АЛАШ ДАЛАСЫ ЖӘНЕ АУЫЗ СУ

АЛАШ ДАЛАСЫ ЖӘНЕ АУЫЗ СУ

АЛАШ ДАЛАСЫ ЖӘНЕ АУЫЗ СУ
ашық дереккөзі
207

Кейбiр ғалымдардың болжамына сәйкес, таяудағы келешекте елiмiздiң стратегиялық мүмкiндiгiн газ бен мұнай емес, таза ауыз су нақтылайтын сияқты. Яғни қазiр мұнай қандай қымбат болса, болашақта ауыз судың да нарқы сол сияқты болмақ. Басқаша айтқанда, қазiр «мұнайлы держава» деген сияқты «сулы держава» деген анықтамалар қалыптасуы да ықтимал. Әлбетте, олардың қатарынан қазақ елiн көре қоюымыз да екiталай…

Бұл жерден қандай қисын түюге болады? Ақиқатында, кісідегінің кілті – аспанда, қазір қасқалдақтың қанынан қат болып отырған сапалы ауыз су жалпы, су мәселесінде өзгеге тәуелді қиын ештеңе жоқ. Демек елдегі азды-көпті судың өзін ұқсатып пайдаланудың маңызы зор деген сөз.

ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕНДЕР ТҮЙТКІЛІ

Кіндік Азиядағы дипломатиялық қатынастардың тағы да бір елеулі тетігі – трансшекаралық өзендер. Жері бай болғанымен Қазақстанның өзінен басталатын өзен жоқтың қасы. Басқаны былай қойғанда экономикалық тұрғыда Қазақстанға көп жағдайда тәуелді қырғыздардың өзі соңғы кезде қит етсе өз жерінен бастау алатын тау өзендерінің арнасын бітеп тастауды әдетке айналдыра бастады.

Осының өзі-ақ, су көздері мен қорларының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Алайда әзірге қазақ үкіметі бұл мәселелерге бәлендей көңіл бөліп отырған жоқ деуге негіз бар. Оған өткен аптадағы Көкшетаудағы су апаты, Астанадағы 300 үйдің ауыз судан тарығуы куә. Оқиға бұлай жалғаса берсе, яғни елдегі су қоры дәл қазіргідей рәсуа болса, ертеңгі күні еліміз елеулі ауыз су тапшылығына ұрынуы да мүмкін.

Рас, су дефициті – жалғыз қазақ даласы үшін ғана емес, бүгінгі күннің планетарлық деңгейдегі проблемасы. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2005-2015 жылдар аралығын «Тіршілікке арналған су» онжылдығы деп ресми түрде әйгілеуі де тегін емес. Су тапшылығы елдің оңтүстігінде қазірдің өзінде байқала бастады. Осыдан біраз жыл бұрын халық саны жарты миллиондық Шымкент қаласын бес су қоймасы қамтамасыз ететін. Ал қазір мұндай қоймалардың саны біреу ғана. Бұрынғы әр адамға бөлінетін 300 литрлік судың мөлшері 80-100 литрге дейін азайып отыр. Әлбетте, ол да жетіскеннің шаруасы емес. Әрі елдегі су тапшылығының алғышарттары көрініс бере бастады деуге негіз бола алатыны айғақ.

Жалпы алғанда республикада жаппай су тапшылығы байқалды деу әзірге қисынсыз. Алайда бұл орайда шешілмеген мәселе жеткілікті. Мәселен құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан Астана қаласында сумен қамту жүйесіне қосылу тұрғындарға біршама қиындықтар тудырады екен. Жыл бойы Астанаға жететін суды тазалауға тиісті құрылымдарға үлкен салмақ түсіп отыр. Қазір Астанадағы су қоймасы тек қар суы есебінен толығады деген де сыбыстар бар.

Өткен аптада ғана Астананың бір ауданында соңғы кездің алапат суығынан көшедегі су сорғыш тетіктері қатып, 300-ден астам үй сусыз қалды. Қысқасы, басқаны айтпағанда, су мәселесі елдің бас қаласында да асқынып тұр.

Елдегі ең ірі мегаполис Алматыны қамтамасыз ету үшін жоғары қабаттардан алынатын жерасты сулары да сарқылып келеді дейді мамандар. Сондықтан су алу қайнар көздерін тереңдету әрекеттері жасалуда. Ол үшін де қыруар қаржы керек екені белгілі.

Бұл орайда Қазақстанның салыстырмалы түрде су ресурстарына тапшы ел екенін есте ұстау керек. Елге жететін су қорының 43 пайызы Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей сияқты басқа мемлекеттерден алынады. Осы су қорының 19 пайызы көрші Қытайдың үлесінде. Орта Азиядан жеткізілетін су көлемі 17, ал, ресейлік үлес 7 пайыз. Елдегі су ресурстарының 57 пайызы ғана Қазақстанның өз үлесінде.

СУ МӘСЕЛЕСІ САЯСАТҚА АЙНАЛҒАНДА…

Сондықтан ел басшылығы суды үнемдеу мәселесіне көңіл бөле бастады. Атап айт­қанда, суды үнемдеп ұстаған коммуналдық және өнеркәсіп кәсіпорындары су төлемін 2 және 3 деңгейлі диференциялық тарифтер бойынша жасайды. Қазір осынау тарифтерді енгізу шараларын 2013 жылға дейін аяқтап, судың үнемделу деңгейін 10 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Алматы қаласында диференциялық тарифтердің енгізілуіне орай, қалалық су қызметі су құбырларын ауыстыруға қаржы бөле бастады. Сондай-ақ, барлық жерде бірдей суды үнемдеу технологиялары жүзеге асырылуда.

Халықаралық деңгейдегі дипломатиялық тетіктердің біріне айналып отырған су мәселесінде қазақ билігі қандай әрекеттер жасап жатыр? Атап айтқанда, өткен жылдың мамыр айында Қазақстан мен Қытай арасында Хоргос өзені бойында «Достық» гидроторабы салынды. Сол арқылы екі мемлекет арасындағы су қоры тең бөлінуге тиіс. Әлбетте, бұл шаруаны Қазақстан дипломатиясының жетістігі деп бағамдауға болады. Қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендердегі су қорын бөлісу мәселесі оңтайлы шешім таба бастады. Жалпы, екі елге ортақ 26 өзен бар екен. 2011 жылдың қаңтар айында қос мемлекеттің басшылары трансшекаралық өзендердегі су сапасын қорғауға байланысты аса маңызды құжатқа қол қойды.

Оның әсіресе, Қазақстан үшін маңызы зор. Себебі қазір Қытайдың стратегиялық мақсаттағы өнеркәсіп орталығына айналған Шыңжаннан бастау алатын Іле өзені бұған дейін Қазақстан жағына уытты заттарды көп әкелетін. Соның салдарынан Балқаш көліндегі балық қорының зардап шегіп келгені де рас. Соңғы келісімге орай, Қытай жағы бастауын өз елінен алатын Іле суының Қазақстанға тазарып жетуіне көңіл бөлмек. Әлбетте, әзірге бұл келісім дипломатиялық құжат түрінде ғана. Соңғы дәуірдегі дипломатияда келісімді мәмілелердің орындалмауы да жиі болып тұратын оқиға. Мәселен дәл осы табиғатқа һәм экологияға байланысты әлемнің 192 мемлекеті қол қойған Киото хаттамасына құдыретті АҚШ әлі күнге қосылмай отыр. Ол да «өзім ғана!» деген кеудем соқтықтың белгісі. Қытайдың да ешкімнен кем емес құдыретті ел екенін есепке алсақ, Іле өзеніне байланысты Қазақстанмен жасалған мәміленің орныдала қоюына да аздаған күмәніміз бары өтірік емес. Жаман айтпай жақсы жоқ, ондайда Балқаш көлі қатты зардап шекпек.

Тұран ойпатының басты өзендері негі­зінен Тәжікстан, Қырғызстан мен Өзбек­стан жерінен басталады. Соған орай, Қазақтандағы көптеген экологиялық һәм шаруашылық мәселелерінің Қырғызстандағы Тоқтағұл және Тәжікстандағы Қайраққұм су қоймаларына тәуелді екені де белгілі. Қазір аталмыш көрші мемлекеттер ол нысандарды дипломатиялық келісімдердің арқасында Қазақстанға тиімді энергетикалық режимде пайдалана бастады. Ал кеңестік кезеңде аталмыш су көздеріндегі қор иригациялық режимде пайдаланылатын.

Бұл орайда, Қазақстан басшылығының су-энергетикалық консерциум құру туралы бастамасы да игілікті нәтижелер беруде. Соған сәйкес, Кіндік Азиядағы су-энергетикалық жүйелерге қатысушы мемлекеттер арасында Қырғызстанда Қамбар ата, ал Тәжікстанда Рогун ГЭС-ін салу жөнінде мәселе көтеріліп отыр. Бұл да қазақ жағының бастамасы болатын. Себебі оңтүстіктегі Шымкент, Қызылор­да, Жамбыл облыстарының диқан­дары жазда егістікке қажетті судан тарығады. Аталмыш ГЭС-тер іске қосылса, бұл мәселе де оңтайлы шешімін таппақ.

«АҚ БҰЛАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЗДЫҚ ЕТЕДІ

Ал енді Қазақстанның өз ішіндегі су сапасы мен тапшылығына орайластырылған істер қалай атқарылуда дегенге келейік. Қазақстан Республикасындағы суға байланыс­ты кінараты көп облыстың бірі – Жамбыл. Таяуда жергілікті құқық қорғау органдары осы облыстағы «Ауыз су» және «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламаларының орындалуын, оған бөлінген мемлекет қаржысының жұмсалу барысын тексерді.

Бүгінге дейін аталмыш облыста осы мақсат үшін жеті миллиард теңге қаржы бөлініпті. 710,7 шақырым су торабы тартылып, 68 елді мекенді қамтыған көрінеді. Алайда өңірдің ондаған ауылына әлі де болса, таза ауызсу жеткізілмей отыр.

2010 жылы астаналық Ақмола облысында «Сапалы су» бағдарламасы бойынша 13 ауданды сумен қамтамасыз ететін 34 нысанға республика бюджетінен 2757,49 миллион теңге бөлініпті. Өткен айдың қарашасында бес нысан салуға тағы да алты жүз миллион теңгедей ақша бөлінген. «Ақ бұлақ» бағдарламасына сәйкес, облыстағы 23 нысанның су құбырлары жүйесін салу және қалпына келтіру үшін тоғыз жүз миллион теңгедей қаржы бөлінген.

Бұрын басталған жобаларды аяқтау үшін 2 2709,995 миллион теңге, ал үстіміздегі жылы қолға алынған 5 нысанды толық аяқтау үшін 256,627 миллион теңге қажет. 4 нысанның жобасы түзетілді. Бұл жобаларда су қоры көрсетілмегендіктен, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы да берілмеді. Оларды аяқтау үшін үш жүз жиырмадан астам орасан зор қаржы қажет. Қаражат сұрап Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірнеше рет хат жазылғанымен, өтініш республикалық бюджеттік комиссиясы тарапынан қолдау таппады.

Өткен жылы республикалық бюджеттен 1075,7 миллион теңге қаржы бөлініп, 23 су құбырлары жүйесінің құрылысын салу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қазір 44,2 миллион теңгенің 9 жобалық-сметалық құжаты жасалуда. Жақсы ауданының 4,2 мың адам тұратын Қима селосындағы су таратқыш пайдалануға берілді.

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бірер жылда шешілетін мәселе емес. Осыған орай, ұзақ жылдарға арналған «Сапалы су» бағдарламасы мен бүгінде жалғасын тапқан «Ақ бұлақ» бағдарламасы бұл өзекті мәселені түбегейлі шешуге жағдай жасайды деген сенім бар.

Ақиқатына келсек, республикалық сумен қамтамасыз ету жүйесінің қыруар қаржы шығындап жатқаны айдан анық. Алайда одан шыққан қорытынды бар ма? Әлде суға бөлінген қаржы «су түбіне» кетіп жатыр ма? Қазақ қоғамы арасында осындай да ойлар айтылуда.

Жер-жерде «Горводаканал» түрінде айтылатын мекемелер бары белгілі. Облыстардағы барлық қаржылық қылмыстардың дені дәл осы елді мекендерді сумен қамтамасыз ететін ұйым арқылы жүзеге асырылып келген сияқты. Оған ақпарат құралдары берген деректер куә.

Әйтпесе де, елдегі су мәселесіне зама­науи талаптарға сәйкес, көзқарастар қалып­таса бастаған қаланың бірі – Астана. Қалалық жүйедегі судың сапасын мемлекеттік сани­тарлық эпидемиологиялық бақылау қызметі қадағалайды. Яғни соңғы 3-4 жылда астанада 130 шақырымнан астам су құбыры ауыстырылыпты. Соған сәйкес, судың ластануы да біршама төмендеген.

Дей тұрғанмен Қазақстанда су жүйесі тазаланбайтын ірілі-ұсақты қалалар баршылық. Мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасында ауызсуды тазалау мәселесіне басты назар аударылған. Қазір қоршаған ортаны қорғау министрлігі жаппай ел бойынша ағын суларды тазалайтын қондырғылар құрылысын және қалпына келтіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізе бастады. Ел бойынша бүгінге дейін елді мекендердің 90 пайызына су құбыры тартылды деген деректер айтылады. Дегенмен оның ақиқаты республикалық су шаруашылығы басшыларының мойнында.

ТҮЙІН

Қорыта келгенде, айтпағымыз мынау: планетарлық деңгейдегі «су дефициті» деп аталатын құбылыстың алғышарттары қазірдің өзінде белгілі бола бастаған жәйі бар. Су көздері дипломатиялық қатынастардың басты тетігіне де айналып тұр

Суға, ауыз суға, трансшекаралық өзен­дерге байланысты қиындықтары бар елімізде әзірге «Таза су», «Ақ бұлақ» сияқты бағ­дарламалардан басқа анау айтқандай елеулі шаралардың жүгізілмеуі өкінішті. Ал пла­нетадағы су мәселесі күн санап асқынып ба­рады. Сондықтан қазақ үкіметі алдағы қиындықтарды ескере отырып, судың сапасын басшылыққа ала отырып, нақты шаралар белгілеуі керек.

Сөз соңында бір ғана жағдайды айту парыз сияқты. «Сексен көл өлкесі» атанған Көкшеде осыдан 20-30 жыл бұрын жерді жарты метр қазсаң, аспанға су атқылайтын. Өткен жазда сөйткен өңірден бес метр тереңдіктен су шықпағанын өз көзімізбен көрдік. Біздің осы мақаланы жазуымызға да түрткі болған – сол оқиға. Ұқсас жағдай елдің барлық өңірінен байқалады. Мәселенің өзектілігі де сонда жатыр…

Өмiрзақ МҰҚАЙ

Серіктес жаңалықтары