ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРДЫ ЕМДЕГЕН АБЗАЛ ЖАН
ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРДЫ ЕМДЕГЕН АБЗАЛ ЖАН
Емханаға келiп жүргенiме бүгiн 3-күн. Кезек күтiп отырғаныңда бейтаныс жандарға ерiксiз көзiң түседi. Бұл емханаға келушiлердiң көпшiлiгi жасы егде тартқан қария кiсiлер. Орта жастағы адамдар мен жастар жағы да бар. Таңертеңгiлiк сегiзден басталатын жұмыс күнi кешкi алтыға дейiн жалғасып жатады. Жандарына шипа iздеп келетiн емделушiлердiң қас-қабағына қарап, қалтқысыз қызмет ететiн дәрiгерлер қауымы өздерiнiң анттарын адал атқару үшiн жанталасып, еңбек етiп жатыр. Ақ халатты мейiрбикелер мен емдеушi дәрiгерлердiң еңбектерiне ризашылықтарын бiлдiрiп жатқан жандар да аз емес. Осы орайда бас дәрiгермен аз-кем тiлдесудiң сәтi түскен едi.
– Сәуле Шәймерденқызы, екі-үш күн болды, байқап жүрмін, сізге өзіңіз таңдаған мамандығыңыз ұнайтын сияқты. Алдыңызға келген науқастарды жылы сөзіңізбен де емдеп, дәрігерлік кеңесіңізді беріп отырасыз үнемі.
– Ем іздеп алдымызға келген жандарға қолұшын беру, ең алдымен, ол – менің азаматтық парызым. Дәрігерлік мамандықты қалап түстім. Қызылорда қаласында орта мектепті бітіріп, Алматыдағы медицина институтына оқуға түсіп, сонда оқып жүріп, қосымша жұмыс істедім. Дәрігер болу үшін мейірбике жұмысын күндіз оқып, кешкісін кезекшілікке баратын едім. Менің еңбек стажым 1986 жылдан басталды. Мен желтоқсан оқиғасы болған кезде ауруханада кезекшілік қызмет атқардым. Студентпіз ғой, күндіз құрбыларыммен бір-екі сағатқа алаңға да барып қайттық. Кілең қазақ жастары тізіліп тұр екен. Біз де өзгелерге қосылып, «Қазақ, Қазақстан, жерім, Отаным» деп жар салдық. Кезекшілікте болған соң, алаңда ұзақ тұра алмадық. Жұмысқа келгеннен кейін-ақ, бір-екі сағаттан соң, жараланғандарды ауруханаға әкеле бастады. Бізге жоғарғы жақтан бұйрық беріліп: «Студенттерді қабылдамаңдар», – деді. Қалай қабылдамайсың? Қазақтың жастары, өзіміз сияқты студенттер. Қолымыздан келгенше, дәрігерлік көмегімізді көрсеттік. Сол күнгі кезекшілік есімнен ешқашан кетпейтін шығар… Бәріміздің де жанымыз жараланған еді ғой.
– Сол жылдардан басталған дәрігерлік мін¬детіңізді атқарып келесіз. Тәуелсіздік алға¬нымызға да 20 жыл толды. Сіздің дәрігер болға¬ныңызға да 20 жылдан асқан көрінеді.
– Менің қалалық 3-емханада жұмыс істегеніме 23 жыл болды. Емханамыздың бас дәрігері Нұрзия Баймырзақызы Дәуренбековамен бірге еңбек етіп келемін. Менің ұсынысыммен емхананың ішінен «Күндізгі ем қабылдау» бөлімі де ашылды. Міне, ол бөлімнің ашылғанына да – 20 жыл толыпты. Әр адамның өмірде өзінің таңдаған жолы, мамандығы болады ғой. Жоғарыда айтқанымдай, дәрігерлік мамандықты өз қалауыммен таңдағаннан кейін, қолымнан келгенінше адамдарға көмек көрсетуге тырысамын. Дәрігер екенімді мақтан тұтамын. Осы мамандықты таңдауыма анам да қарсы бола қойған жоқ. Анам Күлжамал Бакированың жасы қазір жетпіске келді. Әлі күнге аналық ақылын беруден аянған емес.
– Дәрігердің отбасына, балаларына көңіл бөлетін уақыты бола ма?
– Өзімнің дәрігерліктен де жоғары тұратын «ана» деген атаққа ие болғаныма Аллаға мың мәрте ризамын. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында тұңғышым Әйгерім де 20-ға толды. Ақмаралым болса, оқу үздігі. Арманым да өзінің үлкен жетістіктерімен үнемі қуантып жүреді.
– Сәуле апай, биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына – 20 жыл, өзіңіз ашқан «күндізгі стационар» бөліміне – 20 жыл толыпты. Мұның бәрі керемет сәйкестіктер сияқты. Сізге емделушілеріңіз де өз алғыстарын айтуда. Сізге тек қана табыс және денсаулық тілейміз!
Жанар ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ