АЗАМАТТЫҚТЫ ЖОҚТАУШЫ

АЗАМАТТЫҚТЫ ЖОҚТАУШЫ

АЗАМАТТЫҚТЫ ЖОҚТАУШЫ
ашық дереккөзі
535

Кезiнде Мұхамеджан Қаратаев қазақ сынының Белинскийi атанып жүрдi. Одан кейiн Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серiкқалиев, Сағат Әшiмбаев сынды ойлары өрелi, тiлдерi өткiр, қаламдары қарымды сыншылар шығып, қазақ әдебиетi сынының көкжиегiн кеңiтiп кеткенi белгiлi. Ал бүгiндерi солардай кiмiмiз бар? «Тура биде туған жоқ» деп тура айтатын, шығарманың iшiнде не барын ғана айтып қоя салмай, не жоқ екенiн де қоса айтып, кемшiлiктерiн бет-жүзiңе қарамай өткiр жазып жүрген сыншыларымыз бар ма? Газеттерде «ондай сыншы да, өткiр сын да жоқ» деген пiкiрлер көптеп айтылып жүр. Мен «сондай сөз айтып жүргендер қазiргi газет- журналдарда жарияланып жатқан шынайы әдеби сын мақалаларды оқымайды» дер едiм.

Жоғарыда аттары аталған, әдебиет сыны майданында дүбірлетіп жүріп дүниеден өткен дүлдүл сыншылардың бір сарқыты сақталып қалыпты. Ол – Жұма Назар Сомжүрек. Мына қызықты қараңыз, сын мәселесі сөз бола қалса, оның атын бір де біреуіміз ауызға алмаймыз. «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, түсініксіз ақ жағдай. Ал, шындығында, қазір сынды одан көп жазып, өткір де ащы айтып жүргендер жоқтың қасы. Оның бізді мына бүгінгі сынымыздағы марғаулығымыздан сергітіп, серпіліс туғызбақ мақсатында жариялап жүрген сілкіністі сын мақала еңбектеріне тоқталуды азаматтық парыз санадық.

Енді Сомжүректің сол сын мақалалары – елеусіз қалдырардай, көңіл аудармастай дүниелер ме екен, соған келейік. «Қазақ әдебиеті» 2010 жылғы 14 мамырдағы санында оның «Ақындар туралы ақиқат» атты сын мақаласын жариялады. Мұнда ақындар туралы айтылатын, айтылуға тиісті сөздердің бәрі айтылған. Ашына да ащы айтқан. Соған бір ақын немесе бір сыншы «мәу» демепті. Үн қатпапты. Сыншы: «…ақындарымыз бұрынғы қаламдас ағаларының ақындығын қабылдап алғандарымен, олардың рухани қолбасылық міндеттерін арқаларына арта алған жоқ» дей келіп, сол пікірін жан жақты дәлелдеп шығады.

Аталмыш газеттің сол жылғы 17 қыркүйектегі санында «Азаматтық жыр алғы сапқа шыққанда» деген тақырыппен ақындарымыздың нарық заманы туып, халықты да, өздерін де аямай қыса бастаған кезде серпіліс танытып, азаматтық жырлар туғыза бастағанына қуана келіп, соларға соны талдау жасайды. Бұл өзі бір сыншы жалғыз жағаласып тауыса алатын тақырып па?.. Тағы да, еш сыншы көтеріліп отырған маңызды мәселені үн қосып жалғастырып әкете алмады. Енді «Қазақ әдебиетінің» биылғы 27 мамырдағы санында ақын Әбжан Әбілтаевтың таңдамалы жыр жинағы туралы Сомжүректің «Арқаның арқалы ақыны» атты толымды сын, болымды пікір айтқан еңбегі жарық көрді. Алдымен айтып өтеріміз, Жұма Назар сыншының – қолға я қарауылға алған объектісіне теңнің екі басындай бірдей қарауы. Барын – бар, жоғын – жоқ деуі. Жоғына жетпегеніне жөн айтып, жол сілтей білуі. Бұл – әділдік. Нағыз сыншыға тәндік. Ісіңе, бойыңа берілген қасиетіңе адалдық. Ұлттық әдебиетіңе туған еліңе, жеріңе жаның ашығандық. Сонымен бірге мынадай жағымпаздық пен жалғандық жайлаған қорқынышты да қорқаулық уақытта шақшадай басыңды шарадай етіп, пәлеге шатып, бәске тігушілік те. Сомжүрек өзінің сын мақалаларында көркемдікпен бірге ақындардың жыр жинақтарынан ең алдымен азаматтық лириканы шырақ алып іздей бастайды. Басты кредосы, негізгі ұстанымы – сол. Арқаның арқалы ақыны Әбжанның сондай өлеңдерін сүйсіне талдап, паш етеді. Ойлы өлеңдеріне ойып тұрып орын береді. Мысал келтірелік:

«Әбжан оқыстан ой тауып айтуға шебер. Сөйтіп, оқырманын ойға қалдырып отырады. Шоқан Уәлихановты орыс достарының айтуымен «аққан жұлдыз» деп атап келдік. Осыған Әбжан ақын қарсы ой тастайды. Шоқан – ағып түсіп, жоғалған жұлдыз емес, қазақ аспанында жарқырап жанып тұрған жұлдыз екенін жыр етеді.

«Жұлдыздар қалады аққан қайта оралмай,

Жарқырап жана алмайды қайта лаулай.

Сен тұрсың ел көгінде жап жарық боп,

Сәулесі түскен жүрек ой табардай», – деп тамаша түйін түйеді».

Ия, айтса айтқандай ақ емес пе.

Өмір-бақи «адам іздеуге жаратылған дәруіш» бұ бейбағыңыз осы тұста нені тапты? Жерден алтын пұшпақты жеті қоян тапқан жоқ – Ақынды, оны тап басқан Сыншыны, ең бастысы Анықты тапты. Соның үшін ақынның алдында да, оны жеткізген азамат сыншының алдында да телпегімізді алып, алдында иілуге әманда әзірміз.

«Ұйқасы құрысын тірліктің,

Ұйқымды менің бұзбаған!»

Ақынның жаны жайсаң да жадыра, сезімтал да сергек, Сарыарқасындай саумал да сері, кең де құштарлы. Сонысымен бірге адуын!.. Сыншы да дәп сондай десек болар ды.

…«Көкжалдар жортқан даладан,

Көшкен жоқ әлі Әбжандар» деген жыр жолдарына сүйсінген сыншы: «Арқалы ақынның адуын мінезін танытып тұрған нағыз көкжал жырдың нақ өзі емес пе. Көкжалдар жортқан даланың көкжал ақыны, намысты ұлы боп, арлы да асыл сөзді жырлар төге береріне өзі қалай сенсе, біз де солай сенеміз» деп түйіндейді

Өткен жиырмасыншы ғасырдың басында Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен шығарылып тұрған «Қазақ» газетінің де ортамызға оралғанына бес алты жылдың жүзі болды, белді де беделді басылымдардың қатарынан ойып тұрып орын алды. Енді осы газетіміздің өткен жылғы 17 18 сандарында Жұма Назардың «Әңгіме туралы әңгіме» және 30 31 сандарында «Көркем сөз бен көбік сөз келіспейді» нәмді өткір пікірлі, шындықтың шымылдығын айқара түрген әдеби сын дүниелері жарияланды. Біріншісінде, мақталып жүрген прозаиктер Қуандық Түменбай, Қуаныш Жиенбай, Несіпбек Дәутайұлы және де бірнеше жазушының әңгімелерін бұтарлап тұрып талдап, қарсы дау айтқызбайтындай аргументтер мен мысалдар келтіре дәлелдеп, оқиғаларының жасандылығын, нанымсыздығын, тіл жұтаңдығын, көп сөзді көпіртушіліктерін, жарасымды диалогтардың жоққа тәндігін және де басқа кемшіліктерін егеулі көк найзаның ұшына алады. Ал екінші сын мақаласында мақтаулы ақындар Жәркен Бөдешұлы мен Тыныштықбек Әбдікәкімұлының түсініксіз өлеңдерін сын садағына нысана етеді. Біз де мысалмен сөйлесек, Сомжүрек – Тыныштықбектің «Ай да туар сақалындай ешкінің» деген «тың» теңеуіне мынадай сын айтады «Күн, ай, жұлдыз – көк аспанымызға көрік беріп, жұмыр жерге ғұмыр сыйлап, жарқырап, сәуле сеуіп, нұр таратып тұрған қасиетті аспан шырақтары. Аруларымызды айға балап, қиғаш қастарын да айға теңейміз. Қара түнді сүттей жарық қылған ай келбетіне қарап тұрып, көркіне көз тойғыза таңданып тұрмайтын ба едік; ай астында алтыбақанда тербетілмеуші ме едік. Сол айды Тыныштықбек сасық текенің шошақ сақалына теңеп, келістіріп жатса, қалайша ара түспейміз» деп теңеудің қисынсыздығын айтады. Бір беттік мақалада осындай осындай көптеген ньюанстарды ашып көрсетеді. Екі мақала да – принципті, ымырасыз сынның тамаша үлгісі. Жәркеннің мықты да мақтаулы ақын екені рас; Тыныштықбектің жаңашыл да жасампаз ақын екені анық. Бірақ сыншы үшін шынайы өз позициясы қымбат…

Енді мына пікіріне қалайша қол соқпайсыз: «Ақындарымыздың, әсіресе жастарымыздың түсініксіз де қисынсыз өлеңдерді бората берулеріне бұдан әрі төзуге болмайды. Сыншыларымыздың көңілжықпастықты доғарғандары жөн. Өлең шығармаларының бадырайып, менмұндалап тұрған өрескел кемшіндіктерін ашып көрсетпеу – достық емес, қастық.» Бұған не уәж айтарсыз?..Көптеген басылымдарымыздың, әсі­ресе мемлекеттің әдеби басты басы­лым­­дарымыздың өлеңсымақтарды жөн жосықсыз жариялай беруі, оларға салиқалы сын айтпауы, қорытынды жасамауы, сыншы айтып отырғандай, «достық емес – қастық». Бұл тағы ненің де белгісі? Әдебиетті жауыр да жайдақ көк есек қып ыңқылдатып мініп алудың белгісі. Әдебиетті – саудаға салып, хан базарға айналдырып жіберудің анық айғағы».

…Арқаның арқалы ақыны былай деп ашыныпты:

Жақсы болса, кім не дейді? Құба құп!

Ұрпағына, руына мұра ғып,

Жатыр қазір жергілікті баспадан

Жұрттың бәрі шатпақтарын шығарып.

Сол шатпақ батпақ өлеңсымақтардың кітап боп, газет журналдарда үздіксіз жарық көріп жатқандарына сыншылардың да кінәсі бар. Тым болмаса, Сомжүректей тағы екі үш сыншы шықса білектерін сыбанып! Сонда біраз жыртық тыртықтарымыз жамалып та қалар еді ау.

Дегенмен қазақы түйткілдерден түңіл­ген­дей болғанымызбен де, қоғамымыз тасбақалап болса да ілгері жылжу үстінде. Бірақ ақын жазушыларымыздың қоғам дамуына ілесе алмай, ескі жұрттың маңайынан айналма қойша айналшықтап шыға алмай жүргендері – өкінішті де қасіретті. Қоғам дамуындағы жетістіктерімізге жүрегіміз жарыла қуанудамыз. Қазақтың марқасқа жігіттері бар екен: ұлттың мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын, келешегін барлайтын, «барын – бар, жоғын – жоқ» деп ашығын айтатын, тоқетері, жалғани классик көсемпайларымыздың жосықсыздықтарын бетқаратпай әшкерелейтін, әдебиетіміздің қоршылығына жүрегі сыздап жаны ашитын. Солардың бірі де бірегейі – бүгінгі азамат сыншы Жұма Назар Сомжүрек пе дейміз. Бүгінгі күні салихалы да сардар сыни еңбектеріне толығынан тоқталып отыруымыз да сондықтан.

Біздің назарымызды өзіне айрықша аударған – Жұма Назардың «Ақын және азаматтық позиция» атты «Жалын» журналының 2010 жылғы 12 санында жарияланған актуальді сыни еңбегі. Сыншының бұл еңбегі – «Қазақ әдебиетіндегі» «Ақындар туралы ақиқат» сынының жалғасы; екеуі бір бірімен егіз қозыдай үндесіп ақ тұр. Алғашқы мақалада ақиқат жалпылай айтылса, соңғысында нарық заманына дейінгі қазақ ақындарының шығармашылығындағы азаматтық лириканың жай күйі қандай дәрежеде болғандығы жан жақты, түбегейлі түрде сараланады. Жиынтығы 14 15 ақынның жыр жинақтарындағы «азаматтық» хал ахуалдың мүшкілдігі нақты мысалдармен түгелденіп жеткізіледі. Ол ақындардың біразы өмірден өтіп кеткен. Солар турасында сыншы былай дейді: «Бұл зерттеу еңбегіміз әдебиет теориясына және қазақ поэзиясының тарихына, оның бір кезеңіндегі жүріп өткен, жырлап өткен жолына қатысты болғандықтан, сонымен бірге ақындарға қойылар қоғам талабы мен тарих талабын айту міндет саналғандықтан, қазір арамызда жоқ, кезінде жарқылдап жүрген қаламдастарымыздың да өлең жырларына соқпай өте алмадық. Тақырыбымызға қатысты азаматтық лириканың олардың поэзиясындағы жай күйіне назар аудардық. Сол қажеттіліктен сыни пікірлер айтуға тура келсе, олардың рухтарына тағзым ете отырып кешірім өтінеміз. Әрқайсысының қазақ поэзиясы тарихында алған өз орындары бар. Сол орындарынан қозғамақ емеспіз».Осы жолдардан азаматтық тақырыпты қаузап отырған сыншының өз азаматтығын көргендей боласыз. Көресіз.

Жұма Назардың осы үшбу мақа­ла­сын­дағы маған ерекше әсер еткен және барша ақындарға кеңес сабақ боларлық ой пікірі – Абай туралы айтқандары. Абайға арнау арнамаған, ұстаз тұтпаған, өзін шәкірт санамаған ақын жоқ деуге болар. Соны айта келіп, сыншы мынадай аталы сөз туындатады: «Абайдың шәкіртімін деп есептеген соң, ұстаз өнегесі мен өсиетіне сай шәкірт бола білу керек емес пе. Абайға шәкірт деген сөз – адамдар ауруымен Абайша ауырып, «қалың елі қазағы, қайран жұрты» үшін Абайша қайғырып, қапа болып, ел үшін еңіреп улы жасыңды төгу, надандықпен ымырасыз күресу, яғни адам үшін алысып, күрескер азамат болу деген сөз» деп тұжырымдайды да, ақындарымыздың Абайды сөз жүзінде ғана ұстаз тұтатынын, Абай ауырған адам ауруларымен де, қоғам ауруларымен де ауырмайтындықтарын, Абайдың күресін де, сол жолдағы бейнетін де көргілері келмейтінін, Оразбайлардан таяқ жегісі жоқ екенін, одан да өлеңін жазып жайымен, момын тірлік кешіп жүре бергенді құп көрерліктерін айтып, нақты мысалдармен әр пікірін шегелеп отырады; ара жігіне сынық сына қаға алмайсыз. Есениннің иті туралы өлең жазған бір ақынның қап қалың жыр жинағынан азаматтық лирика таппағанына қынжылады. Шынында ашынарлық емес пе.«Заман қайда барғанда жұмысым не?

Басты шатпай, аулақ жүр құрысын де!..»

Ақындардың бірінің осынау екі жолына сыншы былай деп жауап қатады: «Бұл – Бекеннің ғана ақындық позициясы емес, басқа да көптеген ақындарымыздың позициясы һәм ұстанымдары» деп солардың көпшілігінен кеселдермен кектескен күрескерлік жырларды көре алмағанын, басқа тақырыптардың бәрі бар, бірақ өзі жоқшысы болып отырған азаматтық лириканың екі аяғынан бірдей ақсап тұрғанын нақтылайды.

«Абайдай ақын болудан бәрісінің дәмесі бар. Абай ақын болмас бұрын, алдымен азамат болған, адамдар ауруымен ах ұрып ауырып, оларды сол дерттерден қалай айықтырамын деп алысқан» деген сөзі ақындарымызға терең ой салуы тиіс ақ. Енді мына тың да дөп пікір тұжырымына құлақ түріп көрелік: «Екі Абай бар. Оның бірі – ақын Абай, екіншісі – Азамат ақын Абай. Егер Абай өлеңдерін мазмұнынан бір сәтке бөліп алып қарар болсақ, онда – өлең техникасын жетілдіріп жыр жазуда көп ақындарымыз Абайдан көш ілгері кетті деу­ге болар. Яғни ол жағынан Абай ақынның алдына түскен ақындарымыз көп; бірақ азамат ақын Абайдың алдына түскен ешкім жоқ. Оның әзірге ешбір ақынды алға оздырмай тұрғаны – жырларының идеялық, биік адамгершілік мазмұнында; өлең жолдарында сайрап жатқан адам үшін арпалысқан азаматтық асқақ тұлғасында.»

Сөйтіп, Сомжүрек азамат сыншы бұл күнге шейін Абайды жалаң жырлап, жалаң еліктеп, азамат ақын Абайды дұрыстап тани алмай жүргенімізді қадап көрсетеді. Ал енді, осыған қарсы уәж айтар кімнің дәті бар.

Сын жанрындағы Жұма Назар Сомжүректің басты бағыты, кредо­сы – «Азаматтық».Ең бірінші, ақын жазушылардан «азаматтық ұстаным – позиция» іздейді, сонысына үңіледі, қопара қаузайды. «Неге» екендігі өз өзінен түсінікті ғой.

Сыншы өзінің «Ақын және азаматтық позиция» деген – жақын өткеніміз бен бүгінгі ақындарымыздың ақындығы һақындағы көлемді сын зерттеуінде: «Ауыр да болса ашығын айтып, жасырмай мойындауымыз керек, сол кезеңде қазақ ақындары сол біз сұрау салып отырған азаматтық кемел шақты жоғалтып алған. Бұл бір адам іздеп табатын жоқ емес. Біздің міндетіміз – сол жоқты тап қазір тауып беру емес, соның шын жоғалғанын дәлелдеп беру» дейді. Құдайшылығында, не деген ауыр да азапты, дөп те дәру сөз!

Енді, оның ақындарымызға айтқан қадау қадау сын сөздерін кезек кезегімен беріп көрелік:«Ақын Исрайыл Сапарбаев «Қызыл жел» жыр жинағында елуге жетпей жатып:

«Кетті ме екен желге ұшып желік,Өтті ме екен бір тойым менің?» – деп торыға бастайды.

«Шаштағы қар, мазалап бастағы мұң,Қарлығуға айналды асқақ үнім,» – деп жаңа ғана жігіт ағасы болған шағында қырға да, қырымға да қарар ер жасында самайдың ағын, бастағы мұңын айтып санамен сарғаяды.»«Ал Сабырхан Асанов болса өзінің елуге келгенін барша әлемге жариялап тұрып, келесі жырында: «Жасы ұлғайған жігіттер, қиын бұл екен адамға,

Көңіліме ешкім қарамас, қайтейін елді жамандап.

Қайтіп бір осы қалды ау деп, қабағыңа көз салып,

Басыңнан ешкім сипамас, тұрсаң да қанша алаңдап,» – деп бейне бір сексенге келіп селкілдеп, сары төсек боп жатқан кәрі шалдар секілді, тіптім жетім бала секілді біреулердің келіп басынан сипап аяушылық білдіруін тілейді… Айқын азаматтық позициясы бар ақын елу жас түгілі, екі елуінде де мұндай күйрек жырларды жазбайды…Дәл Сабырханның жасында Абай не деп жыр жазып еді:Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға алар.

Кектеніп надан зұлымға,

Шиыршық атар толғанар.

…Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл.

Не жазып кетсе жайы сол,

Жек көрсеңдер өзің біл, – деп ер жасы – кемел шақтың шың басына шығып тұрып, сол биіктен ұлы даласының көкжиегіне қыранша көз салып тұрып, сол ұшы қиырсыз ұлы далада қыс қыстап, жаз жайлап, ұбап шұбап, көшіп қонып жүрген қазақ деген қалың елі, қайран жұртының бүгіні мен болашағын ойлап пұшайман болады; сол үшін мұң мен зарды қолға алып надандық пен зұлымдық секілді кеселдерге кектеніп, шиыршық атып ширығады; сексен серпіліп, тоқсан толғанып ызалы жүрекпен, ащы тіл, долы қолымен күреске шығады. Ешкімнің бет жүзіне қарамайды. Ақиқатты, ащы шындықты айтып, ашық майданға шығады.»

Бұдан артық не деуге де болар…

Жұма Назар айтарын «жылан інінен шығардай» жып жылы қып немесе «майдан қыл суырғандай» қылаусыз жеткізе отырып, анығында, түп негізінде, білдірместен сойып та, сілейтіп те салады. Біз сыншының осынау сын зерттеуіндегі барлық ақындарымызға бағыштаған «үшбу сәлемдерін» түгелдей тізбелеп жатпаймыз. Ендігісі, барша ымға түсінетіндерге белгілі болса керек ті. Себебі азамат сыншы сол тізбелеген ондаған ақындарынан «азаматтықты» таппай, құр босқа ұзақ сонар қайталаудан әбден шаршаған.

Жұма Назар қазақ поэзиясындағы азаматтық тақырыптың ақсап жайрап жатқанына көз жеткізіп қана қоймайды, оның күрескерлік рухының әлсіздігінің бас­ты себептерін анығынан көрсетіп, өзінің нақты вердиктін – түйіннәмасын алға тартады. Қараңыздар:

«Бірінші себеп – ақындардың азаматтық жыр жөніндегі түсініктері тым қарабайыр болды. Олар: революция, Ленин, компартия, туған жер, Отан, ғарыш, тың, соғыс пен бейбітшілік, достық пен махаббат туралы жырлар жазсақ, азаматтық тақырыпқа қалам тартқанымыз, сол жеткілікті деп білді. Міне, осындай қарабайыр түсініктің салдарынан – патетикалык, жалаң ұраншыл, әсіре революцияшыл, мадақ өлеңдер ақындардың жыр жинақтарының тұздығы саналып келді.

Екінші себеп – көпшілік ақындарда қоғамдық, саяси әлеуметтік көзқарастар қалыптаспаған, айқындалмаған. Айқын қоғамдық көзқарасы жоқ ақында айқын азаматтық позиция қайдан болсын?.. Ақындар қашан да штаттан тыс мемлекет пен қоғам қайраткерлері. Бұл қоғамдық қызметті ақындардың арқасынан ешкім алып тастаған жоқ. Алып тасталынбайды да…Үшінші себеп – ақындардың ақындық міндеті «өлеңді күндіз түні өндіріп жаза берсек болды, сол – халыққа зор қызмет еткендік» деп сыңаржақ түсінетіндіктерінде.

Төртінші себеп – сыншылар тарапынан азаматтық позицияға назар аударылмады, сұраныс жасалынбады, талап қойылмады, ақындарға бағыт бағдар берілмеді…»Сыншының «себептерін» қыс­қар­тып қысқартып қана беріп отырмыз ғой. Себебі бұл жерде, қандай да бір комментарийіңіз де артық – уақытқа қиянатшылдық шығар. Деген де, сыншының «сыншылар» жайлы айтқандарын түртер жерлерімізге айрықша бекітіп қойғанымыз оңды болар. Енді себептердің түйіннәмасын да үзік үзіктеп келтіріп өтелік:

«Сыншылар болып, басқа да әде­бие­т­ші­лер болып, бұл күнге дейін ақындардың өлең жырларына бір жақты баға беріп келген екенбіз. Ол біржақтылық – өлең жырлардың көркемділігі (оның үс­тіне, көбінесе саясиланған). Ақындарға өлеңіңде ең бастысы көркемдік болсын, олардан түрлі түрлі гүлдердің иісі шығып тұрсын, ол болмаса өлең емес, шөп дедік. Ал ақынның жыр кітабын тұтастай қарастырып, оның идеялық мазмұнына, ақынның тұғырнамасына, ұсынар концепциясына, азаматтық арман, мұрат мақсаттарына назар аудармадық. Сөйтіп, ақынның өзі халқының бір азаматы есебінде, қоғам қайраткері, тұлға ретінде қандай адам екені көрінбей, өлең көркемдігі деген бояуы мен ою өрнегі көзді арбап, сан құбылған перденің тасасында, соның көлеңкесінде қалды… Ақынның ішкі жан дүниесіне үңілмедік. Оның көрік кеудесінде бұрқ сарқ етіп қайнап жатқан не нәрсе? Онда жұмысымыз болмады (болдыртпадық). Қысқасы, ақындар адам, азамат есебінде сыншыларды қызықтырмады (қызықтағымыз келмеді)… Сөйтіп, бұл төртінші себепті тудырушылар – сыншылар екені анық. Өлеңге тек таза өнер деп қарау тоқтамай келеді. Содан барып, поэзияның күрескерлік рөліне ақындардың қоғам қайраткерлігі қызметіне сыншылар назар аудармай, мән маңыз бермей жүр. Ақынды азамат есебінде де танып, таныту керек екенін сын мүлдем ескермеді.»

Азаматтық – өзін «адаммын» дейтін кім кімнің де басты ұстанымы һәм парызы да қарызы да болуы тиіс екені айдан анық қой. Бұған ешбір дені саудың дауы жоқ болар.

Сомжүрек – сыншы ғана емес, өзі ақын, әрі көсемсөз шебері. Қай мақаласын қолға алсаң да сүйсініп оқисың; көп көп ой түйесің. Оның – ақын қыздарымыз Ақұштап Бақтыгереева мен Фариза Оңғарсынованың лирикалық өлеңдеріне талдау жасаған зерттеулік мақалалары да «Сын» журналында һәм орталық басылымдарда соңғы жылдары жарияланған.

Жұма Назардың әзірге соңғы екі сын шолуы турасында да бір екі ауыз сөз айта кетуіміз керек. «Үш қоңыр» газеті: «Ашынғаннан шығады ащы даусым» және «Мүшәйра – мазақ һәм «тойымсыздар тобы» хақында». Біріншісі – Мұқағалидың 80 жылдығына арналған аламан бәйгесінің жеңімпаздарының өлеңдеріне жасаған қынжылысты «керталдауы». «Жақсыңды кім әкетер, жаманыңды айт» немесе «той – той болмады, бала шаға жеп кетті» дегендей, Жұмекең бұл сын шолуында «жеңімпаз» ақындардың «өрескел кемшіліктеріне» (негізінен, ұйымдастырушылардың өрескел кезекті «күлше таратушылығына») тоқталған. Сондықтан онсыз да жүдеу жаныңды одан сайын жегілер бұл мәселеге сөз шығындап, уақытымызды алмадық.

Солай деп айтқанымызбен, болмады. Екіншісі – Жазушылар одағының мүшәйра төңірегіндегі жосықсыздығына деген жан шырылы. Жан азабы. Біздің де жанымыз шыдамады. Жұма Назардың өзінен үзінділер келтірелік:

«Соңғы жылдары мүшәйраларды өткізуде Қазақстан Жазушылар одағының өрескел келеңсіздіктерге жол беріп жүргені, «мүшәйра номенклатурасы» деген топ пайда болып, жүлделі орындардың қақпақылға салынып, өзара бөліске түсіп отырғаны сынға алына бастаған ды. …Мен Алматыға телефондап, Мұқағалидың мерейтойына орай жарияланған жыр мүшәйрасының жүлдегерлерінің өлеңдерінің неге жарияланбағанын сұрағанда, олардан: «Тойымсыздар тобы» жүлделі орындарды өздері бөлісіп алып жатыр, өлеңдерінің жақсы жаманына қарап жатқан жоқ. Жарияласа арттары ашылып әшкере болады ғой!» деген жауап алдым.»

Азамат сыншы Жұма Назар Сомжүрек – өзінің әрбір сөзін бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп отырады…«Мен жыласам, қатты жылаймын» дегендейін, мына «қазақы тірліктер» жайлы біз сөйлесек тоқтамай сөйлерге болар ақ еді, бірақ Жүкеңнің сөзімен тоқталық дедік. Тек, бір ауыз айтсақ: Мүшәйраға бөлінген ақша (хұкіметтікі болсын, демеушілердікі болсын) – түптің түбінде – халықтікі, елдікі; олай болса, оны талан таражға салу – ұят-ақ.

«Жазушы» баспасы сыншының жоғарыда біз сөз еткен мәнді де мағыналы сын мақалаларының толық нұсқасын кітап етіп шығарып жатса, баршамызға да пайдалы, әрі азаматтық іс болар еді ау дейміз…Сомжүрек – «көсемсөзші» дедік, шын сыншы солай болуы керек те. Шын, нағыз сыншы әдебиеттің ғана емес, қоғам, әлеумет сыншысы да болуы тиіс. Жұма Назардың «Түркістан» газетінің 2010 жылғы 11 қарашасындағы санында «Социализмді сағынып жүрмін» деген қаламгерлер мен қоғам қайраткерлерін, саясаткерлерді полемикаға шақырған қызықты мақаласы жарық көрді. Оған Шарафат Жылқыбаева есімді жапон тілінің маманы ғана қолдап үн қосты. Ақын жазушылардан бір де бірі тырс етпеді. Ал онда, «орнатқанымыз қай қоғам, социализмнен біржолата бас тартқанымыз жөн бе еді, енді мынау жабайы капитализмді жетілдіріп, оны қалай адами капитализмге айналдырамыз» дегендей түйткілді мәселелер қозғалған. Сөйтсек бізде Сомжүрек көтерген осы мәселелер Жапон елінде жиі сөз болып, кеңінен талқыланып жататын көрінеді. Оны Шарапаттың мақаласынан оқып білдік. Осыдан ақ, бізде қоғамдық ойдың қалғып мүлгіп жатқанын көруге болады.

Енді, барша имани пенделерге де айтылар түйін де түбір сөзімізге кезек берелік: Ауызша да болса, қаншасы қай жерлерде қалып келсе де, соңына соншама теңдессіз нақыл сөздер қалдыра білген қазақтай басқа халықты бұ пақырыңыз ешқашан да, ешқалай да, естіп те, көріп те білмепті! Бұл өзі «феномендік» – әзірге тылсым ды құбылыс болса керек ті. Сонымен бірге, «заманауи қасіретіміз», сол айтқан теңдессіз нақыл сөздерін өздері титімдей де іске асырмаған қазақтай басқа бір халықты да ешқашан, ешқайдан, естіп те, көріп білмеппіз! «Ымға түсінбеген – дымға түсінбеген», «Тура биде туған жоқ», «Сын түзелмей – мін түзелмейді», «Сын болса, шын болсын», «Жүйелі сөз – жүйесін табар», «Аталы сөзге – арсыз таласар», «Барыңды – бағалай біл»… Міне, бүгінгі әңгімемізге қатысты аталы сөздердің бір парасы. Қазақы қысқалығымыз сол – бойымызға тұтынбайды екенбіз. Сол сөздерді желең айтып, желдіртіп жүре береді екенбіз.

Қазақ! «Бағыңның бәсі – барыңды бағалап, базарлай білуіңде» деп біз де сөзімізге нүкте қойдық.

19.01.2012

Игiлiк ӘЙМЕН,

жазушы

Астана қаласы

Серіктес жаңалықтары