ҒАЛЫМ. АЗАМАТ. БАСШЫ

ҒАЛЫМ. АЗАМАТ. БАСШЫ

ҒАЛЫМ. АЗАМАТ. БАСШЫ
ашық дереккөзі
327

Қазақстан егемендік алғалы бері еліміздің білім саласы өзгеріп, жаңарып, өсіп-дамып келе жатыр. Білім берудің халықаралық стандарттары енгізіле бастады. Болон декларациясына байланысты жаңа әдістемелер, оқытудың кредиттік технологиясы меңгерілді. Тағы басқа да көптеген игілікті істер атқарылуда. Әрине, мұның бәрі өзінен өзі болмайтыны белгілі. Бұған көрнекті ғалымдарымыз, тәжірибелі ұстаздарымыз, білім саласының жетекшілері өз үлестерін қосуда. Осындай айтулы азаматтардың бірі, еліміздің білім жүйесінің дамуына деген еңбек сіңірген ғалым, қайраткер, Қазақстан жоғары мектебінің қара шаңырағы Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Жайлауұлы Пірәлиев.

Оның еңбек жолындағы аса бiр маңызды кезең 1999 жылдың сәуір айынан бас­талады. Бiлiм және ғылым министрлігі департаментінің директорлығы қызметiнен ол Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогика институтына ректор болып ауысты. Бұл жоғары оқу орнының қаржылық дағдарыстың қыспағынан әлi де арыла алмай келе жатқан кезеңi едi. Жаңа ректор С.Ж. Пiрәлиев алғашқы күннен бастап институтты заман талабына сай қайта жаңғыртуға, жаңалықтар енгiзуге, игілікті өзгерiстер жасауға құлшына кiрiстi.

Ректор сол жылғы жаңа оқу жылынан бастап, заман талабына сай, институтқа құрылымдық өзгерiстер жасады. Мұнда бұрынғы жұмыс жасаған шағын контингентті факультеттер мен бөлiмшелер негiзiнде үлкен төрт факультет – тарих-филология, жаратылыстану, мектепке дейiнгi, бастауыш және музыкалық білім, экономика және бiлiмдегi сервис, дайындық (диаспора) факультеттерi болып қайта құрылды. Ата-анасыз қалған жетім балаларға арналған арнайы дайындық бөлімі ұйымдастырылды.

Жоғары бiлiмдi қазақ қызының ойын дәл, анық әрi көркем жеткiзе бiлуi, олардың ақыл-ой парасатын жан-жақты қалыптастыру үшiн барлық факультеттерге «Қазақ әдебиетi», «Ұлттық салт-дәстүр», «Шешендiк өнер», «Осы заманғы қарым-қатынас әрекетi», «Аэрофитнес» сынды жаңа пәндер енгiзiлдi. Маман мұғалiмдер әзiрлеуде ерекше мәнi бар «Педагогикалық менеджмент», «Отбасы тәрбиесінің психологиясы мен теориясы» секiлдi пәндер де оқу жоспарларынан орын алды.

Бiлiм ордасының профессор-оқытушылар ұжымының ғылыми әлеуеті жоғарылады. Педагогика және қазақ тiлi мен оны оқыту әдiстемесi мамандықтары бойынша кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау жөніндегі екi арнаулы мамандандырылған Ғылыми кеңес құрылды. Оқу орнының халықаралық байланыстар саласындағы ынтымақтастығы ұлғая түстi.

Институттың материалдық-техникалық базасы, кiтапхана қоры нығайтылды. Оқу ғимараттары мен жатақханалар, студенттер асханасы күрделi жөндеулерден өтiп, жаңа талаптарға сай кескiн-келбетке ие болды.

Осылайша, Серiк Жайлауұлы Қазақ­тың мемлекеттiк қыздар педагогика институтындағы басшылық қызметiн абыроймен атқарып, 2003 жылы Халықаралық Қазақ-Түрік университетiне ауысып, президенттiкке сайланды.

Оған дейін аталған оқу орны Түркия Республикасының аузына қарап отырар еді. Қаржыландырып отырғандар да, материалдық-техникалық жағынан жарақтандыратын да түрік ағайындар. Бауырлас екі ел арасындағы оқу орнын аяғынан тұрғызуға қазақтар жағының үлесі аз болмауға тиіс деген оймен Серік Жайлауұлы қазақы намысы қамшы болып, университеттің Бас ғимаратын салдыруға кірісіп кетті.

Оқу орнының оқытушылар құрамын ғылымға ынталандырып, диссертация қорғауына қолайлы жағдай жасады. Жалақыларын сақтай отырып заңдылық аясында уақыт беріп, ғылыми жетекшілерді университетке тарту, олардың еңбегін ескеру, оқулық жазған авторларды қаржылай ынталандыру сияқты көзге көрінер-көрінбес еңбектері қаншама?! Мұғалімнің тұрмыстық жағдайы көтерілмей, оның не оқытар сабағында, не ғылыми ізденісінде береке болмайды деп Серік Жайлауұлы университет қалашығынан оқытушыларға жер бөліп беріп, Алматыдан сәулетші алдырып, түрлі жоба жасатып, сол жобалар бойынша үй салдыра бастады. Сөйтіп көне Түркістан ішінен тағы бір қалашық бой көтерді.

Осылай Түркістандағы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетін басқарған жылдар Серік Жайлауұлының ғалым, азамат, басшы ретінде қалыптасып нағыз кемелденген кезеңі болды.

Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Серік Жайлауұлы Пірәлиевті 2008 жылғы сәуірде Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне ректорлық лауазымға тағайындай отырып: «Абай атындағы университет Қазақстандағы педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы болуға тиіс оны бұрынғы абырой-беделі қалпына келтірілуі керек», –деген еді. Серік Жайлауұлы Қазақстандағы жоғары оқу орындарының қара шаңырағы Абай атындағы ҚазҰПУ-ға келген күннен бастап Президенттің аманатын орындап, сенімінен шығу үшін құлшына еңбек етіп келеді. Ректордың ең алғашқы мақсаты университеттің құрамын және қызмет бағытын қазіргі заман талабына сәйкестендіру болды. Абай атындағы жоғары оқу орнында осы уақытқа дейін болмаған «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығын ашты. Аз уақыттың ішінде орталық қыруар жұмыс атқарды: «Абайтану» пәні оқу жоспарына енді, оқыту бағдарламасы жасалды, оқулық және оқу құралдары дайындалып басылып шықты, көптеген ғылыми еңбектер жарық көрді. Орта және жоғары мектепте оқытылатын «Абайтану» пәні бойынша электрондық оқулық жасалып, таратылды.

Алаш қозғалысының 90 жылдығына орай «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, Алаш қайраткерлерiне арналған университет ғимаратында мемориалдық тақта орнатылды.

Сонымен қатар бiлiм беру стандарттарын жетiлдiру мақсатымен «Бiлiмнiң жаңартпа технологиялары мен мазмұны» атты ғылыми-зерттеу институтын ашты. Институт ұжымы оқу жоспарлары мен оқыту бағдарламаларын тиянақты түрде сараптан өткiзiп өз ұсыныстарын беруде. Бiлiмнiң мазмұнын жаңа ғылыми жетiстiктермен байыту үшiн «Психология», «Әдебиеттану және тiл бiлiмi», «Қолданбалы физика және математика», «Ақпараттық технология» институттары мен «География және экология», «Этнокөркем мәдениет» ғылыми-зерттеу орталықтарын ұйымдастырды. Бұл құрылымдар бiлім мен ғылымның арасын жақындатып-ұштастырып, оларды интеграциялау процесiнде үлкен рөл атқарып келеді.

Университетiмiздiң болашақ даму бағытын ескере отырып, ректор С.Ж.Пірәлиев жеке «Магистратура және РhD докторантура институтын» ашты. Келешекте бұл институт университетiмiздің бiлiм берудегi негiзгі құрылымына айналмақ.

Қазiргi кезде кадр тапшылығын байқай отырып «Дене тәрбиесі және бастапқы әскери дайындық» деген жаңа факультет ашып, оны қажетті барлық жағдаймен (спорт базасы, педагог кадрлар, оқыту құрал-жабдықтары, т.б.) толық қамтамасыз етті. Дәл осы сияқты биылғы оқу жылынан бастап мектептерге шет тілдерден сабақ беретін мұғалімдер дайындау мақсатымен «Шет тілдер және халықаралық қатынастар» факультеті ашылды.

Университеттің сан қырлы, көп салалы тіршілігіндегі тағы бiр келелi мәселе – оқу үрдiсiне инновациялық технологияны кеңiнен тарату бағытындағы жұмыстар. Серiк Пiрәлиев бұл саладағы ең негiзгi инновациялық үрдiс ол әлемнiң алдыңғы қатарлы елдерiндегi сияқты кредиттiк оқыту жүйесiне көшу мәселесіне ерекше көңiл аударып, бұл салада әлi де болса қыруар жұмыстар атқаруды мiндеттеп, көптеген шаралар қолға алды.

Атап айтқанда, кредиттiк оқыту техно­логиясының талаптарына сәйкес келетiн жаңа типтегi оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерiн дайындап баспадан шығару, олардың электрондық кiтапханасын жасау, елiмiзде жасалып жатқан жаңа бiлiм стандарттарына белсене қатысу, барлық пәндердің типтiк бағдарламаларын осы стандарттарға сәйкес қайта жаңғырту, негiзгi мамандықтар бойынша халықаралық аккредитациядан өту т.с.с. қыруар жұмыстар жүзеге асырылды.

Бiлiм беру сапасының бiр кепiлi, ол оқу орындарының материалдық-техни­калық жағдайына байланысты екенi белгiлi. Сондықтан кейiнгi 30-40 жыл бойы жаңғыртылмаған зертханалық құрал-жабдықтар С.Пiрәлиевтiң тiкелей бақылауы­мен қазiргi заманауи лабораториялық жабдықтармен жаңғыртылды. Соның арқасында университеттегi физика, химия т.б. зертханалар түлеп шыға келдi. Компьютерлiк сыныптар да жаңа техникалармен жабдықталып, негiзгi дәрiсханалар интерактивті тақталармен қамтамасыз етілді. С.Ж.Пірәлиевтің ректор ретінде университетіміздің материалдық базасын нығайтудағы еңбегі ерекше. Соңғы 20 жылдан бері алғаш рет ауданы 7 мың шаршы метрден аса­тын қосымша оқу ғимаратын іске қосты. Бұрын болмаған бірнеше студенттік асханалар мен буфеттер ашылды. Қаншама жаңа кабинеттер мен зертханалар ұйымдастырылды. Ректор ғылыми кеңестiң шешiмiмен кафедраларды елiмiзде жыл сайын iргелi және қолданбалы ғылым салалары бойынша жарияланатын конкурстарға белсене қатысуға мiндеттеп, қатаң қадағалауға алды. Екiншiден, университет бюджетінің есебiнен профессорлар мен студенттер арасында әр түрлi ғылым салалары бойынша конкурс жарияланып, ректорлық гранттар бөлiне бастады.

Алыс-жақын шетелдердiң журналдарында жарияланған еңбектердің авторларын, өздерiнiң ғылыми жаңалықтарын патенттермен қорғаған ғалымдарды ынталандыру мақсатында сыйақылар берiлетiн болды. Елiмiздiң жоғары оқу орындарында педагогикалық мамандықтар бойынша оқып жатқан талантты студенттер арасында әр түрлi пәндер бойынша жыл сайын Абай атындағы сыйлыққа республикалық конкурс өткiзу жақсы дәстүрге айналып келедi.

Пірәлиев – ректордың тағы бір игілікті ісін айтпай кетуге болмайды. Ол тәрбие мәселесі, бұл салада ректордың бастауымен талай-талай шаралар іске асырылып жатыр. Осылардың ішінде ерекше бөліп айтатын мәселе – ұлттық тәрбие. Тікелей Пірәлиевтің ынтасымен оқу үрдісіне «Ұлттық тәрбие» пәні енгізіліп, үш жылдан бері бұл пән барлық мамандықтар бойынша оқытылуда. Пәннің міндеті – бүгiнгiдей жаһандану үрдiсi өршiп тұрған күрделi кезеңде жастарға адамгершiлiк тәрбие беру, оларды ұлттық салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, имандылыққа, рухани және мәдени құндылықтарға, инабаттылыққа, сыпайылыққа, кiсiлiкке, отаншылдыққа, патриотизмге тәрбиелеу, осы арқылы қазақтың ел болып, ұлт болып қалуына қамқорлық жасау, болашақ иманды ұрпақ тәрбиелеуге мұрындық болу, негiз қалау. Әрине, ұлттық тәрбие ұлтшыл болу емес, ұрпақты ұлтымыздың ең асыл, ең iзгi мәдениетіне тәрбиелеу, жастардың бойына адамгершiлiк ұрығын себу. Бұл пәнді оқыту барысында өзге де елдердiң озық ұлттық тәрбие құндылықтары ескерiледi. Оқу үрдісі осындай әлемдiк тәжірибелермен байытылып отырады.

Осы мақсатта ректор арнайы «Ұлттық тәрбие» кафедрасын ашып, оған осы саладағы белгiлi мамандарды жинады. Ұлттық тәрбиенiң ғылыми және методологиялық проблемаларын талқылайтын тұрақты семинар және дискуссиялық клуб жұмысын ұйымдастырды. Ұстаздар мен студенттер алдында елiмiздiң көрнектi қоғам қайраткерлері, белгiлi ғалымдары арнайы шақырылып, осы мәселе бойынша өз пiкiрлерiн айтып, дәріс оқуда.

Бiздiң университетiмiздің негiзiнде ҚР Бiлiм және ғылым министрлігінің бұй­рығымен «Ұлттық тәрбие жөніндегі республикалық үйлестіру Кеңесі» құрылды, оның төрағасы профессор С.Ж.Пірәлиев. Еліміздегі барлық көрнекті мамандарды қамтыған бұл Кеңес «Ұлттық тәрбие» пәні бойынша жасалған бағдарламаларды, тұжырымдамаларды, оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды талқылап, қолдануға ұсынады.

Жалпы С.Ж.Пірәлиев ұлттық тәрбие бойынша іс-шараларды анықтағанда бұл мәселенің бүгінгі күн талабы мен өмiрлiк қажеттіліктен туындап отырғанына, әлем елдерiнiң жаһандану жағдайында өмір сүруге бейiмделу үрдiсiнде Батыс мәдени құндылықтарының басымдық танытуынан жергiлiктi халықтың байырғы төлтумалық сипатының жоғалу қаупiне, қазiргi әлеуметтiк мәселелерді шешудiң жолдарын iздестiру бiлiм берудiң ұлттық жүйесiнiң маңызды мiндеттерiнiң бiрi ретiнде жастар тәрбиесіне жаңа тұрғыдан қарауға ерекше мән беріп отыр.

Осыған байланысты университет ұжы­мының міндеті мен мақсатын – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негiзiнде өзiндiк ұлттық санасы жоғары деңгейдегi адамды, шығармашылық iс-әрекетке дайын, құзыреттiлiктердi меңгерген, әр түрлi ұлт өкiлдерiмен бейбiт және келiсiмде өмiр сүре алатын, басқаның мәдениетін түсiну және құрметтеу, сыйлау сезiмi дамыған Қазақстан Республикасының азаматы мен патриотын тәрбиелеп қалыптастыру деп анықтап отыр.

Осы мақсатты жүзеге асыру үшін ректор С.Ж.Пірәлиев ұлттық тәрбиенің төмендегiдей мiндеттерiн жүктеп отыр:

студенттерге мемлекет құраушы ұлт ретiнде қазақ этносының мәдени мұрасымен өзара байланыста мемлекеттiк тiлдi меңгерудiң қажеттілiгiн саналы түсiндiру;

студенттерде Қазақстан этностарының құндылықтарына, жалпыадамзаттық құндылықтарға және ұлттық мәртебе сезiмiне сыйласымдылық қатынасын қалыптастыру;

студент жастарда өз республикасының болашағына жауапкершiлiк, толеранттылық, ұлтжандылық сезiмiн, белсендi азаматтық ұстанымын қалыптастыру;

тұлғаның салауатты өмiр салтына және оған деген қажеттiлiкке құндылық бағдарын қалыптастыру.

Жоғарыда айтылған оның осы ой-пiкiрлерi Ұлттық тәрбие кафедрасының және барлық университет ұжымының негізгі жұмыс бағдары болмақ.

Бүгiнде ректор С.Ж.Пірәлиевтің бастамасымен Абай атындағы ҚазҰПУ-де атқарылып жатқан бiрқатар iс-шаралар өз нәтижесін беруде:

а) ұлттық тәрбие кафедрасының ұжымы нормативтi және оку-әдістемелiк құжаттар дайындады — Қазақстан Республикасының студент жастарына ұлттық тәрбие беру тұжырымдамасы; «Ұлттық тәрбие» типтiк бағдарламасы; «Ұлттық тәрбие негіздері» дәрiстер курсы;

б) «Ұлттық тәрбие» сериясы бойынша 6 кітап басып шығарылды;

в) 2010 жылдан бастап «Ұлттық тәрбие» Республикалық ғылыми көпшілік журналы шығарылып жатыр;

г) «Пікірсайыс» клубы жұмыс істейді, оның мақсаты – өсіп келе жатқан ұрпаққа ұлттық тәрбие мен білім берудің өзекті мәселелерін мамандардың қатысуымен талқылап, әдістемелік құралдарын, оқулықтарын әзірлеу.

Енді осы ұлттық тәрбие жұмысын ары қарай жалғастырып, дамыту мақсатымен 2011 жылдың қазан айында ректор С.Ж.Пірәлиевтің жарлығымен университетімізде «Тұлғатану» орталығы ашылды. Бұл орталыққа ректор мынандай міндеттерді жүктеп отыр: ұлтымыздың ұлы тұлғаларын оқушы жастарымызға жете таныстырып, кеңінен дәріптеу.

Бұл бір жағынан, ұлтымыздың iрi тұлғаларға бай, тарихы терең, мәдениеті жоғары ұлы халықтардың қатарындағы ұлт екенiн көрсетсе, екiншi жағынан, сол тұлғалардың өмiрi, халқына сiңiрген еңбегi, елiмiздiң дамуына қосқан үлесi, ұлтын берiле сүюi, олардың абырой-атағы жастар үшiн ұлттық тәрбиенің өзегі болары сөзсiз.

Ғалым Пірәлиевтің білім жүйесін жетілдіру және тәрбие мәселесін түбегейлі жақсарту мақсатымен жазылған ғылыми еңбектері кеңінен қолдау табуда. Қазір біздің университетімізбен қатар басқа да көптеген жоғары оқу орындарында оқулық ретінде пайдаланылып жүрген: «Ұлттық тәрбие: оқу құралы», «Ұлттық тәрбие – салауатты өмір салтын қалыптастыру», «Ұлттық тәрбие – этика-эстетикалық негіздері», «Ұлттық тәрбие – салт-дәстүр, әдет-ғұрып негіздері», «Отбасындағы ұрпақ тәрбиесі», «Ұлттық тәрбиенің патриоттық мазмұны» сияқты іргелі де және құнды еңбектер профессор С.Ж.Пірәлиевтің басшылығымен, өзінің тікелей араласуымен жазылып жарық көрді. Бұл еңбектер бұрын соңды зерттелмеген жаңа тақырып, жаңа бағытқа арналған алғашқы кітаптар болған соң, олардың құндылығы өзінен өзі белгілі.

Ректор С. Ж. Пірәлиевтің ендігі арманы – болашақта Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеті республиканың мектептері, колледждері және педагогикалық жоғары оқу орындары үшін магистранттар мен докторлар дайындайтын оқыту және ғылыми-зерттеу орталығына айналдыру. «Түпкі мақсатымыз – университетімізді республикамыздың педагогика саласы бойынша көшбасшы ғана емес, сонымен қатар халықаралық көлемде кеңінен танылған жоғары оқу орны деңгейіне көтеру», – дейді ол.

Азаматты бүгінгі 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтай отырып, алға қойған мақсатына жетіп, арманы орындалып, абыройына абырой қосыла беруіне тілектеспіз.

05.01.2012

Көпжасар НӘРIБАЕВ,

ҚР Ұлттық Ғылым Академиясыныңакадемигi

Серіктес жаңалықтары