ШИПАЖАЙ ДИМЕКЕҢНІҢ АТЫМЕН АТАЛСА, — ДЕЙДІ АРДАГЕР АҚСАҚАЛ

ШИПАЖАЙ ДИМЕКЕҢНІҢ АТЫМЕН АТАЛСА, — ДЕЙДІ АРДАГЕР АҚСАҚАЛ

ШИПАЖАЙ ДИМЕКЕҢНІҢ АТЫМЕН АТАЛСА, — ДЕЙДІ АРДАГЕР АҚСАҚАЛ
ашық дереккөзі
434

Тәуелсiздiкке қол жеткiзген 1992 жылдары тоқырауға алдымен ұшыраған да шипажайларымыз болды. Кезiнде Д.А.Қонаевтың тiкелей басшылығымен тұрғызылған Қапал – Арасан шипажайындағы 200 кiсiлiк басты корпус пен екi қабатты кең асхана ғимараттары кiсi қарағысыз күйге түстi. Түрксiб шипажайы жекешеленiп кеттi. Ал темiржолшыларға арналған Ауыл курортының орнын шөп басып кеткен. Жер-жерлердегi профилакториялар арзан бағаға сатылып кеттi. Бурабайдағы Орта Азия әскери округiне қарасты шипажайдың ғимараттарына дейiн қиратылды.

Ал 1886 жылы ашылған Шымған шипажайын Өзбекстан үкіметі қалай да қолына түсіру үшін түрлі айла-амалдарға барып, ақыры кейінгі жылдары өздеріне қаратып алды. Өзбекстан бұл жерден өз алдына жай салуды Д.А.Қонаев тұсында да әлденеше рет көтереді, бірақ олардың өтініштері орындалмаған еді.

Өзбекстан жағы бұл мәселе қазақ үкіметі тарапынан шешілмейтініне көз жеткізген соң басқаша әрекетке көшеді. Шипажайға баратын жол салуға кедергілер жасап бағады. Электр жарығын әлсін-әлсін өшіріп, жарықсыз қалдырып отырады. Көп жылдар бойы Шымғанға азық-түлік Шымкенттен, Сарыағаштан тасылады. Онда да сылтау тауып, азық-түлікті жеткізбеуге барынша тырысып бағады. Осылайша күй кешкен, қилы-қилы тағдырды басынан өткізген шипажай осыдан бір-екі жыл бұрын Өзбекстанға біржолата беріліп тынды.

«Димекеңнің Сарыағаш шипажайы­ның ашылуына сіңірген еңбегі орасан зор. Димекең болмағанда Сарыағашты өзбектер бізден тартып алатын еді», – деп бастады сол шипажайда 1952-1968 жылдары бас есепші болып еңбек еткен, бұл күндері жасы сексеннің сеңгіріне шыққан Ұлы Отан соғысының ардагері, Сарыағаш ауданының құрметті азаматы Қалдар Көкеев ақсақал. – Ол шипажайға Қонаевтың сіңірген еңбегі ерінбеген кісіге бір кітап боларлық әңгіме, – деп жалғай түсті әңгімесін.

… Д.А.Қонаев 1958 жылы Жеті­сайға келіп, Жетісайдан Ташкентке өтеді. Қайтар жолында сол уақытта не Өзбекстанға, не Қазақстанға қара­майтын, шағын «бальнeолечебница» болып ашылған Сарыағаш шипажайына атбасын тірейді. Оңтүстік Қазақстан облысы атқару комитетінің төрағасы З.Іскендіров, Сарыағаш ауданының бірінші хатшысы Ұ.Бисенбаев деген екі кісі Сарыағашқа бір күн бұрын келіп, Димекеңе ас әзірлетті. Бальнeолечебницамыздың дәрігері Ұ.Қасымбеков еді. Димекең Сарыағашқа келер алдында «Ташминвода» атты мекеменің жұмысымен танысып келген екен. Ол екі арада арнайы бүгінгідей жол қатынасы жоқ болатын.

Шағын асхананың алдында 4-5 кісі қарсы алдық. Алақаны күректей кісі екен, бәрімізге қол беріп амандасты. Жанында күзеті де, қолпаштаулары да жоқ.

Бұл кезде Шымкенттің 3-ші сыра өндіретін зауыты су таситын машинамен шығып жатқан минералды суды апарып бөтелкелерге құйып, таратып жатқан болатын. Бальнeолечебницамыз қыстыңгүні 50, жаздыгүні 70 кісілік еді. Демалушылар екі үйге әрең сиятын. Жазда киіз үйге, палаткаларға жататын.

Шипалы судың мол қоры Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасының ортасында екен. Өзбектер 1952 жылы Қазақстанның шекарасынан 4 шақырым жерден 150 метр тереңдіктен скважина (бұрғы) қазып, Ташкент қаласындағы (Ш.Руставели көшесі, 61 үйдегі) шағын мекеме арқылы пайдалана бастайды. Ал Қазақстан жағы 1955-1956 жылдары екі скважина қазды. Көп ұзатпай өзбектер жағы Мәскеумен байланысып, ол скважиналарды өздеріне қаратып алды. Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы Оспанов дегеннің қолымен «Для госинтереса передать Узбекистану» дегізіп, қаулы қабылдатып, Өзбекстанға беріп тынды. Дегенмен бүгінгі шипажайдың орналасқан жерінен үшінші скважина қазылады. Сарыағаш минералды су аймағының пайдасын Қазақстаннан бұрынырақ қам қылып, пайдаланып үлгерген Өзбекстан жағы қазылған үшінші скважинадан да төрт шақырым өздеріне қарай құбыр тартып үлгереді.

Осы жайларға «Ташминвода» меке­месіне арнайы соғып, қаныққан Димекең ауданның бірінші хатшысына қарап: «Сен мәселенің мән-жайының бәрінен хабардар бола отырып, неге бізге ақпар бермедің. Ертеңгі күні «бізге жолдама беріңіздерші» деп өз территориямыздан шығып жатқан шипалы су үшін Өзбекстанға алақан жаюымыз керек пе? Осы маңайдан шипажай ашсақ, ел Кисловодскіге қаңғырып несі бар. Онда да осы су ғой», – деді бәрімізге қарата. Бірінші хатшы Димекеңе: «Бұл жөнінде Өзбекстан секілді қаржы мәселесі қаралмаған ғой», – деп еді, Қонаев: «Қор бөлеміз, қанша қаражат керек, сонша қаражат табу керек. Іске бүгіннен бастап кірісуіміз қажет. Жабыла кіріспесек, Сарыағаштан шығып жатқан минералды судан айрылып қалатын түріміз бар», – деп бізбен қош айтысты.

Димекең кеткен соң, артынша бір ай мерзім ішінде – 1959 жылы 4 қаңтарда Алматыдан Рыжков деген кісі 10 адам ертіп келіп, болашақта салынуы тиіс Сарыағаш курортының сметасын толық бітірді. Сол сметаның негізінде бүгінгі 1-ші, 2-ші, 3-ші, «Ванный корпустың» құрылысы жедел түрде қолға алынып, бастапқыда 250 төсектік курорт болып жоспарланды.

1959 жылы екі құрылыс бригадасы 4 корпустың іргетасын құйып, абыройлы болды. Осы істің басы-қасында 1959-1963 жылдар аралығында жүрген құрылысшы-маман Нұрмахан Жұматаевқа Қонаевтың пәрменімен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Одан кейінгі жылдары орта мектеп құрылысы, минералды су зауыты салынып, іске қосылды. Минералды су бұрынғыдай Шымкент сыра зауытына тасылмай, осы Сарыағаштан бөтелкеге құйылып, Қазақстанның барлық облыстарына таратылып жатты.

1963 жылы 16 қарашада Димекең бірінші корпустың алдында жиналған елдің көзінше өз қолымен тұсауын кесіп, «Сарыағаш шипажайы демалушыларды қабылдауға әзір», – деп жария етті. Сол жолы келгенде бес машина, екі автобус беріп кетті.

1976 жылы Димекең Оңтүстік Қазақстан облысының сол жылдардағы басшысы Ливенцовты Сарыағашқа ерте келіп, бүгінгі үлкен бюветті салу жөнінде Кисловодскіге кісі жібер, бюветтің жобасын сыздырып, маған көрсететін бол, – деп елдің көзінше тапсырма берді.

Д.А.Қонаевтың арқасында кеңестік дәуірде іргетасы қаланып, бүгінгі күні әрбір қазақстандықтың демалуына жағдай жасалған Сарыағаш өңірі курорт аймағына айналған. Қалдар Көкеев ақсақалмен арада болған әңгіме барысында, оның Сарыағаш шипажайы Димекеңнің атымен аталса деген ұсынысын жоғары орындарға жеткізгенін білдік. Дәл сондай ой сол кезде шипажайда еңбек еткен біраз кісінің арманына айналғанға ұқсайды. Бір топ сарыағаштықтардың сол өтінішін бүгінгі күні неге қай­та қолға алмасқа? Осы орайда Д.А.Қонаевтың Сарыағаш шипажайына сіңірген еңбегін ескеріп, Сарыағаш шипажайын бұдан былай «Д.А.Қонаев атындағы Сарыағаш шипажайы» деп атап, алдына Димекеңнің көрнекті бюстін орнату кезек күттірмес шараға айналса, қазақтың біртуар ұлына деген ел құрметі болмай ма?!

Өтеген ӘБДIРАМАН,

медицина тарихын зерттеушi

Серіктес жаңалықтары