«ӨТКIРДIҢ ЖҮЗI» ОҚЫРМАНЫНА ЖОЛ ТАРТТЫ
«ӨТКIРДIҢ ЖҮЗI» ОҚЫРМАНЫНА ЖОЛ ТАРТТЫ
Аманхан Әлiмұлы – белгiлi журналист, көрнектi ақын һәм журналистика саласының майталманы. Ол қоғамдағы көзге ұрып тұрған кемшiлiктер мен ащы шындықты тайсалмай жазып жүрген турашыл қаламгер.
Аманхан Әлімұлының кез келген публицистикалық мақалалары мен ой-толғаулары оқырман қауымды бей-жай қалдырған емес. Оның қайсыбір мақаласын оқысаңыз да, ел мен жерге, тіл мен ұлтқа деген махаббаты мен сүйіспеншілігін анық аңғарасыз. Ол ең бастысы, қазақ тіліне, Қазақ мемлекетіне қарсы шыққан кейбір атқамінерлер мен саясаттанушыларға баспасөз арқылы табанды түрде тойтарыс беріп келеді. «Жалпы, ұлттық мәселе – уақыт пен заман ағымынан түспейтін мәңгілік тарихи-табиғи категория. Оны Отаны жоқ немесе сол Отанынан, тілі мен ділінен, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінен қол үзген космополит-нигилистер ғана сөз еткенді ұнатпайды. Өйткені оларға қай жерде жақсы да тыныш өмір сүрсе, содан соң қай ел-жерде әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы оң болып, ісі жүрсе сол жер – Отан», – дейді ол.
Белгілі қаламгердің ұзақ жылдар бойына еліміздің ақпарат құралдарында жарық көрген сыни мақалалары мен сараптамалық ой-толғаулары «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Өткірдің жүзі» атты жинаққа еніп отыр. Мұнда Қазақ елінің кешегісі мен бүгінгі бет-бейнесі толық көрініс тапқан деуге болады.
«Біздің қазіргі басты қасіретіміз – ұлт болудан қалып бара жатқандығымыз. Біздің мемлекеттілігімізге, ұлтшылдығымызға, отаншылдығымызға, тәуелсіздігімізге, ең арысы ұлттық болмысымызға кім көрінген тас атып, тіл тигізеді. Күдік, күмәнмен қарайды», – дейді тағы бірде. Иә, соңғы кезде дәл осындай пікірді ұстанатындардың қатары азаймай тұр. Ондайларға қаламгердің қайтарар жауабы да дайын. Аманхан Әлімұлы өзінің «Мәселе қазақта емес, казакта…» деген мақаласында: «Қазақстанда қазақ болып туғаннан азабы жоқ. Ары тартса өгіз өледі, бері тартсаң, арба сынадының кері. Кезекте тұрып, өтініші бойынша бір қазақты алдыңнан жібере қойсаң – ұлтшылсың, қазақ пен өзге ұлт өкілі келісе алмай жатқанда әділін айтсаң ұлтшылсың, қоғамдық орында өзге ұлт жайында аузыңды ашпа, ашсаң – ұлтшылсың. Мерзімді баспасөз бетінде халықтар арасында ши жүгіртіп, іріткі салғандарды жазсаң, олар саяси қуғын көргендер болады да, сен – ұлтшылсың» деп ашынады.
Міне, от ауызды, орақ тілді қаламгер Аманхан Әлімұлының өткір де өзекті мақалаларымен «Өткірдің жүзінен» кеңірек таныса аласыз. Жинақ қалың оқырманға арналған.