Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «МЕРЕЙТОЙЛЫ ЖЫЛ БІЗГЕ СЫНАҚ БОЛДЫ»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «МЕРЕЙТОЙЛЫ ЖЫЛ БІЗГЕ СЫНАҚ БОЛДЫ»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «МЕРЕЙТОЙЛЫ ЖЫЛ БІЗГЕ СЫНАҚ БОЛДЫ»
ашық дереккөзі
236

Қазақ елi Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығын жағымсыз оқиғамен қарсы алды. Бұл күндерi Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында тәртiпсiздiк орын алып, алаңда автомат оғы атылды. Бұл оқиғаға байланысты Елбасы Н.Назарбаев қауiпсiздiк кеңесiнiң шұғыл отырысын өткiзiп, Үкiмет мүшелерiне арнайы қатаң тапсырма жүктеген болатын. Iле-шала Елбасының өзi жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келiп, Ақтау қаласында мұнай компанияларының еңбек ұжымдары және тұрғындардың қатысуымен өткен кеңеске қатысты. Одан соң тәртiпсiздiк кезiнде нұқсан келген нысандарды аралап, жергiлiктi халықпен кездестi.

Елбасы Н.Назарбаев Жаңаөзен қаласын қалпына келтіру мен қаланың тіршілігін қайта жандандыру үшін нысандардың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ететіндігін, сондай-ақ жұмыстан босап қалған мұнайшыларды жұмысқа алу жөніндегі шаралардың жүзеге асатындығын қадап айтты. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласында болған тәртіпсіздікті тексеру барысын өз қадағалауына алатындығын жеткізген Елбасы: «Мұны істегендер аспаннан түскен жоқ, олар өзіміздің азаматтар» дей келе, «Мерейтойлы жыл бізге сынақ болды. Мұндағы көздегендердің мақсаты – қоғам ішінде әлеуметтік, ұлтаралық, дінаралық, т.б қақтығысты қоздыру. Қазір осы оқиғаның себептері ғана емес, оның ұйымдастырушыларының кім екендігі де тексерілуде. Біз алдын ала мұның сыртында өзара ақша бөліскен ұйымдасқан қылмыстық топтың тұрғанын білеміз. Біз мұның бәрін жан-жақты анықтайтын боламыз», – деп баса айтты.

Елбасы өзінің тапсырмасы бойынша құрылған Үкіметтік арнайы комиссияның төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің Маңғыстау облысында болып, тұрғындармен кездесулер өткізіп, жергілікті жердегі жағдайды жан-жақты зерттегеніне тоқталды. Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктің салдарларын жою және қаланы қалпына келтіру жөніндегі арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, оған Үкімет тарапынан 3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Одан бөлек қирап қалған жекеменшік нысандарын қалпына келтіру үшін бюджеттен тыс қаражат тарту жайы да қарастырылып жатқан көрінеді.

Бүгінде Жаңаөзен қаласындағы жағдай қалыпқа түскенмен, комменданттық сағат алынған жоқ. Бірақ та басқару органдары қалыпты режим бойынша жұмыс істеуде.

Мемлекет басшысы атап өткендей, жаппай тәртіпсіздіктің туындауының басты себебі бұзақы топтың іс-әрекеті болды. Олар жұмыстан босатылған еңбеккерлер мен «Өзенмұнайгаз» компаниясы басшылығының арасындағы еңбек шиеленісінің көпке созылғанын пайдаланған. Елбасы осы іссапары кезінде жиналған көпшілікке Маңғыстау облысының жаңа әкімі – Бауыржан Мұхамеджановты таныстырып, Қырымбек Көшербаевқа жемісті жұмысы үшін ризашылығын білдірді.

«Үкімет, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «ҚазМұнайГаз» компаниясы еңбек да­уын дер кезінде шешу жөніндегі менің тапсырмамды орындамаған. Өкінішке қарай, олар бұл мәселені шешуге қабілетсіз болып шықты. Ұлттық компания мен оның еншілес құрылымдарының басшылары арасында кездейсоқ адамдар көп болып шықты. Мұның бәрі менеджмент тиімділігінің төмендеуіне әкеліп соқты. Сондықтан мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жаңа басшысы етіп Ләззат Қиыновты, ал «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының басшысы етіп Алик Айдарбаевты, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның төрағасы етіп Өмірзақ Шөкеевті тағайындаймын», – деді Мемлекет басшысы. Президент Үкіметке қазіргі жағдайда уәкілетті үкіметтік құрылымның, «ҚазМұнайГаз» компаниясының іс-қимылын жан-жақты зерттеуді және кінәлілерді жазалау, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқару жүйесін реформалау жөнінде нақты ұсыныстар беруді тапсырды. Кеңестің қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың алдында Жаңаөзен қаласындағы жағдайды қалпына келтіру жөнінде барлық қажетті шараны қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұрғанын атап көрсетті. «Бұдан 20 жыл бұрын біз халқымыздың тарихында алғаш рет тәуелсіздік алдық. Біз осы қасиетті құндылықты қадірлей білуіміз керек. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы күнгі жаппай тәртіпсіздікті халқымыз айыптауда. Шахтерлер, металлургтер, еңбек ұжымдары еліміз бойынша тәртіпсіздікті айыптап отыр. Қоғамдағы бейбітшілік пен келісім – қазақстандықтардың басты құндылығы. Маңғыстау – ғасырлар бойы дәстүрлер сақталып келген, ежелден қазақтар үшін тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім қорғанына айналған жер. Егер бізде бейбітшілік пен келісім болатын болса, онда біздің балаларымыз бақытты болады. Ұлы Абайдың сөзін ұмытпаңыздар, халықтың бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз», – деп атап өтті Елбасы.

Президент Үкіметке Жаңаөзен қала­сындағы қиратылған нысандарды жедел түрде қалпына келтіру және қала тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін барлық ұйымдастыру, қаржылық мәселелерін барынша қысқа мерзімде шешуді жүктеді. Еліміздің өзге де өңірлері қаланың қираған нысандарын қалпына келтіруге көмек көрсететініне сенім білдіріп, отандық кәсіпкерлер қираған нысандарды қалпына келтіруге және қаланы абаттандыруға көмек көрсететінін атап өтті.

Президент атап өткендей, Үкімет, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрылымдық бөлімшелеріне заңды тұлға мәртебесін бере отырып, Қор құрамынан шығару жөнінде шешім қабылдаулары керек. Бұл олардың еңбек ұжымдарының әлеуметтік мәселелерін жедел шешулері үшін қажет.

Мемлекет басшысы Өмірзақ Шөкеев басқаратын Үкіметтік комиссияға «Өзенмұнайгаз» ком­паниясының жұмыс­шылары мен Жаңаөзен қаласының тұрғындарының наразылығын тудырған барлық себепті анықтап, оны жою жөніндегі ұсыныстарды екі апта мерзімде енгізуді және Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша қылмыстық істердің тергелуі жөніндегі барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырып, жаппай тәртіпсіздікке кінәлілер мен жанжал шығарушыларды табу, іздестіру жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін қадап айтты.

Сөз соңында Елбасы Жаңаөзендегі тра­гедияның еліміз үшін ауыр тигенін айта келе, Жаңаөзенде орын алған оқиға қазақстандық қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін нығайта түсудің маңыздылығын анық көрсеткенін жеткізді. «Бүгінде іс жүзінде әлемнің бір де бір елі жаhандық экономикалық дағдарыстың болып көр­меген салдарларынан орын алған жаппай тәртіпсіздіктерден құтыла алған жоқ. Қазақстандықтардың бірлігінің, үдемелі әлеуметтік-экономикалық саясаттың ар­қасында, Жаңаөзенде қалыпты өмірді қал­пына келтіру үшін бізде барлық қажетті жұмыстарды барынша қысқа мерзімде жүргізу үшін барлық мүмкіндіктер бар. Осы­ған байланысты барлық мемлекеттік органдарға бірлескен және үйлестірілген жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырамын. Барлық іс жылдам және барынша қысқа мерзімде жүргізілуі тиіс. Мен оның жүзеге асырылу барысын жеке бақылауымда ұстаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары