МӘСКЕУДІ АЛАҢДАТҚАН МИГРАЦИЯ

МӘСКЕУДІ АЛАҢДАТҚАН МИГРАЦИЯ

МӘСКЕУДІ АЛАҢДАТҚАН МИГРАЦИЯ
ашық дереккөзі
216

Ресейде Президент сайлауы жақындаған сайын үгiт-насихат мақалалары көптеп жарық көре бастады. Әсiресе мұның көшбасында премьер-министр Владимир Путиннiң орны бөлек. Оның апта басында «Независимая газета» басылымында жарияланған «Ресей: ұлттық мәселе» атты мақаласы көшi-қон саласындағы ережелерге арналыпты.

РФ Премьер-министрі В.Путин көші-қон ережелерін бұзғандар үшін жауапкершілікті міндетті түрде қатаңдату керек деп санайды. Тіпті миграциялық талаптарды еріксіз бұзған адам қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. Осы бастаманы қолдауға шақырған Путин мұның астарында ұлттық мәселенің басы жатқанын тілге тиек етеді. «Сырттан келгендер жергілікті ұлттың әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне құрметпен қарауы тиіс. Кез келген қызуқанды, ұрыс-керіс шақыратын ұстанымға алдымен мемлекеттің билік мекемелерінен дәл сондай қатаң жауап берілуі ғажап емес», – дейді Премьер-министр Путин.

Оның пікірінше, Ресей мен басқа өркениетті елдер мигранттарға соған лайықты білім беру бағдарламасын ұсынуға дайын көрінеді. Жұмыс берушінің есебінен міндетті түрде қосымша оқыту қажет етіледі. Бұл мәселелер бойынша негізгі білімді тек мигранттар ғана емес, оларға жұмыс берушілер де жан-жақты меңгеруі тиіс екенін қадап айтты.

Ресей еңбек мигранттарына қатысты талап пен шартты қатайтқаны күні бүгін емес. Әсiресе еңбек көзiн iздеп келген мигранттардың орыс тiлiн бiлуi керектiгiн әркез айта беруiнiң өзi – орыс тiлi тасының өрге домалап жатқанын аңғартады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Федеральды миграциялық қызмет (ФМС) директорының орынбасары Вячеслав Поставнин: «Eңбек мигранттарының көпшiлiгiнiң орыс тiлiн жетiк бiлмеуiнiң салдары кәсiпорындар мен жұмыс орындарында техника қауiпсiздiгi қызметiнiң бұзылуына әкеп соғуда» деген кезектi арызын жолдаған болатын. Ол сондай-ақ, тiлдi үйрету мәселесiн заңдық тұрғыдан шешу керектiгiн бiлдiрiп: «Ресей мен ТМД елдерi арасында екiжақты келiсiмнiң негiзiнде орыс тiлiн тегiн оқытатын тiл орталықтары ашылуы тиiс», – деген-дi. Ал былтырғы жылдың соңында ресейлік билік бұл мәселеге қайта айналып соқты. Бұл жаңа ереже ең алдымен Орталық Азия елдерінен келген мигранттарға қатысты болмақ. Ресейдің Мемлекеттік Дума төрағасы Борис Грызлов өзінің «Твиттерінде»: «Орыс тілін білу – мигрант үшін борыш қана емес, өз құқықтарын қорғау» деп жазыпты.

Жобаға сәйкес, мигрант орыс тілін білу деңгейін дәлелдеу үшін 1991 жылға дейінгі кезеңде алған орта немесе арнайы білімі жайлы аттестатын, жоғары оқу орнын тәмамдағаны жөніндегі дипломын көрсетуі тиіс. Ал екеуінің бірі де жоқ болса, орыс тілі бойынша мемлекеттік сынақтан өткені жайлы сертификат ұсынуы керек. «Миграция – XXI век» қорының вице-президенті Наталья Власованың айтуынша, мигранттардың орыс тілін білудегі қажетті деңгейін анықтау нормативтері әлі қалыптаспаған.

«Құрылыс жұмыстарындағы бригадаларда жұмыс істейтін мигранттар көп. Олардың орыс тілін білетін бригадирі бастықтардың бұйрықтарын қол астындағы жұмысшылардың ана тіліне аударып беріп отырады. Өзге мигранттар тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласында немесе саудада істейтін болар. Олар тілді қай дәрежеде білуге тиіс екен? Бәрін жапа-тармағай орыс тіліне оқыту аса қиын емес пе?» – депті бір сұхбатында Наталья Власова.

Тәуелсiз сарапшылардың пiкiрiнше, осыдан үш-төрт жыл бұрын мигранттардың шамамен 50 пайызы орыс тiлiнiң кез келген сөзiн дұрыс айта алмайтын. Ал көші-қон қызметінің дерегі бойынша, бүгінде Ресей аумағына келушілердің 30 пайызға жуығы орыс тілін білмейді. Олар тiл меңгерейiн десе, ақылы курстардың құны өте қымбат. Күндiзгi бөлiмде тегiн оқуға қол байлайтын жұмысы тағы бар. Мигранттар мұндай жаңа ереже өмірлерін қиындатпаса, жеңілдетпейтінін айтады. Олар емтиханға ақша төлеуге мәжбүр болмақ, егер өтпей қалса – оларды жұмысқа алмайды. Тест тапсыру құны – 6 мың рубль (200 АҚШ доллары шамасында) көрінеді.

Тағы да Путиннің мақаласына ора­лайы­қ­шы. Орыс тілінің үстемдігін паш ете түскен ол орыстың – Ресей негізін қалағалы бері мемлекет құраушы ұлт екенін мақтанышпен жеткізіпті. «Орыстардың ұлы миссиясы – өркениетті біріктіріп, біртұтастандыру. Мұны олар тілімен, мәдениетімен-ақ жасай алады» депті. Путин сондай-ақ Ресей туралы, оның тарихы хақында жүз шақты кітаптың тізімін әзірлеу туралы ұсынысын жеткізіпті. Ол өз мақаласында ХХ ғасырдың 20-шы жылдары америкалық жоғары оқу орындарында батыстық канондарды зерттеу үшін арнайы қозғалыс құрылғанын, онда тіркелген әрбір студент алдын-ала дайындалған тізімдегі жүз кітапты оқып шығатынын айта келіп, болашақта да ресейлік білім ошақтарын бітірген әр оқушы міндетті түрде оқып шығуы тиіс жүз кітаптың тізімін бекітуді ұсынды. Әрі осы шығармалар бойынша мектеп түлектеріне емтихан ретінде шығарма жаздырып, жастарға өз жиған-терген білімі мен дүниетанымын түрлі білім сайыстарында сынауға мүмкіндік беру керектігіне тоқталды.

Ресей Премьері В.Путин бұл ойын бұдан бұрын да тәптіштеп жеткізгені есте. Бір сөзінде тарихшыларға әдейі құлаққағыс етіп, «Ресейдің тарихын қайта жазу керектігі» жөнінде де емеурін танытқан. Ал ендігі жүз кітап деп отырғаны да сол пікірдің жалғасы іспеттес.

Сөйтіп, Ресей басқа ұлт өкілдерінің көңілін орыс тілін үйренуге бұрғаны былай тұрсын, еңбек мигранттарын да осы тезге салуға белсене кірісіп кетті. Олар осы жоспары арқылы орыс тілі – ұлттарды біріктіруші тіл екенін жалпақ жұртқа мойындатпақшы. Ал Ресейдің заңнамалық талаптарына ләппайлап мойынсұнған еңбек күші амалсыздың күнінен орыс тілін үйренуге мәжбүр. Егер бұл талап-тілекке көнгің келмей, қипақтасаң, елден алас­татылып кете баратының тағы белгілі. Тіпті көші-қон саласы туралы РФ Премьері һәм болашақ Президенттіктен үміткер Путин сөз қозғағанда, бұл мәселенің бояуы қалыңдатыла түскендей.

Бір өкініштісі, Ресей жат елден ағылып келген еңбек мигранттарын орыс тілінде сайратуға әрекет жасап жатқанда, Қазақ үкіметі өз шенеуніктерін қазақша ойлап, қазақша түс көргізе алмай әуре. Қарапайым халықты былай қойғанда, ірі лауазымды міндеттерді атқарып жүрген мемлекеттік қызметкерлердің көбі қазақшаға шорқақ. Тіпті үлкен мінберлерден Ана тіліміз – қазақ тілін қор қылып жатқандарын көргенде, еріксіз ішің қан жылайды. Ал алып Ресейдің өлмейтін тілі – орыс тілін мигранттарға міндеттеп жатқанда, біздің мына жайбарақаттығымызға не жорық?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары