ТІЛ ҒЫЛЫМЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ ЕДІ

ТІЛ ҒЫЛЫМЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ ЕДІ

ТІЛ ҒЫЛЫМЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ ЕДІ
ашық дереккөзі
534

Қазақ ғылымы мен рухани кеңiстiгi аса ауыр қазаға ұшырады. Моңғолияның Баян-өлгий аймағында тұратын көрнектi тiлшi ғалым, қазақ диаспорасының ардақты ақсақалы, Моңғолия Ғылым академиясының бiрiнiшi дәрежелi сыйлығының лауреаты, Моңғолияға еңбек сiңiрген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Базылхан БҰҚАТҰЛЫ сексенге қараған жасында қайтыс болды.

Базылхан Бұқатұлы 1932 жылы 9 мамыр күні Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы Цэнгэл сұмынында Қақкөл деген жерде туған. 1960 жылы Моңғолия ұлттық университетінің филология факультетін үздік тәмамдаған. 1961 жылы Ұланбатыр қаласындағы Қазақ радиосының редакторы және дикторы, 1961-1991 жылдар аралығында Моңғолия Ғылым академиясы Әдебиет және тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бас ғылыми қызметкер болды.

Ол бар саналы өмірін тіл біліміне арнаған майталман маман еді. Ғалымның көптеген теориялық еңбектері Америка, Қытай, Жапония, Ресей секілді елдерде жарық көріп, зерттеушілер тарапынан зор құрметке ие болды. Ол туралы Ц.Дамдинсурэн, Н.А.Баскаков, Т.Д.Санжеев, Хуа, Е.Жанпейісов, Қ.Салғараұлы секілді белгілі ғалымдар салмақты пікір білдірген болатын.

Профессор Б.Бұқатұлы арғы төркіні ғасырлар қойнауына кететін қазақ пен моңғол тілінің салыстырмалы тарихын тыңнан түрен салып ұзақ жылдар бойы зерттеген, кеңірек айтқанда түрік-моңғол тілдерінің туыстық тамырын ғылыми тұрғыдан шынайы тексерген бірден бір алтаист ғалым еді. Оның 40 мыңнан астам сөз қамтыған “Моңғолша-қазақша сөздігі” Өлгий қаласында 1984 жылы жарық көруі – жанкешті ғалымның ұзақ жылғы төгілген терінің жемісі ғана емес, тілтану ғылымына қосылған сүбелі үлес болатын.

Базылхан Бұқатұлының «Моңғол-қазақ тілдерінің салыстырмалы тарихи грамматикасы» (1973), «Қазақ және моңғол тілінің синтаксисі» (1988), «Қазіргі моңғол тілінің академиялық грамматикасы» (1993), «Көне түрік жазба ескерткіштері тілінің морфологиялық құрылымы» (1984) секілді алпыстан астам іргелі зерттеу еңбектері, сонымен бірге жоғары оқу орындары мен қазақ мектептеріне жазған тілге арналған жиырмадай оқулықтары уақыт сынынан өткен, жұртшылық тарапынан терең сұранысқа ие құнды ғылыми қазына деуге болады.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген аталар сөзін таяныш етеміз мұндайда. Артында мол мұрасы, мыңдаған шәкірті бар, ғылыми асыл ойларын алға оздыратын азат елі бар көрнекті ғалымның рухы өшпейді. Бақұл бол абзал аға, асыл ұстаз!

ҚР Мемлекеттік Орталық музейі ұжымы атынан Нұрсан Әлімбай, Досымбек Қатран, Бабақұмар Хинаят, ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұжымы атынан Сейіт Қасқабасов, Серікқазы Қорабаев, Ақеділ Тойшанұлы, ҚР ҰҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұжымы атынан Мырзаберген Малбақов, Нұргелді Уәли, Рүстембек Шойбеков, Әлімхан Жүнісбеков, Қайрат Ғабитхан, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан Зардыхан Қинаят, Ахмет Тоқтабай, ақын-журналист қауым атынан Жүкел Қамайұлы, Бекен Қайратұлы, Бақытбек Бәмішұлы, Есенгүл Кәпқызы, Ықылас Олжай, Бауыржан Қарағыз, Еренғайып Қуатайұлы, Жандос Бәделұлы және Оралмандардың «Асар» Республикалық қоғамдық бірлестігі атынан Қайрат Бодаухан сынды түрлі салада қызмет ететін әріптес ғалымдары, ғылымдағы шәкірттері көңіл айтады.

Серіктес жаңалықтары