ЖҰРТЫМ ДЕП ТӨККЕН ЖЫЛУЫН

ЖҰРТЫМ ДЕП ТӨККЕН ЖЫЛУЫН

ЖҰРТЫМ ДЕП ТӨККЕН ЖЫЛУЫН
ашық дереккөзі
383

Көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi Дiнмұхамед Қонаевтың бүгiн туған күнi. Көзi тiрi болғанда, Алаштың көрнектi тұлғасына 100 жыл толар едi. Дiнмұхамед Қонаев өз заманының ұлы саясаткерi болды. Ол қазақ халқын қиын-қыстау күндерiнде, қарама-қайшылыққа толы уақытында басқарып, оның әлеуметтiк-экономикалық саласының өсiп-өркендеуiне өлшеусiз үлес қосты. Қазақтың мәдениетi мен ғұрпын, салтын асқақтатты. Ұлттық ғылымын дамытуға күш салды. Қазақтың болашағы үшiн күрестi.

Мерейтой қарсаңында Қонаевтың туыс­тары мен жақындары дайындаған бірегей фотоальбомы тұсауын кесті. Фотоальбом Қазақстанда дайындалып, Түркияда басып шығарылған екен. Фотоальбомның алғашқы беттері Дінмұхамед Қонаевтың өмірбаянымен ашылған. Қонаевтың өмірбаяны барша қазаққа жақсы таныс. Ол орта мектепті бітіре салысымен, Қазақстан Өлкелік комсомол комитетінің жолдамасымен Мәскеудегі Түсті металл-алтын институтында Тау-кен инженері мамандығы бойынша бітіріп шығады. Қонаевтың өндірістегі алғашқы жылдары осылай басталған еді. Өлкеміздегі ірі өндіріс аймақтарында үлкен еңбек жолынан өтті. 1960-1962 және 1964-1986 жылдары Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Орталық комитетте қызмет атқарған жылдары, өзінің қолынан келгенінше, Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін өркендету жолында аянбай қызмет етті. Өзінің білімі мен білігін, мол тәжірибесін қазақ мәдениеті мен өркениетіне жұмсады. Білікті, білімді азаматын ұлты да жақсы көрді. Қонаевтың есімін тура атамай, «Димаш» деп еркелеткені де сондықтан болса керек.

Фотоальбомды шығарушылар біртуар азаматтың бүкіл дүниесін жинақтауға ыждағаттылықпен дайындалғаны көрініп тұр. Тұсаукесер рәсімінде сөз алған азаматтардың бірі, альбомды дайындауға атсалысқан Валерий Жандәулетов: «Д.А.Қонаевтың аса жарқын өмірбаяны ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихымен тығыз байланысты, бұл жайт фотоальбомда толығымен көрініс тауып отыр» деген еді.

Тағы бір айта кететініміз, альбомды дайындауға Дінмұхамед Қонаевтың ұрпағы — Диар Асқарұлы Қонаев пен Дінмұхамед Диарұлы Қонаев мұрындық болыпты.

«Альбом Димаш Ахметұлының өміріндегі маңызды кезеңдерге сәйкес келетін бөлімдер бойынша жинақталды. Қонаевтың Қазақстан басшылығында болған жылдарында жинақталған жеке мұрағаттағы бірегей фотосуреттері алғаш рет жарияланып отыр. Альбом беттерінен Қонаевтың XX ғасырдағы белгілі тарихи тұлғалар және қайраткерлермен – Үндістан басшылары Джавахарлал Неру және Индира Гандимен, АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэр және Въетнам президенті Хо Ши Минмен, Мысыр басшылары – Гамаль Әбдел Насер және Анвар Садатпен, Солтүстік Корея президенті Ким Ир Сен және Қытай премьері Чжоу Энь Лаймен, Иран шахы Реза Пехлеви, Франция президенті Жорж Помпиду, Алжир президенті Хуари Бумедьенмен, сондай-ақ басқа да көптеген шетелдік қайраткерлермен түскен сирек суреттерін көруге болады, – деді тұсаукесер рәсімінде Диар Асқарұлы Қонаев.

Оқырман үшін тың жәдігерге айналып отырған фотоальбомда әртүрлі жылдардың бедерін бейнелейтін түрлі суреттер топтастырылған. Олардың арасында жақын туыстармен демалыс кездеріндегі суреттер де, отбасылық мұрағатта сақ­талынған көне жәдігерлер де бар. Бұлар­дың бәрі алғаш рет фото-альбом етіп жинақталып отыр. Сондай-ақ, фотоальбомға қайраткердің марапаттары мен шетел мемлекет басшыларының берген сыйлықтары, оның жинаған суық және оқпен атылатын қару-жарақ коллекцияларының және оттықтарының бірегей коллекциясының фотосуреттері де енгізілген.

«Мен үш бірдей альбом шығаруға қатысып отырмын. Оның қалғандары алдағы уақытта оқырмандардың қолына тиеді. Редактор ретінде бұл альбомдар бірін-бірі қайталамай, керісінше бірін-бірі толықтырады деп білемін. Бүгінгі альбом оқырмандарды тебірентері сөзсіз. Себебі мұндағы әрбір сурет пен тармақтар құрастырушылардың шын ниетінен туындаған дүниелер», – дейді фото-альбомның редакторы Валерий Жандәулетов.

Фото-шежіреге толы фото-альбом «Халықтың мәңгілік жадында» деген бөліммен аяқталған екен. Бұл бөлімнен Дінмұхамед Қонаевқа қойыл­ған ескерткіштердің, ұлы тұлғаның құрметіне аталған мектеп, жоғары оқу орындары мен көшелердің, сондай-ақ қылқалам шеберлерінің қайраткерге арнаған суреттерін табуға болады. Сонымен, бүгін басталатын мерейтой Абай атындағы опера-балет театрында бастау алып, Астанада, Бақанас, Талдықорған және өзге де аймақтарда жалғасын таппақ. Алматыдағы Қонаев тұрған пәтерге де келем деушілер үшін есік ашық. Бүгінде мұражайға айналған бұл пәтер Д.Қонаев туралы жаңа деректермен, суреттермен толықтырылған.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары