ҚОЯННЫҢ «ЖҰТЫ» МЕН ҚҰТЫ

ҚОЯННЫҢ «ЖҰТЫ» МЕН ҚҰТЫ

ҚОЯННЫҢ «ЖҰТЫ» МЕН ҚҰТЫ
ашық дереккөзі
961

Жыл соңында тарих қойнауына енiп бара жатқан жылды тағы бiр безбенге салатынымыз бар. Өткен жыл несiмен есте қалды? Қазақ үшiн қандай жаңалық әкелдi? Бұл жылды жалпы адамзат баласы қалай еңсердi? Мiне, осы секiлдi сұрақтарға жауап iздеу сiз бен бiзге тән жағдай екенi белгiлi.

Иә, қырдан-қырға орғыған Қоян жылы да тәмам. Тарих парақтарына көз жүгiртсек, Қоян жылында түрлi жұттың болғанын бiлемiз. Ол «Ұлы қоян жұты», «Кiшi қоян жұты», «Тақыр қоян жұты» деп аталып кеткен. Қоян жылы табалдырықтан аттаған кезде «қазақ халқы басынан небiр қилы заманды өткерсе де, ертеңгi күнге үлкен сенiммен қарайтын қайсар халық екенiн» қадап айтқан едiк сол кезде. Өйткенi биыл Қазақстанның Тәуелсiздiгiне 20 жыл толуын дүбiрлетiп атап өтемiз дедiк бәрiмiз. Бұл әрбiр қазақтың жүрегiне патриоттық рух берiп, елдiгiмiздi асқақтататын ең ұлық мереке екенiн iштей сезiндiк. Өкiнiшке қарай, 2011 жыл – Қоян жылы әлем жұрты үшiн де, қазақ халқы үшiн де оңай жыл болмады. Бiр әттеген-айы осы. Қас пен көздің арасында жүйткіген пойыздай зулай шыққан бұл жыл жұртты селт еткізер оқиғалармен есте қалған сияқты. Әуелі жылдың көктем мезгілінде Тунис, Мысыр, Йемен, Ливия, т.б. елдерде басталған толқулардың соңы қақтығыстарға ұласқанда, бүкіл әлем халқының назары сонда ауды. Бірнеше айға созылған соғыстың соңында елді 42 жыл басқарған Муамар Каддафидің шырағы біржола сөнді. Бұдан кейін Жапонияда болған зілзала қаншама жанды бақилық сапарға аттандырғанда өне-бойымыз түршігіп сала берген. Айта берсек, әлемнің түкпір-түкпірінде болған толқулар мен наразылық акцияларының көбі әлеуметтік жағдайдың төмендеп бара жатқандығын сездіргендей. Ал биыл елімізде түрлі лаңкестік әрекеттің орын алуы ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ. Осыдан он жыл бұрын АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы көпқабатты екі ғимарат жарылғанда лаңкестіктің нағыз зұлымдық пен айуандық түрін көріп, жағамызды еріксіз ұстаған едік. Сол кезде «Бұл ислам терроршыларының қолымен істелген әрекет» деген ақпарат бүкіл әлемге үздіксіз таралып жатты. Міне, дәл сондай үрейлі жағдай біздің де елімізде болады деп кім ойлаған? «Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» демекші, биыл лаңкестік әрекет жиілеп кеткен сияқты. Шілде айында Ақтөбе облысы, Шұбарши және Кеңқияқ елді мекенінде құқық қорғаушылар мен діни ағым өкілдерінің арасында (кейбір ақпарат көздерінің жазуынша, вахабиттік ағым өкілдері) кәдімгідей «соғыс» болған. Лаң­кестердің көзін жою опера­циясы барысында күдіктілердің 9-ы, ал құ­қық қорғаушылардың 4-еуі мерт болды. Құқық қорғау орган­дары күдіктілерді «дін атын жамылған ұйымдас­қан қылмыстық топ мү­шелері» деп сипаттады. Ал 29 тамызда Атырауда 20 күдіктіні құрық­та­ған кезде құқық қорғау органдары алғаш «терроризм» деген сөзді қолдануға мәж­бүр болды. Сонымен қатар, Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков қарашаның 9-ы күні Атыраудағы жарылыстарға қатысты қылмыстық топ ұсталғанын хабарлап, бұл оқиғаға ауған-пәкістан «Халифат сарбаздары» атты ұйымының қатысы бар деп мәлімдеді. Лаңкестіктің тағы бір сұмдық көрінісі 12 қараша күні Тараз қаласында тіркелді. Лаңкестік шабуыл кезінде жанкешті Мақсат Қариев 7 азаматты қырып салғаннан кейін өзін де жарып жіберген. Оның бесеуі – құқық қорғау органдарының қызметкері, екеуі – қала тұрғыны. Алдын-ала тексерулерге сәйкес, жанкештінің экстремистік бағыттағы діни ағымның өкілі екені анықталды. Бас прокуратураның ресми өкілі Н.Сүйіндіков: «М.Қариев пен оның қолға түскен сыбайластары «Ислам Халифатын құру туралы идеяны ұстанушылар», – деді. Бұл оқиғаға орай «Терроризм» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Боралдай елді мекеніндегі жер үйде жасырынған тағы бір топты құрықтау кезінде бес лаңкестің көзі жойылып, «Арыстан» арнайы жасағының екі қызметкері қаза тапты. Осы радикалды ислам ағымын ұстанатын лаңкестік топ 8 қараша күні түнде Алматыдағы Райымбек көшесінің бойында екі полицейді өлтіріп кеткендер екен. Елімізде мұндай келеңсіз оқиғалардың болуына не себеп? Өзін-өзі жарып жіберген қандай ағым өкілдері? Кейбір сарапшылардың пікірінше, лаңкестік әрекеттердің тіркелуіне елдегі түрлі діни ағым өкілдері ошағының күрт көбейіп кеткендігі септігін тизігіп отыр. Одан бөлек біз шетелден діни білім алып, оралып жатқан жастардың қандай діни ағыммен сусындағанына мән бермейміз. Тіпті олар пікірталас кезінде өз ойларынан анық хабар берсе де, селт етпейміз. Кезінде Тәжікстан билігі де елде діни ахуал ушығып кеткен кезде шетелге діни сауатын тереңдетуге жол тартқан тәжік жастарының қайта оралуын қатаң қадағалаған болатын. Әрі олардың ислам дінінің қандай бағытын ұстанатындығы да егжей-тегжейлі тексерілді. Ал біздегі жағдай көз алдымызда тұрса да, мәселені дер кезінде қолға алуға құлықсыздық танытып отырған жайымыз бар. Бұрын-соңды әлгіндей оқиғаларға «оқыс оқиға» деп баға берген болсақ, енді оны еріксіз «лаңкестік әрекет» демес­ке лажымыз жоқ. Өйткені құқық қорғаушылары қызметкерлерінің өзі солай тұжырымдап, «Терроризм» бабы бойынша тексеру шараларын қолға алуда. ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫНДАҒЫ ЕҢ АУЫР КҮН Иә, барша қазақ халқы осы ұлық мерекені ұзақ күтті. Қоян жылы күнтізбесін бастап кеп жіберген кезден-ақ Тәуелсіздіктің 20 жылдығын дүбірлетіп атап өтудің қамына кірісіп кеткен едік. Үкіметте айтулы мерекені тойлауға байланысты арнайы комиссия ауық-ауық отырыс өткізіп, оны мәнді әрі мағыналы өткізу жағына ден қойған болатын. Алайда тап сол күні, яғни желтоқсанның 16-сында Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласынан жеткен жайсыз хабар мерекелік көңіл-күйді күрт тыйған. Мұндай оқиғаның дүйім қазақ халқы аңсап жеткен Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесіне орай болатынын кім білген? Істің ақ-қарасы тексеріліп, кінәлілер анықталар-ау. Бір өкініштісі, дәл осы бейберекетсіздіктің Тәуел­сіздігімізге 20 жыл толған тарихи сәтте болғаны қынжылтады бәрімізді. Ең ұлық мерекеде көңілге кірбің түсіріп, жүрекке қаяу салғысы келгендер Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдық тарихына да мұңлы парақтар қалдырды. Жастардың бо­йына ұлттық намыс пен патриоттық рухтың дәнін себетін күні керісінше сол маздап келе жатқан отты сезімді өз қолымызбен тұншықтырғандай болдық. Қазақта «Ескі жылда есірке, жаңа жылда жарылқа» деген ескіден қалған әдемі сөз бар. Өткенге сала­уат айтып, келешекке аманат күтетін халық емеспіз бе, алдағы 2012 жыл – Ұлу жылы елімізге тыныштық, ырыс, байлық әкелсін деп тілейік. Әлбетте, 2011 жыл – Қазақ үшін жағымды жаңалықтарын да ала келді. Қазақ Үкіметі Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етті. Қоян жылының басында Алматы қаласында 2011 жылғы Қысқы Азиада ойындарын ойдағыдай өткізіп, біздің спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Тұңғыш рет елімізде қазақ күресін серік еткендер боз кілемге шығып, қызылордалық Ұлан Рысқұл «Қазақстан барысы» атағына ие болды. Ал жылдың ерекше жаңалығы – сонау 1988 жылдан бастау алған мет­ро құрылысының іске қосылуы еді. Бұл Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған керемет тарту екенін әрбір қазақ мақтан етеді. Ендеше, табалдырығымызды аттайтын Ұлу жылы да еліміздің еңсесі биік, абыройы асқақ болсын! Әрбір отбасының үйі жанға, қорасы малға толсын! Қазақстанның Тәуелсіздігі баянды болсын!
29.12.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары