ТЕГЕРАН БАТЫСТЫ ТӘУБЕСIНЕ КЕЛТIРМЕК

ТЕГЕРАН БАТЫСТЫ ТӘУБЕСIНЕ КЕЛТIРМЕК

ТЕГЕРАН БАТЫСТЫ ТӘУБЕСIНЕ КЕЛТIРМЕК
ашық дереккөзі
237

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Иранның ядролық бағдарламаны бейбiт мақсатта емес, атом бомбасын жасау үшiн дайындағанын дәлелдейтiн айғақтар тапты. Ал өзiнiң «судан ақ, сүттен таза» екенiн айтып, ақталудан шаршамайтын Тегеран Жаңа жыл басталмай жатып, бiрнеше зымыранын сынақтан өткiзiп үлгердi. Халықаралық қауымдастық пен әлемдiк қор нарығын әбiгерге түсiрген Иранды тезге салуға мүдделi АҚШ пен Батыс қосымша санкциялар салуға шешiм қабылдады.

Ирандық БАҚ-қа сілтеме жасаған халықаралық ақпарат құралдары Жаңа жылдың алғашқы күні Тегеранның «Гадер» және «Наср» атты екі зымыранды Парсы шығанағы мен Үнді мұхитын жалғастыратын Ормуз бұғазында сынақтан өткізгені туралы ақпарат таратты. «Құрлық-теңіз» тобына жататын «Гадер» – 200 шақырымдық, ал кемеге қарсы оқ ататын зымырандар қатарындағы «Наср» 35 шақырымдық қашықтықты бағындыруға қауқарлы. Десе де халықаралық қауымдастық ирандық зымырандардың қуаты 200 шақырыммен шектелмеуі мүмкін деп қауіптеніп отыр.

Қосымша тыйымдарға қатысты бас­тама Біріккен Ұлттар Ұйымының баяндамасындағы «Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік сарапшылары жүргізген зерттеулер нәтижесінде Иранның ядролық қару жасауға талпынып отырғанын дәлелдейтін айғақтар табылды» деген мәлімдемесінен кейін көтерілген. Иранның мұнай мен қаржы саласына қарсы бағытталған санкциялар Тегеранның ызасына тиді. «Дұшпандарының тек тәубесіне келтірілгеннен соң ғана сабасына түсетінін» мәлімдеген Иранның вице-президенті Мохаммед Реза Рахими Ормуз бұғазын жауып тастайтындықтарын айтты. Бұл қор нарығындағы әбігерге әкеп соқты. Апта басында Иранның ресми өкілі Хабиболла Сайяри 10 күнге созылған әскери жаттығулар барысында Ормуз бұғазына бастар жолды жауып тастау шараларына дайындық жүргізілгенін мәлімдеді: «Бұғазды жабу туралы бұйрық берілген емес. Бірақ біз әртүрлі жағдайға дайынбыз». Тегеранның АҚШ пен Батысқа сес көрсетуі тегін емес. Өйткені Ормуз арқылы Бахрейн, Кувейт, Катар, Сауд Аравиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі әлемдік мұнай тасымалының 40 пайызы өтеді. Егер Брюссель мен Вашингтон ирандық мұнайды тасымалдауға кедергі жасау мақсатында қосымша санкциялар қабылдаса, Тегеран да қарап қалмауға бекінген.

Парсы шығанағын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырғанын, оған әскери күші толық жететінін осылайша дәлелдеуді көздейтін ирандық биліктің бұғазды жауып тастауы екіталай. Өйткені бұл Иранға саяси, экономикалық және әскери тұрғыда тиімсіз. Ормузға қатысты ирандық мәлімдемеге Вашингтон да бейтарап қалмады. «Егер бұғаз жабылса, қатаң шаралар қолдануға мәжбүрміз». Ирандық ядролық бағдарламаның бас­ты мақсаты атом бомбасын жасау деп күдіктенетін Еуроодақ пен АҚШ қосымша тыйымдардың көмегімен, Тегеранды тәубеге келтіреміз деген үмітте. Алайда бағдарламаның тек бейбіт мақсатты көздейтінін айтудан шаршамай келе жатқан ирандықтар ойға алған жоспарларынан әсте айнымақ емес. Ал Америка мен Израиль ирандық ядролық бағдарламаға қатысты дауды дипломатиялық жолмен шешудің реті келмесе, өздерінің әскери күш қолданатындықтарын жасырмады.

05.01.2012

Серіктес жаңалықтары