403
СҰЛУ ХАНЫМДАР СӨЗ АЛСА...
СҰЛУ ХАНЫМДАР СӨЗ АЛСА...
Қазiргi мемлекетiмiздегi идеологиялық ахуал бұқаралық ақпарат құралдарының, әсiресе теледидардың белсендiлiгiне тиiс. Жаһанданған қоғамда сананы қалыптастырушы бiрден-бiр құрал теледидар болғандықтан, мемлекеттiк тұрғыдан қазақстандық арналардың қызметiне ерекше мән берiлiп, жүк артылуы керек. Осыдан бiрнеше жыл бұрын қазақ тiлiнде жұмыс жасайтын арна деп айдар тағылып, зор үмiт арттып ашылған «Еларна» шын мәнiнде елдiң арнасына айнала алды ма? Соңғы екi-үш жылда қазақ тiлiндегi бағдарламалар пайызынан, орыс тiлiндегi бағдарламалар пайызы едәуiр көп бұл арна бастапқыда дiттелген ұлттық идея үшiн қызмет етiп жатыр ма?
Кеңестік кезең тұсында теледидар идеологиясына ерекше мән беріліп, мықты бақылау мен стратегиялық маңыз жүктеліп, өз қызметтерін толыққанды атқара білгендігінен көп сабақ алуымыз керек сынды. Өкінішке қарай, қазір бүкіл әлемде бұқаралық коммуникацияның қоғамдық сана мен жеке тұлға қалыптастырудағы орны үстемдік етіп келеді. Бұқаралық коммуникация бұқаралық мәдениетті қалыптастырды. Ал бұқаралық мәдениеттің әрқашан жоғары деңгейлі болмайтындығы белгілі. Қазіргі таңда «Еларна» елдің арнасы емес, сазды-сауықтық арнаға айналған сыңайлы. Ұзақ жылдар бойы отарлық саясаттың сынақ ордасына айналып, ұлттық тамырынан айрылып қалудың алдында қалған қазақ ұлтының өшкенін жандырып, жоғалтқанымен қайта қауыштыру мақсаты көзделген арна қазір тек дионистік-аполлондық, гедонистік эстетиканы қалыптастырушы арна болып отыр. Олай демеске шараңыз жоқ, әлде бұл жастардың көңіл көтеретін арнасы ма? Мемлекеттік арна тек тұтынушының сұранысы жетегінде кетіп қалмауы керек, мемлекеттік арна бұқара қауымның санасын да барынша жоғары деңгейге жеткізіп, мәдениетін қалыптастыратын локомотив болуы тиіс. Көрермен санасын қалыптастыратын көркемдік құрал теледидар деп айтсақ та қателеспейміз. Ғылымда көркем өнерді қабылдау, қабылдаушының қыр-сырымен айналысатын рецептивті эстетика саласы қалыптасуда. Қабылдаушының (оқушы, тыңдаушы, көрермен) шығарманы қалай қабылдайтыны, қабылдау механизмдері, шығарманың қабылдаушыға қалай әсер ететіндігі, сол кезеңде іске асатын процестер, қабылдаушылардың әлеуметтегі типтерін жіктеу, ажырату, анықтау мәселелері рецептивті эстетиканың зерттеу нысаны болып табылады. Қабылдаудың әлеуметтік-психологиялық мәселелерін зерттеу, бір ғана мәдениетте өнерді қабылдаудың түрлі типтері өмір сүретіндігін көрсетеді. Қазіргі заманғы зерттеулер өнерді тұтынудың уәждерін (мотивтерін) ажыратуға, анықтауға мүмкіндік жасайды. 1988 жылы Ресей Мемлекеттік Өнертану институты мен Білім академиясы социологтарының бірлесе отырып жасаған зерттеулерінен, төрт топтан тұратын қабылдаушылардың типологиясы анықталған. Бірінші топқа, мәселелерді шешуді көздеуге бағытталған қабылдаушы (25-27%), екінші топқа, әдептілікке бағытталған қабылдаушы (14-15%), үшінші топқа, гедонисті бағытталған қабылдаушы (40% жоғары) және соңғы төртінші топқа, эстетикалы бағытталған қабылдаушы (16% шамасында) жатады. Бірінші (мәселелерді шешуге бағытталған топқа) топ қабылдаушылары өнерден өз өмірлік тәжірибелерін арттыруды, байытуды көздейтіндер, өз өмірінде кездесе бермейтін жарқын әсерлерді іздеу, басқа біреулердің орнына өзін қойып көру сынды сезімдер аясындағылар. Екінші (әдептілікке бағытталған) топты бірінші кезекте қиын кезеңдерде, қиын жағдайларда өзін қалай ұстау керектігі, мәселеден қалай шығу керектігін көрсететін үлгі, модельдердің іс-әрекеттері қызықтырады. Бұл топ өкілдерінің өнерге құмарлығы адамгершілік, әдептілік қатынастарында байыпты тұрақтылықты табу, қарым-қатынас жасаудың қыр-сырын меңгеруден туындайды. Үшінші (гедонисті бағытталған) топ – қабылдаушылардың ең көп бөлігін құрайды. Бұлар өнерден ләззат, сауық-сайран, қызық күтетін топ. Бұл өзінің өмірінде күнделікті кездесе бермейтін қызықтардың орнын толтыратын, демалуына, көңіл көтеруіне, мезі еткен не көңіл-күйін түсіретін ауыр мәселелерден шығуды іздейтіндер. Бұл топтағы тұтынушылар өнер өздерінен ешнәрсе талап етпей, өзімен-өзі жеңіл күйде, ойлануға мәжбүрлемей өтуін қалайды. Төртінші (эстетикалы бағытталған) топ қабылдаушысы өнер тілін жақсы түсінетін, өнер туындыларына байланысты көптеген көркемдік түрлерді, стильдерді білетін және әр өнер туындысына өзіне қажетті межемен келуші, бағалаушы. Эстетикалы бағытталған қабылдаушының танымдық, әдептілік те, гедонистік те қажеттіліктері бар болғанымен, ол әрқашан ең алдымен көркем мәтін қажет етіп тұрған мәселелерге, не айтқысы келіп тұрғандығына басты назар аударады. Ол көркем қабылдау актін, әлдебір прагматикалық мәселелерді шешу деп емес, өз алдына, өзінің құндылығы бар мақсатты акт деп есептейді. Қабылдаушының түрлі жіктерге бөлінуі заңдылық. Қалың көпшіліктің бәрі эстетикалы бағытталған қабылдаушы болуы мүмкін емес. Алайда қай қоғамда болмасын, автор алдында өз қабылдаушыларын тәрбиелеу, рухани-моральдық, біліми, эстетикалық, саяси-экономикалық танымдарының өсуіне, жетілуіне ықпал ету мәселесі тұрады. Өнердің табиғаты да осыған жетелейді. Әрине, 1988 жылғы зерттеудің нәтижесі қазіргі таңда үлкен өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін. Бүгінгі күні гедонистік бағдарлы көрерменнің пайызы едәуір өсіп, 80-85 пайызға жетіп қалуы да ықтимал.«Еларнадағы» бағдарламалар тізбегінің басым бөлігін шетелдік телесериалдар алатыны анық: «Цена жизни», «Тусовщики», «Стиль». Шетелдік деректі сериалдар: «Нағыз керемет», «Лос-Анджелестің дау-дамайлары», «Тән мен жан». Күндізгі және түнгі уақыттарда қайталанып берілетін сериалдардан кейін тек орыс тілінде шығатын «Начистоту», «Пятый угол», «Женсовет» бағдарламаларын кездестіреміз. «Еларнаның» басшысы басшылық жұмыстардан қолы қалт еткенде, құрбыларын жинап ауызекі әңгіме-дүкен құратын бағдарлама сияқты. Олардың көбі орыстілді азамат пен азаматшалар. «Начистоту», «Пятый угол» бағдарламалары өз көрермендерін қалыптастырған әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді қозғайтын бағдарламалар екендігі белгілі, алайда «Женсоветтің» идеологиясы мен философиясы, мақсаты қандай екендігін түсіне алмадық. Халықтың қаржысынан, мемлекеттік бюджеттен қаржыландыратын арналардан мемлекеттік маңызы бар танымдық, рухани, саяси дүниелерді, әсіресе қазақ тіліндегі бағдарламаларды қашан көреміз? Сауықшылдық (гедонистік) бағдарламалар қатарына «Сүйінші», «Саз әлемі», «Шіркін, лайф» бағдарламаларын жатқызамыз. Осы бағдарламаларды көріп отырып, «Еларна» елдің арнасы емес, жекелеген сұлу ханымдардың арнасына айналған ба деген ойға келесін. «Сүйінші» бағдарламасын жүргізуші-әнші, Мақпал Исабекова, бағдарламадағы күн сайын айтылатын әндер мен қойылатын бейнеклиптердің көбі осы әншінікі. Осы «Сүйінші» бағдарламасының ұлттық идеясы қандай деген сауал мазалауы мүмкін. Ол қазақстандық шоу-бизнестегі жаңалықтар. Айналып келіп, шоу-бизнес пен бұқаралық мәдениеттің шеңберінен ұзамайды және базбір әнші-ойыншылардың жұтаң сұхбаттарынан құралады. «Еларнадан» елі үшін жанын қиған, тер төккен, әлемді аузына қаратқан, ғылымға сүбелі үлес қосқан еліміздің арыстары туралы хабар көру арманға айналған сияқты. Бар да шығар, бірақ көрермендердің сұранымын толық қамтамасыз етіп отырған жоқ. Жалпы, тау тұлғалардың бейнесі жылына экраннан жалт етсе қуанасыз. Ал Елдің арнасының күндіз-түні көрсетіп жатқаны поп-әншілер. Ән мен әнші дегендейін, «насихаты аз болып жатқан» және елдің өзекті мәселелерінен тыс тұратын сауықшылдар әлемі «Саз әлемі» деген бағдарламаға ұласыпты. Тағы Баян Есентаева ханымның жобасы. Бағдарлама нағыз дионисизмнің көрінісі болып отырған сияқты және оған сарапшылық етіп отырған сарапшылар мен әділ қазылар алқасы да сол шеңберден ұзай алмайтындықтары өкінтеді. Сауықшыл бағдарламалар, әсіресе жастардың саяси санасы мен белсенділігін құрсаулап, тежеп, өшіріп тастайды. Оның жеке тұлға қалыптасуына жағымсыз тұстары тағы бар. «Шіркін, лайф» реалити-шоуы қазақтілді жастарды «Еларнаға» мойын бұрғызғаны ақиқат. Жоба авторларының шығармашылық қиялының жарқын көрінісі дегенімізбен, көрші мемлекеттерде де осы іспетті бағдарламалардың барын естен шығармауымыз керек. «Шіркін, лайф» реалити-шоуының бірінші және екінші бағдарламаларының ұлттық идеясы өте дұрыс болғанын байқадық. Ауыл өмірі мен тіршілігін насихаттап, қала жастарын өз құнарлы тамырынан сусындатып, елдің иісін мұрындарына келтіргендері, екінші бағдарламада Отан қорғау мен Отанға қызмет етудің қиын да машақатты тұстарын дәріптеп, халыққа жеткізгені құптарлық. Алайда қатысушылардың пендешілік мінез-құлықтары мен эмоцияларына көп орын беріп, көрермен қауымды мезі қылатын тұстары жоқ емес. Бағдарлама экранға шығарылғаннан кейін оны тек жастар ғана көреді деп шектеп қоймау керек. Түрлі буын өкілдері де тамашалауы мүмкін. Бағдарлама рамкасының шектеулілігі эстетикалы бағдарлы көрермен үшін ешнәрсе бермеуі мүмкін. Негізі әрбір телеарна өз көрермендерін аяуы тиіс және эститикалы бағдарлы көрерменге икемделіп жұмыс жасау керек. Бұқаралық коммуникацияның, оның ішінде теледидардың мәдениетті, сананы танымдық, эстетикалық, рухани-эстетикалық тұрғыдан қалыптастыратынын басты назарда ұстануымыз керек.Тәрбиелік қыры дегенде, бұрынғы депутат, саясаткер Камал Бурханов мырза теледидардан бірнеше рет «Қазақтың балаларды тәрбиелеп отырған кейіпкерлері дұрыс емес. Алдар көсе деген кім ол? Ол нағыз барып тұрған алаяқ, жатып ішер жалқау» деген пікірлерін айтты. Қазақтың халық прозасының үлгісі ретінде ғасырдан ғасырға жетіп келе жатқан халықтық бейнеге осылай баға беру орынды ма? Халық ауыз әдебиетінің мұрасы ретінде Алдар көсе бейнесі мен сатиралық ертегі жанрының идеологиясын тұрпайы социологиялық көзқарас тұрғысынан бағалау деп түсінеміз. Алдар көсе қарапайым елді қанап, сараңдығымен, надандығымен, дүниеқоңыздығымен аты шыққан байлардың қылықтарын әшкере етіп, оларды айламен, тапқырлықпен жеңіп, адалдықтың, еңбекқорлықтың, қарапайымдылықтың салтанат құратындығын меңзейді. Алдар көсенің сараң байларды, шайтанды, арамза молдаларды жеңіп, күлкіге душар етуі халықтың әлеуметтік танымынан туындап отыр. Халық әлеуметтік теңсіздік пен әлеуметтік әділетсіздікті сынау үшін Алдар көсе сынды тұлғаны ортаға шығарған. Саясаткердің ойынша әлеуметтік әділетсіздікті сынау қашаннан бері жағымсыз әрекет болған? Алдар көсе туралы ертегілердің идеологиясы балаларды әділ, адал болуға, ешкімнің малын арамдықпен иемденбеуге, әділетсіз жолмен байымауға, байлықты басты мақсат, культ санамауға және сараңдықпен, дүниеқоңыздықпен жинаған дүниенің берекесіз болатындығына тәрбиелеу, үйрету болса керек. Бұл әлеуметтендіру педагогикасы, тәрбиесі болса керек. Депутат демекші, бір емес екі рет, 23 ақпанда бұрынғы Кеңес үкіметінің қарулы күштер күнімен мәжіліс депутаттары мен барша халықты құттықтаған «халық қалаулысы» Тәңірберген Бердоңғаровтың әрекетін ақыл-есі түзу адам ешқашан түсіне алмайтыны анық. Тәуелсіз Қазақстанның азаматы екендігін Парламент қабырғасында отырып та сезіне алмаған замандасымызға айтар сөз де таусылған. Депутаттар корпусы да Қазақстан теледидарының жайы мен репертуарын қырағы бақылауда ұстап, ел болудың қамын күйттесе, құба құп. Қазіргі таңда елдің қамын, ұлт пен мемлекеттің мүддесін күйттемей, жанын, байлығын, мансабын ғана күйттейтін азаматтар көп болып кеткендігі анық. «Еларнаны» елдің арнасына айналдыру үшін шұғыл бетбұрыс жасалуы керек. Кәсіби білігі мықты, шығармашыл, қазақ тілінде ойлайтын, қазақ мұңымен жақсы таныс азаматтардың республикалық арналар саясатына тартылуы қажет.
19.01.2012
Ноябрь КЕНЖЕҒАРАЕВ,
филология ғылымдарының кандидаты