ҚЫЗ ТӘРБИЕСI – ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕ
ҚЫЗ ТӘРБИЕСI – ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕ
Дамыған мемлекеттермен елiмiздiң терезесiн теңестiретiн үлкен фактор – бiлiм мен ғылым десек, осы сала қызметкерлерiнiң еңбегi аз болмаса керек. Сондықтан да қазақ қыздарының парасат ордасы – Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетi филология факультетiнiң деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу iсiндегi елеулi қызметi үшiн «Ыбырай Алтынсарин» медалiнiң иегерi, «Жоғары оқу орнының үздiк оқытушысы– 2010» мемлекеттiк грантының иегерi Айгүл САТБЕКОВА ханымды бiлiм, ұлттық тәрбие мәселесi жайлы әңгiмеге тартқан едiк.
– Айгүл Амантайқызы, жетпiс жылға таяу терең тарихы бар Қыздар педагогикалық университетiнiң тәлiм-тәрбие мәселесi, бағыт-бағдары қандай деңгейде?
– Иә, бiздiң университеттiң тарихы тереңде жатыр. Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде жастарды бiлiм-ғылыммен сусындатып жүрген талай марғасқалар осы оқу орнының шәкiрттерi. Атам қазақ қыз баланың тәлiм-тәрбиесiне ерекше ден қойған. Сыйлаған, қастерлеген, еркелеткен. Перзентiнiң алды қыз болса жақсы ырымға балап, қуанған. «Қыз аз күнгi қонақ» деп бар дәмдiсiн соның аузына салып, бар жақсысын кигiзген. Алысты жақын етер, жатты жекжат етер, ел мен елдi таныстырып, табыстыратын дәнекер деп төрден орын берiп мәпелеген. Ананың ақ сүтi, әкенiң адал күшi баянды болуы үшiн көркiне ақылы сай, iзеттi де инабатты, өнерлi де өрелi болуына зор мән берген. Қыздарын әдептiлiктiң ауылынан аттатпай, ұят, намыс дейтiн арда қасиеттердi жүрегiне ұялатып, болмысына сiңiруге тер төккен.
Ұлттық тәрбиенiң негiзi балаға ананың ақ сүтiмен, ана тiлiнiң балқаймағы — бесiк жырымен берiлетiнiн ескерсек, бұл адамзаттың мәңгiлiк тақырыбы дер едiм. Ол қоғамның, заманның бағыт-бағдарымен, тыныс-тiршiлiгiмен бiрге жүретiн негiзгi ұстанымдардың бiрi де бiрегейi. Сондықтан от басы ошақ қасындағы ата-анасының осындай тәрбиесiн қыздарымыз бiздiң оқу орнымызда жалғастырады. Өседi, есейедi, бойжетедi. Қыздардың тәрбиелi болуы бүкiл қоғамның өмiрiне ықпал етедi. Ол ана атанып бала тәрбиесiмен қоса қоғамдық жұмыстарға да араласады. Айналасындағы болып жатқан өзгерiс-жаңалықтарға ана көзiмен қарайды. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесiне, әсiресе қыз баланың тәрбиесiне әу бастан ерекше көңiл бөлгенi де сондықтан. Ол – перзент қана емес, ол – болашақ жар, келiн, ардақты ана, ақылман әже. Аңыз әңгiмелердегi Қарашаш анамыздың, Қыз Жiбек, Баян сұлулардың әдеби бейнелерi тек сұлулықтың ғана нышаны емес, ақылды жардың, тапқырлық пен қайраттылықтың арқасында тағдырдың қилы талқысынан жол тауып, өзiнiң ер-азаматтарына адал серiк бола бiлген. Әрине, қыз бiткеннiң бәрi олардай болуы да шарт емес шығар. Дегенмен ұлттық әдептiлiктi, сұлулықты, мiнездiлiктi бойларына сақтай отырып, рухани өсуi, бiлiммен бiрге қазақи ұлттық тәрбиенi де қатар алып жүруi үшiн педагогтардың еңбегi өлшеусiз. Оның iшiнде халықтық педагогиканың орны ерекше. Осы ретте, бiздiң университетте ғана «Қазақ аруы» бағдарламасы бойынша 90 сағат көлемiнде арнайы курс өтедi. Мұндағы мақсат – жан-жақты бiлiмдар, сыр-сымбатын сақтай бiлетiн, өзiн сұлу да көркем ұстауға үйренген, ұлттық өнердi дәрiптейтiн, шебер де шешен сөйлеп, ұлттық аспапта ойнай бiлетiн, iскерлiк қарым-қатынас әдебiн игерген, бүгiнгi заманауи техника тiлiн бiлетiн, компьютердi еркiн меңгерген, қазiргi сәндiк киiм үлгiлерiн талғаммен үйлестiре алатын тәрiздi сан өнердi тал бойына тоғыстыра бiлген бойжеткен тәрбиелеу. Оның болашақ маман ғана емес, жар, инабатты келiн, абзал ана, кемеңгер әже болуына көмектесу, бағыт-бағдар беру. Бұл ретте жүргiзiлiп жатқан жұмыстардың нәтижелерi де жаман емес. Өнердегi, бiлiмдегi, спорттағы табыстарымызбен мақтана аламыз.
– Студенттердiң бос уақыттары қалай ұйымдастырылады?
– Сабақтан тыс уақытта театр, музей сияқты мәдени орындарға барып, түрлi кездесулер өткiзуге, сондай-ақ көркемөнерпаздар үйiрмелерi мен спортқа атсалысу белсендiлiгiн үнемi қадағалап отырамыз. Университетте Жастар iсi жөнiндегi комитет, Студенттiк кәсiподақ ұйымы, Жастар парламентi, жатақханалардағы студенттiк кеңестер, «Парасат» пiкiр-сайыс клубы, студенттердiң Кiшi ғылым академиясы, шахмат клубы, М.Мақатаев атындағы әдеби бiрлестiктер жұмыс iстеп тұр. Сонымен қатар, бiздiң факультет 2004 жылдан берi Алматы жоғары оқу орындарының студенттерi мен жастары арасында «Мұқағали оқуларын» ұйымдастырып келедi. Жыл сайын дәстүрлi түрде 9 ақпанда ақынның туған күнiне орай ескерткiшiнiң басында өтетiн бұл шараға көптеген талантты өнерпаз жастар қатысады. «Бүгiн менiң туған күнiм…» деп аталатын бұл шараның басты мақсаты да сол, республикамыздың жоғары оқу орындарында оқитын студент жастарды ақиық ақынның әдеби мұрасымен жан-жақты терең таныстыру, ақынның шығармаларын оқып-бiлу, насихаттау. Университеттiң Жастар iсi жөнiндегi комитетi басқа оқу орындарындағы құрбы-құрдастарымен тығыз байланыс жасай отырып, бiрлесе кездесулер өткiзедi. Дәстүрлi «Қыздар университетi шақырады» атты жаңа жылдық ән-думан кешi осындай қоғамдық жұмыстардың нәтижесi.
– Университет ұйымдастыратын «Ы.Алтынсарин –2012» атты республикалық пәндiк олимпиада жайлы да тереңiрек айтып өтсеңiз?
– Бiздiң университет елiмiздiң мектеп бiтiрушiлерi арасында қазақ халқының тұңғыш ағартушы-педагогы Ы.Алтынсариннiң 170 жылдығына арналған республикалық пәндiк олимпиадасын өткiзiп келедi. Ол облыстық бiлiм басқармалары мен аудандық бiлiм бөлiмдерi, Алматы қаласының Бiлiм басқармасымен бiрлесе отырып, Алматы қаласы мен облысында (Талдықорған қ.), Оңтүстiк Қазақстан облысында ( Шымкент және Түркiстан), Қызылорда, Тараз, Семей, Өскемен, Арқалық қалаларында ақпан айының 22 жұлдызында өткiзiледi. Олимпиадаға мектеп, гимназия, лицей тәрiздi бiлiм мекемелерiнiң 11-сынып оқушылары қатыса алады. Ол I тур бойынша 2 кезеңде – Олимпиаданы аймақтарда өткiзу мен жеңiмпаздар мен жүлдегерлердi анықтау, яғни салтанатты марапаттау рәсiмi бойынша өтедi. – Республикалық олимпиада қандай пәндердi қамтыды?
– Биология, география, физика, дүниежүзi тарихы, қазақ тiлi мен әдебиетi, орыс тiлi мен әдебиетi, ағылшын тiлi сияқты жалпы бiлiмдiк пәндерден өткiзiледi. Ал мақсаты – елiмiзде қабiлеттi, дарынды оқушыларды анықтап iрiктеу, оларға қолдау көрсету, мектеп оқушыларының ғылыми жұмысқа деген қызығушылығын ояту, ұлттық бiлiмдi дамыту, мамандық таңдауға көмектесу, университет факультеттерiне оқуға шақыру.
Олимпиадаға қатысу үшiн оқушылар сайтқа тiркелiп (www.kazmemkpu.kz), сонымен қатар мектеп директоры аудандық бiлiм бөлiмiне үстiмiздегi жылдың 12 ақпанына дейiн сұраныстарын жiберуi керек. – Жүлдегерлерге қандай жеңiлдiктер қарастырылған ?
– Белгiлi бiр пән бойынша I орын алған жеңiмпаздар толық оқу курсына университет ректорының грантымен марапатталады. II орын алған жүлдегерлер оқуға 50 пайыздық жеңiлдiк, жатақханаға бiрiншi кезекте орналасу, ары қарай үздiк оқыған жағдайда босаған грант орындарына бiрiншi кезекте ауысуға құқылы. Ал III орын алған жеңiмпаздар I курстағы оқуға 30 пайыз жеңiлдiк, жатақханаға бiрiншi кезекте орналасу, университетте үздiк оқыған жағдайда босаған грант орындарына бiрiншi кезекте ауысуға құқылы, IV және V орын алғандар (яғни 100 баллдың 80 балын алғандар) I курстағы оқу ақысынан 20 пайыз жеңiлдiктi пайдалана алады.
– Өзiңiз де осы оқу орнының түлегi екенсiз. Сол кезбен бүгiнгi күннiң айырмашылығы жайлы не айтар едiңiз?
– Иә, 1989 жылы, осыдан 23 жыл бұрын филология факультетiн бiтiрдiм. Әрине, оқу-әдiстемелiк жағынан өзгешелiктер баршылық. Айталық, ақпараттық технологиялардың дамуы, Интернеттi, интерактивтi тақтаны, электрондық оқулықтарды пайдалану, Болон үдерiсiнiң талаптарына сай кредиттiк оқыту жүйесi, дамыта оқыту технологиясы, қашықтықтан оқыту сияқты жаңаша тәсiлдер қазiргi заман жетiстiктерi. Елiмiздi Азия барысына айналдырып, әлемнiң бәсекелес 50 елiнiң қатарына енгiзетiн ұлы күш, бұл – бүгiнгi жастар. Олардың мойнында үлкендердiң үкiлi үмiтi жүктелiп, Отанымыздың зор сенiмi бар. Себебi бiлiм мен ғылымды ұштастыратын терең ойлы, бiлiктi жастар Тәуелсiз елiмiздiң нұрлы болашағына жол ашпақ.
Мен ұстаздар отбасынан шықтым. Әкем Амантай мен анам Зылиха 1969 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң филология факультетiн үздiк бiтiргелi, бүкiл саналы ғұмырларын ұстаздық қызметке арнап келедi. Осындай отбасынан шыққан соң мен де осы бiр қиындығы мен қызығы, мақтауы мен марапаттауы қатар жүретiн ұстаздық жолды таңдадым.
Ұлы Абайдың «Тегiнде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мiнез деген нәрселерiмен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектiң бәрi бекер» деп артындағы ұрпағына ұлы өсиет тастап кеткен. Атамыздан асырып айта аламыз демеймiз.
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ