ҰЛЫЛЫҚҚА ТӘН КІШІЛІК

ҰЛЫЛЫҚҚА ТӘН КІШІЛІК

ҰЛЫЛЫҚҚА ТӘН КІШІЛІК
ашық дереккөзі
251

Димаш ата Қонаевтың арнайы қолын алып, амандаса барғаным тәуелсiздiк қарсаңында едi. Ол кездерi қызыл Кремльдiң Дiнмұхамед Ахметұлын төрт-бес жылдай үй қамағында ұстағандай болған әрекетi аяқталып келе жатқан-ды. Себебi сол саясатты жүргiзген Горбачев билiгi де тәмамдалуға жақын болатын.

Қазақстанды ширек ғасырдай басқарған осынау алып тұлғаға байланысты жылымық желі «ә» деп соға бастағаннан-ақ, «Мәскеу жақ қалай қарар екен?» деп жалтақтап жатпастан сол кездегі Қазақстан басшылығы Димекеңе сәлем бергісі келгендерге мейлінше мүмкіндік, рұқсатын жасауға тырысқан еді. Алғашқы боп сәлем бергендердің алдыңғы сапында Бақытжан аға Момышұлы, Фариза апай Оңғарсынова болды. Тіпті Бақытжан аға алғашқы боп шаңырағына шақырып, Димаш атаны қонақ еткен жан болса керек…

Әрине, Қонаевтай дана кісіге жай ғана амандаса бармадым. Таяуда ғана Димекең өмірбаяндық кітабының орысша нұсқасын жазып бітіріп, соны қазақшаға аударта бастағанын білетінбіз. Серік Әбдірайымның тәржімасындағы сол аудармаларды сиясы кеппестен, республикалық «Парасат» журналына шетінен жариялап отырмақ ниетте едік. Бас редакторымыз Бексұлтан Нұржекенің ол кісімен алдын-ала келісіп қойғанын да есіне салып өттім. Екінші сөзбен айтқанда шығармашылық әріптестігімізді ұсына бардым.

Аспаз жігіт есік ашып, жол бастап жүрді. Димаш ата мені қарсы алмаққа кабинетінің қақ ортасында түрегеп тұр екен. Жүзі керемет жылы еді. Совет үкіметі кезінде Мәскеуде жарық көрген «Правда», «Известия», «Труд» газеттерінен бастап орталық басылымдардың түгелге жуығы дерлік, Желтоқсан көтерілісінен бері және қатарынан бірнеше жыл бойы Димекеңді «түгін қалдырмастан» сыбап келе жатқаны жалпы халықтың қабырғасына батулы еді. Осыншалықты әділетсіз айыптау­лар тасқынына ол кісі тұрмақ қарапайым әрбір қазақстандықтың да жаны ауырғаны ақиқат болатын сол тұста. Сондықтан болар, Димаш атаны толып жатқан сондай жалалар мен сатқындықтардан қалжыраған, қатыңқы қабақты, өсек сөздерден шаршаған, ширығысты күйде көрермін деп күтсем керек. Қарсы алдымда әлгіндей әділетсіз күстаналауларды ешқашан естімегендей, сұрқия теперіштерді көрмегендей қалыпта мейірімді бір жан тұрды. Қайран қалдым, әрине.

Сәл-пәл жөн сұрасқаннан кейін негізгі шаруамды айттым. Алдын-ала телефон арқылы байласқан уағдамыз бойынша аударманың алғашқы дайын бөлігін әзірлеп қойған екен. Жазу столының суырмасынан алып шығып, қолжазбаны қолына ұстап біраз отырды:

– Мен, әрине, жазушы емеспін. Сондықтан бұл кітап жайлы пікірлерің болса, қысылмай айта бер. Бірақ ішінде жазылғандардың барлығы да – шындық, – деді ол кісі бірден. Содан кейін ғана аударманы маған ұсынды.

Редакцияға келісімен журналымыздың терілімге кетіп бара жатқан санына дереу салып жібердік. Ол кездері құрал-жабдықтардың ескілігіне байланысты журнал сандары үш ай бұрын баспаханаға жіберілетін. Осылайша, «Кісі ісімен жасайды» деген тақырыппен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев кітабының аудармасын журналымыздың бірнеше санына жарияладық. Оқырман өте жылы қабылдады. Оған хаттары куә. Осындай шығармашылық себептермен Димаш атамен бес-алты рет жүздескенім бар. Әңгімеміз негізінен рухани тақырыпта өрбитін.

Келесі барғанымда әңгіме әрі батыр, әрі кезі келгенде біраз даулы істерге билік айтқан, әділетсіздікке ұшырағандардың жанынан табылуға тырысқан Бөлтірік шешен Әлменұлы жайына ойысқан болатын. Сөйтсем, Димекең Бөлтірік шешеннің біраз тапқыр әңгімелерін білетін боп шықты. Мен де бала кезімнен өзім естіп өскен шешеннің небір дана шешімдері жайлы білетіндерімді ортаға салып, Димаш атаның аузынан шыққан әңгімелерді одан әрі үстей түсудемін. Бір кезде маған бір идея келді де, ол кісімен бірден бөлістім:

– Бөлтірік бабамыз жайлы осы бүгін айтылған әңгімелердің басын біріктіріп бір мақала жазсам… Сіздің атыңыздан. Себебі негізгі айтушысы өзіңіз болдыңыз ғой. Ал менің міндетім – сол әңгімелерді әдеби жағынан өңдеп, қағаз бетіне түсіру ғана, –дедім бірден авторлық уәдесін алмаққа.

– Оны енді көрейік. Былай болсын, Нұрлытай. Келесі келгеніңде саған өзімнің ең жақын Рақымбай деген досымды таныстырайын. Ол кісі де шешеннің біраз әңгімелерін біледі, –деді ол кісі.

Біз осыған уағдаластық.

Бір айдан кейін, әдеттегідей телефон арқылы алдын-ала хабарласып, кезекті аударма бөлігін алмаққа келген едім. Расында, досы екеуі күтіп отыр екен. Сөйтсем өзім білетін кісі боп шықты.

– Рақымбай атаны жақсы білемін ғой. Бұл кісі қазақтың «Тоғызқұмалақ» атты ұлттық ойынын насихаттап, газет-журналдарға талай мақалаларын жариялады. Бұл кісі – әзірге осы ойынның жалғыз жанашыры, – деп жатырмын.

Сөйттім де өткендегі уағдамыз бойынша жазып әкелген мақаламды көрсеттім. Өтініштері бойынша оқып та бердім. Ол кісілерге ұнаған болуы керек. «Жарияланса жөн болар еді» десті екеуі де. Бірақ кімнің атынан?!

Димаш ата сәл-кем ойлана кідірді де:

– Менің бір ұсынысым бар: Рақымбай атаң да бабамыздың талай әңгімелерін айтып берді ғой бүгін. Осы кісінің айтқандарынан қалауыңша қос та, мақаланы не өз атыңнан немесе Рақаңның атынан жариялағаның жөн болар. Менің атымды қойған екенсің, рахмет. Бірақ содан бас тартайын деп отырмын. Оқыған жұрт: «Мына Қонаев енді әдебиетші боп кеткен бе?!» дер. Атымды алып тастай сал, – деп өтінішін айтты. Сонымен Рақымбай ата Кәрімбаевтың әңгімелерін қосып, мақаланы «Парасат» журналының 1991 жылғы 10 санында сол кісінің атынан жарияладық. «Ең бас­тысы – Бөлтірік шешеннің ұмытыла жаздаған жәдігерлерінің қайта жарық көруі» дестік.

– Талас ауданына бір барғанымда Бөлтірік шешеннің жатқан жерін білгім келген еді. Жергілікті азаматтарға күтпеген әңгіме болды ғой деймін. Әйтеуір, мандыртымды ешнәрсе біле алмадым, – деді ол кісі ойлана.

Мұндай тілек-өтініштің көкейіме бірден орнығып қалғаны өз-өзінен түсінікті болса керек. Артынша өткізілген Сыпатай батырдың тойында Талас ауданының сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы Тыныс Сейдуановты көріп қалдым. Димекеңнің әлгі тілегін жеткіздім. Тыныс аға елге барысымен аудан ақсақалдарын қоса шақырып, ел азаматтарымен алқалы басқосу жасапты. Бөлтірік шешеннің жатқан жерін анықтап қана қоймай, ол кісінің атынан қор ашқан екен. Дүйім жұрт атсалысып, кесенесін тұрғызды. Ел азаматтары бас болып, Талас өңірінде Бөлтірік бабаға арналған алғашқы ас берілді.

Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебай бастаған ғалымдар мен басқа да қаламгерлер болса, Бөлтірік шешеннің айтқан билік кесімдері мен толып жатқан шешендік сөздерін қызу түрде жинастырып, 1993 жылы «Шешендік сөздер» атты арнайы жинақ шығарды.

Жоғарыда аталған ас 1992 жылы болған-ды. Жалпы халықтық рухани жәдігерлердің бірінің орталарына қайта оралғандай болғанына халайық айрықша қуанысты. Аталған алқалы жиынның рухани әдіптеушісіндей болған Нарша ақын Қашаған осынау ат шаптырып, бәйге алған асты ұлан асыр тойға бергісіз етіп басқарғаны есте. Талас жұрты мұнымен де шектеліп қалмады. 1996 жылы Бөлтірік шешен Әлменұлының туғанына 225 жыл толғанына орай, батыр бабаның рухына арнап, дүбірлі той өткізді. Ол кездері шетелде қызметте болуыма байланысты аталған тойға бара алмадым. Дегенмен, сырттай тілекші боп, барлық жетістіктерін естіп, қуанып жүрдім.

Той жаңғырығы Алматы облысының Бақанас өлкесінде де болған екен. Ел рухын көтерер осындай небір игілікті шаралардың өткізілгені, советтік идеологиядан жандары жаншылған халық үшін ауадай қажет әрекеттер еді. Соның бәрін ұйымдастырып жүрген азаматтарға риза болдым. Бөлтірік шешенге арналып ескерткіш тұрғызылған екен

Кейде менің көңіл төрімде: «Бөлтірік шешеннің рухани жәдігерлеріне бүгінгі ұрпақтарының көрсетіп жатқан сый, құрметтері Димекеңе де жасалып жатқан марапат, айтылып жатқан мадақ сияқты екен-ау!» деген ойдың жаңғырып тұратыны бар. Сондай сәттерде сонау 1991 жылы Димаш атамыздың Бөлтірік бабасының жоғын жоқтап, маған аманаттай етіп айтқан сөздері оралады есіме. Бәлкім, дегдар көңілден төгілген сандаған рухани сәулелердің бірі ғана болар бұл өтініш!

Тағы бір баса айтқым келетін жағдай: өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы сол бір жүздесулеріміз барысында ол кісі тарапынан бірде-бір адамға қатысты жағымсыз пікірлердің айтылмағаны мені күні бүгінге дейін ризалық сезімге бөлейді. Тек бір ғана нәрсеге байланысты кейістігін білдіргені бар.

– Желтоқсан оқиғасы кезінде мені Орталық комитетке алып барып, ешнәрсе деместен босқа отырғызып қойып, кейіннен: «Қайта беріңіз» деп, үйге әкеп салып, артынан маған жала жапқандары жаныма қатты батты, – деген еді. «Қалғанын кітабымнан өзің де оқыған шығарсың» дегендей сыңай бар еді жүзінде. «Соған қарағанда осынау дарқан көңілді, мәрт болмысты халық ұлының тұтас өмірінде көрген теперіштерінің ішіндегі ең у-сойқысы Колбин жасағы тарапынан көрсетілген сол бір «аферистік» әрекет болса керек» деп ой түйдім өзімше.

Аталған жүздесулер тұсында Димаш атаның кісі жанына тимейтіндей деңгейде айтқан бірлі-жарым әзілдеріне де куә болғаным бар-ды. Жоғарыда баяндағанымдай, Дінмұхамед ата Қонаев досын маған кеңірек таныстырмақ сыңаймен Рақымбай ата Кәрімбаевты әңгіме барысында қолтықтап тұрып:

– Рақаңның тоғызқұмалақ ойынын тірілтіп жүргені беріде ғой. Жас кезінде бұл кісі опера әншісі болған, – деді.

– Анау пәлен деген операда түгілен деген батырдың көмекшісі бар ғой, соны ойнаған бұл атаң. – Осылай деді де Димекең құдды досының орнына өзі рөлге енгендей-ақ:

– «Е-е-ей, пәленбай, тұрар жерің осы болса, оныңды айт» деп найзасын жерге бір-ақ сілтеп қадайтыны бар ғой. Сол батырың осы кісі болады, – деді жәймен ғана жымия. Рақымбай ата болса, өзінің операдағы бір кездегі өнерімен ұлы досының әзіл араластыра осылайша таныстырған қылығына дән риза кейіпте тек бас изеп: «иә-иә, дәл солай болатын» деп күліп жатыр. Өкінішке қарай, әлгі операның да, кейіпкердің де аты есімде қалмапты.

Тағы бір әзілі де есімде. Аудармадан үзінді жариялаудың аяқталып қалған кезі еді. Соңғы үзінді жарияланған нөмірді апарып бермекке телефон шалдым. Сөз арасында:

– Күйеу балаңыз да сізге сәлем бермек ниетте еді. Тек сізді «шаршатып алмайық» деп жүргеніміз, – деп едім.

– Әрине, әрине, күйеу баланы міндетті түрде ертіп кел. Танысайық. Батамды берейін, – деп өзіне тән кеңдігімен қуанып қалды.

Келісілген күні атаның үйін бетке алдық. Сәлемдесіп, кабинет табалдырығынан ат­тағанымыз да сол еді, Димекең:

– Нұрлытай, сен төрге шық, – деп мені жұмыс кабинетіне арнап жасалған, терезеге сәл жақын қойылған екі кісілік диванға жайғастырды да, жұбайым Қалдар Оспанға сәл күлімсірей қарап тұрып:

– Ал қазақта күйеу бала деген есік жаққа отырады, – деп жұмсақ қана жымиған күйі кітап сөрелері алдына қойылған келесі диванды нұсқады. Мұндай әзілді күтпеген едік. Бір сәт екеуміз де аңырып тұрып қаппыз. Үнсіз жымиған күйі күйеуім көрсетілген жерге жайғасты. Сәл-пәл жөн сұрасып, танысып болғаннан кейін Димаш ата:

– Дегенмен күйеубала жақсы жігіт екен. «Кәйтер екен» деп ем. Сыннан өтті. «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» дейді ғой. Енді төрге шығуыңа болады, жұмыс кабинетіне арнап жасалған, деп менің қасымдағы орынды нұсқады. Сондағы «есік» пен «төрдің» рөлін атқарып тұрған қос диван арасы бар болғаны екі-ақ адым жер болатын. Ел басшысы Қонаевтың ресми сөздерін ғана естіп өскен жолдасым осы бір қарапайымдылыққа толы қазақы әзілге риза боп күліп жатыр.

Кең отырып, ұзақ әңгімелестік. «Жанын жүдетпейік» деген мақсатпен саясат тақырыбына мүлдем аяқ баспадық. Тағы да сол ел руханияты төңірегінде талай әңгімелер қозғалды. Ол кісінің әрбір әңгімесінен бала кезінен дана қариялар әңгімесіне қанығып өскені байқалып тұрды. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» демекші, пікірлесе келе ол кісі жүзін маған бұрып:

– Нұрлытай, күйеубаланың қас-қабағына қарап, бабын жасайтын бол, – деді маған тапсырма бергендей үнмен. Қос алақанын жайып, екеумізге, отбасымызға батасын берді. Әзірлетіп қойған сыйлығын ұсынды.

– Кеше келініме айтқан ем. Сол кісінің дайындаған сыйлығы ғой. Аз да болса, «атамыздың берген сыйлығы еді» деп ұстарсыңдар, – деді ыңғайсыздана.

– Жо-жоқ, о не дегеніңіз! Сіз ұсынған бір сабақ жіптің өзі біз үшін тәберік қой, – деп жатырмыз жарыса.

Ұлы адамдар қарапайым келеді! Бұл – тарих бедерінде дәлелденген аксиома. Айтқандай-ақ, Ұлы Қонаев қайта-қайта алғысын айтып, бізді шығар есікке дейін өзі ертіп жүрді.

Тіршілікте Ұлы Жаратушымыз сүй­ген құлын түрлі қиындықтарымен де, қуаныштарымен де сынайды екен. Басына үйіліп-төгілген бақытқа дандайсымаған, ал тағдырына артылған қиындықтарға мүжіліп, морт сынбастан, сабырын серік қылған пенделеріне Алланың екі дүниеде де берері көп көрінеді. Бір ғана Жаратушы тарапынан келетін көмекті намазда сабырмен сұрау керектігіне шақырады қасиетті Құран. Дінмұхамед атамыздың намаз оқыған я оқымағанын анық білмеймін. Кейбір жақын араласқан кісілер «жасырып оқыған еді» деседі. Анығын Алла біледі, әрине. Ал, ол кісінің алапат дауылдар тұсындағы теңіздей терең сабырлылығына, жұмсақ та кең мінезіне, адамдарды, өмірді сүйген имандылығына, жоғарыда баяндағанымыздай, сәл де болса куә болған жайымыз бар еді.

Даналықты әркім әрқилы түсіндіреді. Менің ұғымымда ол – белгілі бір жанның уақытын, орынын тауып, қажетті істерді орайына келтіре атқара білуі, көкейкесті пікірлерін айта алуы. Алла риза боларлықтай, айналасындағылары қуанарлықтай шаруаларды молынан тындыруы. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың сондай ардақтылардың көшбасында болғаны жалпы халыққа белгілі. Расында, «Кісі ісімен жасайды». Себебі ұлы Д.А.Қонаевқа ізгі ниеті көшбасшы боп отырады.

Нұрлытай ҮРКIМБАЙ

Серіктес жаңалықтары