БЕС АЗАП, ЖЕТI ҚҰЛДЫРАУ, ТӨРТ ҚҰРДЫМ...

БЕС АЗАП, ЖЕТI ҚҰЛДЫРАУ, ТӨРТ ҚҰРДЫМ...

БЕС АЗАП, ЖЕТI ҚҰЛДЫРАУ, ТӨРТ ҚҰРДЫМ...
ашық дереккөзі
231

Көшпенділер ежелден ел тәуелсіздігі жай­ындағы мәселеге өте мұқият мән берген және оны ешқашан жалпылама әңгімеге айналдырмаған. Керісінше, оны шынайы өмірден туындатып нақты тәжірибеге сүйенген. Олар ел тәуелсіздігін алғашқы, орта және жоғары деңгей деп үшке бөлген екен. Оның алғашқысы – отбасылық дәрежеде, ортаншысы – дос-жарандар арасында, жоғарысы – елдік, мемлекеттік деңгейде қарастырылады делінген. Сонымен қатар бес азап, жеті құлдырау, төрт құрдымнан тұратын «16 қара жаза» деген болыпты. Оның 5 азабына ойсыз сәнқойлар, өз байлығын өзгеге қолдан берушілер, өз елінің дамуын тежегіш керітартпалар, билікті әлсіретіп, жауапсыздыққа жол берушілер, ағартушылыққа зейін қоймай, көз алдындағыны ғана ойлайтын ақылсыздарды жатқызған.

Ал жеті құлдырауға мыналар жатқы­зыл­ған: маскүнемдік пен елірме науқасқа шалдығу, ел тәуелсіздігінің бағасын білмей абыройын төгіп жермен-жексен ету, орынсыз шығынға жол беріп, мемлекет қазынасын тонау, бөтен жұртқа көзсіз еліктеу, орынсыз қорқыныш пен үрейге берілу, әлеуметті салғырттыққа итермелеу, сергек ой мен әділ сөзді тұншықтыру.

Төрт құрдымға – мемлекет ішінде алауыз­дық тудыру, үкімет билігіне бағынбау, ел байлығын талан-таражға салып, мемлекетті борышқа батыру, халықты өзара өштестіріп соғыстыру жатқызылған.

Шыңғыс ханның «алдымен өз басыңды, одан кейін отбасыңды түзеп жөнге сал, содан кейін барып ел-жұртыңды басқаруға кіріс!» – деп айтқан бір ұлағатты сөзі бар. Барлығын өзінен бастауды, өзгеге үлгі-өнеге көрсетудің маңыздылығын айтқан ұлы ханның бұл өсиетін қазақ бабаларымыз кезінде «ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп тұжырымдағаны кездейсоқтық болмаса керек.

Орта деңгейдегі, яғни дос-жарандар арасындағы тәуелсіздікті көшпенділердің көне қағидасы бойынша бес бағытқа бөліп оған аса мән берген екен. Оны бірінші – қанда, екіншісі – мида, үшіншісі – жүректе, төртіншісі – істе, бесіншісі – кеңістікте деп айқындайды да, бәрін біріктіріп ұлттық тәуелсіздіктің тетігі деп атайды. Көптеген жайлардан аңғарылып отырғандай, дос-жарандар немесе орта деңгей деп атағандары әлеуметтік орта тапты меңзейтін сияқты. Дос-жарандар төрт ірі өлшемге сай келіп барып ұжымдасады екен. Айталық, біріншісі – бар болу, екіншісі – өмір сүру, үшіншісі – отбасын құру, төртіншісі – көзге түсу. Бар болу дегені қиын-қыстау кезде қасынан табылу, жауапкершілікті сезіну деген ұғымды білдірмек. Өмір сүру дегені өз ақылымен, санасымен ішкі қуатқа ие болу деген мағынада.

Отбасын құрудың мәні түсінікті, ал көзге түсу дегені өзінің дарын-қабілетін, артықшылығын көрсетуді меңзеп отыр. Аталмыш төрт өлшем белгілі бір сынаққа бағынған. Атап айтсақ, елдің тәуелсіздігін қаншалықты қамтамасыз ете алып отыр дегенге. Осы төрт өлшеммен қатар көшпенділердің мәдениетін көтеру, білім тарату, күш-қуатын арттырып, елді сыртқы жаудан қорғау деген маңызды міндеттер жүктелген. Моңғол тілінде «анда» деп аталған осындай топтар тарихи кезеңде көшпенділер мемлекетінің ұлы империяға айналуына елеулі рөл атқарған ұйымдастырудың айырықша бір формасы болған.

Шыңғыс хан әскерін ондық, жүздік, мыңдық, түмен, бұмын деп бөлген болса, «анда» формасының ұйымдастырылуы одан өзгеше болған. Соғыс тактикасын жетік меңгерген ұлы қолбасшы бейбіт кезде ел басқарудың бәрінен қиын екендігіне аса мән берген. Оған Тэмүжиннің «ат жалында құйғытып жүріп, әлемді жаулап алу оңай. Ал аттан түсіп ел басқару аса күрделі, оған озық ой мен дана шешім керек» деген өз сөзі дәлел. Сондықтан да болар, шаруашылық пен өлкелік басқару жүйені мүлдем өзгеше бағытта ұйымдастырған. Мысалы от (гал), әулет (шандас), ру (отог), аймақ (аймаг), ұлыс (улс), ел (гүрэн), ұлы держава (их улс) деген атаулар анда тобына қатысты пайда болған ұғымдар еді. Гал – он отбасынан, шандас – жүз үйден, отог – мың үйден, аймаг – түмен отбасынан құрылса, жүз мың отбасын құрайтын әлеуметті ұлыс деп атаған. Осының бәрінің негізі отбасынан басталатындығына ерекше назар аударған.

Бүгінде біз тәуелсіздік мәселесін эконо­ми­калық, саяси, рухани, мәдени деңгейде қарастырамыз. Ал сегіз ғасыр бұрын мемлекет құрған көшпенділер тәуелсіздікті бес асылға балап, ақыл, отбасы, ұлы жарғы, хан және халық деп бөліп қарастырған екен. Бұлардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысатын асыл құндылықтар саналған. Аталмыш құндылықтардың алғашқы сатысы ретінде отбасы мен отағасын ерекше атап көрсетеді. Ол ұрпағын қорғап өсіреді, ұлттық тәуелсіздіктің тетігі осы ошақтан бастау алады делінген. Асылы, «Отан отбасынан басталады» деп қазақ ата-бабаларымыз тегін айтпаса керек.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

халықаралық журналист

АСТАНА

29.12.2011

Серіктес жаңалықтары