ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕРГЕ ТАЛАП ҚАТАҢДАТЫЛДЫ

ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕРГЕ ТАЛАП ҚАТАҢДАТЫЛДЫ

ДІНИ  БІРЛЕСТІКТЕРГЕ ТАЛАП  ҚАТАҢДАТЫЛДЫ
ашық дереккөзі
413

Соңғы уақытта «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» Заң елiмiздегi дiни бiрлестiктердi қатаң бақылауды қолға алды. Заң талаптарына сәйкес, тексеруден өтпеген дiни бiрлестiктер жұмысын тоқтатады. Жақында Мемлекеттiк хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның басшылығымен Дiн iстерi агенттiгiнiң мәжiлiсiнде осы мәселе әңгiме арқауына айналды.

Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Адамзат дамуының қай кезеңі болмасын дін мәселесі кез келген қоғамдағы, кез келген мемлекеттегі ең басты мәселенің бірі болып табылады. Біздің қоғамда да дәл осындай жағдай орын алып отыр. Қазақстанның бүгінгі саяси тұрақтылығы, экономикалық қарқынды дамуы, әлеуметтік жағынан үлкен жетістіктерге жетуінің барлығы тәуелсіздік жылдарында Елбасы ор­нық­тырған ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың негізінде жүзеге асып отыр. Ендеше, біздің ең басты құндылығымыз да осы. Сондықтан да агенттік қызметкерлерінің алдында тұрған ең басты мәселе Қазақстан халқының бас­ты құндылығын одан әрі орнықтыру, одан әрі бекіте түсу болып табылады», – деді.

Ол сондай-ақ былтыр елімізде болған жайсыз оқиғаларға тоқталып, бұл ретте агенттіктің атқаратын жұмысы аса күрделі, аса қиын екендігін тілге тиек етті. Елбасының Жарлығымен құрылған агенттіктің түрлі оқиғалардың себеп-салдарын талдап, келеңсіз жайттардың алдын алуға қызмет етуі тиістігіне ерекше назар аудартып, агенттік қызметкерлерінің атқаратын жұмыстары да ведомство аясымен шектеліп қалмауы шарт екендігін жеткізді. Ал Дін істері агенттігінің төра­ғасы Қайрат Лама Шариф ағымдағы жылдың 25 қазанына дейін қайта тіркеуден өтпеген діни бірлестіктердің қызметі сот шешімімен тоқтатылатындығын айтты. Оның айтуынша, жаңа заңнама бұрын қарастырылмаған бірқатар қағидатты маңызды ережелермен бекітілген. Атап айтқанда, құжатта діни бірлестіктерді тіркеу кезіндегі жаңа сандық параметрлер енгізіліп, миссионерлер қызметі реттеліп, дінтану сараптамасын жүзеге асыру шаралары заңдық тұрғыдан қарастырылады.

Айта кету керек, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы», Заңға сәйкес, құқықтық негізде 579 саны аз діни топ­тардың қызметі тоқтатылды. Қазір діни бірлестіктердің саны 2011 жылғы 1 қаң­тардағы жағдаймен салыстырғанда, 13 пайызға қысқарған. Яғни былтыр Қазақ­станда 4551 діни бірлестік болса, қазір 3972-ге азайыпты. Ал енді олар ағымдағы жылдың 25 қазанына дейін қайта тіркеуден өтуге міндетті. Осы мерзімге дейін қайта тіркеуден өтпеген діни бірлестіктердің қызметі сот шешімімен тоқтатылады.

Мұнымен қоса Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед Нұр-Мүбәрәк университетінің жұмысын жолға қойып, онда діни білім алғысы келетін жастарды тәрбиелеуіміз керектігін айтты. «Тәуелсіздік жылдарында елімізде бірқатар медреселер, діни оқу орындары ашылғандығын жақсы білеміз. Тіпті кейбір шетелдердегі ұйымдардың белсенді «іскерлігінің» ар­қасында жоғары діни оқу орындары да ашылды. Бірақ олардың қайсысы қандай тәжірибе жинақтап, халыққа қандай насихат жүргізіп отырғанына белгілі бір кезең аралығында бақылау жасай алмай қалдық. Соның салдарынан бүгін қандай да бір проблемалармен бетпе-бет келіп отырмыз. Сондықтан Нұр-Мүбәрәк университетінің жұмысын жолға қою керек. Бұл оқу нысаны – мемлекетаралық келісім бойынша, ел Парламенті ратификациядан өткізген заң аясында халықаралық деңгейде жұмыс жасайтын үлкен білім ордасы. Ендеше, біз алдағы уақытта діни білім алуға құштар әсіресе араб тілі мен мәдениеті, шығыс философиясы, ислам өркениеті төңірегінде білім алғысы келетін жастарды осы университет арқылы жетілдіруіміз керек. Онда да оқуды дәстүрлі діни біліммен ұштастыруымыз, ислам мекемелерінде қызмет ететін білімді жастарды дәл осы орталықта тәрбиелеуге күш салуымыз керек. Бұл жұмыстарды рет-ретімен біздің египеттік әріптестерімізбен бірігіп жүзеге асыруға тура келеді», – деді Мемлекеттік хатшы.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары