ҚОСАҒАШТЫҚ ҚАНДАСТАРЫМЫЗ ҚАМКӨҢIЛ ЕДI..!
ҚОСАҒАШТЫҚ ҚАНДАСТАРЫМЫЗ ҚАМКӨҢIЛ ЕДI..!
Өмiр деген қызық екен. Радиоға деген сол сүйiспеншiлiгiм кейiн менi Республикалық қазақ радиосына алып келмесi бар ма? Мен радиоға қызметке келгенде, менен бiр жыл бұрын университеттi бiтiрген әрiптес-достарым Махмет Түменбаев, Дiнәш Нұрмахамбетов осында қызмет iстеп жүр екен. Оларды көрiп қуанып қалдым.
Қазақ радиосының сол кездегi бас директоры Бек Дәулетбаев деген кiсi едi. Ол кiсiге радиода жұмыс iстегiм келетiндiгiн айтып, алдына өтiнiш жасап барғанымда, менi «Ауыл өмiрi» бас редакциясына штаттан тыс тiлшi етiп жұмысқа қабылдады. Бұрынғы кездерi, университетке түспей тұрып «Мәдениет және тұрмыс» журналында және Жамбыл облыстық газет беттерiнде бiрдi-екiлi өлеңдерiм жарық көрiп тұрғаны болмаса, үлкен материалдар жазбаған едiм. Жоғарыда аты аталған әрiптестерiмнiң очерк, әңгiмелерiн радиодан тыңдағаннан соң, мен де алғашқы суреттеме, очерктерiмдi жаза бастадым.
Ең алғашқы очеркiм «Құтты қоныс» деп аталды. Алғашқы хабарларымды дайындап, әуе толқынына шығарып, әрiптестерiммен мәре-сәремiз. Жетi сайын бiрер сағатқа созылатын, кейде тiптi үш сағатқа дейiн созылатын лездеме аталатын жиналысымыз бар. Әрқашан дүйсенбi күнi таңертеңгi сағат тоғызда басталып, өткен жетiде берiлген хабарларға шолу жасалып, бiрi мақталып, бiрi датталып жатады. Хабарымыз ауызға алынып, есiмiмiз iлтипатпен аталғанымыздың еңсемiз көтерiлiп қалатынбыз. Сыналғандардың жағдайлары айтпаса да белгiлi.
Сол 1972 жылдың тамыз айынан 1973 жылдың ақпан айына дейiн алты-жетi ай штаттан тыс тiлшi бола жүрiп, қабiлетiмдi көрсете бiлсем керек, бiр күнi бас директорымыз, марқұм Бек Дәулетбаев менi кабинетiне шақыртып: «Қызым, сенiң эфирдегi бiраз хабарларыңды жiбермей тыңдадым, талабың жақсы, ендi қойшылар ауылына бара бергенiң жараспас. Сенi «Насихат және өнеркәсiп» редакциясына комментатор етiп тұрақты қызметке алсақ деп отырмыз. Қаланың iшiнде жүресiң, бұған қалай қарайсың?» – деп әзiлiн араластыра ұсыныс жасады.
«Насихат және өнеркәсiп» редакциясының бас редакторы Нығмет Жангелдин деген кiсi екен. Әр сөзi мен адымы нық, өте бiлiмдi кiсi болатын. Бөлiм меңгерушiсi Құсыман Игiсiнов деген әрiптесiмiздiң жасы менен онша үлкен емес. Сол жылдары орыс-қазақ бөлiмi бiрге отыратынбыз. Редактор Қазыбек Момыналиев, Александр Каптильный, Владимир Крупенев, Анатолий Солдатенько сияқты жiгiттер де алғашқы кезде маған ақыл-кеңестерiн берiп, қалай жұмыс iстеу керек, адамдарды қалай сөйлету керек екендiгiн ортаға салатын. Ең жақсы радиожурналист тәжiрибесiн сол жылдары жинақтадым десем де болады.
Кейiннен туысқан республикалармен хабар алмасатын «Обменная редакциясына» ауысып, аудармашы редактор қызметiн атқардым. Ол жерде КСРО-ның барлық республикаларынан келген түрлi тақырыптардағы материалдарды аударып, оларды аптасына екi рет «Туысқан республикаларда» айдарынан берiп тұрдым.
Бертiн келе Қарақалпақстан, Өзбекстан және Қырғыз республикаларының сұраулары бойынша өз республикамыздың әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерi жайлы көлемдi әдеби-музыкалық хабарлар ұйымдастырып, оларға жiберiп тұратын болдым. Өзiмiздiң облыстық радиолардың сұраулары бар. Күндiз-түнi материал жазудан қол босамайды. Редакциямыздың бас редакторы Мағзом Сағынбаев, бөлiм меңгерушiсi Мағзом Мертенов деген ақсақалдар iстi жауапкершiлiкпен атқаратыныма риза боп, ылғи да жылы сөздерiн аямайтын. Кейбiр аңғалдығыма мәз болып, күлiп те алады. Режиссерiмiз – Қымбат Сағынова апай болды. Көбiнесе көңiлдi жүретiн, ақжарқын едi. Кейде бәрiмiздi үйiне ертiп барады. Ол үйдiң отағасы, көрнектi ғалым Шона Сарыбаевты жасы кiшiлерiмiз жезде тұтсақ, үлкендер радионың күйеу баласы деп қалжыңдайтын. Редакцияда он шақты адам болдық. Көбiсi бүгiнде марқұм болып кеткен. Юрий Филиппов, Ширване Илъясова, тағы бiраз кiсi бүгiнде арамызда жоқ. Кейiн қайта құруға байланысты ол бөлiм тарқатылып, «Шалқар» редакциясына ауыстым. Мұнда да, журналистiк жолсапарларға шығып тұрдым. Эфирге әр бес минут сайын жаңалықтар дайындау дегенiңiз – завод цехтарының конвейiрлерiнде жұмыс iстеумен бара-бар болатын. Ара-арасында он-он бес минуттық суреттемелер мен очерктер жазамыз. Тiптi қағазға жазуға уақыт тапшы. Ентелеп машбюроға келiп, апайлар мен қыздарға жалынып-жалпайып, диктовкаға бiрден отыратынымызды қайтерсiз. Мұндай тәсiлдiң шебер журналистерi – марқұм Шаншархан Төрегелдиев, Нығмет Жангелдин едi. 1987 жылы Қазақ Телерадиокомитетiнiң ұйымдастыруымен Ресейдiң Таулы Алтай өлкесiндегi қандас бауырларымыздың тұрмыс-тiршiлiгiмен танысуға арнайы экспедициялық сапармен баруға тура келдi. Он екi журналистiң iшiнде, тележурналистер бар, қыздардан мен ғана болдым. Ол кезде комитет төрағасы Ғадiлбек Шалахметов болатын. Сонымен Таулы Алтай қайдасың деп ұшақпенен Қосағаш аулына жеттiк. Жергiлiктi халықтың салт-дәстүрi, тұрмыс-тiршiлiгiмен әбден танысып, жарты айдан аса уақыт жүрiп оралдық. «Шалқар» редакциясынан «Алыстағы ағайындар» деген айдар ашылып, менiң қандастарымыз жайлы жазған әңгiмелерiм эфирден көп сериялармен берiлiп жатты. Алайда Қосағаш аулындағы бауырларымыздың проблемаларын эфирден берiлген хабарлар арқылы ғана шешу мүмкiн емес едi. Олар дiлi мен дiнi, ұлттық салт-дәстүрлерi ғана емес, ана тiлi үшiн де қатты алаңдайды екен. Балалары мектептерде орысша оқиды. Жоғары бiлiмдi өздерiне жақын Ресейден алады. Қазақша мектеп атымен жоқ. Мектеп ашылса, балаларды оқытатын қазақ тiлдi мамандар жоқ. Ал Алматының жоғары оқу орындарына келген жастары оқуға түсе алмай, керi қайтып кетедi екен. Барлық жағдайлары тығырыққа тiрелген, күрмеуi күрделi, шешiмi өте мүшкiл күйде. Балаларын сүндетке отырғызатын қазақ дәрiгерi атымен жоқ. Молда дегендi бiлмейдi. Не iстеу керек?
Қандастарымыздың жанайқайларын қалайда үкiмет басындағы азаматтарымызға жеткiзуiмiз керек деп ой түйдiм. Сөйтiп, Қосағаш ауданының екiншi хатшысы, қазақ жiгiтiмен ақылдаса отырып, бiр ортақ шешiмге келдiк.
Ол кезде Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Министрлер Кеңесiнiң Председателi болатын. Сiздер сол кiсiнiң атына хат дайындап, оған көптеген ауыл тұрғындарының қолын қойдырып, менiң атыма жiберiңдер. Мен ол хатты қалайда Н.Ә.Назарбаевқа тапсыруға әрекет жасап көрейiн дедiм. Нар тәуекелдi қараңыз …
Және сондай хаттарды Денсаулық сақтау министрлiгi, Бiлiм министрлiгi мен Мәдениет Министрлiктерiне де қоса дайындаңыздар дедiм. Олар хат жазуға сөз берiп қалды. Бiрақ сол хат маған бiр жылдан кейiн ғана келдi. Ашып қарасам, 3-4 адамның ғана қолы қойылған. Мен хатты толықтырып, кемiнде 25-30 адамның қолын қойдыратын болыңдар деп, керi қайтарып жiбердiм. Арада тағы да бiр жыл өттi. Бұл 1988 жыл. Қосағаштықтардан әлi хат-хабар жоқ. 1989 жылы Колбин жыл құсындай Қазақстаннан өз мекенiне жол тартты. Қазақстанның бiрiншi секретарi болып Н.Ә.Назарбаев тағайындалды.
Алыстағы бауырларымыз да әлiптiң артын бағып жатыр екен. Дәл сол жылы шiлде айында 30 адам қол қойған қосағаштықтардың да хаты қолыма тидi. Қуанып кеттiм. «Бiтер iстiң басына, жақсы келер қасына» дегендей, бiр Аллаға сыйынып, Үкiмет үйiне – Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауына бардым.
Есiк алдындағы күзетшi жiгiттерге мән жайды айтып түсiндiрiп едiм, iштен Н.Назарбаевтың көмекшiсi Балқаш Әкежановты шақырып бердi. Ол да бiр иманжүздi азамат екен. Қабылдау бөлмесiне келген соң: «Иә, апай, қандай жұмыспен келдiңiз, айта берiңiз», – дедi. Мен қолымдағы хатты ұсындым. Ол хатты мұқият оқып шықты да: «Күтiңiз апай, хат өте жақсы екен. Нұрсұлтан Әбiшұлының қолы босасын», – дедi. Қосағаштағы бауырларымыздың талап-тiлектерi сол кезде-ақ қолдау тауып,содан берi ол жақтағы жастарға жыл сайын квота бөлiнiп, Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында бiтiрiп шығып, бiразы Қосағашта түрлi мамандықтар саласында еңбек етуде.Айта берсем, Қазақ радиосында өткен әрбiр жылдарымның естен кетпес сәттерi, мен үшiн аса маңызды оқиғалары, небiр қызықты кездесулерi көп-ақ. 1988-1989 жылдары Дирекцияның ұйғаруымен хабарды эфирде тiкелей жүргiзу тәжiрибесi алғаш рет қолға алынды. Оған 10-15 шақты журналист әрiптестерiмiз қатысты. Студияға ешбiр қалам-қағазсыз кiремiз де, операторымыз бен режиссерiмiздiң көмегiмен хабарды жүргiзе бастаймыз. Бұл бiр үлкен сынақ болды. Бiраз әрiптестерiмiз эфирде бiр-екi ауыз сөз сөйлемей-ақ тұтығып, шашалып, терлеп-тепшiп, сөйлеуге сөз таба алмай студияны тастап та қашқан. «Әдебиет» редакциясындағы «Қаламгер» радиожурналына хабар жасауға бұрыннан қызығып жүретiнмiн. Радиожурналға ауысқан соң, «Алыстағы ағайындар», «Имандылық» деген екi айдар бо-йынша, «Қарттар үйi», «Тастанды балалар» тақырыбында әңгiмелер жазып, эфирде бере бастадым. Бұл радио хабарларым кейiннен халықтың дiни рухани азығына айналды. «Имандылық әлiппесi» айдары бұрын «Имандылық» деп аталатын. Бұл айдарды 1997 жылы Қазақ радиосының Бас директоры Төрехан Данияр мырза «Имандылық әлiппесi» деп атағанымыз дұрыс болар деп өзгерткен едi. Және сол кезде мен Т. Данияр мырзаға редакциядан «Шабыт» деген айдар ашуға рұқсат сұрағанымда келiсiм бердi. Басында 30 минуттiк, кейiннен хабарлардың қысқаруына байланысты 10 минуттiк хабар болды. Ал редакциямыздың бұрынғы «Қаламгер» аты «Әдебиет, мәдениет және өнер» редакциясы болып өзгердi. Бұл әрине, редакцияның ауқымын кеңейте түстi.Иә, Қазақ радиосының 90 жылдық мерейтойы кезiнде айтылар әңгiме көп-ақ. Әсiресе, диктор әрiптестерiм жайлы айтпауға бола ма? Қазақ радиосының Левитаны атанған Әнуарбек Байжанбаев дегенде бүкiл Қазақ даласы сол кiсiнiң «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» немесе «Сөйлеп тұрған Алматы» деген даусынан дүр сiлкiнiп оянғандай болмаушы ма едi? Тiптi бар кеңiстiктi демiмен бiр жұтып алып, қайтып шығарғандай етiп, саңқылдаушы едi-ау, жарықтық. Әнекең, адамдарды үлкен-кiшi демей өзiне баурап сөйлейтiн. Хабарымызды эфирге дайындау үшiн төрт қабатты үйдiң барлық қабатында жан ұшырып жүгiремiз ғой. Студия, аппаратная, машбюро, режиссерлер мен дикторлар бөлiмi, тағы тағылар. Сондай кездерi кездесе қалса: «Бүгiн қандай хабарың бар? Әкелшi, тәйiрi! Қатырып тұрып оқып берейiн» – деп, шабытымызға қанат бiтiрушi едi. Ол кiсiнiң шәкiрттерi – Сауық Жақанова, Жәнел Асқарова, Мырзабек Қуатбеков, Мәмбет Сержанов, Сара Омарходжаева, Зияда Бекетова, тағы басқалар да эфирдiң ыстығына күйiп, суығына тоңған ардагерлер. Бұлардың бiразының көзi жоқ, бiрақ «Алтын қор – асыл мұрамыз» деп рухтары көкте шалқып жүрген болар…Халқымыздың «Жасымда бейнет бер, қартайғанда дәулет бер» деген сөзi нағыз даналықпен айтылған ғой! Қазақ радиосында 30 жыл бойы талмай-қажымай еңбек етiп, ел алғысын арқаладым. Соған шүкiрлiк етемiн, тәубә деймiн.
дiнтанушы, Қазақ радиосының ардагерi