АТАМБАЕВ «АЙДАҺАРҒА АЙНАЛМАЙМЫН» ДЕДІ

АТАМБАЕВ «АЙДАҺАРҒА АЙНАЛМАЙМЫН» ДЕДІ

АТАМБАЕВ  «АЙДАҺАРҒА АЙНАЛМАЙМЫН» ДЕДІ
ашық дереккөзі
238

Уақыттан жүйрiк, одан үстем не бар, қоян жылын кезектегi он екi жылдық демалысқа аттандырған ұлу жылы күшiне мiндi. Қырғыздар бұл жылды ұлу, әрi балық деп атайды. Кеңес үкiметiнiң алғашқы жылдарында қырғыз әлiпбиiне «ұ» әрпi кiрмей қалғандықтан, қырғызша таңбалануы – «улуу». Ал ендi өткен ғасырдың елуiншi жылдарынан бастап ұлу жылын «ажыдаар» (айдаһар) деп атау да әдетке айналған.

Желтоқсанның соңғы күндерінде Президент Алмазбек Атамбаев қатысқан екі іс-шара өтті. Біріншісі, мемлекет басшысы Жоғарғы Кеңешке келіп, парламенттің жаңа төрағасы Асылбек Жээнбековті осы қызметке сайлануымен құттықтады және жылды қорытындылаған, жаңа жылдың міндеттерін белгілеген баяндама жасады. Екіншісі, өзінің тау бөктерінде орналасқан «Ала Аршадағы» резиденциясында бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Жиналысты аяқтай келе Алмазбек Атамбаев журналистерді Жаңа жылмен құттықтады. «Келе жатқан жыл – Балық жылы екендігі символикалы болып тұр. Мен президенттік қызметте болып тұрған кезде Атамбаев айдаһарға айналмай, Қырғызстан Сингапур мен Малайзия сынды «Азия айдаһарына» айнала бастайтынына сенгім келеді. Біз халқы бай және бақуатты өмір сүрген, адамдары өз елін және жерін мақтан тұтқан өлкеге айналуымыз керек. Бастысы – елдегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет», – деді мемлекет басшысы.

Биыл Қырғызстанның Жаңа жылды ресми тұрғыда қарсы алуы, әдеттегіден тыс, өзгешелеу болды. 31 желтоқсан күні сағат түнгі он бірде Қырғызстан халқын республиканың барлық теле арналары арқылы Жаңа жылмен Премьер-министр Өмірбек Бабанов құттықтады. Содан кейін, ескі жылдың соңғы сәттерінде, салт бойынша, экранға Президент құттықтаумен шықты.

Парламенттік деп аталған республикада Президент пен Премьер-министрдің Парламент басшысы – Жоғарғы Кеңештің төрағасынан алға озып кеткені қалай? Оны бір ғана уәжбен түсіндіруге болады. Президентті ел сайлаған. Премьер-министрді Жоғарғы Кеңеш үкімет басшылығына сайлап, барлық құзырды оған жүктеп отыр.

Желтоқсанның бірінде Президент Алмазбек Атамбаев ісіне кіріскеннен кейін, «тонның бауы жеңіне жақындығын» ұстанып, президенттік қызметіне дейін өзі жетектеген Қырғызстан социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) қазіргі лидері Шыныбай Тұрсынбековке парламенттегі партиялардың көпшілік коалициясын құруды тапсырған еді. Сол науқанның кезінде Жоғарғы Кеңештің төрағасы Ахматбек Келдібеков әріптес депутаттарының қысымына шыдамай өз еркімен отставкаға кетіп тынған.

Коалиция құру біраз уақытқа созылып, оның құрамына төрт партия: ҚСДП, «Рес­пуб­лика», «Атамекен» және «Ар Намыс» кірді. Оппозицияда қалған «Атажұрт» партиясынан бөлінген жеті депутат, «Қырғызстанның реформасы үшін» блогын ұйымдастырып, көпшіліктің коалициясына қолдау көрсетті. Ал «Атажұрттың» лидері Қамшыбек Ташиев және осы партияның бұрынғы тең төрағасы, экс-спикер Ахматбек Келдібеков партияластарының бұл әрекеті олардың сағын сындыра алмайтынын мәлімдеді. Орны босап қалған Жоғарғы Кеңештің төрағасын сайлау қызу қарқынмен жүрді. Шешуші турда көпшілік коалициясы ҚСДП-ның мүшесі Асылбек Жээнбеков, конституциялық құқығын пайдаланған азшылық «Атажұрт» фракциясы Құрманбек Осмоновты кандидатураларын ұсынған. Жасырын да-уыс берудің нәтижесінде Қ.Осмоновтың 120 депутаттың 25-і, А. Жээнбековті 78-і қолдап, көп дауыс алғаны Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешінің төрағасы болып сайланды. Еске сала кетсек, депутаттар «мақұл» не «қарсы» деп қана дауыс бере алады. Жоғарғы Кеңеш жақында қабыл алған заңнамаға сәйкес «қалыс» қалу жойылған. Асылбек Жээнбеков 1963 жылы Ош облысында туған. Ауыл шаруашылығы бойынша білікті экономист маман. 2002-2007 жылдары Қырғызстанның «Жер азығы» агробизнес қауымдастығының директорлар кеңесінің төрағасы, 2007-2010 жылдары Жоғарғы Кеңештің төртінші шақырылымының, 2010 жылғы сайлаудан бастап ҚСДП-ның тізімімен Жоғарғы Кеңештің бесінші шақырылымының депутаты, төрағаның орынбасары болған. Спикерді сайлауда билік тармағындағы оңтүстік-солтүстік теңдемелігіне де мән берілген сияқты. Президент Алмазбек Атамбаев Шу облысынан. Парламентте үкімет басшысын сайлау мәселесі де спикер сайлауымен қатар басталып, кейінірек аяқталды. Баламалы сайлауда үш үміткер талқыдан өтіп, «Республика» фракциясынан ұсынылған Өмірбек Бабанов Қырғыз Республикасының Премьер-министрлігіне бекітілді. Өмірбек Бабанов 1970 жылы Талас облысында туылған. 1993 жылы Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылық академиясын бітірген. Республикаға белгілі кәсіпкер. 2005-2007 жылдары Жоғарғы Кеңештің депутаты, 2009 жылы он ай – бірінші вице-премьер-министр, 2010 жылы жоғарғы Кеңештің депутаты, парламенттегі «Республика» партиясының лидері, 2010 жылдың 17 желтоқсанынан бастап бірінші вице-премьер-министр, президенттік сайлау кезінде және премьер-министр тағайындалғанға дейін премьер-министрдің міндетін атқарушы қызметтерінде істеген. Парламентте үкіметтің жаңа түзілісі де анықталып, олардың басшылары тағайындалды. Жаңа Үкімет 15 министрліктен, 7 мемлекеттік комитеттен, 15 ведомстводан тұратын болды. Ведомстволардың 5-і агенттік, 8-і қызмет, 2-і инспекция, 3-і қор және 2-і мемлекеттік мекеме. Бұрынғыға салыстырмалы, 4 министрлік, 3 ведомство қысқарды.

Сөйтіп, Қырғызстан халқы Жаңа жылдың табалдырығын жаңа Президент, жаңа спикер, жаңа үкімет басшысымен бірге аттады. Республиканың бірінші жетекшіліктеріне бір пиғылдағы адамдар келді. Олардың жемісті істеуіне тосқауылдық жоқтың қасы.

Алмазбек Атамбаев Шу облысының Аламүдүн ауданының Арашан ауылында (Бішкек қаласының іргесінде)1956 жылы туған. 1980 жылы Мәскеу басқару институтын инженер-экономист, өндірісті басқаруды ұйымдастыру мамандығы бо-йынша бітірген. Еңбек жолын Байланыс министрлігіне қарасты салада инженер болып істеуден бастады. 1989 жылы “Форум” ғылыми-өндірістік фирмасын құрып, оны он бес жыл басқарған, сондай-ақ 1997 жылдан бастап “Қырғызавтомаш” ашық акционерлік кәсіпорнын 2005 жылға дейін басқарып келген. 2005-2006 жылдары – Қырғыз Республикасының экономикалық дамыту, өнеркәсіп және сауда министрінің міндетін атқарушы, министр. 2010 жылдың сәуір-маусым айларында Қырғыз Республикасының Уақытша Үкіметінің төрағасының бірінші орынбасары, қараша — желтоқсан айларында Жоғарғы Кеңештің депутаты, ҚСДП фракциясының лидері. 2010 жылдың 20 желтоқсанынан бастап премьер-министр. 2011 жылдың 30 қазанында ол Қырғыз Республикасының Пре­зи­денті болып сайланды.

05.01.2012

Назарбек БАЙЖIГIТОВ,

«Түркiстанның» Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi

Серіктес жаңалықтары