ҚҰБЫРЛАР ЖӘНЕ МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ

ҚҰБЫРЛАР ЖӘНЕ МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ

ҚҰБЫРЛАР ЖӘНЕ МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ
ашық дереккөзі
271

Дүние жүзi бойынша мұнай мен газға деген тұтынушылық сұраныс деңгейi уақыт өткен сайын артып келедi. Бұл әлемдiк нарықтағы бәсекелестiк көрiгiн қыздыра түскен. Батыс пен АҚШ-тың құбырларға қатысты жобасына Ресей кедергi жасап бағуда. Ал айтқанына көнбеген Киевтi сотқа берем деп отыр.

Тұтынушылық сұраныс көлемі артқан сайын кәрі құрлық энергетикалық қорларды тасымалдау жолдарын көбейтуге мүдделі. Бүгінде әлемдік нарыққа мұнай мен газ жеткізетін құбырларға қатысты жобалар төңірегінде дау-дамай да өршіп тұр. Әзірге Еуропалық Одақ каспийлік газды Әзірбайжаннан ғана алуда. Бірақ Баку газ құбырларын қайда және қалай тарту керек деген мәселелерін түбегейлі шешкен жоқ. Батыстық тұтынушыларға табиғи қорлар түріктер жері арқылы тасымалданатын. Еуроодақтың ірі жобасы NABUCCO құрылысы төңірегіндегі пікір қайшылықтарын шеше алмай жатқанда, Түркия өз территориясы арқылы «Оңтүстік ағын» құбырын тартуға Ресейге келісімін берді. Түркияның бұл қадамы көмірсутегілер нарығындағы жағдайды ушықтыра түсті. 2008 жылдың қаңтар және ақпан айларында Мәскеу Болгария, Венгрия, Сербиямен газ құбырын тартуға қатысты келiссөздер жүргiзген едi. Сейсенбi күнi Мәскеуде қол қойылған Грекия аумағынан «Оңтүстiк ағын» газ құбырын құру және жүзеге асыру туралы Үкiметаралық келiсiм ресейлiк «көгiлдiр отынды» еуропалық тұтынушыларға гректер жерi арқылы жеткiзуге мүмкiндiк бередi. «Газпром» энергоқорды «Оңтүстiк ағын» арқылы тасымалдауды 2013 жылы бастауды жоспарлап отыр. Газпром мен Италияның Eni концерi жүзеге асыратын бұл жоба жылына 30 млрд. текше метр газ тасымалдауға қауқарлы.

Бәсекелестік көрігінің қыза түсуі әзірбайжандарға таптырмас олжа. Өйткені Баку газ құбырларының экономикалық және әлемдік нарықтық тұрғыда тиімді жолдарын таңдары анық. 2017 жылға қарай жыл сайын кәрі құрлыққа 10 миллиард текше метр табиғи газ жеткізуге дайын отырған Әзірбайжанға дәл қазір Оңтүстік газ дәлізі өте пайдалы. Бір-бірімен бәсекелес үш құбыр – NABUCCO, ITGI және Трансадриатикалық газ құбыры осы дәліз арқылы жүреді. Бірақ кейінгі кездері Еуропалық Одаққа мүше елдер мен АҚШ-тың қолдауына ие және Түркия – Болгария – Румыния – Венгрия – Австрия маршруты арқылы тартылуы тиіс NABUCCO жобасының іске асырылуы екіталай. Жыл сайын 31 миллиард текше метр «көгілдір отын» жеткізуге қауқарлы құбырдың қаржылық шығыны жоғары. Бастапқыда 7,9 млрд. еуроға бағаланған құбырдың құны уақыт өте келе өсе түсті. Бұл жобаға қатысудан Қазақстан әп дегеннен-ақ бас тартқан. «Жығылғанға жұдырық», «Ирак, Египет пен Түркіменстанның газ шикізаты азаяды» деген ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Тасымалдаушы елдер өзара тартысып жатқанда, өзінің ұлттық әрі коммерциялық мүддесiне қауiп төнген Ресей NABUCCO жобасына күйе жағып әлек. Еуропалық Комиссия NABUCCO үшiн Каспий теңiзiнде өндiрiлетiн газ көлемi жеткiлiктi десе, Ресей керiсiнше, каспийлiк «көгiлдiр отынның» аздық ететiнiн айтады. Былтыр РФ сыртқы iстер министрiнiң орынбасары А.Денисов: «NABUCCO жобасын iске асыруда Түркiменстан, Әзiрбайжан мен Иранға баса назар аударылуда. Әзiрбайжанда көмiрсутегiлер қоры мол болса да, жыл сайын 20-30 млрд. текше метр газбен қамтамасыз етуге жетпейдi. Иран Ресейден кейiнгi екiншi орында тұр. Бiрақ газды өндiрiп, өңдейтiн инфрақұрылымды қалыптастыру үшiн ондаған миллиард доллар қаржы керек» деген еді. Орыстар орталық-азиялық және таяушығыстық энергоқорды тасымалдау жолдарын уысында ұстағысы келедi. Сондықтан Ресейдi айналып өтетiн NABUCCO, «Ақ ағын», Каспий бойы сияқты газ құбырлары оларға тиiмдi емес. Ал еуропалық нарықты бетке алған Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан мен Өзбекстан бұрынғыдай Мәскеуге жалтақтаудан арыла бастаған. Батыс пен АҚШ қос бүйiрден қысқан Ресейдiң Орталық Азия аймағынан келетiн «көгiлдiр отынды» қымбат бағаға алуға амалсыз көнуi осы себептi. Әрине, тасымалдаудағы балама жолдардың көптiгi көмiрсутегi қожайындарына тиiмдi болары анық. Бiрақ техникалық мүмкiндiктер әзiр шектеулi. 2007 жылы 30 қарашада Қазақстан, Әзiрбайжан, Грузия мен Түркiменстан мемлекеттерiнiң өкiлдерi каспийлiк газ құбырын салу туралы келiсiмге қол қойған едi. Каспий теңiзiнiң түбi арқылы жүргiзiлетiн құбыр Әзiрбайжанға, одан ары Грузия мен Түркияға, сосын Еуропалық Одаққа мүше елдерге дейiн созылмақ. Сонымен қатар Орталық Азияның энергоқоры әзiрбайжандардың «Шах-Дениз» кен орнынан Баку – Тбилиси – Ерзұрым арқылы түрiктер жерiн басып өтiп, Грекияға, одан ары Италияға, яғни Еуропаға тасымалданбақ. Еуропалық Одақтың газ бен мұнай тасымалына қатысты бiрнеше жобасы бар. Еуропалықтардан орыс­тар да қалысар емес. Бiресе «Көгiлдiр ағын», бiресе «Оңтүстiк ағын» деп жобалардың бiрiнен кейiн бiрiн ұсынып, «Газпромның» ықпалын арттыруға, сөйтiп Ресейдiң әлемдiк саясатқа ықпалын күшейтуге жанталасқан Кремль апта басында батыстықтардың жүйкесiне тиген тағы бiр жобаны iске асыратындықтарын мәлiмдедi. Анығында, құбыр құрылысы бас­талды.Сол кезде РФ президентi В.Путин газ құбыры құрылысының жобасын «аса маңызды, өте тиiмдi әрi бәсекелестiкке төтеп бере алатын жоба» ретiнде бағалады. Келiссөздер соңында арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырған ресейлiк басшы «бiз мұнай мен газ тасымалдайтын басқа балама жобаларға қарсы әрекет етуді, оларды тұншықтыруды мақсат етпейміз» деп ақталды. Путиннiң ақталатын жөнi бар. Өйткенi еуропалық нарықтағы «Газпром» мен Кремльдiң ықпалын күшейтудi қаламайтын Батыс пен АҚШ Орталық Азияға тиесiлi «көгiлдiр отынды» Еуропалық Одаққа мүше елдерге тасымалдайтын NABUCCO жобасын жүзеге асыруға ден қойды.

Бүгінде Ресей мен Украина арасындағы газ дауына қатысты келіссөздер тығырыққа тірелді. Киев Кремльден жететін «көгілдір отын» көлемін жылына 25 миллиард текше метрге дейін қысқартатынын мәлімдеді: «Жақын келешекте біз Ресейден 8 млрд. текше метр газ сатып алуымыз қажет. Ал биыл келіскеніміздей, 33 млрд. текше метр емес, 27 млрд. текше метрді қанағат тұтпақпыз» (Украинаның энергетика министрлігі). Бұған дейін қабылданған келісімдерге сәйкес, украиндар орыстарға 2012 жылы 33 млрд. текше метр газдың ақшасын өтеуі тиіс еді. Мемлекетаралық дауды ушықтырмас үшін Киев өзгеше әдіс ойлап тауыпты: орыстардың энергоқорынан алдымен «Нафтогаз» емес, украиндық олигарх Дмитрий Фирташевтің Ostchem компаниясы бас тартпақ. Қаһарына мінген Кремль халықаралық төрелік сотқа Киевтің үстінен шағым түсірмек. Бұрын грек трейдерлерді осылайша тәубесіне келтірген орыстар украиндарды да халықаралық соттың көмегімен тезге салып алғысы келеді. Бірақ бұл Мәскеуге тиімді болмауы мүмкін. Өйткені сотқа қарама-қарсы шағым айтуға құлшынып отырған украиндар экс-премьер Тимошенконың кезінде қол қойылған келісім-шарттардағы кейбір тиімсіз шарттардың күшін жоюға мүдделі. 2009 жылы Путинмен келіссөз жүргізген Тимошенконы «қызмет бабын асыра пайдаланды» деп айыптаған украиндық сот оны 7 жылға түрмеге тоғытты. Жаңа жылдың басында бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген Владимир Путин украиндық газ және транспорттық жүйесін (ГТЖ) Киевтің Еуропалық Одақпен бірігіп басқаруына наразылық танытты. Ол 100 пайыздық пакеттің 20 пайызын – Еуроодаққа, 40 пайызын – Украинаға, ал қалған 40 пайызын Ресейге алуға көңілі толмайтындығын ашық мәлімдеп, жүйенің бақылау пакетін беруді талап етті. Бірақ бұл көрсеткіштерді теріске шығарған Украинаның энергетикалық министрлігіндегілер өздеріне – 34 пайыз, ЕО мен Ресейге 33 пайыздан үлес тиіп отырғанын көлденең тартады. Бұған көнгісі келмейтін орыстар «Газпромның» қанжығасына өздері 4 миллиард долларға бағалаған ГТЖ компаниясының 50 пайыздық акциясын тартқылап әлек.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары