АППАҚ ОТАУ ЖАРАСАР КЕҢ ҚОНЫСҚА...

АППАҚ ОТАУ ЖАРАСАР КЕҢ ҚОНЫСҚА...

АППАҚ ОТАУ ЖАРАСАР КЕҢ ҚОНЫСҚА...
ашық дереккөзі
586

Жуырда «Мир» телеарнасынан Болливуд түсiрген «Бұл жұпты Алла жаратқан» («Эту пару создал Бог») атты үндi фильмiн көрсеттi. Фильмнiң режиссерi – Адитья Чопра. Басты рольдi үндiнiң белдi актерлерiнiң бiрi – Шакрукх Кхан сомдапты. Бүгiнде қалың көпшiлiктiң сүйiктiсiне айналған актер аталмыш фильмде тағы бiр қырынан көрiнген екен.

Үнді фильмін неге тілге тиек етіп отыр деп ойлайтын да шығарсыз. Біздің айтқымыз келгені, үнді филь­мінің қалай түсірілгендігі емес, осы фильм арқылы үнді отбасының береке-бірлігін, құндылығын қалай сақтап қалғандығы… Яғни үнді режиссері Адитья Чопраның «Бұл жұпты Алла жаратқан» фильмі арқылы бүкіл үнді отбасына негіз болатын дүниені насихаттап отырғандығы, яғни отбасының құндылығы. Біз бүгінде отбасы құндылығы дегенді қалай түсініп жүрміз? Бүгінде әлем отбасы мәселесінде көп дүниені жоғалтып отырғаны белгілі. Соңғы кездері, отбасын сақтауда, бала тәрбиелеу мәселелерінде ұлттық құндылықтардың көбін жоғалтып алып жатқанымыз жасырын емес. Әсіресе, батыс бұл мәселеде көп зардап шегіп отыр. 60-80 жылдары Батыс әлемінде субмәдениеттің кең қанат жайғаны баршаға мәлім. Субмәдениетті насихаттаушылардың өзі бүгінде сарытісті қарияға айналған, ақсақалдықтың күйін кешіп отыр. Уақыт көшімен христиандық, еуро­палық мәдениеттен жырақтап кет­кендіктен, батыста отбасы құндылығы тозудың аз-ақ алдында тұр. Ерлі-зайыптылардың жиі ажырасуы, де­мографиялық тоқырау – Батыс үшін ауыр дертке айналған. Осындай қиындықтардың бәрін елеп-ескерген үнді режиссері, отбасын сақтаудың жолы бір көргеннен ғашық болу емес, бірін-бірі құрметтеу, бірін-бірі ардақтау, бірін-бірі шын сүю деген идеяға алып келеді.Сонымен, үнді фильмі отбасы құндылығы туралы не дейді?! Жаңадан қосылған Суриндера Сани (Шахрукх Кхан) мен Таани (Анушка Шарма) есімді бойжеткен бір-бірін танып үлгермей жатып, отау көтереді. Өлер алдындағы Таанидың әкесінің өтінішін жерге тас­тай алмаған екі жұп бас қосты. Отбасы деген не? Таанидың қалауы осы ма еді. Жастық арманы, жастық мақсаты басқа еді ғой бойжеткеннің. Оның өлердей сүйіп ұнатқаны не? Би. Үнді биі. Болашақ жарын бір көргеннен ұнатқан Суриндера жас келіншегінің қалауы үшін бәрін жасауға даяр. Ал Таани өз күйеуін сүйіп қосылған жоқ. Можантопай, біртоға күйеуі туралы ештеңе де білмейді. Бірақ тағдырдың жазғаны сол. Әке аманаты деген тағы бар. Жас келіншектің қалауына қарсы тұра алмаған күйеуі оның өз еркімен өмір сүруіне жол береді. Сөйтіп, Таани өзі қалаған би байқауына жазылады. Әрі өзінің жүрек қалауы би билеуді жалғастырмақ болады. Үйінен таба алмаған сезім жылуын сырттан іздегісі келеді. Сонда күйеуі не істейді?! Әйелі үшін үйдегі можантопай, біртоға күйеу бір сәттің ішінде басқа адамға айналады. Әйелінің бидегі серіктесі. Бір адам, бірақ екі бөлек бейне. Бірі – өз ісіне адал берілген, жас келіншегіне өлердей ғашық еркек болса, екіншісі – биге де икемі бар, өмірге жеңіл қарайтын, кез келген дүниеге оңай қол жеткізе алатын, қалжыңбас, сүйкімді әріптесі Радж. Екеуі бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, қарама-қайшылықты образдар. Соңыра, Тааниге таңдау жасау керек… Оның қалауы кім? Өзінің адал қосылған жары Суриндера Сани ме? Әлде бидегі әріптесі, әрі сүйгені Радж бола ма? Жас келіншек екіге жарылған өмірінде таңдауды қалай жасайды? Мәселе осында. Бірақ соңында Таани құдай қосқан жары Суриндерамен қалады. Фильмнің идеологиясы да осы. Яғ­ни отбасының қазығы – ер азамат еке­нін көрерменіне ұқтырып отыр. Ер азаматының сүйіспеншілігін аттап кете алмаған сүйген жар отбасының берекесін сақтап қала білді. Ол үшін сүйген жар дегеніміздің өзі отағасы екенін ұқты. Әйел – еркектің қабырғасынан жаратылған демеуші ме еді. Осылайша, режиссер қаншама отбасы зардап шегіп жатқан құндылықтың бастауы неде екенін ұқтырды, соны көрерменіне сездірді. Идеология дегеніміз де осы емес пе? Фильм арқылы әуелі ұлтты, сосын әлемдік көрерменді тәрбиелеу. Әрі үнді отбасы үшін басты қажеттілік не екенін әлемге ұқтыру. Осы тұрғыдан келгенде, үнді режиссері Адитья Чопраның да көздеген мақсаты осы. Ерлі-зайыптыны бір-біріне қосатын Тағдыр. Тағдыр дегеніміз – Алланың жазуы. Қазақтың әжелері бұрындары үнемі «Құдай қосқан қосағым аман болсын!» деп тілеу тілейтін. Әжелердің де, аналардың да тілеуі осы емес пе еді? Ендеше біз неге сол құндылықты жоғалтып алдық?! Бір кездері, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» – деген екен. Батырдың сол кездегі қорқынышы түстен өңге айналып бара жатқандай. Бүгінде бесік жырын айтайтын келіндер де, ертегі айтатын әжелер де жоқтың қасы. Соңғы кездері, өзге ұлтты қайдам, қала қазақтарының дәстүріне айналып бара жатқан айтулы күндер бар. Мәселен 07.07.07 немесе 09.09.09 деген сияқты күндерде отбасын құруды да сәнге айналдырдық. Отбасын құрғысы келген екі жастың ақ тілеуі болған соң, жарасымды дүние ғой деп көңіл бөлуді де қойған едік. Ең қызығы, өткен жылғы оқиға болды. Сондай айтулы күндердің бірінде, яғни 07.07.07-де неке қиған жас жұбайлар арада төрт жыл өткенде 11.11.11 күні ажырасуға бел буыпты. Бұл не еркелік сонда? Жетінші шілдеде жетінші жылы некесін қиғанын дұрыс делік, ажырасу үшін де осындай күнді таңдауын неге жатқызамыз? Еркелік пе, әлде даңғойлық па? Бұл жерден біз қандай құндылықты көре аламыз? Отбасын сақтауға тырысудың орнына, ажырасуға дайын тұратын жастар көбейіп кетті. Мәселен 2007 жылы республика бойынша 143 мың 804 адам неке қиған. Ажырасқандар саны – 35 мың 634. 2008 жылы 133 мың 170 шаңырақ көтерілсе, 35 мың 249 отбасы ірге бөлген. Бас қосу фактісі бәсеңсігенмен, ажырасу көрсеткіші дес берер емес. Демек, батыста дертке айналған мәселе, бізде де жыл сайын белең алып бара жатыр. Қарап отырсақ, бас қосқандарға қарағанда, ажырасуға арыз бергендердің саны белең алуда. Осыншама мың отбасы іргесін бөлектетсе, осынша отбасында қаншама бала не әкесіз, не шешесіз өмір сүріп жатыр деген сөз. Осыдан бір жыл бұрын Жерорта теңізінің жағалауына отбасы құн­дылығына байланысты әлемдік сарапшылар, ғалымдар, жазушылар бас қосып, осы мәселенің шығу төркінін анықтауға тырысқан болатын. Сол кезде сөз алған Түркия Жазушылар одағы Қорының төрағасы Мұстафа Ешил: «Біз Адам ата мен Хауа ананың ұрпағымыз. Яғни баршамыз Адамзат деген тұтас дененің бөлшегіміз. Тегінде, отбасы институтын тек биологиялық құбылыс деп айтсақ қателесеміз. Өткен ғасырда пайда болған базбір философиялық ағымдардың отбасы мен әйел хақындағы тұжырымдары талай шаңырақтардың шайқалып, жетім-жесірлер санының күрт артуына, әке-шешелеріміздің қарттар үйіне тоғытылуына әкеп соқтырды. Түркі ха­лықтарының дүниетанымында от-­басыны «ошақ» деп атайды. Ал «ошақ» — тек ас-ауқат дайындайтын орын емес, сонымен бірге, мейірім мен нәзіктікке баулитын мекен. Қара басынан басқа ешкімге пайдасы тимейтін индивидтерді көргенімізде, олардың «отбасы» атты лабораторияның илеуінен өтпегенін байқаймыз. БҰҰ алдағы елу жылда адамзат баласының саны тоғыз миллиардқа жететінін болжап отыр. Сондықтан осы санның сапаға айналуы үшін қазірден бастап «отбасы» ісіне асқан жауаптылықпен қарауымыз қажет», – дегені бар еді. Әлем неге отбасы құндылығын сақтай алмадық деп зар илеп жатыр. Бәрінің себебін отбасы дейтін ұғымнан ажырап бара жатқандығынан іздейді. Отбасы болмаған жағдайда, жетімдер мен жесірлер көбейеді. Жетім бала көбейген соң, жетімдер үйі қаптайды. Ана мен әкенің тәрбиесін көрмеген, мейіріміне бөленбеген ұрпақ ертең мемлекеттің, ұлттың тізгінін қалай ұстамақ?! Әрбір мемлекеттің ең басты құндылығы – адам екені анық. Ал адамның құндылығы – жүрегіндегі адамгершілік, аяушылық, имандылық сияқты сезімдер. Сондай мейірімнен ада, отбасының байлығын сезінбеген тастанды балаларға әлемнің бар байлығын жинап берсең де, ата-ана, отбасының орнын толтыра алмайды. Мемлекет жетімдерге үй – Отан бола алар, бірақ отбасы бола алмайды. Кейбір әлеуметтанушылар отба­сының бұзылуына, шаңырақтың ыдырауына себепкер болатын түрлі факторларды айтады. Әуелі қаржылық жағдайлар, әлеуметтік мәселелердің көбеюі отбасының бұзылуына әкеп соқтыратынын да тілге тиек етеді. Шын мәнінде, шаңырақтың берік болуы, отбасы құндылығының жоғары болуы көбіне-көп екеудің өмір құн­дылықтарын қабылдау деңгейімен тығыз байланысты. Екі жас отбасы құндылығын қалай түсінеді, қалай бағалайды, осыған байланысты. Бұрын қазақ халқында ажырасу деген мәселе болмаған. Олар бәрінен де отбасы бірлігін жоғары қойған. Қандай қиын кезеңде де, зұлмат уақытта да баланың бақыты үшін шаңырақты сақтап қалуға тырысқан. Біз отбасы құндылығын ұлттық құндылықтардың ажырамас бөлігі ретінде қарастыра алмай жүрміз. Жастарымыз босаға киесін ұлықтай алмайтындай халде. Жастарымызға, жалпы, ұлттық салт-дәстүрге негізделген отбасының рөлін сіңіре алсақ, онда халқымыздың санын арттыруға да мүмкіндік алар едік. Әуелі оған мемлекет тарапынан арнайы тетіктер керек. Ол тетіктер отбасын қолдауға бағытталса, берік отбасын құруға жастарды ынталандырар еді. Отбасы құндылығын сақтау арқылы саналы азаматтар тәрбиеленген адамгершілікті қоғам құруға мүмкіндік туады. Отбасын сақтау – мемлекеттің идеологиясы болуы керек. Кеңестік идеология отбасын сақтауды басты назарда ұстады. Олар тіпті партиядан шығаруға дейін барды. Белгілі бір жүйе, белгілі бір тәртіп болған жерде босаға берік, шаңы­рақ шайқалмайды. Америкалық жазушы Патрик Бьюкенен өзінің «Батыстың ажалы» атты еңбегінде: «Америка, Еуропа және Жапония мемлекеттері ғылым мен технология, экономика және қару-жарақ дайындау салалары бойынша басқа елдерді әлдеқайда басып озып кетті. Дегенмен Шығыс әлемі Батыс өркениеті бағалай алмаған құндылықтарды сақтап қала алды. Ол құндылық – отбасын құру, ұрпақ өрбіту, бала тәрбиелеу» деп жазған екен. Біз Патрик Бьюкенен айтқан, отбасы құндылығын сақтап қалуды, жоғалтып алмауды алдыңғы кезекке қойғанымыз абзал. Үнді режиссері Адитья Чопраның «Бұл жұпты Алла жаратқан» деуінің сыры жоқ емес. Құдай қосқан Жарынан айрылмаудың, отбасын сақтап қалудың жолы Отағасында ғана емес, Отанасының да қолында. Ақылды әйел бесікті ғана емес, Әлемді де тербетеді…

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары