ЖАҢА ПАРЛАМЕНТТIҢ ЖАҢА МIНДЕТТЕРI ҚАНДАЙ?

ЖАҢА ПАРЛАМЕНТТIҢ ЖАҢА МIНДЕТТЕРI ҚАНДАЙ?

ЖАҢА ПАРЛАМЕНТТIҢ ЖАҢА МIНДЕТТЕРI ҚАНДАЙ?
ашық дереккөзі
242

Жексенбi күнi жылдың ең басты саяси оқиғасы – парламенттiк сайлау өтедi. Дауыс беру процесiне қатысушылардың саяси белсендiлiгi, азаматтық позициясын бiлдiрудегi батылдығы мен жауапкершiлiгi, олардың таңдау құқығы – өз алдына бөлек әңгiме. Бiрақ жаңадан жасақталатын Мәжiлiстен қарапайым адамдар не күтедi? «Халық қалаулысы» атағына ие болатын депутаттар қауымы қоғамдағы қандай мәселелерге баса назар аударуы қажет? Күн тәртiбiнен түспеуi тиiс қандай тақырып бар? Осы және басқа мәселелер туралы елiмiзге танымал бiрқатар саясаттанушы жауап берген едi.

Әзімбай ҒАЛИ:

– Жаңа Мәжілістің көңіл аударатын басты мәселелері – халықтың әл-ауқаты мен экономикалық жағдайы. Соңғы кездері қайталануы жиілеп кеткен түрлі әлеуметтік наразылықтар осының айғағы. Сонымен қатар басқарушы билік мемлекеттік компаниялармен мен еліміздегі жекеменшік компанияларда қызмет ететін қарапайым жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын қадағалап отыруы тиіс. Ішкі қажеттіліктерімізді қанағаттандырмайынша, ісіміз алға баспақ емес. Қазақстанның батыс аумағында, Маңғыстау облысында болған оқиғалар осыны дәлелдеді. Бүгінде халыққа мемлекет тарапынан берілетін түрлі төлемақылар – жалақы, зейнетақы, жәрдемақы, өтемақы көлеміне де назар аударған жөн. Ең алдымен еңбекақыға қатысты проблеманы шешіп алу керек. Бұрын Маңғыстауда айлықты жұмысшылар 110-120 пайыздық үстемақымен алатын еді. Ол кезде жалақы ауа-райының қолайсыздығы, ауызсу тапшылығы, құм басқан шөлейт жерлердің адам ағзасына тигізетін зияны т.б. ескеріле отырып, бекітелетін. Осы жеңілдіктердің алып тасталғанына қазір халық келіспей отыр. Аталған олқылықтардың орнын толтыру үшін партиялар, бүкіл қоғам атсалысуы керек. Жалпы елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға қатысты еліміздегі саяси құрылымдар, партиялар өздерінің арнайы бағдарламаларын түзгені абзал. Білікті мамандарды бір арнаға тоғыстыра отырып, елімізде қай сала кенжелеп қалды, қай мәселе шешімін таппай отыр деген сауалдарға жауап іздеу де – өте маңызды. Күні кешегі Жаңаөзендегі оқиға «жабулы қазан жабулы күйінде» қалмауы керектігін көрсетті. Тығырықтан шығу үшін алдымен халықтың әлеуметтік жағдайына ден қою керек. Былтыр Атыраудағы түрік компанияларында жұмыс істейтін қазақ жұмысшыларының наразылық шаралары өткізілгені белгілі. Бұған әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздік себеп. Түркиядан келген қызметкердің жалақысы – 4 мың АҚШ доллары, ал Қазақстан азаматтарына төленетіні небары 40 мың теңге. Бұл нағыз әділетсіздік! Өз жерінде әділетсіздікке душар болғандардың құқығын заң жүзінде қорғамайынша, әлеуметтік әділетсіздіктер қайталана береді. Біз керісінше, өз азаматтарымыздың мәртебесі мен еңбегін жатжұрттықтардан жоғары қоюымыз қажет.

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ:

– Парламенттің сапасы оның құрамындағы партиялардың санына байланысты емес. Парламент құрамына әртүрлі топтардың өкілдері мүше болғанда ғана оның рөлі артады. Бірыңғай киінген, бірыңғай ойлайтын, бірыңғай сөйлейтін бизнесмендер мен әкім-қаралардан түсетін пайда шамалы. Өкінішке қарай, біздің Парламентте мүгедектер, діншілдер, жұмыссыздар не жастардың, әйелдердің проблемасын көтеретін, ауыл проблемасын айтатын басқа да әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері жоқ. Партиялар әркімнің атынан сөз алғанмен, ауылдағы ағайынның шын мәнінде мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтындар кемде кем. Өкінішке қарай, саяси тұрғыда мүдделері бір арнаға тоғысатын партиялар бар бізде, бірақ әлеуметтік мүддеге тоғысатын партиялар жоқ. Мәселе – осыда. Біздің депутаттар (партиясының атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, фракциясын да көрсетудің қажеті жоқ) кейде сөйлеп отырып, не туралы айтып отырғанын өздері білмей қалатын кездері бар. Кейінгі кездері партия құрамына аты-жөні елге танымал адамдарды тарту сәнге айналғандай. Бірақ бізге есеп білетін адамдар керек. Мәжілісте отырып, алдына келген Премьер-министрге, басқа министрлерге: «Кешіріңіз, сіз былай дейсіз, бірақ менің есебім бойынша былай…» дейтін білікті мамандар керек. Кешегі Жаңаөзен оқиғасында заңдардың, Еңбек кодексінің, басқа заңнамалық құжаттардың шикілігі көрінді. Заңдарды жан-жақты талқылап алмай тұрып, топырлатып қабылдай береді. Ал құжатқа қол қоярда сол салада жұмыс істейтін кәсіби білікті мамандар қайда болды? Түрлі әлеуметтік желілердің ішінде аттанға басып, өз сорпаларында өздері қайнаумен шектеледі.

Жаңа парламент біріншіден, әлеуметтік мәселелерге назар аударуы тиіс. Екіншіден, қазір көпшілік көңіл аудара бермейтін рухани мәселелер. Мәселен отбасында, жас­тар арасында көп кездесетін жайттар бар. Қазіргі қазақ отбасының кескін-келбеті қандай? Жалпы Қазақстанда «отбасы» ұғымы қалай бағаланады? Отбасы алдындағы жауапкершіліктің жоқтығынан жетім қалған балалар саны артып келеді. Әке-шешесі бас тартқан мыңдаған, жүз мыңдаған тірі жетім – келешекте қылмыскерлікке басты кандидат. Үшіншіден, аға буын, орта буын, жас буын арасындағы ұрпақтар сабақтастығын қалпына келтіру. Тағы бір мәселе, біз, қазақтар екіжүзділікке көп ұрынамыз. Көпшілік алдында сөйлегенде айтатын әңгімеміз бен отбасы, ошақ қасында айтатын әңгімелеріміз үйлеспейді. Мені қазір 20 мен 30 арасындағы жастардың тағдыры алаңдатады. Олардың айтатын әңгімесі, олардың проблемасы, ертеңгі күнге деген мақсат-міндеті қандай? Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде бізде мемлекеттік идеология қалыптасқан жоқ. Есесіне, қоғам үшін онша маңызды емес мәселелерді қаузауға әуестер көп. Мысалы былтыр жыл соңында Діни басқарма өкілдері: «Жаңа жылды тойламаңдар, ол бізге тән емес» деген мәлімдеме таратты. Сонда бар проблемамыз шешілді де, тек Жаңа жылды тойлау дұрыс па, бұрыс па деген сұрақ маңызды боп қалды ма? Қарапайым адамдардың көңілін толғантып жүрген, маза бермей жүрген мәселелерді неге айтпайды? Тіпті, Жаңа жыл – біз үшін отбасылық маңызы бар мереке, еуропалықтардың дінінің ешқандай қатысы жоқ. 31 желтоқсан күні бүкіл отбасы бір дастарқан басына жиналып, ертеңгі күннің тілеуін тілейді, өткен жылға алғыс айтып, келер жылға береке тілейді. Оның сонда қандай зияны бар? Міне, сондықтан келешек Парламент ел арасындағы рухани мәселелерге де назар аударуы керек.

Айдос САРЫМ:

– Болашақ Парламент Мәжілісінің құрамы дауыс беру процесінің қалай өткізілгеніне, қандай үміткерлердің жеңіске жеткеніне тікелей байланысты. Екіншіден, билік тармағының құзіретті, құқықты болуы сайлаушылардың, жалпы Қазақстан азаматтарының сол ұйымға, сол құрылымдарға деген сенімінен туындайды. Демек, қоғамда белден басу, әкімшілік ресурстарды пайдалану деген сияқты мәселелерді азайтып, сайлаудың әділ өтуіне барынша жағдай жасаған дұрыс. Қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізу барысында байқағанымыз, қазір Мәжіліс емес, жергілікті мәслихатқа депутат сайлау әлдеқайда қызық өтіп жатқан сияқты. Әрине, сайлаудың қалай өтетіні сайлаушылардың саяси белсенділігіне, олардың азаматтық позициясын байқатуына қатысты. Келешекте қалыптасатын жаңа Мәжілісті қанша партия құрайтынын уақыт көрсете жатар. Меніңше, депутаттық орындарды кем дегенде 2-3 партия бөліседі. Қоғамда болған әртүрлі жайттар (мысалы, Жаңаөзен оқиғасы) әділеттілік мәселесінің күн тәртібіне шыққанын көрсетті. Әділеттілік дегеніміз – әлеуметтік әділеттілік, саяси әділеттілік, тарихи әділеттілік т.б. Қазіргі сайлау ұлттық мүддеге, қазақ мәселесіне жартылай байланған сайлау болса, бұдан кейінгі сайлау тұтасымен тек қазақтың ұлттық мүддесінен тұрмақ. Үміткерлердің сайлауалды бағдарламасы, айтатын әңгімесі, көтеретін мәселесі т.б. зер салсаңыз, оған анық көз жеткізесіз. Саясаткерлер қауымы бұрынғыдай екі орындықта отырудың енді мүмкін еместігін ұққан. Бұған дейін қазақ аудиториясына бір сөз айтып, орыс аудиториясына мүлде қарама-қайшы пікір айту, қазақтың қытығына тиетін сөздер айту қалыпты жағдай саналса, енді ондай екі сөйлейтіндерге қоғам тарапынан қатаң талап қойыла бастады. Оған қазақ зиялыларының, қазақ электоратының көзі ашылуы себеп. Яғни санның – сапаға, ұлттық азшылықтың ұлттық көпшілікке айналуы, қазақтың шын мәнісінде үлкен дәрежеге жетуі. Маңыздысы, сапа парасатты саясат жүргізе алатын деңгейде болуы тиіс. Сондықтан осы сайлауда тәуелсіздік алған 20 жыл бойы кейінге шегеріп келген мемлекеттік тіл, отарсыздандыру саясаты, болашақ мемлекеттілігіміздің ұлттық нақышта жүргізілуі секілді басқа да кезек күттірмейтін маңызды мәселелерді ендігі біртіндеп ашық айта бастау керек. Егемен ел болғалы жиырма жылдың жүзі болды. Меніңше, ұлт ретінде жаңа кезеңге көшудің уақыты әлдеқашан жетті. Тағы бір жайт, бүгінде халық көңілін алаңдатқан Кедендік одақ, Біртұтас экономикалық кеңістік сияқты мәселелерге парламенттік бақылау қажет. Өйткені Кедендік одақты, Біртұтас экономикалық кеңістікті сынайтындар көп, бірақ сол құжаттармен егжей-тегжейлі танысып шыққандары кем де кем. Меніңше, Парламент шенеуніктердің «қолшоқпары» немесе белгілі бір топтардың мүддесі үшін күресетін құрылым емес, мемлекет пен халық үшін маңызы бар кез келген мәселені жүзеге асыруға міндетті. Егер жаңа Парламент құрамына бірнеше тілге жетік, талқылауға түскен заң жобаларын жете түсініп, оның олқылықтары мен кемшіліктерін көрсете білетін әрі халық, ұлт мүддесі үшін табан тірсес күресе алатын тұлғалар келіп жатса, оның өзі жаңалық. Мәжіліске әнші-домбырашыларды ғана тартумен шектелмей, сайлауда қоғамға беделді саясаткерлер, экономистер, қаржыгерлер сияқты басқа да қолдарынан іс келетін білікті мамандар жеңіске жеткені дұрыс. Жалпы, Парламентте бірнеше партияның болуы бәсекелестіктің қалыптасуына сеп. Бұл мәжілісмендер алдына заң жобасын дайындап әкелетін министрлерді, Үкімет мүшелерін өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауға міндеттейді. Қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік негіздегі наразылық шараларының артуы оппозиция өкілдерімен бірге басқа да мүдделі топтардың Парламентке сайлануына мүмкіндік туғызып отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары