ҰЛТ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ МАЗМҰНЫ

ҰЛТ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ МАЗМҰНЫ

ҰЛТ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ МАЗМҰНЫ
ашық дереккөзі
264

Егемендігімізді алғалы 20 жыл ішінде халқымыз тыныш әрі бейбіт өмір сүріп келді. Алайда бүгінгі таңда шариғатқа мойынсұнбай, дәстүрлі дінге бас ұрмай, теріс бағытқа түсіп, оғаш қылықтарға бой алдырып, діни пиғылдағы террорлық әркетке барып, айрандай ұйып отырған елімізге ойран салып, бүлік жасап жүргендер бар. Бей-жай, тыныш жатқан елімізде экстремизмнің, терроризмнің тууына жол бермеу мақсатында өткен бұндай шаралардың маңызы зор.

Конференцияға ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану инсти­тутының директоры, социология ғылымдарының докторы, профессор Шаукенова Зарема Кәукенқызы, Алматы қаласы Әкімінің діни ұйым­дармен жұмыс бойынша бас инспекторы Владимир Иванов, Діни істер агенттігі, Алматы қаласы бойынша Діни істер департаменті директорының міндетін атқарушы Ершат Оңғаров, сондай-ақ Алматы қаласы Орталық мешітінің бас има­мы Құлмұхаммед Махамбет және Қаскелең епископы Геннадий қатысты. Жиынға қатысушылардың қатарында ғалымдар, профессорлар, философтар, магистранттар да бар.

Алматы мешітінің наиб-имамы Әміре Ерсін бұл жөнінде өз пайы­мын былайша жеткізді: «Қазіргі жас­та­ры­мызда имани иммунитет жоқ. Адамның бойында имандылық, Аллаға деген сенім болуы қажет, сондай-ақ бәріміз де шариғатқа бағынуымыз керек. Сонда елімізде тыныштық болмақ. Дәстүрлі дін жайында халықты мол ақпаратпен қамтамасыздандырып, оларды дұрыс бағытқа бағыштауымыз қажет. Ол үшін арнайы оқу орындары да, сайттар да, кітаптар, бұқаралық ақпарат құралдары да жоқ емес. Үлкеннен ақыл күтетін, әлі өмірдің оң мен солын дұрыс танып үлгермеген жастарымыз еліктегіш болып келе­тіні белгілі. Қоғамымыздың да көп бөлігін құрайтын жастар. Сол се­бепті экстремизмге әкеп соқтыратын жастарымыздың санасын улайтын қаптап бара жатқан дәстүрлі емес діндерден аулақ болу үшін жоғары оқу орындарында дінтану сабақтарын өткізіп тұрса дұрыс болады деп есептеймін», – дейді. Профессор, философия ғылымдарының докторы Серік Есентайұлы Нұрмұратов: «XXI ғ. жаңа өзгерістерге әкелуде. Психологиялық аурулар, қандай да бір қысымның болуы адамды рухани дағдарысқа ұшыратады. Лаңкестікке баратын да рухани дағдарыстағы адам. Қазіргі жаһандану кезеңінде байқап қарасаң, көпшіліктің бойында өзімшілдік пайда болып отыр. Әркім өзінікін дұрыс көреді. Мысалы 114 сүреден, 6236 аяттан, 77439 сөзден, 340740 әріптен құралатын Құран кітаптың өзін әркім өзінше түсініп, өз түсінігіне бұрмалап алатындары бар. Содан келеңсіз жағдайлар туындап жатады. Ислам діні біреу, Құран да біреу, мұсылмандардың бағынуға тиісті, дұрыс жолға бағыттайтын шариғат та ортақ. Бүгін талқыға түскен мәселе-діни білім. Қалада бірнеше діни оқу орындары бар, дінтану мамандарын даярлайтын факультет ішіндегі дінтану мамандықтары да бар. Ал жаппай барлық жоғары оқу орындарында діни білім беру керек дегенді құптамаймын, себебі біз діни мемлекет емеспіз», – дейді.

Сананы улайтын дәстүрлі емес діндерден аулақ болу үшін, сауат­ты ашатын бұқаралық ақпарат құ­рал­дарына діни сауатты ашатын ма­қалалар жариялап тұрсақ, нұр үстіне нұр болар еді деген пікірлер айтылды конференция барысында.

Ғылыми-конференциядан бас­тау алған дін тақырыбы дөң­гелек үстелде жалғасын тапты. Философия институтында өткен басқосуда Қазақстандағы ислам, ислам әлеміндегі қазақтардың мәдени интеграциялық тәжірибесі, қазіргі әлемдегі ислам мен исламшылдық: жергілікті айырмашылықтар мен қарама-қайшылықтарды талдау, Ислам мәдениетінің гуманистік мазмұны сияқты өзекті тақырыптарды қамтыды.

Дөңгелек үстел отырысына келген сыйлы қонақтардың бірі – Американың Мичиган университетінің профессоры, исламтанушы Александр Дмитриевич Кныш. Сондай-ақ, философия ғылымдарының докторы, профессор, Түркология институтының директоры Д.Т. Кенжетаев, философия ғылымдарының докторлары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессорлары Т.Х.Ғабитов, Н.Ж. Бәйтенова, доценті Қ.А.Затов және тағы басқалары баян­дамаларын оқыды.

Қазір кейбіреулерінің аузынан қазақ исламы, өзбек исламы, қырғыз исламы дегенді жиі естіп жатамыз, ол дұрыс пікір емес, ондай түсініктен аулақ болуымыз қажет, себебі ислам діні – біреу. Сондай-ақ, дін мен мәдениет бір-бірімен тығыз байланысты. Ислам дінін мәдениетіміздің нәрімен әрлеу қажет. Ислам мәдениетін жоғары өркениеттік талаптарға сай ету керек деген пікірлер айтылды отырыста. Ұлт – тіл және діл мазмұнынан қалыптасады. Сонау ата-бабамыздан жеткен ұлттық құндылықтарымызды, әдет-ғұрпымызды, дәстүрімізді, діні­мізді, ділімізді, тілімізді сақтай білуі­міз қажет. Сонда біздің ұлтымыз өш­пейді, қайта өсе бермек. Сондай-ақ, аузымыздан шүкіріміз бен тәубеміз тыйылмасын, осы уақытқа дейін бейбіт өмір сүріп келуіміз де соның садағасы болар.

29.12.2011
Нұрсұлу Мырзахметова29.12.2011

Серіктес жаңалықтары