ӘЛЕМДІК ДАҒДАРЫСТАН ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАУІП ЖОҚ

ӘЛЕМДІК ДАҒДАРЫСТАН ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАУІП ЖОҚ

ӘЛЕМДІК ДАҒДАРЫСТАН ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАУІП ЖОҚ
ашық дереккөзі
212

Күнi кеше ғана парламенттiк сайлауда жеңiске жеткен депутаттар елiмiзде күн тәртiбiне шыққан өзектi мәселелердi шешуге атсалысары анық. Бiрақ жаңадан жасақталған Мәжiлiс мiндетiндегi экономикалық тұрғыда ең маңызды саналатын проблемалар қандай? Қарызға белшеден батқан кәрi құрлықтағы күрделi жағдай Қазақ экономикасына қалай әсер етпек? Жалақы мен түрлi төлемақыларға келгенде «жомарттық» танытатын ұлттық компаниялардағы халық қаражатын кiм және қалай қадағалаған жөн? Қымбатшылық халықты қос бүйiрден қысып барады. Ал Үкiмет елдегi инфляция деңгейiн дұрыс бағалап отыр ма? Ресей мен Беларусь кәсiпкерлерiне есе жiбермеу үшiн не iстеген жөн? Экономиканы дербестендiру бағытында тер төгiп жатқан билiк ең алдымен қандай жобаларды iске асыруы тиiс? Отандық экономикаға қатысты бiрқатар өзектi сауалға «Түркiстанның» бүгiнгi қонағы – белгiлi экономист, Қоғамдық мәселелердi сараптау орталығы директорының орынбасары Қанат Берентаев мырза жауап бередi.

«МӘЖІЛІС ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯЛАРДАҒЫ ҚАРЖЫНЫ ҚАДАҒАЛАСЫН»

– Қанат аға, сіздіңше, жаңадан жасақталған Мәжіліс қандай мәселелерге көңіл аударғаны жөн?

– Ең алдымен, әрине әлеуметтік негіздегі мәселелер. Әлеуметтік теңсіздіктер арасындағы алшақтықты қысқарту. Жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын қызметкерлер жалақысын 20-30 пайызға дейін өсіріп отырамыз. Бірақ жалақы арасындағы алшақтық та ұлғайып отырды. Мысалы бір кездері банк саласының қызметкерлері 90 мың теңге көлемінде еңбекақы алса, бюджеттіктер 25-30 мың теңгені қанағат тұтатын. Жалақыны жылда біртіндеп көтеріп отырудың арқасында бұл көрсеткішті 50 мың теңгеге дейін жеткіздік. Ал ауыл шаруашылығы саласында тер төгетіндердің жалақысы – 40 мың теңге. Есесіне, банк пен ұлттық компанияларда жұмыс істейтіндердің айлық көрсеткіші 200 мың теңгеге жуық. Жалақы арасындағы алшақтық Жаңаөзендегі наразылық шараларына әкеп соқты. Екіншіден, бізде еңбек қатынастары реттелмеген. Бюджет кодексі, Еңбек кодексін тұтастай қайта жасау керек. Ұлттық қордағы қаражаттың қайда және қалай жұмсалып жатқанын да жіті бақылауда ұстап отырған абзал. Күні кеше ғана «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мен оның еншілес кәсіпорындарының өз беттерінше әрекет ету деңгейін көтеруге қатысты жаңа ережелер қабылданды.Бірақ шын мәнісінде «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы» сияқты басқа да трансұлттық компаниялардың қызметтерін бақылау мен олардың бюджеттерін бекітуді Парламентке жүктеген жөн. Өйткені ұлттық компанияларға мемлекеттің қаржысы бөлінеді. Әрине, депутаттар республикалық бюджетті талқылағандай құжаттың бүге-шігесіне дейін үңілмесе де, ең маңызды деген шығыс пен кіріс мәселелеріне көңіл аударуы қажет. Яғни мемлекеттің барлық қаржылық ресурстары Парламенттің назарында болуы тиіс. Үкімет «мемлекеттік меншік үлесінің салмағы ана жерде басым, мына жерде басым» деп жиі мақтанады. Бірақ 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджетке көз жүгіртсеңіз, республикалық меншіктік үлестен дивидент ретінде республикалық бюджетке түсетіні небары 10-15 млрд. теңге ғана. Бұл күлкілі нәрсе! Мемлекет қаржысы шоғырланған ұлттық компаниялардың қаражатын бақылауда ұстау керек дейтінім сондықтан. – Әңгімемізді дағдарысқа қарай бұрсақ. Әлемдік экономиканы әбігерге салған қарыздық дағдарыс Қазақстан экономикасына қалай әсер етпек?

– Біз қазір алтын-валюта қорымызды өсіріп жатырмыз. Мұнай шикізатынан түскен кірісті отандық экономиканы өркендетуге жұмсаудың орнына шетелдік валюта не АҚШ пен еуропалық елдерде акциялары құнсызданып бара жатқан компаниялардың құнды қағаздарын сатып алудамыз. Бұл жаңсақ саясатты толығымен қайта қарау қажет.

– Тәжірибелі экономист ретінде Сіздің нақты ұсынысыңыз қандай?

– Ең сенімді, кепілдендірілген деген мемлекеттік құнды қағаздар көп болса 5-6 пайыз кіріс кіргізеді. Оның орнына Атыраудағы мұнай-химиялық комбинатты қаржыландырсақ, 10-15 пайыздық мөлшерлемемен 1,5 млрд. доллар шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік бар. Дағдарыстың кесірінен құнсызданып бара жатқан біреулердің құнды қағаздарын сатып алғанша, сол ақшаны отандық экономиканың дамуына ықпал ететін өндірістерімізге құю әлдеқайда тиімді екені анық. Еліміздегі мұнай өңдеу зауыт­тарын толығымен қайта құрылымдап, мектеп, аурухана, емхана, зауыттар салу керек, өндіріс орындарын заманауи техника, технологиямен жабдықтап, жолдарды жөндеу қажет.

– Бірақ Үкіметтің индустриалдық-инновациялық бағдарламасы ендігі іске асырылып жатқан жоқ па?– Индустриалдық-инновациялық бағдарламада ауыз толтырып айтарлықтай не бар? Көңілге қонымды әрі қаржылық тұрғыда тартымды жобалардың барлығына дерлік не қытай инвестициясы, не ресейліктердің инвестициясы тартылады. Өзіміздің инвестициямызды салуға неге құлшынбаймыз? Ақыры тартымды жоба екен, келешекте табатын пайдамыз бен кірісімізге басқа біреулерді неге ортақтастырамыз?

– Сіздіңше, аталған ірі жобаларға инвестиция құюға отандық экономика қауқарлы ма?

– Әрине, қауқарлы! Егер Ұлттық қордағы қаражатты тиімді пайдалана білсек, жыл сайын мемлекеттік бюджетке бірнеше миллиардтаған доллар кіріс кірер еді. Әрі еліміздегі екінші деңгейлі банктер, басқа да жекеменшік қаржылық құрылымдар несие көзін сырттан, шет мемлекеттерден іздеп, әуре-сарсаңға түспейді. Бұл мемлекетке де тиімді, банктерге де. Өйткені мемлекеттің сыртқы қарызының шамадан тыс көбеюіне негізінен банктердің шет елдерден алған борышы себеп болды ғой.

«ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСТІ ДАМЫТУ КЕРЕК»

– Шетелдік инвесторлар Қазақстан, Қытай, Ресей сияқты дамушы елдерге инвестиция салуға мүдделі. Сырттан қаражат тартуға Қазақ Үкіметі де кетары емес. Біздің инвестициялық ахуал шетелдіктер үшін қаншалықты тартымды?

– Бұл сұрақты екіге бөліп қарастырамыз. Біріншіден, біз шет елдерге инвестиция ретінде қаражат саламыз. Қолымыздағы ақшаны сыртқа жібергенше, неге өзіміздің экономикамызға пайдаланбасқа? Екіншіден, Қазақстанның инвестициялық ахуалы онша тартымды емес. Оның үстіне, мұнай, газ секілді кен өндіруден басқа салаларға ақша салуға шетелдіктер аса құлшынбайды. Жеңіл өнеркәсіпке, тамақ өнеркәсібіне келетіндер жоқтың қасы. Бұл жерде Кедендік одақ пен Біртұтас экономикалық кеңістіктің арқасында келгендерді бөлек қарастыру қажет.

– Ресей мен Беларусь тауар өнді­ру­шілері біздің өндірісті дамытуға мүд­делі ме? Керісінше, олар өздерінің дайын тауарларын ұсынатындықтан, біздің кәсіпкерлерге бәсекелес саналады емес пе?– Қазақстан нарығында бар өнімдерді олар өндірмейді. Есесіне, қалған тауарларды емін-еркін енгізе береді. Ал Қазақсанда өндіріс орындарын дамыту олар үшін тиімсіз.

– Жалпы, Кедендік одақ пен Біртұтас экономикалық кеңістікті сынаушылар көп. Сіздіңше, алған құрылымдардың күнгейі мен көлеңкесі қайсы?

– 2012 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап Біртұтас экономикалық кеңістік туралы заң күшіне енді. Кедендік одақ та, БЭК те Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде сақталуы үшін аса маңызды. Бұл жерде кім ұтты, кім ұтылды деген сұрақты қою артық. Маңыздысы, территориялық тұтастықты сақтай отырып, аман қалу. Егер Қазақстан өзгелерден оқшауланып, бойын аулақ салса, алдағы 10-15 жылдың ішінде еліміз қазіргі қажыр-қайраттан айрылып қалатынына кепілдік бере аламын. Яғни әртүрлі аймақтық блоктар құрып, оған мүше болу арқылы ғана Қазақстан дербестігін сақтайды әрі мемлекет ретінде аман қалады. Біртұтас экономикалық кеңістікті құра отырып, келешекте Еуразиялық Одақтың іргесін қалау – тығырықтан шығудың жалғыз жолы. Егер біз қолда бар мүмкіндікті жіберіп алсақ, бірнеше жылдан кейін Қазақстан да, Ресей де ыдырап кететіндігіне күмәнім жоқ.

«ИНФЛЯЦИЯ ДЕҢГЕЙІ ДҰРЫС КӨРСЕТІЛМЕЙДІ»

– Қанат аға, билік инфляцияны 6-8 пайызбен шектеп отыр. Бұл қазіргі қымбатшылық деңгейіне сәйкес келе ме?

– Жоқ, сәйкес келмейді. Осы тұрғыдан алғанда да, қоғамның бірнеше бөлікке бөлінгенін байқаймыз. Халықтың басым бөлігі мемлекеттен берілетін жалақы, зейнетақы, жәрдемақы тағы басқа төлемақылардың есебінен күн көріп отыр. Орташа күнкөріс деңгейі былтырғы көрсеткішке қарағанда шамамен 15-20 пайызға артты, ал инфляция небары 7 пайыз көлемінде. Халықтың ең төменгі күнкөріс деңгейі дегеніміз – тұтынушылық қоржындағы негізгі тауарлар құны. Яғни қоржындағы баға 15-20 пайызға қымбаттады, ал инфляция 6-8 пайыз. Демек кедейлерге арналған инфляцияның шынайы деңгейі ресми деректегі инфляцияға қарағанда 2-2,5 есе жоғары.

– Әлемдік дағдарыстың әзір ауыз­дық­талар түрі жоқ. Ол Қазақстандағы қымбатшылықты ушықтырып жібермей ме?

– Мұнайдың әлемдік бағасы күрт төмендегенде ғана Қазақстан экономикасына әлемдік дағдарыс кері әсер етеді. Бірақ қазір халықаралық саясаттағы ахуал, мысалы Иранға қатысты мәселелерге қарап отырып, мұнай бағасы жуық арада арзандамайтынын аңғаруға болады. Бүгінде АҚШ-тағы республикашылар Иранға қарсы соғыс ашуға кетары емес. Егер Иран проблемасы ушыға түссе, «қара алтынның» құны арта түседі. Демек әлемдік саясатта қандай жағдай болса да біз дағдарыстан аман өтеміз.

– Экономикалық, қаржылық қиындықтарға төтеп беру, бәсекелестік қабілетін арттыру мақсатында Үкімет экономиканы дербестендіруді қолға алды. Қазір дербестендіру бағытында жасалып жатқан шараларға көңіліңіз тола ма?

– Бұл мәселеде Үкімет нашар жұмыс істеп жатыр. Өйткені міндетті орындаудың бейтарап тәсілі қалыптасқан. «Экономиканы дербестендіру» деген кезде билік үнемі «Біз мұнайды өте жоғары бағаға экспорттамаймыз» дейді. Яғни экономиканы емес, экспортты дербестендіру мәселесіне баса назар аударылмақ. Ең алдымен Қазақстанға қажетті тауар өндіретін өндіріс орындарын аяғынан тік тұрғызу керек. Бұл Кедендік одаққа мүше үш елге де қатысты. Қарағандыда, Таразда Президенттің қатысуымен тұсауы кесілген жаңа технологияларды жасайтын өндіріс орындары санаулы ғана болғандықтан экономикамызды дербестендіруге ықпал ете алмайды. Ауыл шаруашылығы саласына, мал шаруашылығы кешені, өндіріске қажетті машина құрылысын дамыту керек. Маңыздысы – отандық экономиканың үшінші, төртінші деңгейін дамытып, республиканың тұтынушылық сұраныстарын қанағаттандыру.

– Әңгімеңізге рахмет

!

19.01.2012

Әңгiмелескен

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары