КИЕЛI РУХТЫ ОЯТҚАН ЖЕЛТОҚСАН

КИЕЛI РУХТЫ ОЯТҚАН ЖЕЛТОҚСАН

КИЕЛI РУХТЫ ОЯТҚАН ЖЕЛТОҚСАН
ашық дереккөзі
323

Қазақты оққа да байлаған, сотқа да айдаған, аштан да қырған XX ғасыр “Бiз бақытты баламыз” деп ән салдырған бүгiнгi ұрпағына дейiн кесiр–кесапатын алға тартып келдi. Кеңестер Одағының одақтас республикалары мүлгiп отырған жылдарда да қазақтың қаһарман ұлдары тәуелсiздiктiң туын тiгу үшiн жасырын жұмыс iстеп келдi. Сенбейiн десек, ол туралы құжаттар да бар екен.

Бұрынырақта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық архивінің директоры Марат Хасанаев ағамыз 1950-80-жылдары тіркелмеген қоғамдық және саяси ұйымдар, партиялар мен топтар болғанын айтқан еді. Мысалы Қарағандыда ЕСЕП (“Елін сүйген ерлер партиясы”) жұмыс істесе, Павлодарда “Жас ұлан” тобына 9-сынып оқушысы басшылық жасаған. 1973-74-жылдары Алматыдағы “Сары-Арқа” тобы тәуелсіздік бағдарламасын жасаған, “Жас қазақ” партиясы болған, Қызыл империяға қарсылық білдіру барысында Хасен Қожа Ахмет секілді азаматтар түрмеге де қамалған. Қала берді, 1969 жылы Ақмола–Ерейментаудағы бас көтерулерді бүгінгі жастар біле ме? Тіпті жан дүниемізге бір табан жақын, көз көрген, құлақ естіген Желтоқсан көтерілісінің өзі әр жылдың соңына қарай ғана бұқаралық ақпарат құралдарында сөз болады. Басқа уақытта үнсіз қалатынымыз өкінішті.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев “Ғасырлар тоғысында” атты кітабында: “Күрделі кезеңнің күйбеңімен жүріп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын толық дәрежеде бағалап үлгерген жоқпыз… 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының ұлттық санасының қаншалықты өскенін көрсетіп келеді. Бір ғасыр бойы халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған өктемдік үрдістің алдындағы қорқыныш алғаш рет еңсерілді. Жастар айдай әлемнің алдында кез келген ұлтқа тән ұлттық намыс бұдан былай ешқандай баса–көктеуге мойын ұсынбайтынын паш етіп берді” — деп жазды.

Бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізі, еге­мен­дікке жету жолындағы ұлт-азаттық көтерілістердің түйіні – Желтоқсан көтерілісі деп айтуға құқымыз бар. “Іріген ауыздан шіріген сөз шығады” демекші, кейбіреулер айтқандай, алаңдағы жағдай “нашақорлар мен маскүнемдердің бей-берекет” емес, бостандық, ұлт намысы үшін күреске бел буғандардың жанкешті қадамы еді.

Халық шаруашылығы институтының 3-курсында оқитын мені сол алаңға ешкім алдап немесе күштеп апарған жоқ. Өзге қыз-жігіттер де адал ниет, шын көңілмен бейбіт шеру арқылы Мәскеуден берілетін партия көсемдерінің бұйрықтарымен келіспейтінімізді мәлімдеуге шықтық. Ұлттық ар–намысты таптатқымыз келмеді. Шын мәнінде 5 миллионнан аса қазақ ұлтының арасынан ел басқаратын бір адамның табылмауы ақылға қонбайтын әңгіме. Осы сауалға жауап іздеп, еңсемізді тік ұстай ұлт екенімізді партияның бюрократтарына, орталықтың өктемдігін мойындатқымыз келді.

Екіншіден, қазір қалтасы ақшаға толы бай қазақтың әрқайсысы, оның ішінде көңілінде бір наласы бар өзге ұлт өкілі де қарны тойып, ісі оңға басса, бүгінгідей бейбіт өмірдің орнығуына өлшеусіз үлес қосқан желтоқсаншыл қыз–жігіттер алдында қарыздар екендіктерін ұмытпауы тиіс.

Желтоқсан көтерілісшілері Қазақ мемлекетінің нағыз іргетасын берік қалап берді. Ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойған азаматтарға лауазымдық қызмет тұтқасын ұстаған әр шенеунік мың да бір рақмет айтуы тиіс. Өйткені оларға керемет мүмкіндіктің көзін ашып, жолын салып берген Желтоқсан оқиғасының қаһармандары. Ел мен жерді қорғауға ниеттенген сол жас ұрпақтың өзі бүгінде бірі аға, бірі апай атанып отыр. Олар – демократияның алғашқы қарлығаштары.

Қазақстанның тәуелсіз 20 жылында заман мүлде өзгерді. Қазақтың жауы қазақ болудан сақтанатын сәт әлдеқашан туған. “Оян, қазақты!” он рет емес, жүз рет қайталайтын жөніміз бар. Күншілдіктен құдай сақтасын, әр байшікеш табысқа қалай жетсе де, ол мемлекет пен ұлт мүддесін бірінші орынға қоюы тиіс. Банкте артық ақшаң болса – қазақтың қажетіне жұмса. Қазақтың қазақтан басқа досы, жанашыры, қолдаушысы жоқ. Өз басым қазіргі жетістікті Желтоқсан көтерілісінен бөле–жара қарағым келмейді. Әлем назарын аударған оқиғаға қаншалықты терең мағына берсек, тәуелсіздігіміз де соншалықты тәрбиенің үлкен бір саласы.

Осы ретте төмендегі мына ұсыныс­тарымның іс жүзіне асатын уақыты жетті деп білемін:

– Желтоқсан оқиғасын ерекше есте қалдыру мақсатында Алматы және Астана қалаларында, бүкіл облыс орталықтарында ескерткіштер орнатылғаны жөн;

– Жыл сайын 16 желтоқсан қарсаңында еліміздің мектептерінде Желтоқсан сабақтарының апталығы өтіп, қайғылы оқиға болған күні таңертең Қазақстан бойынша 1 минут үнсіздік жариялануы тиіс;

– Желтоқсанға қатысқандарға түрлі жеңілдіктер қарастырылып, құжаттары нақтыланған азаматтарға өтемақы төленгені абзал;– Елеулі оқиғаға қатысушылардың мүддесін қорғайтын тәуелсіз ұйым және қоғамдық қор құрылғаны дұрыс. Бұл қорды ары таза, адамгершілігі жоғары адам басқарған жөн;

– Желтоқсан көтерілісі Қазақстан тарихына арнайы тарау ретінде кіруі тиіс.

Қысқасы, желтоқсан оқиғасын ақтау үшін Үкімет оған дұрыс баға беруі керек. Қазақ мемлекетінің басшылары арнайы қаулы шығаруы тиіс. Мұндай қуанышты жаңалықтың бір күні боларына өз басым сенемін.

Алайда Үкімет қаулы шығарған жоқ деп қарап отыруға тағы болмайды. Біріншіден, әр азамат көтеріліске ерікті түрде барды. Сол себепті ешкімнен ештеңені міндетсінбегені жөн. Бірақ тәуелсіздікке қадам жасатқан жастардың ерлігін ел ұмытпауы үшін рухани да, материалдық та көмек қажет. Үшіншіден, Үкіметке ренжіп отыра бермей, қал–қадірімізше өзіміз қимылдағанымыз, еңбектенгеніміз жөн. Төртіншіден, Президенттен қызмет, атақ, орден, медаль сұрауды қысқарту керек.

Бүгінгі жастарда патриоттық сезім бар: бірақ жүректегі шоқты үрлеп, алауға айналдыратын жағдай жоқ. Қалтасы бос қазақты ешкім жетекке ертпейді. Сондықтан мемлекеттік деңгейде адамдарды алаламайтын саясат ұстанған дұрыс. Мен келешекке сенетін адаммын. Күндердің күнінде Үкімет басындағылар ұйқысынан шошып оянып, Желтоқсан оқиғасын еске алып, көзсіз ерлікке барғандарды елге үлгі ететін уақыт келеді, демократия деген сөздің маңызын сонда түсінеді. Азаматтарымызды аялап, алақанға саларына дауым жоқ. Өйткені Желтоқсан көтерілісінің өзі – киелі рухты оятқан тарихи оқиға.

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, «Нұр Отан» ХДП

саяси бюро мүшесi

Серіктес жаңалықтары