САРАПТАМА САЯСИ ҚҰРАЛҒА АЙНАЛСА...

САРАПТАМА САЯСИ ҚҰРАЛҒА АЙНАЛСА...

САРАПТАМА САЯСИ ҚҰРАЛҒА АЙНАЛСА...
ашық дереккөзі
2161

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Кәрi құрлықтағы экономикалық ахуал ушығып барады. Биыл еуропалық елдердiң жағдайы одан сайын қиындай түсетiнiн еуропалық шенеунiктер де жасырмайды. Бiрақ еуроаймақтағы бiрқатар мемлекеттiң несиелiк көрсеткiшiн төмендеткен рейтингтiк агенттiктерiнiң болжамдарына наразы.

Еуропалық Одақ көсемдері өздерінің Жаңа жылдық құттықтау сөздерінде 2012 жылдың әлемдік экономиканың жаңа қиындықтарға тап болатынын жасырмады. Немістердің канцлері Ангела Меркель «Бүгінде Еуропаның жағдайы нашар. Биыл былтырғыға қарағанда әлдеқайда қиын болады» десе, француздардың басшысы Саркози дағдарыстың әлі бітпегенін ескертті. Ал Италия мен Испания қордаланып қалған қарызынан құтыла алмауы мүмкін, ал мемлекеттік борышының 50 пайызын қайтарымсыз қарыздар есебіне жатқызбаса, Греция көктемге жетпей дефолтқа ұшырайтыны анық. «Болашақ ұрпақтың жарқын келешегі үшін белгілі бір құрбандықтарға баруға тура келеді. Бұл – біздің бас тарта аламайтын басты мақсатымыз» деген Италия президенті Джорджио Наполитано еліндегі жалақы, жәрдемақы, зейнетақылардың көлемі азаятынын айтты. «Көрпесіне қарай көсілуге» тырысқан кәрі құрлық тұтасымен мемлекеттік шығындарын қысқартуға көшті. Бұл бірқатар елде адамдардың наразылық шараларына ұласып, кей жерлерде саяси тұрақсыздықтар орнады.

Қаржылық, қарыздық және жалпы экономикалық ахуал ушыға бастаған тұста халықаралық агенттіктер әлемдік экономиканың болашағына күмән келтіретін болжамдарын жариялай бастады. Бұл кейбір еуропалық шенеуніктің қытығына тиген. Мысалы Еуропалық Комиссияның қаржы саясаты жөніндегі комиссары Оли Рен Standard&Poor’s халықаралық рейтинг агенттігін сынға алды. Себеп аталған агенттік жыл басында еуроаймақтағы Франция, Италия, Испания, Австрия сияқты жалпы саны 17 елдің несиелік көрсеткішін төмендеткен болатын. Бұған несиелеуге байланысты талап-шарттардың нашарлауы, экономикалық өсім болжамының ушығуы, Еуропалық Одақ мүшелерінің дағдарысты жою жөнінде ортақ шешімге келе алмауы т.б. себеп болған. Еуропалық Одақтағы экономикасы ең қуаттылар қатарындағы Францияның көрсеткішін «ААА»-дан «АА+» деңгейіне дейін төмендету – әлемдік қор нарығында да әбігерге салды. Ал қарыздық қиындықтардан көз аша алмай келе жатқан елдердің бірі – Италия «А»-дан «ВВВ+»-ға, Испания «АА-»-дан «А»-ға құлдыраған. «Тұрақты» болжамдағы Австрияның көрсеткіші – «АА+». Еуроаймақтағы 19 елдің қаржылық ахуалы мен қарыздық қауқарын сарапқа салған Standard&Poor’s Германия, Финляндия, Люксембург пен Нидерландтардың несиелік көрсеткішін өте жоғары бағалапты – «ААА». Негізі агенттік былтыр жыл соңында бірнеше еуропалық елдің рейтингі төмендейтінін ескерткен болатын. Алайда болжамға наразы болған Оли Рен: «Еуроаймақтағы елдердің дағдарыспен жанталаса күресіп жатқан қысылтаяң шақта олардың несиелік көрсеткішін төмендету – жаңсақ шешім әрі дұрыс емес. Болжам жасау барысында сараптау жұмыстары жан-жақты жүргізілмеді». Апта басында Standard&Poor’s Еуропалық қаржылық тұрақтылық қорының несиелік көрсеткішін ең жоғарғы көрсеткіш – «ААА»-дан бір саты төменге («АА+) түсірді. Еуропалық елдер басшыларының проблемаларды шешуде жүйелі әрі ауызбірлікпен әрекет ете алмай отырғанын сынға алған агенттік Еуроодақ қарыздық проблемаларды тез арада шешпесе, еуропалық экономиканың халі мүшкіл тартатынын ескертеді. Құлдыраудан АҚШ та аман алмады: былтыр қарызға белшеден батқан Американың көрсеткішін де «АА+» деңгейіне төмендеткен. Көрсеткіштің төмендетілуі Еуропалық қаржылық тұрақтылық қорының төмен мөлшерлеме бойынша несие тартуына және қордың қаржылық кепілдемесін 440 млрд. еуродан 260 млрд. еуроға дейін қысқартуға кедергі. Еуропалық қаржылық тұрақтылық қорындағы 400 млрд. еуроға жуық қаражат Ирландия, Португалияға жедел көмек ретінде бағытталса, 100 млрд. еуроны Грецияға қосымша көмек ретінде жұмсалмақ.

Агенттіктің несиелік көрсеткіштерге байланысты жасаған мәлімдемесі кәрі құрлықтағы шенеуніктерге де жақпады. Францияның қаржы министрі Франсуа Баруэннің пікірінше, рейтингтік агенттіктердің болжамдары мен берген бағалары Францияның қаржы саясатына кері ықпал ете алмайды. Ал еуроаймақа мүше елдердің қаржы министрлерінен құрылған топтың басшысы Жан-Клод Юнкер рейтингтік агенттіктердің сынына қарамастан, аймақ экономикасын өсіруге күш салатындықтарын айтты. Әзірге ең жоғарғы көрсеткіш – «ААА» деңгейін Германия сақтап отыр. Бірақ агенттіктің еуроаймақтағы ахуалға байланысты жасаған болжамдарымен неміс шенеуніктері де келіспей отыр. Ресйтингтік агенттіктердің болжамдары саяси ықпалға ие екенін айтқан Германияның сыртқы істер министрі Гвидо Вестервелле «америкалық рейтингтік агенттіктерге тәуелді болғанша, Еуропалық Одақтың өзінің тәуелсіз рейтинг агенттікрін құру керек» деген ұсыныс жасады. Австрияның канцлері Вернер Файман өз елін қаржылық нарықтардан бойды аулақ ұстауға шақырды. Кипрдің президенті Дмитрис Христофиас: «Еліміздің экономикасы дағдарыстан енді шыға бергенде көрсеткішімізді төмендету дұрыс емес» деп наразылық білдірді. Standard & Poor’s баспасөз хатшысы Мартин Уинн Еуроодақ құрамындағы елдердің несиелік көрсеткішін төмендетудің астарында ешқандай саяси сарынның жоқтығын, мұндай жаңсақ қадам агенттіктің беделіне нұқсан келтіретінін мәлімдеді. Рейтингтiк агенттiк дегенiмiз – эмитенттердiң қаржылық қауқарын, несиелiк мiндеттерiн, корпоративтiк басқару сапасы мен активтердi басқару сапасын бағамдайтын коммерциялық мекеме. Агенттiктiң әсiресе, несиелiк рейтингке қатысты жасаған сараптамасы қаржылық нарық үшiн өте құнды. Бүкiл әлем бойынша, 100-ден астам рейтингтiк агенттiк бар. Халықаралық деңгейдегi рейтингтiк агенттiктер арасында әсiресе, Fitch Ratings, Moody’s, Standard & Poor’s және Morningstar өте танымал.

19.01.2012

Серіктес жаңалықтары