ
ашық дереккөзі
209

Халқымыз ғасырлар бойы армандаған ел тәуелсіздігіне 20 жыл толды.

Өз мемлекеті, әскері, ұлттық экономикасы, тіпті шекарасы жоқ елдің алдында мемлекеттік билiк органдарын, қарулы күштерін құру, әкімшілік-әміршілдік экономикадан нарықтық экономикаға ауысу сияқты т.б. өте күрделі мақсаттар тұрды.

Ең алдымен ғасырлар бойы отаршылдық бұғауында болған мешеу экономиканы жандандыру қажет еді. Реформаларды жүйелік деңгейге көшіру, табысты орнықтыру және экономикалық өсу жағдайларын қамтамасыз ету үшін елдің ұзақ мерзімді күн тәртібін, басты мақсаттары мен басымдықтарын белгілейтін, оларға қол жеткізу жолдары баяндалған стратегиялық бағдарламалық құжаттың қажеттігі туды. Осындай қоғамның айқын мақсаттары мен оларға қол жеткізу жолдары баяндалған стратегиялық бағдарламалық құжат «Қазақстан–2030» ел дамуының Стратегиясы болғаны белгілі. Атқарылар іс аз емес-тін.

Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет ұзындығы 14 мың шақырымнан астам бес елмен мемлекеттік шекараны айқындап, оның аса маңыздылары – Ресей және Қытаймен ұзындығы 7591 және 1783 шақырым өзара тиімді шекараны белгіледі.

Өркениетті елдерде ондаған жылдар, кейде тіпті ғасырлар бойы жүргізілген әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгертулер елімізде аса қысқа мерзімде өтті. Оларда демократия тамырын жайған нарықтық қатынастар негізінде дамыса, Қазақстанда нарықтық экономиканың, азаматтық қоғамның және демократияның негізі жаңадан тың жерде қаланды.

Отаршылдық бұғауынан азат болған жас елдің еншісіне ауыр дағдарыстағы бодан экономика қалды. Жеріміз табиғи ресурстардың барлық түріне бай бола тұра, еліміз ақырғы өнімді шығармады, ұлттық өндіріс, кәсіпорындар саусақпен санарлық Қазақстан Кеңес Одағының шикізат өндіретін көзі ғана болды. Ауыл шаруашылығына экстенсивтік және шығындық сипат тән еді. Ауыл шаруашылығы тірек еткен дотациялар мен субсидиялар тоқтатыла салысымен-ақ, орталықтандырылған жоспарлы сатып алуға бағдарланған совхоздар мен колхоздар бір сәтте бәрінен айрылып күйреді.

1991 жылға қарай әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық ахуал күрт төмендеді, өндіріс 50% құлдырады, ІЖӨ 12 пайызға төмендеп кетті, кәсіпорындар тоқтап, ондаған мың адамдар жұмыссыз және тірлік ету қаражатынсыз қалды. Жалақы мен зейнетақыға каражат болмады. Қазына қаңырап, қаржы резервтері түгесілді.

Өндіріс тоқтап, экономикалық байланыс­тар үзілген тұста Қазақстан біртұтас рубль аймағында қалып қойғандықтан, республика құнсыз ақша қоймасына айналды.

Осындай өте күрделі жағдайда Қазақстан ұлттық валюта енгізуге бел буды. Сөйтіп 1993 жылғы 15 қарашадан бастап республика экономикалық тәуелсіздіктің аса маңызды нышаны – ұлттық валюта – теңгеге ие болды. Бұл 1994 жылы-ақ гиперинфляцияны бәсеңдетуге, ал 1995 жылы инфляция процесін ауыздықтап, оны 60 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Алайда 1991 жылы бюджет тапшылығы 20 пайыздан артып, рынокты тауар тапшылығы жайлады, бөлшекті саудада кезектер, карточкалық жүйе бой алды. Бұрынғы жылдары тұмшаланып келген инфляция шарықтап аспанға көтеріліп – 2960% жетті.

Кеңестік экономикада бағалар сұраныс пен ұсынысты ескермей, саяси және идеологиялық себептер бойынша белгіленетін. Сондықтан да экономика әрдайым тапшылықты және инфляциялық болды. Оның үстіне тауарлармен және қызметтермен қамтамасыз етілмеген артық ақша проблемасын әкімшілік-әміршілдік экономика әдістерімен шешу мүмкін емес. Елдің алдында қысқа мерзімде тәуелсіз мемлекет құру, әкімшілік-әміршілдік экономикадан нарықтық экономикаға және тоталитаризмнен демократияға көшуді жүзеге асыру міндеттерін шешу қажеттігі туындады.

Қарапайым қисын мемлекеттік меншікті жекешелендірусіз нарыққа нақты көшудің мүмкін еместігін көрсетті. Сондықтан рес­пуб­лика 4 кезеңнен тұратын ауқымды жекешелендіруге кірісті. Алғашқы үшеуі мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің ерекшелігімен байланысты болса, төртінші кезең мемлекеттік меншікті басқаруды жетілдіруге арналды. Осының бәрі ең алдымен шағын жекешелендіруден басталды.

Бірінші кезеңнің барысында 1991-1992 жылдары ұжымдық меншікке берілген 470-тен астам кеңшар бар 5000-ға жуық нысандар жекешелендірілсе, ал екінші кезең «Қазақстан Республикасында мемлекет иелігінен алу мен мемлекеттік меншікті жекешелендірудің 1993-1995 жылдарға арналған Ұлттық бағдарламасы» негізінде жүргізілді. Бұл кезеңнің ерекшелігі – мемлекеттік меншікті басқару мен жекешелендіру біртұтас жүйе арқылы өткізілді.

Сол кезде шағын және орта бизнесті дамытудың алғышарттары жасалды. Көтерме сауда буынын қоса алғанда бұрынғы кеңестік сауда жүйесін өзгерту басталды.

Үшінші кезең 1995 жылғы заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің «Жекешелендіру туралы» Жарлығының негізінде басталып, 1999 жылға дейін жалғасты.

Өзінің кемшіліктеріне қарамастан іс жүзінде аяқталған жекешелендіру процесі нақты бәсекелестік үшін базалық жағдайларды құруға жеткізді. Қазіргі кезде республика өнеркәсіп өнімінің 85 пайызға жуық көлемі жекеменшік секторда өндіріледі. Меншікке ие ету тұрғын халық менталитетінің өзгеруіне де әкелді.

Қазақ елі мұнай долларларын өңдеу салаларын дамытуға және осы заманғы бәсекеге қабілетті экономика құруға бағыттай отырып, оларды қажетті салаларға дұрыс жұмсай білді. Мұның өзі энергия сақтаушыларға деген әлемдік бағалардың өзгерісіне тәуелділікті азайтуға мүмкіндік берді.

Елімізде 152 кәсіпорын іске қосылып, 24 мыңға жуық қазақстандық тұ­рақты жұмыспен қамтамасыз етілді, сонымен қатар Қазақстан әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шы­ға­рады.

Республикада жаңа экономика категориясына жататын түсті металлургия, уран өнеркәсібі салалары дамыған. Бүгінде Қазақстан бүкіл әлемде мойындалған бірқатар бірегей технологияларға ие болып отыр, уранды жер астында сілтісіздендіру жөніндегі жаңа технологияларды қолдану оны өндіруді 3 700 тоннаға дейін ұлғайтуға жөне республикаға әлемдік уран рейтингінде 3-орынды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Қазақстан көмір өндіретін ел ретінде әлдеқашан танылған, республикадағы көмір қоры 35,8 миллиард тоннаны құрайды. Бұл жалпы әлемдік қордың 3,6 пайызы. ТМД елдерінің арасында көмір қоры мен оны өндіру бойынша Қазақстан Ресей мен Украинадан кейін үшінші орын алады.

Нарықтық қатынастарға барлық салалар тартылды. Ауыл да бұдан тыс қалған жоқ, барлық мемлекеттік ауылшаруашылық кәсіпорындары ұжымдық меншікке беріліп, содан кейін жекешелендіру жүргізілді. Ол қиын болса да стратегиялық тұрғыда дұрыс жол болды, мұның өзі ауылда нарықтық қатынастар жүйесін жасауға бастады. Рынокқа берік бағдарланған фермерлер тобы пайда болды, әкімшілік-әміршілдік экономика кезіне тән «Астық үшін айқас» кезеңдері ұмытылды. Соңғы үш жылда Қазақстан дәнді дақылдардың миллиард пұттарын еркін өндіріп отыр. Бұл ретте егін науқандарына кеңестік уақытқа қарағанда жанар май 10 есе дерлік аз жұмсалды.

Ішкі жалпы өнім өсімі өткен жылы 7 пай­­­ыз, өнеркәсіп өндірісі – 10 пайыз, өң­деу өнеркәсібі 19 пайыз мөлшерді құрады. Зейнетақының орташа көлемі 4 есеге, орташа айлық жалақы 5 жарым есеге көбейіп, 85 мың теңгеге дейін артты.

1994 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім жеті жүз доллардан сәл ғана асатын, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 12 еседен артық өсіп, 10 мың АҚШ долларына жетті.

Ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қа­зақ­стан өткен жылы 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілді, ал экономикасы жедел дамыған елдердің үштігіне енді

Соңғы 10 жылда тұрғын үй қоры 30 мил­лион шаршы метрге ұлғайды. Бұл бүгінде бір миллионнан астам азамат жаңа пәтерлерде тұрады дегенді білдіреді.

Еліміз білім беру ісін дамытуда 129 елдің арасында көш бастаушылар қата­рында келеді. Орта білім берудің 12 жылдық моделі енгізілуде. Өткен онжылдықта білімге бөлі­не­тін қаражат 10 есеге көбейді. Тәуелсіздік жылдары 750 жаңа мектеп са­лын­ды, сондай-ақ, 5 302 мектепке дейінгі мекемелер, 1 117 балабақша мен 4 185 орталық ашылды.

Астанада ғылым мен білім индус­трия­сының жаңа ғасырдағы орталығы болатын университет ашылды. Бүгінде жаңа «Назарбаев зияткерлік мектеп» және «Назарбаев уни­вер­си­теті» арқауларында нарық сұранысына бағдарланған орта мектеп пен жоғары оқу орнының инновациялық моделі қалыптасты­ры­луда.

Советтік дәуірден кейінгі Қазақстан қаржы қаражатының жетімсіздігі, негізгі қорлардың тозуы жағдайында орасан кен орындарын толық мәнінде игере алмады, сондықтан экономикалық жүйенің қалыптасу кезеңінде оған орасан зор инвестиция тарту қажет болды.

Шетелдік инвестицияларды тартуға бағдарлану негізгі бағытқа айналды, мұның өзі қолайлы инвестициялық ахуал туғызуды талап етті. Ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуды жандандыру үшін институттық және нормативтік құқықтық алғышарттар жасалды.

Инвестициялар негізінен өңдеу өнеркәсібі, жаңа елорданың нысандары, әлеуметтік сала мен туризм, ауыл шаруашылығына тартылды. Тікелей инвестициялар қара және түсті металлургияның тиімділігін көтерді.

Бүгінгі таңда жан басына шаққандағы игерілген тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі бойынша Қазақстан ТМД елдерінің арасында көшбасшы. Біздің елге бірінші болып инвестициялық деңгейдегі кредит рейтингі берілген.

Тәуелсіздік жылдарында ел эконо­микасына 131 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды.

Еліміздің инвестициялық тартым­ды­лығының осындай жоғары көрсеткіші Қазақстанның шетелдіктерге минералдық ресурстарды, соның ішінде мұнай-газ саласындағы ресурстарды игеруіне жол ашуы арқылы мүмкін болды. Өйткені қаржы қаражатының жетімсіздігі, негізгі қорлардың тозуы жағдайында еліміз орасан кен орындарын толық мәнінде өзі игере алмады.

Қазақстан мұнайдың барланған қорлары бойынша әлемде жетекші орындардың біріне шықты. Шынында да, еліміз экономика­лық жүйені өзгерту процесін жеделдетуге мұнайдың арқасында жете алды. Бірақ та дамудың қазіргі динамикасына кол жеткізуге энергия сақтаушыларға деген әлемдік бағаның артуымен қатар, экономикалық өзгерістердің нәтижесі де ықпал етті.

Қазақстан ТМД елдерінің арасында бірінші болып тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, қолайсыз сырткы факторларға тәуелділікті азайту үшін Ұлттық қор құрды. Ол бір сәттік проблемаларды шешуге жұмсау үшін емес, болашақ ұрпақтар алдындағы елдің жауапкершілігінің көрінісі ретінде пайда болды. Қазіргі таңда Ұлттық қорда 41 миллиард доллар жинақталған, олар республикаға тұрақты табыстар әкелетін жоғары өтімді қаржы құралдарына салынған. Ұлттық қордың жалпы халықаралық резервтері мен активтері бүгіннің өзінде 60 миллиард доллардан асып түсті.

Халық шаруашылығын дамытуға, әлеу­мет­тік проблемаларды шешуге, жұмыспен қамтылған қызметкерлер санын ұлғайтуға шағын және орта кәсіпкерлік айтарлықтай әсер етеді. Жұмыс істейтіндердің саны бойынша, өндірілетін және сатылатын тауарлардың, орындалатын жұмыстар мен қызметтердің көлемі бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жекелеген облыстарда жетекші рөл атқарады.

Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты дамыған елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсіпорындары санының 90 процентінен артығын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар жалпы ішкі өнімнің 50 процентінен астамын береді екен. Сондықтан Елбасы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту Қазақстанның аса маңызды мақсаттарының бірі деп белгіледі.

Орта және шағын кәсіпкерлік «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдау қар­жыландыру мәселелерін ғана емес, сол сияқты бизнес-ахуалды жақ­сартуды, мүмкін деген көптеген әкімшілік кедергілерді жоюды да қамтыды. Мұндай ұтымды саясат өз жемісін көп күттірмеді, шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілері өнімдерінің жарты жылдық көлемі 6 проценттен асып жығылады.

Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бас­тап ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге, елдің халықаралық беделін арттырып, ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған белсенді, прагматикалық және теңдестірілген сыртқы саясат жүргізіп келеді.

Қазақстан ТМД және Азия елдері арасында алғаш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы бүкіл әлем халықтарының қауіпсіздігін дамыту мен өркендетуге бағытталды. Елордада 56 елдің басшыларының басын қосқан беделді ұйымның мыңжылдықтағы алғашқы алқалы Саммиті өтті. Астана Саммитінде ЕҚЫҰ-ның жауапкершілігі аймағында қауіпсіздіктің көкейкесті проблемалары, Ауғанстандағы жағдайды, төзімділік мәселелері және әлем дамуының басқа да аса маңызды мәселелері талқыланып, Астана декларациясы қабылданды.

Саммиттен кейінгі тағы бір орасан оқи­ға­ның бірі – Қысқы Азия ойындары болды. Астана мен Алматыда қатар өткен дүбірлі Азиадада ел спортшылары құрлық біріншілігін жеңіп алды, бұл еліміздің абыройын асырып, айдынын тасыта түсті. Азия құрлығының 27 елі қатысқан додада құрылық алпауытары Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореяны артына қалдырып Қазақстан спортшылары 32 алтын, 18 күміс, 10 қола – барлығы 70 медальді жеңіп алып, бірінші орынға ие болды.

Ат қазығын байлар атамекенге 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы көшіп келді, сөйтіп ел халқының саны 1 миллионға жуық қандасымызбен толықты. Дүниежүзінде өз қандастарын еліне шақырып, қаражат бөлген екі-ақ мемлекеттің үшіншісі Қазақстан болды. Осынау маңызды істі іске асыруға мемлекет қазынасынан қомақты қаражат бөлініп, елге ағылған ағайынның көшін жүйелеу мақсатында «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданды. Көшіп келген қандастарға арнайы бірқатар ауылдар салынды, жұмысқа бейімдеу үшін орталықтар құрылды.

Ұлттық мәдени мұралар әлемдік қазы­на­ның бөлшегі екендігін ескере отырып, Қазақстан ұлттық мәдениетті жаңғырту және оны әлемдік мәдениет кеңістігіне кіріктірудің ауқымды жұмыстарына бет бұрып, елдің тарихи жады, мәдениеті мен руханиятының өркендеуіне, ұлттық және мемлекеттік сананы қалыптастыруға, қоғамды одан әрі ынтымақтандыруға бағытталған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын қабылдады.

Сарыарқаның төрінде тәуелсіздігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі, ел бесігі дүниеге келді. Астананы көшіру идеясы жас та тәуелсіз мемлекетіміздің түбегейлі мүдделерінен туды. Президентіміздің төл баласы Астана рес­публика экономикасы локомотивіне айналды. Елорданы Астанаға көшіру елдің дамуына елеулі серпін берді. Мұндай асқақ ой мемлекетті бұрынғыдан тиімді басқару және өңірлік дамудың сәйкессіздігін реттеу үшін елдің географиялық байтағында экономикалық-саяси тартылыс орталығын құру қажеттігінен туды.

Астананы көшіру идеясы оңай жүзеге асқан жоқ, парламентте қызу пікірталас тудырды депутаттардың көпшілігі қарсы болды, ол солай болары сол кездегі елдегі ауыр ахуалға сай заңды да еді. Терең дағдарыстан тұралаған, өндіріс тоқтаған, еңбекшілер айлық алмайтын, жұмыссыздық жайлаған елде бұл әрине авантюраға пара-пар болатын. Әлі есімде, ол кезде мен Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің заң бөлімінде қызмет істейтінмін Астанаға көшу идеясын бөлімдегі 20-дан астам қызметкерлердің ішінен тек екі адам қолдадық. Сондағы біздің уәжіміз мынау болды: Астананы көшіру тек АҚШ, Қытай, Ресей, Германия сияқты ұлы державалардың еншісінде болғанын және оның еліміз үшін маңыздылығын, ол ел экономикасының дамуына сілкініс беріп, кейінгі ұрпағымыз жаңа Астананы мақтан тұтатынын айттық.

Бүгінде Астана бір тұрпатты, бір-біріне ұқсайтын ғимараттар кескіні емес, ол әлемнің барлық тараптарының – Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің мәдениеттерінің үйлесімімен, кірігуімен ерекшеленетін еуразиялық қала. Астана – ең алдымен азаттығымыздың символы, Қазақстанның жаңа тарихының шынайы шежіресі, қарқынды дамуының, қол жеткен табыстарының, абырой-беделінің, береке-бірлігінің жарқын көрінісі. Бүгінгі таңда Астана құлпырып жайнаған, көргендерді таңдандырып, өзіне ынтық ететін шаhар.

Әлем әлеуметтік-экономикалық, саяси дамудың бірегей және өнегелі үлгісі ретінде қоғам дамуының «қазақстандық жолы» дүниеге келгенін мойындады.

Елбасының Тәуелсіздік жылдарындағы салиқалы саясаты еліміздің экономикалық құрылысын ғана өзгертіп қоймай, бірлік, тұрақтылық сияқты құндылықтардың аясында қазақстандықтардың жаңа кәсіпкерлік ділінің негізін қалады, олардың тәуелсіз және дамыған елде өмір сүру армандарын жүзеге асырды.

Аманқажы ЗЕЙНЕЛҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары