Уақыттың тамыршысы

Уақыттың тамыршысы

Уақыттың тамыршысы
ашық дереккөзі
410

Таяуда академик Әдiл Ахметовтiң орыс тiлiнде «Еуразия коды. Бесiншi өркениеттiң қарсаңында» деген кiтабы Астанадағы «Деловой Мир Астана» баспасынан жарық көрдi.

Академик Әділ Ахметов еліміздегі әлемдік ауқымға шығып, адамзаттық ғылымға үлес қосқан санаулы ғалымның бірі. Осы тұста ойға түрік ойшылы Зия Гөгалыптың «зиялы өзінің ұлттық тамырларын терең игеруі, рухани негіздерін жете білуі және өркениеттің озық жетістіктерін бойына сіңіруі керек» деген сөзі оралады. Төрт тараудан тұратын еңбектің әрбір тақырыпшасы жеке кітаптың жүгін көтеріп тұрғандай. Пайдаланылған әдебиеттер де тақырыпқа қатысты еңбектерден сүзіліп, ерекше екшеліп, сұрыпталып алынған. Ғалым ұсынған әрбір тұжырымы мен пікір, пайымын дәйекті деректермен негіздеп отырады. Академик ұзақ жылдарға жалғасқан жемісті еңбегі арқылы Майя мәдениетінің қатпарлы қойнаулары мен ұлтымыздың жадында жатталған сабақтастық арқауын тапқан. Көзіқарақты оқырман ғалымның бұл тақырыпты көптен бері зерттеп жүргенін жақсы біледі. Бұл еңбегінде Әділ Ахметов уақыттың тамыршысы сияқты Майя күнтізбесінің құпиясына үңіледі. Ол талай сәуегейлердің «ақырзаман» деген болжамдарының негізсіз екенін дәлелдеп, сандардың құпия-кодының жұмбағын шешу арқылы 2012 жылдың «біздің галактиканың мүшел жасы» екенін анықтайды. Расында, бұл санның жұмбағын бұдан бұрын Хосе Аргуэльес шешкен екен. Ғылымға әділ ғалым ретінде академик Ахметов осы бір жанкешті ғалымға сілтеме жасай отырып, оған «мүшел жас» деген жаңа ұғымды енгізеді. Қазақы ұғымда бір мүшел аяқталып, келесі мүшелге кіргеннен бастап, жаңа кезең басталады. Бір қызығы, «мүшел» ұғымы әлем халықтарында, тіпті түркі жұртында, қазақта сақталған. Сондықтан еңбекте бүгінгі қазақ түсінігі мен ежелгі майя мәдениетінің арасындағы сабақтастықтың алтын арқауы әдемі көрсетіліп берілген. Кітаптың кілті өздігінен ашылмайды. Онда көптеген астарлы ойлар бар. Соның бірі – Алтай. Қазақ халқы Алтайды «жер кіндігі» санайды. Бұл бекер емес. Түбі бір түгел түркінің ақиық ақыны Мағжанның «Алыстағы бауырыма» деген әйгілі жырында қамығып жазған «Кел, кетейік Алтайға, Ата мирас алтын таққа» деген жолдары бар. Алтай – түркі халықтарының алтын бесігі, жойылып бара жатқан елдігін сан мәрте қайта қалпына келтіруге қуат берген құтты мекені. Түркілер есте жоқ ықылым замандардан бері ел басына қара бұлт үйірілгенде Алтайды паналап, құтайған соң шығып, қуаттанып әлемнің жартысын жаулап алып отырған. Түркі жұртын қайта түлеткен «Ергенеқон» дастанына арқау болатын жердің тағы бір қастерлі атауы – «Ер ыдық». Ол қазақтағы «Жерұйық» сөзімен төркіндес, үндес. Әділ Құрманжанұлы Жерұйықтың бүгінгі жоқшысы сияқты, еңбегінде жер бетіндегі жұмақты іздейді. Аты айтып тұрғандай, еңбектің басты арқауы – Еуразия ұғымы. Еуразия өркениеті түркілік-славиандық, түпкі төркінінде түркілік мәдениеттен бастау алады. Өзге құрлықта дәуірлеген майялық мәдениет те түп-тұқиянында түркілік мәдениеттен тамыр тартады. Жарық сәуле призмаға шағылысқан соң, сол призмада игеріліп, алуан түрлі түске еніп, бар әсемдігімен қайтадан өзінің шыққан жағына бет түзейді. Дүниеде кез-келген жайт алмасып отырады. Мұны қазақ «дүние – кезек» дейді. Еуразия идеясының бастауында тұрған ғалымдардың бірегейі Лев Гумилев те әйгілі еңбегінде пассионарлық қуаттың ауысып отыратынын айтқан. Осы орайда Алтайдан бастау алған ұлы өркениет түбінде қара шаңырағына оралып соғуы тиіс. Оның мәнісі де осы Күн мүшелімен байланысты ашылатын сыңайлы. Арғы Алтайдан басталған ұлы өркениет батыстан қара шаңырағына қайта оралатын сияқты. Біздің бұл ойларымыз негізсіз емес. Тылсым сырға арқау болған ұлы мүшелдің қарсаңында Қазақстанның тәуелсіздік алуы, оның еуразиялық іргелі бастамаларға мұрындық болуы, сайын Сарыарқаның төрінде Астананың орнығуы – қазақтың күнінің қайта туғанына меңзейді. Бүгінгі жаңарған Еуразия ұғымының бастауында Елбасымыздың жеке-дара тұруы осының нышаны сияқты. Расында, жақында ғана 20 жасын тойлаған Қазақстан жаңа онжылдығына қадам басу арқылы жаңа дәуірдің есігін ашты. Ендеше, Еуразияның коды – Қазақстан. Міне кітап бізді осындай ойларға жетелейді. Адамзаттық ауқымдағы ғылымға олжа болып қосылған осындай еңбектің авторы, қадірлі Әділ аға Құрманжанұлы бізден сүйінші сұрап отырғандай. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Сүйіншіміз ұзағынан болғай.
Дархан ҚЫДЫРӘЛИЕВ, тарих ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары