Марат ДЕВЛЕТ-КИЛЬДЕЕВ: ТӨЛ ТЕЛЕӨНIМI ЖОҚ ҰЛТ – ТӘУЕЛСІЗ ЕМЕС

Марат ДЕВЛЕТ-КИЛЬДЕЕВ: ТӨЛ ТЕЛЕӨНIМI ЖОҚ ҰЛТ – ТӘУЕЛСІЗ ЕМЕС

Марат ДЕВЛЕТ-КИЛЬДЕЕВ: ТӨЛ ТЕЛЕӨНIМI ЖОҚ ҰЛТ – ТӘУЕЛСІЗ ЕМЕС
ашық дереккөзі
332

«Тәуелсiздiктiң қадiрiн бiлу керек» деп бастады сөзiн Марат Девлет-Кильдеев. Ол кiм дерсiз? Ол – «СТС Медиа» компаниясының бас директорының Ресей Федерациясынан тыс жерлерде хабар тарату iсi бойынша орынбасары, «31 арнаның» Қадағалаушы кеңесiнiң мүшесi. Басқаша айтқанда, осыдан төрт жыл бұрын акцияларының стратегиялық пакетi америкалық бұқаралық «СТС Медиа» компаниясына сатылған «31 арнаның» бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiн бақылауда ұстап отырған адам.

«Түркiстан» газетi ақпараттық кеңiстiктегi мемлекеттiк тiл жайын, ақпараттық қауiпсiздiктiң қамын соңғы төрт-бес жыл бойы ұдайы көтерiп, сараптама жасап келедi. Бұл жолы бiз жергiлiктi телеарнаның «құлағын ұстаған» шетелдiк азаматтың өзiмен кездесiп, тура сұрақ қойғанды жөн көрдiк.

Ә дегеннен тәуелсiздiктiң қадiрiн бiлу жайлы әңгiме қозғаған қонағымыз қазақтiлдi телевидениенiң келешегiне қатысты көңiлге жағар көп ой айтты.

– Тәуелсіздіктің қадірін білу керек. Оған қолы жетпеген халықтар да бар. Ал Қазақстанның тәуелсіздігі, әрине, тәуелсіз, дербес қазақтілді телевидениесіз жүзеге аспайды. Түрік болсын, ресейлік немесе америкалық болсын, әйтеуір әлдебір басқа шетелдік өнімді тамашалайтын халық – сапалы төл телеөнімі жоқ халық, әсірелеп айтқанда, басқа халықтың ой-қиялының «қақпанында». Өйткені телеарнаға үңілген кезде басқа мәдениеттің өкілін көреді, солардың сөзін тыңдайды, сөйтіп өз бейнесінен жаңылады. Әрине, ол өнімдерден мүлдем бас тартуға болмайды – біз тамашалап жүрген сериалдардың кейіпкерлерін көбіне интернационалды кейіпте бейнеледі. Оларда белгілі бір ұлтқа тән белгілер сирек кездеседі, олардың образдары мен мінездері әртүрлі аудиторияға түсінікті әрі жақын, дегенмен де жергілікті қазақтілді телекөрсетілімдердің болмауы – қазіргі қазақстандық телерыноктың осал тұсы. Біз «СТС Медиада» мұны жақсы түсінеміз, сондықтан да «31 телеарнада» қазақ тілінде өнім жасауға барынша тырысып бағудамыз. Өткен 2011 жылдың өзін ғана алғанда бюджетімізде бекітіліп, 11 телехабар өндіріске шығарылған. «СТС Медиа» келгенге дейін «31 арнада» қазақ тіліндегі сапалы хабарлар саны өте аз болатын.

– «СТС Медиа» «31 арнаның» 20 пайыз акциясын сатып алғанда осы телеарнадағы мемлекеттік тілдегі хабарлардың саны немесе пайыздық үлесі қанша еді? Ал қазір қанша?

– «31 арнаның» акцияларын сатып алу жөніндегі келісім-шартқа 2008 жылдың ақпан айында қол қойылған. Ол кезде қазақ тілінде 5 бағдарлама шығатын. Олардың ішінде «Информбюро», «Жұлдызбен жүздесу» бар, оларға қоса мемлекеттік тапсырыс бойынша хабарлар түсірілген. Бары осы. Бірақ сол хабарлардың өзі өте солғын, сұрықсыз, қызықсыз болғанын түсінуіңіз керек. Тіпті бұл хабарлардың кезінде қандай аудиторияға арналғанын айту да қиын. Не қалалық аудиторияға, не жастарға, не бақуатты тұрғындарға, не орта тап өкілдеріне арналмаған. Аудиториясын анықтау өте қиын. Оның үстіне, олар сюжет тұрғысынан да, түсірілу сапасы бойынша да өте тартымсыз болды. Әйтеуір «бізде қазақша хабар бар» деген ақпар беру үшін ғана түсірілген сияқты.

Ал 2008 жыл «31 арна» бағдарламалар кестесінде «СТС»-тың көптеген теле­бағ­дарламалары енгізілгендігімен ерек­шеленді. Олардың тартымдылығы да, таны­малдығы да жоғары болды, аудиторияның көп бөлігін қамтыды. Сондықтан өзімізде хабар түсіру мәселесі ол кезде өзекті болмаған сияқты. 2009 жылдан бастап «СТС» телеөнімдерінің көрсетілу көлемі біртіндеп азая бастады. Сол кезде қазақ тіліндегі бағдарлама кестесін күшейту мәселесі қозғалды. 2008 жылы арнадағы қазақтілді хабарлардың саны 3-4 пайыз ғана болса, қазір олардың саны 20 пайызға жуықтады. Екі көрсеткішті салыстырып көріңіз. Біз 2009 жылдың күзінде-ақ қазақша жаңа екі хабарды эфирге шығардық: «Әзіл-студио» және «Әңгіме болсын» деген жобалар. «Әзіл-студио» өзін ақтап, көрерменге танымал болды. Ал «Әңгіме болсын» хабары ток-шоу түрінде түсірілген еді, бірақ 4-5 хабардан соң телекөрсетілімдегі үлесі төмен болғандықтан оны жабуға тура келді.

Біз әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып және қазақ тіліндегі хабарларды түсірудің қажеттілігін түсіне отырып, телекөрсетілімдегі үлес көлемін жә­не рейтингін үнемі қадағалауға мәж­бүрміз. Біріншіден, көрсетілім үлесі теле­бағ­дарламаның көрермендер арасындағы танымалдық деңгейін анықтап берсе, екіншіден, ол біздің экономикалық өсі­міміздің тетігі. Рейтинг бойынша біз жарнама берушілерден табыс табамыз, сол табыстан актерлерге, режиссерлерге, телеарна қызметкерлеріне айлық төлейміз. Одан әрі төл хабарлар түсіруге инвестиция құямыз.

2009 жылдың екі хабары – төл өн­дірісімізде алғашқы қарлығаштар болатын. Біздің жетістігіміз 50 де 50 болды. Ал 2010 жылы біз қазақтілді хабарлардың санын көбейттік. «Әзіл-студио» хабарын түсіруді одан әрі жалғастырдық, бұл хабар көрермендер арасында нағыз хитқа айналды. Оның танымалдығы жылдан-жылға артып келеді. Ал 2011 жылы біз қазақша 11 телехабар шығардық.

– 11-дің бәрі де жаңа хабар ма?

– Ескісі де, жаңасы да бар. Оның ішінде бұрыннан келе жатқан «Информбюро», «Әзіл-студио», қалғаны жаңа бағдарламалар болды, соның ішінде «Қыздар-ай», «Ризамын» атты хабарлар бар. Соңғы кезде, әсіресе «Қазақша концерт» бағдарламасы айрықша танымал болды. Бірнеше ай бойы біз оны жұма күні кешкі сағат сегізде көрсетіп жүрміз. Бұған дейін қазақша хабарларды прайм уақытқа қоюға ынталы болсақ та, оған рейтинг көрсеткіштері ыңғай бермейтін. Бұл үрдісті біз одан әрі жалғастыруға тырысамыз. Оның үстіне, біз қазақша хабарды прайм уақытқа қою арқылы табыс тауып, оның коммерциялық тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. – Қазақша хабарлардың қанша табыс табатыны жайлы айтыңызшы?

– Мен қай хабардың нақты қанша қаржы пайда әкелетінін айта алмаймын. Қазір телеарна кестесі бойынша өзіміз түсіретін хабарлардың саны 13 пайызға жетті.

– Олардың ішінде қазақ тіліндегісі қанша?

– Олардың бәрі қазақ тілінде. Әрине, «Информбюроның» орысша жаңалықтарынан басқасы. Бұлардан басқа бізде қазақ тіліне аударма жасалатын сериалдар, мультфильм­дер бар. Жалпы, жұмыс күндерінде көрсетілетін қазақ тіліндегі хабарлар саны 35 пайыз шамасында.

– Бірнеше жыл бұрын кейбір телеарна басшылары қазақтілді хабарлардың аз түсірілуінің бір себебі ретінде Үкіметтен ақша бөлінбейтінін, екінші себеп ретінде қазақтілді хабарларға жарнама тарту қиындығын атайтын еді. Осы тұжырымды теріске шығара аласыз ба?

– Екі-үш жыл бұрын шынында да қазақтілді хабарлардың көрсетілім үлесі өте аз болатын, ол арқылы ақша табу да қиын еді. Менің ойымша, оның себебі телеарналардың қазақ тілінде хабар түсіруге мүмкіндігінің болмағандығында. Біздің хабарлардың телекөрсетілім үлесі тәп-тәуір, олардан біз кәдімгідей пайда табамыз.

– Басқаша айтқанда сіз Қазақстанда қазақ тілінде телехабар түсіру тиімді деп мәлімдей аласыз ба?

– Әлбетте.

– Қаншалықты тиімді?

– Бір ғана мысал айтайын. Жұма күні прайм уақытында көрсетілетін «Қазақша концерт» бағдарламасынан біз қомақты табыс табамыз. Бұл хабардың табыс табуда алдыға шыққанының дәлелі сол, биылғы жылға бұған дейін он шақты концерт қана жоспарланған болса, енді қырық шақты концерт түсіру жөнінде шешім қабылдадық. Бұл бағдарламаның табысы ең сапалы телеөнімдердің, мысалы түрік сериалдарының табысымен пара-пар.

Соңғы екі жылда біз «TNS Gullop» панелін Қазақстанның демографиялық көрсеткішіне сәйкестендірдік. 2009 жылы «TNS Gullop» панеліндегі қазақтар саны 36 пайыз ғана болатын. Елдегі мемлекетқұраушы ұлт қазақтардың саны 70 пайызға жуық болғанда, панельдегі қазақтар саны оған сәйкес болмады. Бізге бұл қисынсыз болып көрінді. Содан кейін біз осындағы қазақтардың санын көбейту үшін «TNS Gullop» компаниясымен панельдегі қазақтар санын көбейту жөнінде келіссөздер жүргізе бастадық. Дәл сол кезде ресми көрсеткіштер болмады, ақыры қажетті статистикалық мәліметтерді толық жинап, келіссөздер нәтижесінде өткен жылдың наурыз айында діттеген мақсатымызға жеттік: «TNS Gullop» панеліндегі қазақтар саны биыл қаңтардан бастап 52,9 пайыз болады. «СТС» пен «31 арна» осы мәселені бірінші болып көтеріп, ақырына дейін жеткізді.

– Ал жыл соңындағы көрсеткіш қандай еді?

– Шамамен, 45 пайыз болған шығар. Біз панельді көбейтуге кіріскен екі жылда олардың санын 1,5 есе арттыру үшін көп еңбек еттік. Бұл үшін көп келіссөздер жүргіздік. Енді жағдай түбегейлі өзгеріп, көрермен назарына қазақ тілінде көптеген бағдарламалар ұсынылады.

Панельдегі қазақтардың саны көбейеді деген сөз – қазақтілді хабарлардың теле­көрсетілімдегі үлесі артады деген сөз. Яғ­ни оларға жарнама екі есе көп түседі, табысы көбейеді. Біздің телеарна барша коммерциялық телеарналардың ішінде қа­зақ­тар ең көп көретін телеарна. Қазақтар біздің хабарларды көріп әдеттенген, біздің телеөнімдеріміз оларға ұнайды. Есесіне, біз қазақтілді аудиторияның мүддесі үшін жұмыс істейміз.

– Ал 52,9 пайыздан артық көбейтуге болмай ма?

– Қазақстандағы демографиялық өсім қазақтардың есебінен жүзеге асуда. Қазақтардың арасында туу көп, қалаларға көшіп-қону қарқыны жоғары, соның нәтижесінде қазақ көрермендерінің саны арта түсуде. Сондықтан панельдегі қазақтар саны да артуы тиіс. Біз қазір Қазақстан Республикасының Статистика агенттігіне хат жазып, демографиялық ахуалға байланыс­ты соңғы көрсеткіштерді беруін сұрадық. Тұрғын халқының саны 100 мыңнан асатын қалалардағы қазақтар санының көбеюіне байланысты ресми дерек қолымызға тигенде, біз оны «TNS Gallup» компаниясына жібереміз. 2013 жылдан бастап панельдегі қазақтар саны қазіргіден де көбеюі мүмкін. Қазір кім қазақша сапалы да қызықты хабар түсірсе, сол алдағы уақытта жетістікте болады. Қазір біз Базарбаевтар отбасы туралы қазақша сериал түсіріп жатырмыз. Алғашқы кезде 10 сериясын түсіру жоспарланған, ал егер көрермен көңілінен шықса, онда жүз серияға дейін түсіруге дайынбыз. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай жанрдағы қазақша сериал болған емес. Бізге қарап басқа коммерциялық арналар да қазақ тілінде ойын-сауық бағдарламаларын көптеп түсіре бастады. Біз қазақ хабарларын қызықты етіп түсіріп, олардан пайда табуға болатынын басқаларға көрсетіп бердік. Енді біздің бәсекелестеріміз де осыны істейді. Қараңыз да тұрыңыз. Ендеше, биылдан бастап қазақ тіліндегі хабарлар саны күрт көбейеді деуге болады. Қазірдің өзінде қазақша хабарлар түсіруде бәсеке туындап отыр, алдағы жылдары қазақ телевидениесінде тіпті үлкен дүмпу болмақ. Ал мұның бәрі біздің осы саладағы азды-көпті еңбегіміздің жемісі деп білемін…

– Енді қазақша хабарлардың мазмұнына келейікші. Сіздердің телеөнімдердің басым көпшілігі «Қазақша концерт», «Әзіл студио» сияқты ойын-сауық хабарларына жатады. Саяси хабарлар жасаудан аулақсыздар…

– …біз саясаттан алшақпыз, бұл біздің басты ұстанымымыз…

– …Ол жағы түсінікті. Бірақ жастарға арналған ток-шоулар, танымдық дүниелер жасауға болады ғой. Көрерменге ой салу дегендей…

– Әр телеарнаның өзінің жанры, өз көрермені бар. Әрине, «Информбюро» сияқты ақпараттық хабарымыз да бар, бірақ біз негізінен ойын-сауық телеарнасы саналамыз. Көрерменнің көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырсақ дейміз. Күнделікті күйбең тіршіліктен қажыған адам тележәшікті қосқанда, көңіл көтеретін бағдарлама іздейді. Ал біздің телеарна оған жақсы көңіл-күй сыйлайды, ол адам жақсы көңіл-күймен ұйықтап, ертеңіне жақсы көңіл-күймен жұмысына барады, осылайша отбасын да қуантады. Біздің мақсатымыз – қызықты да тартымды телеарна жасау. Біздің мақсат – адамдардың көңілін көтеріп, оларды күлдіру, ал егер әлдеқандай өмірлік маңызды мәселеге орай айтар жақсы ой болса, оны да күлкі арқылы жеткізу. Қазақстанда «ойын-сауық телеарнасы» дегенді жағымсыз мағынада түсінетін сияқты. Күлкінің де күлкісі бар. Саусақ шошайтқанға күлетін орынсыз қылжақ күлкі бар да, сынға бергісіз мысқыл күлкі бар. Біздің күлкіміз ой салса дейміз. Біз Қазақстанда тұңғыш рет қазақтарды заманға бейім, қалада өмір сүретін, қазақша сөйлейтін, дамыған елдің жастары бейнесінде көрсете білдік, олардың Америкада немесе Еуропада тұратын жас­тардан еш айырмасы жоқ. Осылайша біз жас­тар мен балалар аудиториясына тәрбиелік тұрғыда басқа телеарналарға қарағанда жағымды ықпал етеміз деп ойлаймын.

– Кезінде «АйнаLine» бағдарламасы жабылғаннан кейінгі «31 арнадағы» жанжал еске түсіп отыр. Сол кезде телеарнаның бірнеше журналисі жұмыстан шығып қалып, арнайы баспасөз конференциясын ұйымдастырып, «арнада қазақша хабарлар жабылып жатыр» деп мәлімдеме жасаған болатын.

– Ол оқиға менің есімде…

– …Меніңше, «СТС Медиа» келгелі «31 арнада» осындай мазмұнда бірнеше жанжал болды.

– Мұндай жанжал 2010 жылдың мамыр айында бір рет болды, мен сол кезде еңбек демалысымды шұғыл түрде үзіп, Қазақстанға қайтып келуге мәжбүр болдым. Біріншіден, журналистерді ешкім жұмыстан шығарған жоқ, олар өз еріктерімен қызметтен кетті. Егер олар жекеменшік телеарнаның пайда табу үшін телехабар түсіретін коммерциялық кәсіпорын екенін түсінбесе, оған еш қайран жоқ. Бұл – өмір заңы. Коммерциялық телеарна өз ақыл-ойының арқасында, өз еңбегімен ақша табу арқылы күнелтеді. Бізде демеуші жоқ, мемлекеттен ақша алмаймыз…

Ал сол кезде бағдарламаны жапқаннан соң, қазақша басқа телехабарлар түсіре бастадық. Егер әлдеқандай бағдарлама телекөрсетілімде 2 пайыз ғана үлес жинаса, оны біз жалғастыра алмаймыз. Осыны түсінбеген журналистер жоқ жерден шу шығарып, жанжал жасады. Біздің арна ол кезде қазақ тілінде инновациялық тартымды қызықты телехабар жасайтын бірден-бір телеарна еді. Олар бізге осы жұмысты атқаруға көмектесудің орнына аздап кедергі жасады. Бірақ біз оған мойыған жоқпыз, әрине. Бұл оқиға біздің қазақша хабар жасауға деген талабымызды күшейтпесе, азайта алған жоқ. Айтпақшы, сол кезде наразылық танытқан журналистердің бірі Ұлпан Құрайысова телеарнаға қайтып келді, қазір ол атқарушы продюсер қызметінде. Сондықтан түсінбеушіліктер өткеннің үлесінде.

– Мемлекеттік тапсырысты орындайсыздар ма?

– Жоқ. Бұрынырақта ол өте аз көлемдегі ақша болатын. Аз болғаны соншалық, ол телеарнаның экономикасына ешқандай әсер етпейтін.

– Тендерге қатыспайсыздар ма?

– Жоқ. 2010 жылдан бері тендерге қатыспаймыз. Өйткені онда берілетін ақшаның аздығы тендерге қатысудың қажеттігін жоққа шығарады.

– «СТС Медианың» «31 арнаның» 20 пайыз акциясын сатып алуындағы көздегені тек бизнес болды ма?

– Иә, тек қана бизнес.

– Ал осы төрт жылда «СТС Медиа» үшін бұл инвестицияның қайтарымы қаншалықты болды?

– Бұл инвестиция өзін-өзі толықтай ақтады. Мен телеарнаға басшылыққа келгенде, шығын өте көп болатын. Ал 2009 жылы жағдай өзгере бастады. Сол жылы біз телеарна құрылымын қайта жасақтадық, соның нәтижесінде шығын азайып, табыс көбейе бастады. Екі тоқсан ішінде арна табыс әкеле бастады. 2010 жылы табысымыз еселене түсті. Сол жылдан бастап телеарна «СТС Медиа» бағамын төмендетуді тоқтатып, өзін-өзі қаржыландыра бастады. Ал былтыр «31 арна» «СТС Медианың» кірісі жағынан, СТС, «Домашний», «Перец» арналарынан озып, ең жылдам өсуші активіне айналды. Әрине, ресейлік және қазақстандық нарықтың ерекшеліктерін де ескермеске болмайды. 2009 жылмен салыстырғанда, біздің кірісіміз екі есе өсті. Былтырғы қыркүйек айында телекөрсетілім бойынша телеарнаның үлесі 19 пайызға жетті. Бұл, телеарна тарихындағы ең үлкен көрсеткіш.

– «СТС Медиа» «31 арнаның» идеологиялық бағытына, ақпараттық саясатына қаншалықты ықпал етеді?

– Қазіргі таңда «СТС Медианың» «31 арнаның» бағдарламалар кестесіне еш ықпалы жоқ. Себебі біз қазақстандық өзіндік кесте жасап алдық. Ал 2009 жылы мұндай ықпалы болды. Сол кезде «31 арнада» «СТС» телеөнімдері көптеп көрсетілген болатын. Ал 10-шы және 11-ші жылдары біз «СТС» телеөнімдерінің көбінен бас тарттық, кестеде бір ғана «Галилео» хабары қалды. Балаларға арналған ғылыми-танымдық хабар күндіз көрсетіледі. Одан бөлек, бұрын кестеге «СТС»-тің бас бағдарлама директоры қол қоятын, былтырдан бері мұны да қойды. Сондықтан телебағдарлама кестесін жасауда біз Мәскеуден толықтай тәуелсізбіз деп айта аламыз.

– «СТС Медиа» Қазақстан ақ­парат кеңістігіне келгенде, шетелдік инвестордың ақпараттық салаға қаржы құюынан қоғам әлдеқандай қауіп күткені рас.

– Қараңызшы, сіздердегі «КТК», «НТК» немесе «Еуразия» атты телеарналарыңыз ресейлік хабарларды бізге қарағанда әлдеқайда көбірек көрсетеді. Сіздер ол тараптан қауіп көрмейсіздер ме?

– Мәселе тек хабарлардың тілінде ғана емес қой.

– Неде сонда?

– Мазмұнында. Айтар ойында.

– Бізде ресейлік мазмұн жоқ. «СТС» арнасынан берілетін бір ғана «Галилео» хабарының форматы немістерден алынған.

– «СТС Медиа» «31 арнаға» қанша қаржы салды?

– Келісім-шарттың құны 65 млн. долларды құрады.

– Ал осы төрт жылда салынған қаржы қайтты ма?

– Ол «СТС Медиа» «31 арна» акцияларын сатқан кезде ғана белгілі болады. Қазір телеарна өз табысын жаңа телехабарлар түсіруге және сатып алуға құйып отыр. Былайша айтқанда, 2009 жылдан бері телеарна өзі тапқан ақшасына өмір сүріп отыр. Ешқандай «Сэм көке» ақша беріп отырған жоқ. Соған қарамастан, біз жедел дамушы телеарнамыз. Біздің идеология – көрерменді бақытты ету ғана. Бақытты көрермен – телекөрсетілімнің үлесіндегі жоғары көрсеткіш – қомақты жарнамалық табыс. Ал табысты біз түгелімен жаңа телехабарлар түсіруге бөліп отырмыз.

– «СТС Медиа» «31 арна» акцияларын қайта сатып жіберуі мүмкін бе?

– Жоқ, ондай жоспарлар жоқ. Біріншіден, кез келген бизнестің кеңею қажеттігі бар. «СТС Медиа» Ресейдің барлық аймақтарын жаулап алды. Кеңеюдің тағы бір жолы – ТМД рыногына шығу. Бұл мәселе қазір күн тәртібінде тұр. Осы орайда, біз Белоруссияның, Украинанын рыногын қарастырып жатырмыз, бірақ әлі ол рыноктарға ене қойған жоқпыз. Ал кеңеюді ойлаған компания өз шығынын өзі жауып тұрған, жедел дамып келе жатқан активін сатушы ма еді? Теориялық тұрғыдан алғанда, әрине сатуы мүмкін. Бірақ оған ешқандай алғышарт жоқ.

– 2008 жылы «СТС Медиа» Қазақстанда «31 арнаның» акцияларын сатып алу кезінде Өзбекстанда да бір телеарнамен келісім-шарт жасасты.

– Иә, Өзбекстанда бірлескен кәсіпорын құрылған, бірақ ол 2010 жылы жабылып қалды.

– Неге?

– Ол қаржылық жағынан тиімді болған жоқ.

– ТМД бойынша жауапты бол­ғандықтан, Өзбекстандағы жобаның басы-қасында өзіңіз болдыңыз ғой?

– Иә, Өзбекстандағы бірлескен кәсіпорынды жабу туралы шешімді мен қабылдадым.

– Ал Қазақстандағы телеарнамен жұмыс істеуде өзіңіз айтып отырғандай осындай жетістікке жетіп, ал дәл осы қарқынмен Өзбекстанда жұмыстың ақсауының не сыры бар? Екі елде жұмыс істеу ерекшелігін салыстыра аласыз ба?

– Оның себебі ап-анық – нарық екі түрлі. Бар айырмашылық сол ғана.

– Қазақстан мен Өзбекстанда бизнес жасаудың қандай өзгешеліктері бар?

– Айырма көп. Мысалы Өзбекстанда ештеңе өлшенбейді, есептелмейді. Ол жерде жарнама нарығын реттеп отыратын жарнама нарығының жоғары санатты мамандары – «Видео Интернешнл» жоқ. Телекөрсетілім үлесін есептеп отыратын «TNS Gallup» та жоқ. Бәрі соқыр долбармен жүргізіледі. Оның үстіне, рынок өте шағын.

– 27 миллион өзбекті азсынып отырсыз ба?

– Тұрғын халықтың не қатысы бар бұл жерде? Жарнама рыногы өте шағын.

– Сіздер өзбекше хабар тарат­тыңыздар ма, әлде орысша ма?

– Біз хабар таратқан жоқпыз, «СТС» арнасының орыстілді бағдарламаларына берілетін құқықты саттық.

– Бәлкім, Өзбекстанда жұмыстың жүрмеуінің себебі сонда шығар?

– Жоқ, тағы да басқа жаққа бұрып отырсыз. Мен айтып отырмын ғой, рынок өте шағын, ақша жоқ. Күресудің сондайлық қажеті де жоқ.

– Өзбек кәсіпкерлерімен қандай қарым-қатынаста болдыңыздар?

–Біз «Терра Группен» бірлескен кә­сіпорын құрдық. Өзбек жағымен жасалған келісім бойынша, біз «СТС» контентін ұсындық, ал арнадағы үлесін алған жоқпыз. Өзіндік хабарларды түсіруге өзбек тарабы жауап беретін болған. Жоба қаржылық тұрғыдан өзін-өзі ақтамағандықтан жабылып қалды.

– Ал Молдовада қай бағытта жұмыс істеп жатырсыздар?

– Мұнда «СТС Медианың» және өзіндік өндірістің ойын-сауықтық хабарларын көрсетеміз. Молдовада телекөрсетілім үлесі «31 телеарнаға» қарағанда тез өсуде, бірақ табысы бұл жақтағыдан төмен. Себебі ондағы тележарнама нарығы, қазақстандық нарықтан 8 есе кем.

– Молдовада орысша хабар таратасыздар ма?

– Иә, соған қоса румын тіліндегі бағ­дарламаларды өндіреміз. Молдовада Тіл туралы заң басқаша. Бұл елде телеарнаның 30 пайызы өз өнімі болуы керек. Ал осы 30 пайыздың 65 пайызы румын тілінде болуы шарт. Сондықтан біздің әріптесіміз румын тілінде өнім шығарады да, бізден ресейлік өнімді сатып алады.

– «СТС Медианың» ТМД бойынша Қазақстан мен Молдовадан басқа тағы қандай елдерде бизнесі бар?

– Қазір Белоруссия рыногын қарастыру үстіндеміз. Ол елде бір телеарнамен серіктес ретінде жұмыс істейміз, бірақ Белоруссияда бизнесіміз бар деуге әлі ерте. Былтыр жыл басында ондағы жарнамалық рынок 65 млн. АҚШ доллары болатын, бірақ жыл соңында жергілікті валюта девальвациясынан кейін дағдарыс салдарынан рынок көлемі екі есе азайып, 30-35 млн. долларға дейін арзандады. Экономикалық тұрақсыздық кезінде мұндай елде бизнес жасау қиын. Сондықтан «СТС Медиа» әлі шешім қабылдаған жоқ.

– Қазақстандағы тележарнамалық рыноктың көлемі қандай?

– Былтыр 136 млн. АҚШ доллары шамасында болды. Биыл меніңше 145 млн.долларға дейін өсетін шығар. ТМД елдері арасында көлемі бойынша үшінші орында.

– Ал Ресейдегі телевизиялық жарнама көлемі қандай?

– 5 млрд. доллар шамасында. Ал Украинада 420 млн. доллар, ол екінші орында. Ал Қазақстан рынок көлемі жағынан үшінші тұрғандықтан, бізге тартымды, өйткені бұл жерде бизнес жасауға жағдай бар, табыс көзі бар.

– «31 арна» республиканың қандай ауқымын қамтиды?

– Техникалық тұрғыдан 85 пайыз. Алдағы уақытта сандық телевидение жүйесі іске қосылғанда, ел аумағын қамту 100 пайыз болады. Ал сол кезде «TNS Gallup» панелінде 100 000 тұрғыны бар қалалар ғана емес, одан тұрғын саны әлдеқайда аз ауыл-аймақтар да енетін болады. Сол кезде қазақша хабарлар өзін-өзі толықтай ақтайды. Өйткені қазір «TNS Gallup» панелінде тұрғын саны 100 000-нан асатын қалалардан бастап санатқа алынады. Ал ондағы тұрғындардың басым көпшілігі – орыстілділер. Ал панель 0+ болғанда, яғни ірілі-ұсақты елді мекендердің бәрі есептелінетін кезде, яғни Қазақстан аумағындағы жетпіс пайыз қазақтар түгел қамтылған кезде, қазақша хабарлардың телекөрсетілім үлесі күрт ұлғаяды.

– 2012 жылы қанша қазақша хабар шығаруды жоспарлап отырсыздар?

– Бұрынғыларымен қосқанда, ұзын-саны 12. Біз бәріміз қазір өте қызықты кезеңде өмір сүріп жатырмыз, бұл кез – қазақ телевидениесінде түбегейлі өзгеріс болып жатқан уақыт. 2012 жыл, менің болжауымша, қазақтілді телевидениенің жандануының басы болмақ. Себебі коммерциялық телеарналар қазақ көрермендерінің ықыласы үшін өзара бәсеке жарысқа түседі. Ал шынайы бәсеке тұсында сапалы хабарлар ғана дүниеге келмек. Сондықтан 2012 жылы бұл сала жемісті болмақ.

– Рахмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан

Гүлбиғаш ОМАРОВА

Серіктес жаңалықтары