ӘЛЕМДЕГІ ЖЕТІНШІ ҰЛЫ
Ғалымдар жұмыр жерді жайлаған бүкіл елдің басшыларын компьютерге түсіріп екшеп, таразылағанда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жетінші орынды иеленіп, әлемдегі жеті ұлының бірі атанған.
Автор
Жалынға орап жүрегін суытпаған,
Тірісінде өз жайын кім ұқпаған.
Ел, мемлекет басқарған басшылардың,
Бәрін екшеп компьютер сұрыптаған.
Заңдылыққа бағынып жүйеленген,
Жеті санын барша жұрт кие көрген.
Компьютерге Димашты түсіргенде,
Дәл жетінші орынды иеленген.
Киелі сан дақ салмай сүйегіне,
Үйіріліп түсті ме киеліме?
Тегін кісі болса егер жетінші орын
Еншісіне Димаштың тиеді ме?
Жеті күні бар деп те бір аптаның,
Сезген шығар жетіні ұнатқанын.
Жеті күлше анасы пісіретін,
Құдай жұртты тыйсын деп жылатқанын.
Өрге тартса адаспай сенім – кеме,
Жеті санын, ендеше, тегін деме.
Жетпіс,
сексен өзені жарыса аққан
Жетісу боп аталған жерім неге?
Жеті жаста қыздардың таранғаны –
Күн астында жетіліп нәр алғаны.
Сірә, тегін дейсің бе,
сегіз болмай
Жеті қат боп жер-көктің жаралғаны?!
Үзілмеген достығы, сәлемдері
Басшылар да әрқилы әр елдегі.
Димашқа арнап жыр жаздым жеті шумақ,
Жетінші ұлы атанған әлемдегі.
ДИМАШ РУХЫ
Қара тобыр бүгінде жөн біле ме,
Қонаевты Кеңсайға көмді неге?
Жұлдыз болып аспанда жанып тұрған
Ақ шырағы ағаның сөнді деме.
Арман қуып өскен соң дала, құмда,
Өзін талай сынаған сан ағында.
Ұлы ағаның тұлғасы нұрға айналып,
Туған елдің қап қойған жанарында.
Дұшпан көп те үйіңе күле кірген,
Димаш барда қай жетім тірі егілген.
Қазақ неге тарығып сорламасын,
Қалса ажырап қуатты тірегінен.
Димашты іздеп Кеңсайдан әуре болма,
Туған елдің табасың жүрегінен.
СОҢҒЫ АРМАН
Шыбын жаным көкке ұшып жөнелгенде,
Димаш-Рух боп қалармын кең өлкемде,
Халқым ғана қайғырып,
Қуанатын
пенделер де жоқ емес мен өлгенде.
Шауып жүріп арқырап өрге күнде,
Аттан түсіп,
кірермін көрге мүлде.
Бақытты боп өмірден өтпес едім,
Бұдан бұрын ертерек өлгенімде.
Азаттығын елімнің көрмегенде,
Тыныш, бәлкім, жатпас ем көрде мен де.
Қуаныштан жүрегім қақ жарылған
Бостандық кеп ең алғаш төрлегенде,
Жүрмесе егер бүлінбей бүлікке ерген,
Бас шұлғымай тұра ма құрық көрген?
Туған елге Азаттық тілеп ылғи
Азамат елге ішінен тынып келген.
Тілеп ылғи Азаттық күнде еліме,
Арманыма жеткенде, тілегіме.
Аштық келіп алқымнан алса егер де,
Салмақ неге түспесін жүрегіме?!
Ер табылмай ішінен сұрыпталған,
Жұрттың бәрі нарыққа құрықталған.
Қазақстан қайырлап бір жағада
Алып кеме секілді тұрып қалған.
Тыныстаған шағында төсін керіп,
Қызыл-жасыл жалқыны көзімде өріп.
Өлсем деп ем, не шара,
Туған елдің
қоңыраулатқан көрікті көшін көріп?!
***
Құлагердей ажалын ерте тапқан,
Бір Құлагер сен едің өрге шапқан.
Ақ бас бура секілді қуатты едің,Ауыртпалықты көтерген елге батқан.
Жоқ еді құрылған елде қақпан,
Көздеп сені ажал ма жебе тартқан.
Тау басына байқамай шығардың ба,
Жылан басын көтеріп жерде жатқан?
Көз жұмдың ба,
кім білсін, еркінде өлмей,
Қажытты ма бұл өмір серпін бермей?
Неге асықтың?
Кеңсайға неге асықтың,
Біреулерді жүрсең де көргің келмей?!
Жөнелгенде жебедей сен асығып,
Сардаланың боздаған желі ашынып,
Сен қайтқанда қайғыны көтере алмай,
Өліп кете жаздаған ел асылып.
Үлкен кісі десек те жасы келген,
Отты еді ғой жанарың жасын өрген.
Кіріп кете жаздайтын құшағыңа
Сұлулардың бәрі де қасын керген.
Неге асықтың?
Жан аға, сен өлгенде,
Жыламаған жұрт бар ма кең өлкеңде?!
Қара жердің қайысып қабырғасы,
Шөгіп жатып қалған-ды белең-бел де.
Аспан қара қазандай төңкеріліп,
Жатты алаңда қаралы жол керіліп.
Асқар тауы қазақтың Сіз емес пе,
Тау да ажалға кете ме бөктеріліп?
Халқың – бала, қараған қолыңа, Аға!
Кем келсе де орының толыға ма?!
Табытыңды көтеріп бара жатты
Тірі гүлдер төселіп жолыңа, Аға!
Қайғы жұтқан
запыран нала жұтқан,
Қалай ғана бөлінсін дана жұрттан.
Алатауың тұр аза тұтып,
Сәлде ораған басына қара бұлттан.
Өзің барда қанатын көкке керген,
Азып-тозып тулақтай ел көнерген.
Жұрт атанып, жан Аға, жүрміз бүгін
Сізбен бірге Ұятын жерге көмген!
БАУЫРЖАННЫҢ ДІНМҰХАМЕДКЕ АЙТҚАН УӘЖІ
Батыр туар әлі де менен кейін,
Неге ендеше алаңдап елеңдейін.
Тіршілікте жауы көп ер кісімін,
Сынатұғын иілмей емендейін.
Арқардайын жетілген тау, шатқалда,
Батыр сыйлы қарулы жау шапқанда.
Би қадірлі емес пе, Димаш аға,
Ел ішінде шешілмей дау жатқанда.
Сөзім өткір болса да жебедейін,
Қыр жастанып жатырмын мен де кейін.
Жау жоқта қай батыр да күй кешеді,
Жағаға шығып қалған кемедейін.
Қырдың қызыл түлкісі сайдан қашып,
Ел ішінде жүрейін қайдан тасып.
Көзге түрткі болдым ба кім біледі,
Жалғандықтың бәрімен майдандасып.
Құлта сақтап ішіне тына қалған,
Жалған екен шынында мына жалған.
Білсең егер қасиет бар ма атақта,
Жалбарынып, жалынып сұрап алған.
Сайран салған төсінде құба белдің,
Бәрі бірдей өжет пе тұлғалы ердің.
Мәскеу берген атақтың керегі не,
Ықыласы тұрса артып туған елдің.
Жүрегіңе мұң артып жара салма,
Зұлмат күштер кісімен санаса ма.
Маған бола жалынып атақ сұрап,
Кремльдің алдында аласарма.
***ҚАЛАЙ ПАНА БОЛАМЫН МЕН ЕЛІМЕ?
Кең даланың қалса да бұлағы ақпай,
Пәле қуып, сөз қуып тұра шаппай, –
Тыныш жүрсең, ағайын, жараспай ма,
Арасына достардың сына қақпай.
Туған елдің сындырса бір шынарын,
Көре тұрып, білмеймін, кім шыдарын.
Қаныш деген қазақтың айы болса,
Көкжиектен көрінген күн шығармын.
Қарсы қойып Қанышты шағыстырма,
Тау мен тауды, ел болсаң, салыстырма.
Қатар шапқан қос тұлпар шайнасса егер,
Шаба ала ма көсіліп алыс қырға?
Сенім артып, үмітін елі үзбеген,
Қаныш – ғалым, жер қазып кен іздеген.
Ел басқарған, мен болсам, азаматпын,
Мына сырқат қоғамға ем іздеген.
Ардақ тұтпай Қанышты биік көріп,
Жоқтан өзге нәрсеге күйіп келіп, –
Арыз жазған, ағайын, сен емес пе,
Бар пәлені үстіне үйіп-төгіп?!
Арыз жазып, ағайын, сарнағанда,
Салт аттыдай желесің сардаламда.
Тағдырының кім білсін не боларын,
Сол Қанышты мен қорғап қалмағанда?!
Сыйға тартқан алаштың нұрлы анасы,
Қаныш деген – қазақтың Ғұламасы.
Ұлағатқа жеткенім емес пе, Елім,
Ұлы атанса, ұлтымның бір баласы.
Адамзаттың арына ара тұрған
Рухым биік,
Алатау дара тұлғам.
Ұлыларды күндеуге туған жоқпын,
Қорғау үшін анамнан жаратылғам.
Жол тартса егер Қаныштай кеме күнге,
Ақ шуағы еспей ме желегіме?
Ұлыларды қорғауға жарамасам,
Қалай пана боламын мен еліме?!