713
АЛПЫСҚА КЕЛДІМ, АЛПЫС ТҮРЛI АДАМ КӨРДIМ
АЛПЫСҚА КЕЛДІМ, АЛПЫС ТҮРЛI АДАМ КӨРДIМ
Оған Алла сөйлесiн деп тiл берген. Ақын болуды да маңдайына Алла жазыпты. Аманхан Әлiм ақын ғана емес, шебер публицист. Оның мiрдiң оғындай жазылған публицистикалық мақалалары баспасөз беттерiнде жиi жарияланып жүр. Ұлттың жайына, мұңына, ұйытқылы мәселелерiне келгенде үнсiз қалуды ұнатпайтын ақын әрдайым жанынан қаламы мен қағазын тастамайды. Өлеңiмен де, мақалаларымен де ұлты үшiн күресiп келедi. Күрескер ақынмен әңгiмемiз де ұлттың мәселелерiнен басталды.
– Аманхан аға, Қалтай Мұхамеджановпен сұхбаттасқаныңызда, ол кісіден: «Құдайдың азды-көпті ғұмырын кешіп, бұйырған дәмін татқанда, көңіліңізге түйіп, тұтынған қағидаңыз не?» деп сұраған екенсіз. Дәл осы сауалды менің сізге де қойғым кеп отыр. Алпысқа келген жасыңызда көңіліңізге түйіп, тұтынған қағидаңыз не? – Менің атам марқұм, атам деп отырғаным әкем. Шалдың баласы болғаннан кейін, солай атайтынмын. Ол кісі: «Жетпіске келдім, жетпіс түрлі адам көрдім» деуші еді. Сонда: «біз тұратын ауылда 7 мыңдай адам тұрады. Бұл кісінің жетпіс түрлі адам көрдімі несі?» деп күлетінмін. Қазір өзім де алпысқа келдім, «алпыс түрлі адам көрдім» дейтін болдым. – Әкеңіздің жақсыны да, жаманды да көрдім дегені ме? – Атамның айтқаны, өзің айтқандай, жақсыны да, жаманды да, неше түрліні көрдім дегені екен. Мен де солай айтқым келеді. – Таразыға тартып, салмақтап көрдіңіз бе? Таразының қай жағы басым түседі, жақсысы ма, жаманы ма? – Өмірімде мен жақсы адамдар жағына көбірек ден қойдым. Өйткені адам жалпы бағыт-бағдарды жақсы адамға қарап алу керек. Егер жамандықты айта берсең, ол өмірде көп. Жалпы, қара нәрсені, көлеңкелі тұстарды көп айта берсең, өмірің де солай қалыптасады. Сосын өзіңнен кейінгі өскелең жастарды да солай қалыптастырасың. Сондықтан менің өмірдегі ұстанымым – жақсы болу. Шамамның келгенінше, әуелі жақсы ақын болудан да бұрын, жақсы адам болу. Өйткені, жақсы адам, жақсылық – қоғамның қозғаушы күші… Жақсы адамдар каскадерлер сияқты. Олар «мен жақсымын» деп, кеуде соқпайды, мақтанбайды. Өзінің адами міндетін атқарады. Отбасы болса, жақсы бала тәрбиелейді. Жұмыс істесе, жақсы қырымен көрінеді. Өзім жақсы көретін Қожанасырдың бір әпсанасы бар. Бір күні Қожанасырдан: «Қожеке, адамдар неге арлы-берлі араласып жүреді» деп сұрапты. Сонда Қожекең: «Айналайын-ау, адамдар бір жаққа қарай жүрсе, соңы желден көрініп кетеді ғой» дейді. Сол айтпақшы, егер қоғамда, заманда жаман адамдар көп болатын болса, Алла тағала Нұх пайғамбар сияқты тағы бір пайғамбар жіберер еді. Сөйтіп ол пайғамбар қайтер еді. Кеме жасап, «мына халық бұзылды, топан су жіберер едім» дер еді. Алла Тағала бірінші және соңғы пайғамбарды жаратты. Тағы бір пайғамбар жаратам деп отырған жоқ. Соған қарағанда, әлі де өмір, заман бұзылып біткен жоқ. Қоғамды, заманды ұстап тұрған жақсы адамдар. Олигархтар, байлар, әкімдер, кез келген деңгейдегі басшылар «әлемнің тұтқасымын» деп ойламасын. Өйткені олардың өзі жақсы адамдардың шапағаты арқылы бастық болып отыр. Жақсы адамдардың іс-әрекеттері арқылы қозғалып отыр. Жақсы адам дегеніміз – интеллигент дер едім. Интеллигент оқу-біліміңе қарамайды. Адами келбетіңді бағалайды. Жақсы адам дегеніміз – ол зиялы, оқыған. Менің өмірдегі үйренгенім де, ұстанған бағытым да осы. Жалпы, алпыс жасымда белгілі бір деңгейге көтерілсем, белгілі бір дәрежеде атақтарға ие болсам, соның бәрі жақсы адамдардың арқасы дер едім. Бір қарапайым мысал айтайын. Алматыға келіп, ұзақ тіркеле алмай жүрдім. Ол кездері Алматыға тіркелу мұң болатын. Дзержинский деген колхоз болды. Сол колхоздың хатшысына бардым. Орыс әйел екен. Соған құжаттарымды көрсетіп, бір үйге тіркеле алмай жатқанымды айтып едім, әлгі орыс әйел мені тіркетіп берді. Міне жақсы адамның шапағаты. Тұңғыш кітабымның шығуына Қуандық Шаңғытбаевтың көмегі тиді. Қуандық Шаңғытбаев менің бір өлеңімді тыңдап: «Сен ақынсың ғой, Тахауи» деді. «Тахауи» деп жақсы көретін адамдарына айтатын сөзі болатын. Сөйтіп ол мені Сағи Жиенбаевқа жұмсады. Сағи Жиенбаев «Жазушы» баспасында поэзия бөлімін басқаратын. Сол баспадан тұңғыш кітабым шықты. Бір жылдары жұмыссыз жүрдім. Жеңгелерің жұмыс істеді. Сонда маған көмектескен адам кім дейсіз бе, Шерағаң. Ол кісі мені сырттай ғана білсе, білетін шығар, араласқан адамым емес. Менің ұстанымым – бүкіл кемшілігіме қарамай, жақсы болуға тырысу. Жақсы адамдарды сыйлау. Таңертең тұрып, сүрелерімді оқып аламын да: «Ей, Алла, жақсы адамдардың өмір жасын ұзақ қыл. Солардың шапағаты ел-жұртқа тие берсін» деп тілек тілеймін. Сондықтан жақсылықтан түңілмеймін. Ал жамандық табаныңның астында. Қазақ халқы «Құдайдан үмітім бар» деп өмір сүрген. Ал «Құдайдан үмітім бар» деп өмір сүрудің өзі жақсылық. Ашаршылық жылдары да соны айтқан. Он жетінші жылғы төңкерістің кезінде де осыны айтқан. Сондықтан мен де «Құдайдан үмітім бар» деген ұстаныммен өмір сүргенді жақсы көрем. Алдыңғы толқын ағаларымнан да үйрендім, өз қатарластарымнан да үйренгенім өте көп. Тіпті соңымдағы жастардан да үйренем. Мұны маған Қалағаң айтқан. Ол – шындық. «Өзіңді айнала қоршаған ортаңнан үйренбей, өмірде тәжірибе жинай алмайсың» деп еді. Жас ақындарға айтатыным бар: «Сендер менен таланттылау шығарсыңдар. Бірақ менің алдыңғы ағаларымнан үйренгенім көп» деймін. Тоқаш Бердияров, Қуандық Шаңғытбаев, Қалтай Мұхамеджанов, Қадыр Мырзалиев, Сағи Жиенбаев, Жұмекен Нәжімеденовті көріп өстім. Солардан үйрендім. Олар да менің бүкіл кемшілігіме қарамастан, жақсы көрді. – Мұқағали ақын: «Поэзия, менімен егіз бе едің» деп жырлады. Сіз ше? Сіз өзіңізді поэзиямен егізбін деп санайсыз ба, әлде поэзия сізбен егіз бе? – Мен поэзиямен егізбін деп айта алмаймын. Мен поэзияға егізбін. Өйткені Алла Тағала маған алдымен сөз берді. Сөз – Алланың бір аты. Ақындық сөз берді. Мен кейде жолдастарыма айтып: «Поэзия, өлең менің отбасымнан да жақын» деп күлем. Поэзия – менің барым, байлығым. Одан асқан байлық жоқ. Сөз менің бүкіл тұла бойыма біткен нәрсе. Ал оны қаншалықты жақсы айтып жүрмін, жаман айтып жүрмін, оны уақыт көрсетеді. Сосын халық айтар. Шамам келгенше, Алла берген сөзге, поэзияға жұмыс істеу. Өлең маған байланысты емес, мен өлеңге байланыстымын.– Жалпы, сізді өлеңге байланыстырған не құдірет? – Сөз жоқ, Алла Тағаланың бергені. Өлеңді тастап кеткен, журналистиканы серік етпей кеткен жігіттерді білем. Кәдімгі журналистикаға түсіп, өлең жазып, бірлі-екілі мақаласын жазған соң, басқа салаға ауысып кеткендері де бар. Өйткені оған ет пен терісінің арасындағы адами ғана сөз біткен еді. Сөйтіп, журналистикаға жаңылысып келген болатын. Сондықтан материалдық жағы жетпей жатса да, Алланың берген сөзін тастай алмай жүрмін. Тастай алмаймын да. Екі дүниеде де Сөзбен қоштаса алмайтын сияқтымын. – Өзіңіз жақсы көрген Қадыр ағаңыз: «Ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған» дейді. Сізді ақын еткен асау мінезіңіз шығар. Жалпы, сіздің мінезіңіз қандай? – Асаулау деген сөзге келер болсақ, мүмкін мұның да дұрыс шығар. Жалпы, мінез болмаса, ақын-жазушы шықпайды. Менің мінезім өлеңдерімде көрінеді. Бұл өлеңімде ғана емес, публицистикалық мақалаларымда да бар нәрсе. – Кейбір ақындардың өлеңдерінен мінезі байқалмай жатады емес пе? – Мінезі көрінбесе, ол өлеңге де, журналистикаға да жолдан қосылған. Бір жолы Бельгерге: «Гераға, мен қандай бір мақаланы оқымайын, әуелі одан температура іздер едім» деп айтқаным бар еді. Ол мақаладан белгілі бір ыстық температура іздеймін. Ол мақала оқырманды бей-жай қалдырмау керек. Не бар деу керек, не жоқ деу керек. Жалпы, мен «интернационал» мақалаларды жек көрем, бәріне жағатын. Бәріне ұнайтын. Өйткені «интернационал» мақала, көптің көңілінен шықсам деген мінездікі. Ал адам жеке тұлға ретінде көптің көңілінен шыға алмайды. Сөз жоқ, біреу жақсы көреді, біреу жек көреді. Сондықтан қызулы, температурасы бар мақалаларды ұнатам. Не мені өлердей жек көруі керек, не мені өлердей жақсы көруі керек. Мен екі орталықты жақсы көрмеймін. Осының бәрі менің мінезім. Ал асаулыққа келсек, рас, асаулығым бар. – Тура айтқан туғанына жақпайтыны тағы бар… – Сөз жоқ. Оны өзім де білем. Кейбір тұстарда тура айтсам, балаларымның өзі жақтырмайды. Сырт көз тіпті жақтырмайтынын да білем. Шындықты отбасында тік айтып, белгілі бір деңгейдегі тәртіпке шақырып отырғанның өзінде іштей қарсылығын білдіріп отырады. Өйткені шындық әрқашанда ауыр. Қадыр ағаңның бір әдемі өлеңі бар: «Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым ішіне» дейді. Дәл сондай. Кейде шындықты өткізе алмайтын кезде, амал-жоқ өтірік қосуға тура келеді. Бұл отбасыңнан да басталады. Кейде қоғамда сондай болады. Цензура туралы кейде әңгіме қылып отырамыз. Цензураны қандай мағынада түсінеміз, әңгіме сонда. Мысалы біздің журналистер айтады, сөз бостандығы, сөз еркіндігі деген бар. «Мемлекет, қоғам басшылары бәрін айту керек, жариялылық болу керек» дейді. Ал мен оны қаламаймын. Мысалы мемлекетіміздің ешкімге айтпайтын құпиясы болады. Ұлттық мүддедегі құпия. Оны ешкімге айтпау керек. Менің түсінігімде, Алланың билігінде шек жоқ. Сосын, Алланың сөзінде ғана шек жоқ. Сосын Алланың іс-әрекеті, қадір-қасиетінде шек жоқ. Ал қалғанының бәрінде шек бар. Белгілі бір шектеуден аспауымыз қажет. Біздің журналистер кейде сөз бостандығын, ерік еркіндігін пайдаланып, мемлекеттік, ұлттық құпияларымызды айтпайды деп айыптағысы келеді. Әсіресе бұл өздерін демократиялық бағыттағы журналистерміз дейтін орыстілді журналистерге тән қасиет. Біз ұлт журналистері шектен шыққан жариялылықты онша жақтыра бермейміз. Өйткені ұлтымызды сүйеміз. Ұлттық мүдде деген болады, мемлекеттік мүдде деген бар. Оны айтпау керек. Және оны талап етсек, онда біз ұлттық мүддемізді жариялап жібереміз. Сөйтеміз де, сырт көзге өз құпиямызды ашып береміз. Демократияның өзі белгілі бір деңгейге дейін ғана. Өзін оппозициялық санайтын газеттердің демократияны талап еткенін ұнатпаймын. Әуелі әрбір адамның ең алдымен, өздерінің ішкі цензурасы мықты болса, сонда талап етсін. Жалпы адамның, шығармашылық адамының ішкі цензурасы мықты болуы керек. Ішкі цензура мынаны айтуға болады, мынаны айтпауға болады деп отырады. – Социалистік қоғамның цензурасы ше? – Енді екеуін салыстырайық. Кеңестік кезеңдегі цензура мен қазіргі цензураның айырмашылығы жер мен көктей. – Қайсысы мықты болды? – Кеңестік кезеңдегі цензура өте қатал болды. Оның неге қатал болғанын айтайын… Кеңестік цензура идеология мен идеяға бағынды. Идеология мен идеяға бағынған цензура ол қатқыл, қатаң, жариялылықты жек көреді. Кеңестік кезең өзінің принципін, атеистік принципін дұрыс деп есептеді. Ұлтты екінші орынға ысырды. Кеңестік кезеңде Ұлттық мемлекет туралы сөз болуы мүмкін емес. Идея мен идеологияның сөзін сөйлеген цензура ақынның, жазушының, журналистің қаламына кедергі келтіріп келді. Біз жаңағы идея мен идеологияға негізделген қатып қалған цензурадан құтылдық. Қазір ол цензура жоқ. Құдай бізге тәуелсіздікпен бірге осындай жақсылықты алып келді. Біз соны пайдалана алып жүрміз бе? – Ұлттық мүддеге қайсысы көбірек қызмет етеді? – Қызмет ететіні – тәуелсіз еліміздегі кейбір тыйым салулар. Мәселен БАҚ заңын алайық. Кейбіреулер шексіз демократияны талап етеді. Керісінше, менің ұлттық мүддеме, менің мемлекеттік мүддеме қайшы келетін сөз бостандығы маған қажет емес. Біздің мемлекеттік, ұлттық мүддемізге қайшы келетін сөз бостандығы болатын болса, онда біз мемлекетімізді күйретеміз. Ұлттығымызды жоямыз. Сондықтан қайталап айтайын, Алланың билігінде шек жоқ, Алланың сөзінде, іс әрекетінде шек жоқ. Тұрмыстық бір мысалды келтірейін. Үйдегі балаңның өзі, әйеліңнің өзі артық мінез көрсетсе, үйдің иесі, отағасы не істейді. Ашуланады, балаңа ұрсады, әйеліңе тыйым салады, қызыңды тәрбиелейді. Яғни демократия үйдің ішінде де әртүрлі көрініс беретін нәрселер. Сондықтан, шексіз демократия, шексіз сөз бостандығы, шексіз ой еркіндігін ұнатпаймын. Өйткені менің принципім, менің ұстанымым, Алланың билігінде. Біз «төбемнен біреу қарап тұр» деп өмір сүруіміз керек. Біз қазір «төбемнен біреу қарап тұр» деп өмір сүріп жүрген жоқпыз. Дәл осылай өмір сүрсек, онда жемқор болмаған болар едік. Парақор болмас едік, өтірік айтпас едік. Қоғамдағы жайсыздықтың бәрі содан келіп жатыр. Төбедегі біреу кім? Ол – Құдай. Біз күнде үйден шыққанда, жоғарыда Алла қарап тұр деп шығуымыз керек. «Біздің қоғамды өтірік жайлады» деп едім, бірде газетке берген сұхбатымда. Біздің қоғамдағы жоғары шенеуніктен бастап, төменгі көше сыпырушыға дейін өтірік айтатын болдық. Өтірік жүрген жерде, жемқорлық болады, парақорлық болады. Өтірікші адам қорқақ болады. Содан келеді де, қоғам бұзылады. Солженицынды қатты жамандаймыз. Рас, ол біздің мемлекеттілігімізге қатты сындар айтқан адам. Өзім талай сынадым да. Соның «Жить не по лжи» деген әдемі мақаласы шықты. «Өтіріксіз өмір сүру» деп аталады. Міне, солай өмір сүру керек. Біз жауымыздан да үйренуіміз керек. Жауымыз болғанда, қарсыластарымыздың оппоненттерінен де үйрену қажет. Солженицынның сол сөзін жақсы көрем. Сосын Толстойдың мына бір сөзі ұнайды. «Не могу молчать» дейді. «Үнсіз қала алмаймын» дейді. Интеллигент адам үнсіз қала алмайды. Өйткені қоғамдағы келеңсіздікті көргенде, үнсіз қала алмасаң, ол сенің зиялылығың, біріншіден. Екіншіден, немқұрайлылықтан адалығың. Мысалы, Ясинский айтты деген сөз бар. Оның «Человек меняет кожа» деген кітабы бар. Сол үшін Мемлекеттік сыйлық алған. Ол: «Досыңнан қорықпа, азар болса, сатып кетер. Жауыңнан қорықпа, азар болса, өлтірер. Немқұрайлылықтан қорық, ол сені өлтіреді де, атады да» дейді. Қоғамды жайлаған немқұрайлылық пен өтірік мені қатты алаңдатады. Осыдан қорқам. Кешегі Жаңаөзендегі оқиғаның барлығы өтірік пен немқұрайлылықтан шыққан нәрсе. Неге шықты? Прездиент өзінің сөзінде: «Маған дұрыс ақпар бермепті» деді. Оған кім кінәлі? Оған төменгі шенеуніктер кінәлі. Президентке өтірік ақпараттар беріп отырды. Екінші, немқұрайлылық. Сол адамдар осыдан жеті-сегіз ай бұрын ереуілге шығып, аштық жариялап жатты. Жанайқайларын жеткізді. Үкімет оған немқұрайлы қарады. Мән берген жоқ. Сөйтті де, халықты арандатты. Егер дәл сол кезде Парламенттегі депутаттар барып, «не болды, айтыңдар» деп сұраса, Парламентте көтеріп, соны орындатқанда, ешнәрсе болмас еді. Үкімет те солай. Яғни бізде халық пен билік арасындағы байланыс үзілген. Бір-біріне дауыстары жетпейді. Соларды байланыстыратын зиялылардың бірлі-екісі айтып жатты, жазды да. Оларды ешкім тыңдамады. Өтірік, немқұрайлылықтан осындай оқиғалар шықты. – Өтірік пен немқұрайлылықтан шығатын жол жоқ па, сонда бізде? – Шығатын жол бар. Ол үшін білім керек шығар. – Зиялылардың арасында көшбасшы болу керек шығар, бәлкім? – Көп тарихи мәселелерді тұлғалар шешеді. Тұлға деген нәрсе – Алланың беретін қасиеті. Тұлға – қозғалыс күші. Мысалы 86 жылғы Желтоқсан оқиғасында Жұбан Молдағалиев, Шона Смаханұлы, Сафуан Шаймерденовтер тайсалмай сөз сөйледі ғой. Қоғамға сондай тұлға керек. Тұлғасыз – мемлекет мемлекет емес. Ұжымдық сана-сезіммен біз ешнәрсені жеңе алмаймыз. Ол тұлға қалай қалыптасады, мәселе сонда. – Тұлғаны қалыптастыратын кім? Қоғам ба, билік пе? – Бірінші, өзі. Өзін-өзі қалыптастырады. Ең алдымен, білімді болу қажет. Білімді адам алған білімін қорыта білсе, тұлғаға айналады. Білімді адам жемқор болмайды. Білімді адамда ең бастысы иман болады. Білімді адам ең әуелі Құранды оқиды. Білімді адам Библияны оқиды. Конституцияны біледі. Нормативтік актілермен танысады. Көркем шығарма оқиды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Толстойдың «Бейбітшілік және соғысын», Тургеновтің «Әкелер мен балаларын», Достоевскийдің «Қылмыс пен жазасын» оқиды. Білімді адам Айвазовскийдің, Левитанның суреттерімен танысады. Осының бәрін жүрегінде қорытады. Өзінің алдындағы ағаларынан үйренеді. Қатарластарынан үйренеді, өзінің артынан ерген бауырларынан үйренеді. Осының бәрі синтезделіп келіп, тұлға қалыптасады. Бұл адам бойына берілетін қасиеттер. Генийлер некен-саяқ. Таланттар көп.– Неге? – Гений деген сөз, оның қазақшасын айтар болсақ, әулиеге келеді. Әулие деген сөзде діни ілім бар. Данышпан дейтін болсақ, бұл ғылыми тұрғыда, адами тұрмыс-салттағы қарым-қатынаста данышпан. Ал әулие дегенде бәрі бар. Сондықтан батыс-шығыс философтары данышпандар. Оларда әулиелік жоқ. Қазақтар неге «Қорасанға қой айттың» дейді. Сосын әулие адамдарда Алланың берген қасиеті бар. Батыстың, шығыстың философтарында Алла берген философтық қасиеттен басқа, әулиелік қасиет жоқ. Біздің кейбір адамдар, өзін зиялы санайтындар мәдениет пен өркениетті ажырата алмайды. Сосын идеология мен фактіні ажырата алмайды. Мәселен өркениетке арбадан бастап, аспанға ұшырған ракетаға дейінгі жетістіктердің бәрі кіреді. Өркениеттің жемісі, яғни ақыл-ойдың жемісі. Мәдениет деген киелі ұғым. Мәдениет дегеніміз дінмен байланысты нәрсе. Ол адамға туа бітті келетін нәрсе. Бойыңда мәдениет туа бітеді. Табиғат пен адамның, қоғам мен адамның, заман мен адамның арасындағы байланыста мәдениеттілік керек. Ал өркениет күйретуші күшке ие. Өркениеттің жемісі де көп. Теледидар қарап отырғанымыздың өзі өркениет. Қабат-қабат үйлерде тұрамыз. Осындай өркениетті үйдің ішінде тұрып, мәдениеттен айрылып жатырмыз. Мәдениет дегеніміз, табиғатпен біте байланысқан дүние. Факті мен идеяны, идеологияны ажырата алмайтынымыз деген тағы бар. Еуразия Одағы дегеніміз факті. Еуразия одағында байланыс болуы керек, ол факті. Ресеймен, басқа мемлекеттермен экономикалық байланыста сөзсіз болуымыз керек, біз одан қашып құтыла алмаймыз. Өйткені ол уақыт талабы. Ғаламдастырудың талабы. Жеме-жемге келгенде, Еуразиялық Одақ Жібек жолы пайда болған атам заманнан бастап, пайда болған. Халықтар, көшпелі халықтар Жібек жолы арқылы өтіп жатқан. Мұның өзі экономикалық байланыс болатын. Еуразия Одағы былайша айтқанда, бұрыннан болды. Ол кезде, құжатпен рәсімдеу деген ұғымдар болған жоқ. Бұл – факті. Ал идеяға келер болсақ, Еуразия идеясы қайдан шықты. Бұл идея көп жылдық болады. Бұл идея орыстарда басталған. Князь Советский, Бернадский бастап, Лев Гумилев, Дугин дегендер Еуразия идеясын ойлап тапқан. Патшалық Ресейдің кезінде пайда болған ұғымдар. Олар православияны насихаттады. Кейін оларды қудалады. Олар Парижге қашып кетті. Сол жақта отырып, Еуразия идеясын жалғастырды. Еуразия идеясында жетекші роль атқаратын ұлт боламын деген шовинизмнен қорқуымыз керек. Ал экономикалық байланыстағы ұлт боламыз деген фактіден қашпауымыз қажет. Еуразия идеясымен Еуразия одағы фактісіне, ұлт ретінде, мемлекет ретінде Еуразиялық одақтық экономикалық фактімізді қарсы қоюмыз керек. Орыстардың Еуразиялық одағы идеясына қарсы қоятын Еуразиялық одақ фактіміз жоқ. Сосын он бес-жиырма жылдық алға қойған жоспарымыз жоқ. Сол үшін көп жағдайда ұтылып қалып жүрміз. Тіл жағынан, діл жағынан да. Бірақ Құдайдан үмітім бар. Бағана басында да айттым бұл туралы. Құдайдан үмітім бар деп жүрген елдің ұрпағымыз. Қазір біз жабайы капитализмде өмір сүріп жатырмыз. Алыпсатарлықпен айналысып жатырмыз. Шетелден алып келіп, соны сатамыз. Біздің теңгелеріміз долларға айналып, шет елге кетіп жатыр. Біз оны шет елдің банкілеріне түсіріп жатырмыз. Бізде таза капитализм жоқ. Баяғыда Қалағаңнан, Қалтай Мұхамеджановтан сұрағаным бар еді: «Қалаға, осы бір адамдар ақшаны жинап жатыр. Оның байлығы қанша уақытқа жетеді?» деп сұрадым. Күлді. «Аманхан, айналайын, жолбарысым! Оның байлығы жетсе, баласына жететін шығар, немересіне жетпейді» деді. «Неге жетпейді?» деп сұрап едім, «Баяғы заманда байлар баласын қасына ертіп алып, атқа мінгізіп алып, бүкіл малын аралатады екен. Сонда баласына «Мына күрең бие біздікі, күрең тай да біздікі. Бұл ертең сенікі болады» дейді екен. Жылқышысын, қойшысын көрсететін. Шетелдегі капиталист не істейді? Фабрикасын, зауытын аралатып, баласына көрсетеді. «Мынау фабрика, зауыт сенікі. Мынау жұмыскерлердің бәрі сен үшін жұмыс істеп жатыр» деп көрсетеді. Сосын, ол бала ақшаның қай жақтан келіп жатқанын біледі. Ал қазіргілер не көрсетеді? Ұрлағанын көрсете алмайды. Өндіріп жатқан өндірісі жоқ. Сосын ол бала ақшаны ұқсата алмайды. Содан келіп, ол ақша баласына жетпейді», – деп еді. Қалағаңның логикасы қандай керемет?! Қазіргі баймыз деп жүргендердің балалары әкесінің ақшаны қайдан тауып жатқанын білмейді. Оның ұрлап жатқанын сезеді. Ол бала ертең ұрлай алмауы мүмкін. Осындай нәрселердің бәрі мені ренжітеді. Таза капитализмге енген жоқпыз. Таза капитализм – таза еңбек деген сөз. Ақшаны өз еңбегіңмен тап деген сөз. Жемқорлықтан, парақорлықтан, тамыр-таныстықтан құтылу. Мен саған бір қызық айтайын. Жеу деген сөз қайдан шықты. Адам ата мен Хауа ана жұмақта отырған кезде, Алла Тағала «мына жемісті жеме» деп айтыпты. Анамыздың азғыруымен, анамызды да біреу азғырды, Адам ата жеп қойды. Жеу деген сол кезде басталған. Оны жойып жіберу деген мүмкін емес. Біздің мемлекетімізде жемқорлықты жоямыз, құртамыз деген бекер сөз. Бірақ қазақта тамаша сөздер бар. «Алаған қолым береген», «Қанағат қарын тойғызар» дейді. Онда да белгілі бір шек болу қажет. Алла Тағала айтады, «алдымен өзіңді жарылқа. Өзіңнен артылса, ағайыныңды, ағайыныңнан артылса, көршіңді, көршіңнен артылса, ауылыңды жарылқа» дейді. Алла Тағаланың өзі бәрін реттеп қойған. Азамат соғысы неден басталды? Абыл мен Қабылдың бір-бірін өлтіруінен басталды. Абыл да, Қабыл да – Адам атаның баласы. Екеуі Аллаға сый апарғанда, Абылдың сыйын қабылдады да, Қабылдың сыйын қабылдамады. Содан қызғанып, Қабыл Абылды өлтірді. Ағайынды ағайын өлтіру сол кезде басталды. Бұған да тыйым сала алмайды. Шектеу деген ұғымдар бар. Қазақтың тамаша бір сөзі бар. Біз қазір жабайы капитализмде қазақтың сол бір моралін аттап өттік. «Ағайынды өкпеге қисаң да, өлімге қима» дейді. Бұл қазақтан басқада жоқ мораль. Имандылық. Біз қазір ағайынды өлімге қиятын дәрежеге жеттік. Оның көрінісі, Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділов деп білем. Бұл өте қауіпті мораль. Социалистік кезеңде, қандай моральді аттап едік. «Таспен ұрғанды аспен ұр» дейтін едік. Біз социалистік кезеңнің үйретуімен, көзге көз, таспен ұрғанды таспен ұр дедік те, өзіміздің адами «аспен ұр» деген моралімізді өлтірдік. Сөйтіп біз өзіміздің имани қасиетімізді жоғалттық. Түптің түбінде өкпе жазылатын еді. Қазақ халқы ұлт ретінде, менталитет ретінде моральдық қасиеттерін жоғалтып келеді. Оған қарсы қоятын не қалды? Өзін-өзі сақтау қасиетімізді жетілдіруіміз қажет. Өмірдің өзі салыстырудан тұрады. Мен 69 жылы Алматыға келдім. Алматыда қазақтар бірен-саран ғана болатын Ал қазір Құдайға шүкір. Сондықтан осының барлығын айту үшін, Алла маған сөз берген. Ертең ана дүниеге барғаннан кейін, Мәңкүр-Нәңкүрлер: «біз саған сөз беріп едік, тіл беріп едік, айттың ба?» деп сұрайды. Мен сонда айтуым керек емес пе? – Бір мақалаңызда «Американский гражданин только тот, кто всей душой предан Америке» деген Рузвельттің сөзін мысалға келтірген екенсіз. Бізге де осындай қағида қажет деп ойламайсыз ба?– Қазақ боп туу оңай. Қазақ болып өмір сүре аласың ба, мәселе сонда. Америкалықтар неге мықты? Олар «Америкасыз өмір сүре алмаймын» дейді. Германияда мынадай ұғым бар. Неміс халқы «біз Германияны асырауымыз керек» дейді. Біз керісінше, «бізді Қазақстан асырауы керек» дейміз. Қалағаңның бір әдемі сөзі бар еді: «Анау ақын менен неге озып кетті деп айтпа, мен неге содан қалып қойдым деп айт» дейтін. Сол сияқты біз де «өзге ел бізден озып кетті деп емес, біз неге қалып қойдық?» деп айтуымыз керек. Біз осы принципті ұстансақ, қазақ халқы да, Қазақстан да күшті өмір сүреді. Біз кейде кім кінәлі дегенді көбірек іздейміз? Рас, кінәліні дертке айналдырып жібермеуіміз керек. Кім кінәлі деп емес, не істеу керек дегеніміз жөн. Осы жетпейді бізге. Жалпы, заманды кінәлауға болмайды. Кінә – адамның өзінде. Мен өмірді былай деп түсінем. Адамдарды жек көруге болады, жақтырмауға болады. Өйткені ол пенделік қасиет. Ал егер адамға өшпенділікпен қарасаң, ол қылмыс. Жек көру мен өшпенділікпен қарау, кектенуді ажырата алмаймыз. Адам Атаны жаратты. Оны жаратқанда, Ібіліс «неге жараттың?» деп, адамға өшпенділікпен қарай бастады. Жеккөру мен жақтырмауды жөндеуге болады. Ал өшпенділікпен қарасаң, адамды өлтіресің, қоғамды өлтіресің. Сондықтан адам ретінде, азамат ретінде жеккөру, жақтырмау деген ұғымдар мен өшпенділік, кектену деген ұғымдарды ажыратып алсақ екен. Біздің қоғам осындайлардан арылу қажет. Олардың бәрінен арылу үшін бізге білімді болу қажет. Білімді болу дегеніміз диплом алып шығу емес. Диплом алып шығасың, бірақ білімің жоқ. Диплом алғанның бәрі білімді деп айтуға болмайды. Біздің билікте екі-үш дипломды адамдар көп. Олардың көбі үшке оқығандар. Егер солар білімді болса, көркем әдебиетті оқыса, Құранды оқыса, онда жемқорлық болмайды. Үлкен республикалық деңгейдегі басшылар білімді болуы қажет. Қожа Ахмет Иассауи алпыс үш жасында қылуетке түсіп кетті деп айтады. Өйткені ол пайғамбар жасына келді, ары қарай өмір сүрмеймін деп айтты деген жалған түсінік. Қожа Ахмет Иассауи пәлен жылдан кейін қайтыс болған. Түнде көшеге шығып отырған. Ол кісі білімнің шыңына жеткені соншалықты, мына дүниенің лас екенін көрді. Айтқанын ешкім тыңдамайтынын көрді. Білімді адамдарды ешкім қадірлемейтінін білді. Содан «мен одан да қылуетке түсіп, трактаттар жазайын» деді. Абайдың қарасөзі қалай басталады? «Мен бала баға алмайды екем, байлық жинай алмайды екем. Мен енді көргенімді, білгенімді қағазға түсіріп, ұрпағыма қалдырайын» дейді. Сондықтан білімді болуымыз керек. Білімді ұлт өзін-өзі қорғайды. Балтық жағалауындағы елдер Совет Одағы кезінде бостандық үшін күресті. Ең бірінші, тәуелсіздікті жариялаған да солар. Кезінде СССР-дің соңғы съезінен шығып кеткендер солар. Өйткені олардың ұлты эстон, латыш, литван ретінде білімді. Ал біздің қазақ ұлты қоғамдық санаға көтерілген жоқпыз. Біздікі қауымдық сана. Он бес адамның бірігіп өмір сүру санасы. Рушылдық, жүзшілдік санасы. Бір мақаламда «Руыңды біл – рушыл болма. Жүзіңді біл – жүзшіл болма. Атаңды біл – аташыл болма» деп жазып едім. Біз осы принципте жұмыс істеуіміз керек. Генерал-губернатор Сперанский деген болған. Сол Николай патшаға қызметтік хаттама жазған. Сол хаттамасында: «қырғыз-қайсақ даласында сексеуіл деген өсімдік өседі екен. Ол өсімдікті балтамен шаба алмайсың, оны бір-бірімен ұрып жарады екенсің. Сол сияқты қырғыз-қайсақтар үш жүзге бөлінеді екен. Оларды бір-біріне ұрып жаруымыз керек» деп жазады. Міне, сол ұғым әлі күнге дейін келе жатыр. Қазақтың мықтылығы неде, қазақ жүз болып ешқашан соғыспаған. – Ғабит Мүсірепов Шерағаңа: «Біз батыстың әдебиеті деп таңданып жүрміз ғой. Батыс жоқтан бар жасап жүр. Ал біз өзіміздегі барды ұсата алмай жүрміз» деген екен. Сіз қалай ойлайсыз?– Өте әдемі сөз. Шындығында да, біз өзіміздегі барды ұсата алмай жүрміз. Горький: «қазақ халқы ауыз әдебиетінің сандығының үстінде тұр» деп айтқан екен. Біз осы алтын сандықты пайдалана алмай жүрміз. Қалағаң: «Орыстарда «Слово о полку Игореве» деген бар. Бар-жоғы екі жүз-ақ жол. Ал бізде қаншама дастандар бар?! Соны пайдалана алмай жүрміз» дейді. Біз бар тілімізді ұсата алмай жүрміз. Еврейлер өліп қалған еврей тілін тірілтіп алды. Біз бар тілімізді өлтіріп жүрміз. Барымызды ұсата алмаймыз. Алла бізге жерді де, ділді де берген. Мықты мемлекеттің екі белгісі болады. Біріншісі, территориясы. Біздің мықты халық болғанымыздың белгісі – территориямыздың алыптығы. Осы территориямыз мықтылығымыздың арқасында сақталып қалды. Ал екінші қасиет, өзге ұлттарды жұтып жіберу, ассимиляцияға ұшырату. Орыстарда бұл қасиет сақталып қалған. Бүгінгі күнге дейін. Біз соны жоғалттық. ХV-XVI ғасырларда Қазақстанға келген орыстар қазақша сөйлеген. Біз жұтып жібергенбіз. Қазір өзіміз орыстарға жұтылдық. Яғни өзіміздегі бар екі тамаша қасиетті Ғабең айтқандай, ұсата алмадық. Мүсірепов ағамның айтқаны рас. Бірақ әлі де ұсатуға тырыссақ, мықты ел боламыз. Үміт бар. Құдайдан үміті бар елміз. Менің Құдайдан үмітім бар. Ертең жақсы ел болатынымызға сенем. Өйткені жақсы балалар өсіп келе жатыр. Ұрпаққа сенбесек болмайды. Сондықтан мен келер ұрпаққа сенем.
19.01.2012
Әңгiмелескен
Гүлзина БЕКТАСОВА