ИМПЕРИЯДАН ҮМIТ ҮЗБЕГЕН ПУТИН

ИМПЕРИЯДАН ҮМIТ ҮЗБЕГЕН ПУТИН

ИМПЕРИЯДАН ҮМIТ ҮЗБЕГЕН ПУТИН
ашық дереккөзі
209

Ресей Федерациясының Премьер-министрi Владимир Путин сайлауалды екiншi мақаласын жария еттi. Бұл мақала Ресей БАҚ-тарында әжептәуiр әңгiме өзегiне айналды. Биылғы Ресей Президентiнiң сайлауында Дмитрий Медведевпен бiрге Владимир Путин де додаға түспек. Бүгiннен бастап сайлауалды бағдарламасын жасауды бастап кеткен оның басты көздегенi – ұлттық мәселе.

ПУТИН НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?

Естеріңізде болса, В. Путин 2000 жылы Ресей Федерациясының президенті болып сайланар алдында Ресейдің бірінші президенті оны РФ Премьер-министрі ретінде тағайындаған болатын. Үкімет басына келісімен, Путин Ресей мен Чешенстанның ІІІ соғысын жариялап, Ресейден бөлініп кеткен Чешенстанды Федерация құрамына қайтару үшін нақты қадамдар жасаған. Осыдан кейін Ресейдің ендігі тағдырын Путинге сеніп тапсыруға болатынына көзі жеткен Борис Ельцин өз еркімен отставкаға кеткен еді. Содан бергі 12 жылда Путин Ресейді федеративтік мемлекеттен ұлттық мемлекетке айналдырудың амалдарын қарастырумен әлек. 99 субьектіден тұратын Ресей субьектілерінде референдум өткізіп, өңірлерді ірілендіру саясатымен кіші өлкелерді ірі субьектілерге айналдыруды қолға алды. Ол бүгін автономиялы республикалар мен өлкелерге ауыз салса, күндердің күнінде Ресейді ұлттық республикаларсыз, унитарлы мемлекет құруды көксейтінін осылай танытып отыр. Қазір Ресейдегі ұлт республикалары өздерінің ұлттық бет бейнесі үшін бас көтере бастағандығы мәлім. Алайда Ресейдегі ұлт саясаты олардың тәуелсіз ұлттық саясат жүргізуіне жол берер емес. Айталық, «Ресей Федерациясының мемлекеттік тіл туралы» Заңы бойынша, ұлттық республикалардағы іс қағаздары және басқа да саяси іс әрекеттердің барлығы орыс тілінде жүргізілуі тиіс. Бұл әрекеттің соңы ұлттық республикалар тұрғындарының орыс­тануына әкеліп соғатыны мәлім. Ұлттық тіл жоғалғаннан кейін олардың ұлттық рухы да жойылып, жеке ел болу жайлы мақсаты да жүзеге аспауы ықтимал.

В. Путин аталған мақаласында тіркеу ережесін күшейту, ұлттық даму мәселелері мен ұлтаралық татулықтың проблемаларына жауап беретін идеяларды алға тартты. Ол мемлекеттердегі мультикультурализмнің, яғни көп түрлі мәдениеттің соңы апатқа әкелетіндігін қадап айтты. Оның ойынша, Ресей федеративтік құрылымнан ұлттық масштабқа қарай аяқ басуы тиіс. «Еуропаның беделді саясаткерлері «мультикультуральды жобаның» құрдымға бет алғанын айта бастады. Өз позицияларын сақтау үшін «ұлттық картаны» қайта жаңғыртуда. Демек, әңгіме ассимиляцияға жабық түрде мәжбүрлеу және миграция ережелерін күшейтуге келіп тіреледі. Басқа мәдениет иелері не «ірі мәдениетке сіңуі қажет», не ерекше құқықтарға ие ұлттық азшылдықтар ретінде қалуы керек. Мұндай жағдайда олар табысты карьерадан бас тартады. Турасын айтқанда – ондай жағдайдағы азаматтан өз еліне деген лояльдылықты күтудің қажеті жоқ» деген оның пікірінше, тарихи Ресей – этникалық мемлекет те, мигранттар елінен тұратын Америка да емес. Ресей ғасырлар қойнауынан бас­тау алады, оның көп ұлттылығы мыңдаған жылдардың жемісі, онда халықтардың өзара түсіністігі мен сіңісуі отбасылық, достық және қызметтік деңгейде араласу тұрғысында жүзеге асты деген ол: «Осы бір ерекше өркениеттің түпқазығы, байланыстырып тұратын арқауы – орыс халқы, орыс мәдениеті. Осы арқауды әртүрлі арандатушылар, біздің қарсыластарымыз Ресейден үзіп әкетуге талпынуда. Олар бұл үшін орыстардың өзін-өзі тануы жайында, «нәсілдік тазалық» жайында, 1991 жылы басталған империяны быт шыт ету ісін аяқтап, орыс халқының мойнына мініп алғандардың көзін құрту жайында әңгімелер өрбітуде. Бұның соңы өз мемлекетін өз қолымен тұншықтыруға әкеп соғатынын ешкім бағамдай алмайды. Орыс халқының өзін-өзі тануы – орыс мәдениетімен арқауланған полиэтникалық өркениет. Орыс халқы – Ресейдің дүниеге келу заманынан бастап мемлекетқұраушы ұлт. Орыстардың ұлы міндеті – біріктіру, өркениетті өз айналасына топтастыру», – дейді.

Ғасырлар бойы империялық асқақ көңіл күймен бүгінге жеткен Ресей халқының ең бас­ты мәселесі – ұлттық мәселе екенін Путин де, Медведев те есінен шығарған емес. Олар сайлауда орыс ұлттық идеясын басты көзір етіп алады. Сол арқылы ресейліктердің қолдауына ие болады. Олар 2000 жылы Путинді, 2008 жылы Медведевті таңдау арқылы, орыс ұлтшылдығын таңдаған болатын. Биыл да солай болмақ. «Мұндай өркениетті интеграция орыс мәдениетінің басымдығын сақтауға негізделген. Бұл мәдениеттің иелері тек этникалық орыстар ғана емес, ұлтына қарамастан өзге ұлт өкілдері де. Бұл мәдени код соңғы жылдары үлкен сынаққа ұшырап отыр. Оны бұзуға талпынуда әрі талпына беретін болады. Сол себепті де бірінші кезекте әңгіме білім беру саласында орыс тілі, орыс әдебиеті, Отан тарихы секілді пәндердің сапасын арттыру жайында болмақ», – дейді ол. Демек Ресей Федерациясында аталған пәндердің сапасын арттыру үшін қайта бағдарламалар жасалатын болады. Күні бүгінге дейін Ресей тарихшылары осыдан жиырма жыл бұрын тәуелсіздік алған посткеңестік елдердегі тарих пәндеріне шүйлігіп, «Жалған тарих жасап, Ресейдің имиджіне нұқсан келтіруде» деп дабыл қаққандары мәлім. Күні бүгінге дейін олар аштыққа, репрессияға баға берудің саяси сипат алғанын және оған Украина және Тәжікстанда арнайы саяси баға берілгеніне табанды қарсылық көрсетумен келеді. Осының салдарынан Қазақстанда халқының үштен бірі қырылған аштық, бас көтерер зиялыларының барлығы опат болған саяси репрессия және Желтоқсан көтерілісі өзінің тарихи бағасын ала алмай отыр.

Путин мақаласын «Бізге азаматтық патриотизмге негізделген ұлттық саясат стратегиясы керек» деп аяқтаған. Яғни В. Путин Ресей Федерациясының билігіне қайта оралатын болса, ұлттық саясат проблемалары қайта алға тартылады деген сөз.

ҚАЗАҚТЫҢ ПУТИНДЕРІ ҚАЙДА?

Ресейдегі сайлаулар секілді Қазақстанда да сайлаулар болып өткені мәлім. Біздегі ерекшелік әуелі Президентті, сосын Мәжілісті сайладық. Алайда біздің саясаткерлеріміздің арасынан ұлттық проблеманы ту етіп көтерген ешкім болмады. Қазақстан Президенттігіне үміткер Ғ. Қасымов та, Ж. Ахметов те, М. Елеусізов те қазақ мәселесі жайында жұмған аузын ашқан жоқ. Олардың сайлауалды бағдарламалары көптің көңілінен шыға қоймады.

Мәжіліске үміткер партиялардың ішінен қазақ мәселесі мен ұлттық проблемаларды ту етіп шыққан «Руханият» орта жолда додадан аластатылса, ұлттық ұйымдардың аманатын арқалап, Амангелді Айталы, Смағұл Елубай, Қазыбек Иса секілді ұлт үнін Мәжілісте паш етеді-ау деген адамдарды партиялық тізіміне енгізген «Ақ жол» партиясы өткелден өткен соң, ұлттың сөзін сөйлер азаматтарды Мәжіліске жібермей, халық күні бүгінге дейін атын онша естімеген кәсіпкерлерді депутаттық мандатқа ие етті.

Бізде ұлттық, этникалық дағдарыс және ұлттық білім берудің проблемалары көптеген саясаткерлерді онша толғантқан емес. Бұл тұрғыдан біздің саясаткерлер Путиннен қашан үлгі алар екен?…

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары