БАҒДАТТЫҢ ОН БЕС КӨЙЛЕГІ

БАҒДАТТЫҢ ОН БЕС КӨЙЛЕГІ

БАҒДАТТЫҢ ОН БЕС КӨЙЛЕГІ
ашық дереккөзі
277

Ұмытпасам, 1987 жылдың орта шенінде, Қазақ телеарнасының музыка редакциясында қызмет істеп жүргенімде, жаңа-жаңа кѳрініп келе жатқан дарынды жас әнші Бағдат Сәмединованың жеке концертін жазбақ болдым. О заманда студияға уақыт алу деген қиын болатын. Басшылықтың келісімін алу деген және ғазабат. Оны айтпағанда, о кезде ұзақтығы 45 минутқа созылатын концертке кететін уақыт халық әртісі, еңбек сіңірген т.б. дегендерге ғана берілетін-ді. Ақыры сол мәселенің бәрі бір реті кеп шешіле кетті де, Бағдатқа он бес әнді дайындатқызып, концертті жазатын болдым.

Оны дер кезінде жазып үлгермесең, орысқол операторлар қолдарын бір сілтеп, камераларды тастайды да, кете барады. Соны ескеріп, режиссер Ерсайын Дүйсенбиновпен келісіп, 15 номерді түгелдей қамтып қалмақ боп, концертті тездетіп жаза бастадық. Сол арада байқағаным, номер сайын Бағдат шымылдықтың әр жағына зып етіп кіріп кетеді де, жаңа бір кѳйлек киіп шыға келеді. Мен болсам, уақытқа қарап, шыдамсыздана берем. Сонымен не керек, ақыры концертті жазып та үлгердік. Содан алтыншы қабаттағы кабинетіме кеп отыра беріп ем, қашанда «Жаңасібірдің Қыпшағымын!» деп айғайлап жүруді ұнататын, маған бір кездері Қызылорданың драма театрында режиссер боп істегенін әлденеге айта беретін, бір заманда актер ретінде де неше түрлі рѳл ойнаған Ерсайын ішке кіріп келді де, оң қолын басынан асыра жоғары кѳтеріп тұрып, актерлігі ұстағандай салтанатты түрде:

−Пә–ә–әле! Мына қыздың он бес кѳйлегі бар екен! − деді.

Мен оған таңғала қарап:

−Оны қайдан білдің? — деп сұрадым.

Ол:

−Мінеки! − деп, оң қолында ұстап тұрған бір топ шырпысын кѳрсетті.

Сүйтсе, жоғары жақтағы режиссердің пультінде отырған ол жаңылысып қалмайын деп, Бағдат жаңа кѳйлек киіп шыққан сайын, бір тал шырпыны үстел үстіне, была–а–ай лақтырып тастай беріпті. Сүйтіп оның ұзын саны он беске жетіпті!

Соны естіген қызметтес Наров Тѳлеутай мен Жаркуша (музыка редакциясында бірге қызмет істейтін қыздар қылжақтап, Жарқын Шәкәрімовті Жаркуша, Жорж, Жоржик, Жумчик т.б. деп атай беретін) сылқылдап кеп күлді. Бәріміз де ду күлдік.

Бүгіндері Бағдат жұртшылыққа кеңінен танымал болған, репертуары бай, даусының диапазоны кең, әнді орындауы да, жан дүниесі де, сахнадағы жүріс-тұрысы да, қимыл-харекеті де, дикциясы мен интонациясы да, музыканы сезінуі де барынша қазақы дарынды әнші. Бірде ол айтқан бір әнді Қазақ радиосынан естіп отырғанымда, есіме баяғы «он бес кѳйлектің» хикаясы орала кетті. Содан шуағы кѳптеу мажор әуездігінде күлкісі мен кѳңілділігі басымдау бір ән шығарса кәйтеді деген ой түсті. Кѳп ұзатпай оны шығарып та тастадым. Бірақ неге екені белгісіз, кѳңілділіктің орнына, әуенге әлдеқандай мұңлы ноталар орала берді. Содан әннің бірнеше нұсқасын жасадым. Ақыры мына соңғы нұсқаға ат басын тіредім. Бірақ бұл да, аракідік кѳңілді сәттері болғанына қарамастан, музыкалық лирикалық кейіпкердің жиырма бесін есіне түсіре беретіндей, жұмсақ мұңы бар, бір түрлі ностальгия сияқты бірдеме боп шықты.

Қанша дегенмен де уақыт табы адам жанына ѳз ізін салмай қоймайды…

Болған-ды телеайнада бәрі де анық:

Бағдат қыз бояуы мен әрі қанық,

Тѳгілте түсті киіп он бес кѳйлек,

Бүрмесі кѳрген кѳздің жауын алып,

Ойһой, дүния-ай!

Қайырмасы:

Мерке деген жер тѳс-ай,

Бағдат соның еркесі-ай.

Барар да едім Меркеге,

Әттең, тонның келтесі-ай!

Тарландардың тұстасы-ай,

Бағдат әннің ұстасы-ай.

Сайрандар да ем Бағдатпен,

Әттең, қолдың қысқасы-ай!

Құйылған тас тѳбеден жарық күшті

Желбірін шәйі кѳйлектің барып құшты.

Бір желпіп ѳткен кезде бүрмелі етек,

Тұрғандар тамашалап… талып түсті.

Қайырмасы.

Әншінің ажарлы әні мүлде ұнаған,

Тебіреніп тұрғандай-ақ күллі ғалам.Бүрмелі он бес кѳйлек қалды есімде,

Қалды есте күміс даусы сыңғыраған.

Қайырмасы.

22.12.2011

Бегiлдә АЛДАМЖАР

Серіктес жаңалықтары