МӘЖIЛIСТIҢ ҚҰРАМЫ КӨҢIЛДЕН ШЫҒА МА?

МӘЖIЛIСТIҢ ҚҰРАМЫ КӨҢIЛДЕН ШЫҒА МА?

МӘЖIЛIСТIҢ ҚҰРАМЫ КӨҢIЛДЕН ШЫҒА МА?
ашық дереккөзі
299

Ертең, яғни 27 қаңтарда Парламент палаталарының бiрлескен отырысында Елбасы жыл сайынғы дәстүрлi Жолдауын жасамақ. 2012-2013 жылдары бүкiләлемдiк дағдарыстың екiншi толқыны келуi мүмкiн деп күткен Қазақстан биылғы жылды саяси оқиғалармен бастады. Мәжiлiс сайлауын өткiзiп, үш партиялы Парламенттi жасақтады.

АЛ ҮКІМЕТ БІР ПАРТИЯДАН ЖАСАҚТАЛДЫ

Қазақстан тарихында тұңғыш үш партиялы Парламент жасақталғанмен, «Нұр Отаннан» кейінгі орынға табан тіреген партиялар арасынан атқарушы билікті жасақтауға ешкім қатыспады. Әлемнің бірқатар елдерінде Парламентте екінші орынға табан тіреген партия Үкіметті жасақтауға және Парламенттегі фракцияларды басқаруға қатысатын дәстүр бар. Осыны ескерген болуы керек, сайлау алдында Президенттің саяси кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «сайлауда екінші орынға табан тіреген партия Үкіметті жасақтауға қатыса алады» деген болатын. Мәжіліс спикері ретінде Нұрлан Нығматуллин өз өкілеттігін пайдалана отырып, спикердің орынбасары ретінде бұған дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Ақмола облысының әкімі болған Сергей Дьяченконы ұсынды. Палатадағы қалған басшылық қызметтегілердің барлығы да «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттар. Бір таңданарлығы, «Ақ жол» партиясы мен Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының жетекшілері өз партиясы атынан ешқандай үміткерлерін ұсынған да жоқ, спикердің ұсынған үміткерлерге қарсылық та танытпады. Сөйтіп Әлеуметтік-мәдени даму комитетін Дариға Назарбаева, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетті Ромин Мадинов, Қаржы және бюджет жөніндегі комитетті Гүлжан Қарағұсова, Халықаралық істер және қауіпсіздік пен қорғаныс жөніндегі комитетті Мәулен Әшімбаев, Экология және табиғи байлықтар жөніндегі комитетті Сейітсұлтан Айымбетов, Заңнама және құқықтық реформа жөніндегі комитетті Рахмет Мұқашев басқаратын болды.

МӘЖІЛІСТІҢ 65 ПАЙЫЗЫ – ЖАҢА ДЕПУТАТТАР

Мәжілістегі 107 орынның 83-і – «Нұр Отан» партиясынан, 8-і – «Ақ жол» партиясынан, 7-і – Халықтық коммунистік партиядан, 9-ы – Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің жаңа құрамы әйелдер саны жағынан, жастар мен аймақ өкілдері жағынан және ұлттық құрамы жағынан теңгерімді деп мәлімдеді.

Бұған дейінгі Парламентті саясаттанушылар «қуыршақ» Парламент атап келгені белгілі. Бір партиядан жасақталған Мәжілісте атқарушы биліктің ұсыныс пікірлеріне қарсы шығып, өздерінің ой-ұсыныстарын табанды танытатындардың қарасы аз болды. Керісінше бұл құрамда ұлттың қабырғалы проблемаларына қырын қарайтындар табылып жатты. Айталық, Мәжілістегі ең жас депутат Тәңірберген Бердоңғаров өткенді аңсайтындығын, тәуелсіз Қазақстаннан гөрі, Кеңестік империяны көксейтіндігін бір емес, бірнеше рет депутаттарды 23 ақпан, Кеңес армиясының құрылған күнімен құттықтауы арқылы танытты. Мәжілістің жаңа құрамында Тәңірберген Бердоңғаровтың есімі қайта жаңғырды. Демек ол алдағы 5 жылда осы идеясынан бас тартпайтын болады деген сөз. Кезінде оның осы өрескел қылығына тыйым салып, қарсы болған Амангелді Айталы, Бекболат Тілеухан секілді ұлттың сөзін сөйлер азаматтар бұл құрамда жоқ. Ал Амангелді Айталы «Ақ жол» партиясының партиялық тізіміне енгізілгенде, «Ақ жол» партиясы ұлтшылдардың аманатын арқалап, Желтоқсан көтерілісінің қайраткерлерімен кездесу өткізген кезде біздің ақ үмітіміз тағы оянған еді. «Ақ жол» партиясының тізімінде ел таныған ақын-жазушылар Исраил Сапарбай, Смағұл Елубай, Қазыбек Исаның болуы да көңілімізге дем бергені анық. Алайда 8 адамды үкілеген «Ақ жол» партиясының атынан сайланғандар арасында тек кәсіпкерлерді ғана көріп отырмыз.

Былтыр Павлодар мен Петропавлдың атын қазақшалау жөнінен бастама көтеріп, қазақ-орыс басылымдарында біршама тақырыптың жазылуына түрткі болған Жарасбай Сүлейменов те Мәжіліс депутаты болудан бас тартты. Бүгінгі құрамда қазақ көші-қонының мәселелерін жиі көтеретін, этникалық көші-қон мәселелерін егжей-тегжейлі білетін жанда көзге іліне қоймады.

Қазір қазақ мәселесі көлденең тұрса қолдау табамыз-ау дейтіндердің арасынан жазушы Алдан Смайыл, Астана қалалық Тілдер басқармасының төрайымы болған Оразкүл Асанғазы, Мәулен Әшімбаев, генерал Бақытжан Ертаев, Нұртай Сабильянов, Смағұл Бақытбек, Розақұл Халмұрадовтарды байқауға болады. Алайда, өкінішке қарай, олардың саны тым аз. Сол себепті де бұған дейін талай рет сағы сынған қазақ мәселесінің көсегесін бұл жолғы Парламент көгерте қоя ма деген сауал қоғамның алдынан тағы шығып отыр.

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:

ПАРЛАМЕНТ ӨЗ АЛДЫНА, ХАЛЫҚ ӨЗ АЛДЫНА КҮН КЕШУДЕ

– Қазіргі Парламент Мәжілісінің құрамы менің көңілімнен шықпайды, әрине. Оған Амангелді Айталы, Смағұл Елубай және Қазыбек Иса сияқты руханиятты жақсы түсінетін, білетін адамдардың барғаны орынды болар еді. Әрине, қазіргі Мәжіліс құрамында халық сөзін сөйлейтін азаматтар жоқ деп айта алмаймын. Бірақ халық арасында жүретін, олардың мұң-мұқтажын жақсырақ түсінетін адамдардың Мәжілістен орын алғаны жөн еді. Бизнесмендер болу керек. Бірақ олар көп жағдайларда заңға, сандарға көбірек назар аударып кетеді. Ал халықтан таса жасалған істерден гөрі, олардың көңіл-күйін тап басып біліп отыратын, соған орай биік мінберлерден сөйлей білетін адам керек. Себебі Парламенттің – өзі өзінше бір әлем. Ол жерде қандай заң қабылданса да, қандай шешім шығарылса да халықтың рухы, көңілі болуы керек. Мәселе – санда емес. Санды көбейтеді, азайтады, салықтарды күшейтеді, азайтады, тарифтермен күреседі. Оны мамандар жасайды. Мәселе, халықтың көңіл-күйінде. Қазір Парламент өз алдына, халық өз алдына күн кешіп жатыр. Иә, әдеби-рухани әлемнің өкілдері экономистер емес, бүгінгі дағ­дарыстың алдын алу үшін ұсынатын ой-пікірлері, идеялары болмауы мүмкін. Бірақ бұлар халықтың көңіл-күйін жеткізе алады ғой. Бұндай адам­дар көп жағдайда осындай мінберлерді пайдаланғаны дұрыс еді. Олардың пікірлері биік мінберлерден естілмесе, далада алаңдарда, күбір-сы­бырмен айтылатын болады.

Амангелді АЙТАЛЫ, «Ақ жол» партия­сының мүшесі:

«АҚ ЖОЛ» ЖОЛАЙРЫҚТА ТҰР­

– «Ақ жол» партиясының сайлау алды бағдарламасында «Алаш» идеясына негізделген құндылықтарды алға тартып, партия тізіміне сіз, Смағұл Елубай, Қазыбек Иса, т.б. ақын-жазушыларды енгізген кезде, бізде бір үміт болып еді, «Ақ жол» партиясы қазақ мәселесін шешуге атсалысатын шығар деген. Бірақ Парламент жасақталды. «Ақ жол» партиясы атынан сайланған 8 адамның ішінде сіздер жоқсыздар, неге?

– Сіз аттарын атап өткен азаматтар сөз жоқ «Ақ жол» партиясының дауыс жинауына көп септігін тигізді. Сонымен бірге, «Ақ жол» партиясының сайлау науқанында оны қаржыландыруға біраз бизнесмендердің де септігі тиді. Таразыға салғанда партия басшылығы қаржы бөлгендерге басымдық берді де, әдеби-рухани әлемнің өкілдерін шетке ығыстырды. Мәселе – менің өтпегенімде емес, Бөріхан Нұрмұхамедов, Қазыбек Иса, т.б да партия жасақталған күннен оның оты мен суығына тоңып жүрген адамдардың өтпей қалғаны өкінішті. Кеше партияға мүше болып, бүгін депутат болғандар бар арамызда. Бұл «Ақ жолдың» орталық кеңесінде де, басқа да деңгейлерде айтылды. Менің ойымша, «Ақ жол» жолайрықта тұр. Бұл ұлттық құндылықтарды қолдай ма, жоқ бірыңғай бизнесмендер мен кәсіпкерлердің партиясына айнала ма? Шын мәнісінде ұлттық құндылықтар мен бизнесті қарсы қоюға болмайды. Айталық, Кедендік одақ бір жағы ұлттық мүдде болса, екінші жағы экономикалық кәсіпкерлердің мәселесі. Біз және басқа да көптеген азаматтар «Ақ жол» партиясының негізгі ұстанымын «Алаш» идеясы негізінде сақтауға тырысамыз және талап етеміз. «Ақ жол» партиясының осы сайлаудағы платформасын қолдаймыз. Жаңадан келген депутат-бизнесмендерге осы талапты қоямыз. Олардың деңгейі ұлттық идеяны дұрыс түсінуге жетпейтін сияқты.

– Мәжілістің құрамына көңіліңіз тола ма?

– Жоқ. Себебі Мәжілісте негізінен бірен-саран адамдар болмаса, жалпы заман талабына сәйкес келетін азаматтар шамалы. Жоғары деңгейдегі биліктен бастап, түсінбейтін бір мәселесі – сарапшылардың болжауы бойынша, ХХІ ғасыр ақша дағдарысының ғасыры емес, рухани дағдарыс ғасыры. Ұлттық, тілдік мәселені шешу және діни бәсекелестің ғасыры. Жаһандану заманында ұлтаралық бәсекелестік, рухани байлық үшін күрес алға шығып келеді. Осы тұрғыдан саралап қарағанда қазіргі Мәжілістің мүшелері сол талапқа сай келе қоймайды. Басқаны айтпағанда Ақтөбеден кеткен 4 депутаттың деңгейінің төмендігін көріп отырмын. Бұл Мәжіліске, Үкіметке иек артып, елдің жанашыры болады екен, еліміздің рухани байлығын қолдайды деп үміттенбейік. Мәселе халықтың қолында. Қазақ ұлты өзінің құндылықтарын білекті сыбанып қолдауға кірісетін уақыт келді. Оған негіз бар. Қазақы құндылықсыз, қазақ ұлтынсыз Қазақстан бола алмайды.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары