Сәбит ДОСАНОВ: ҮРЕЙЛІ КӨКТЕМ

Сәбит ДОСАНОВ: ҮРЕЙЛІ КӨКТЕМ

Сәбит ДОСАНОВ: ҮРЕЙЛІ КӨКТЕМ
ашық дереккөзі
248

“Бүгiн наурыз айының отыз бiрiншi жұл­дызы. Сейсенбi. Сексен жетiншi жыл. Бұл айдың соңғы күнi де тарих қойнауына кетiп барады. Сексен алтының желтоқсанынан берi бар болғаны үш айдан сәл ғана артық уақытта жүректi қансыратып, сананы сансыратқан сан алуан оқиғалар болды. Қазақстанның шаш ал десе бас алатын басшылары Кремльдiң бұйрығын мүлтiксiз орындады. Брежнев атындағы алаңдағы бейбiт шеруге қатынасқан жастар асқан айуандықпен аяусыз жазаланды. Қарусыз жастарды қан жоса ғып алаңнан қуған “Құйын” операциясына мұздай қаруланған он мың жетi жүз әскери адам қатынасты» дейдi белгiсiз қалуды қалаған дерек көзi. Суықта тоңған жастарға өрт сөндiргiш машиналармен су шашып, әскери техника қолданылғанын шыққыр көзiмiз көрдi. Қалада отыз мыңға жуық адам тәртiп орнатуға тартылғанын құқық қорғау саласының басшылары мақтанышпен мәлiмдедi. Алғашқы екi күннiң өзiнде ондаған жас қыршыннан қиылып, екi мыңға жуық адам жарақат алды деген сөздiң шындық болып шыққаны қандай ауыр? Желтоқсандағы көтерiлiске қатынасушылардан КГБ-ның жүзден астам, прокуратураның бес мыңнан астам қызметкерi жауап алуда дегендi де естiдi ғой бұл құлақ. Қазiрдiң өзiнде қаншама адам партиядан, комсомолдан, жұмыстан қуылды емес пе? Шашы жұлынған қыздарымыздың, басы жарылған ұлдарымыздың, көздерiнен қанды жас парлап аңыраған аналарымыздың азасы аз болғандай жала жалыны шарпыған, талай ер азаматтың сергелдеңге түскенiн қайтерсiң? Желтоқсанның қаралы күндерiнде халқы үшiн қайғырып, қан жұтқан менiң аяулы Ерасылым да амалсыз шетел асып кетпедi ме? Ойлап отырсам, Ерекемнiң Алматыдан кетуге мәжбүр болғанына да айдан асып барады. Соңғы рет Берлиндегi “Берлин” қонақ үйiнен қоңырау шалғалы да екi апта. Содан берi хабарсыз. Телефон тыңдалатын болғандықтан жиi сөйлесе де алмайды. Қайда, не күйде жүр екен? Соңғы айларда денсаулығы да сыр бере бастап едi. Қайда жүрсе де аман болса екен. Жан серiгiм үй iшiмен аман-есен табысуға жазса, тағдырдан өзге бақыт сұрамас ем. Соңғы айлардың оқиғасы Әсем мен Әсеттi де тез есейтiп жiбердi. Республикада болып жатқан өзгерiстерге олардың өз көзқарастары бар. Әсет бесiншi курстың студентi, болашақ заңгер ғой. Ол мемлекеттiк құрылыс, адам правосы жайлы заңнамаларды жақсы бiледi. Содан да болар бүгiнге дейiн жазылған Конституцияларға түбiрлi өзгерiстер енгiзудi армандайды. Суретшiлер училищесiнде оқитын Әсемнiң де ой-өрiсi кең. Ең бастысы – екеуiнiң де жан-дүниесi таза. Шыншыл. Әсет әкесiнiң аузынан түсiп қалғандай, Ерасылдан айнымайды-ау, айнымайды. Түрi ғана емес, мiнез-құлқы да. Өзi сондай настырный. Ойға алғанын орындамай тынбайды. Сөзге де шебер. Әкесi сияқты бiр сөйлеп кетсе бiразға дейiн тоқтамайды. Әселжан өзiме тартқан көп сөйлемейдi. Көбiне өзiмен-өзi оңаша қалуды қалайды. Қолынан кiтап түспейдi. Кешкi сауық-сайран кештерiне баруға құмар емес. Оның есесiне театрды жақсы көредi. Белинскийдiң “Вы любите театр” деген сөзiн бәрiмiздiң құлағымызға құя бередi. Әсет дегенде iшкен асын жерге қояды. Ана жолы ағасы бiздi тыңдамай алаңға кеткенде уайымдағанын көрсең. Ағасының соққыға жығылғанын көргенде шыбын жаны шырқырады-ау, құлы­нымның. Әсеттi университеттен шығарып жiбере ме деп те қорықтық. Абырой болғанда ол жақын үйлердiң бiрiне кiрiп бой тасалапты. Кейiн тергеушiлер жауапқа iлiккен жастардан: “Мына жiгiттi танисыңдар ма?” деп сұрайды ғой. Сонда жолдастары: “Жоқ, танымаймыз. Алаңда бiзбен бiрге мұндай жiгiт болған жоқ” дептi. Аналық жүрегiм сезедi қос құлыным бiздi ұятқа қалдырмайды. Соңғы кездерi уақыт күнделiктi өмiр күйбеңiмен босқа өтiп жатыр. Бүгiн де сабаққа барып, үйдегi ұсақ-түйек шаруалармен айналысып, газет оқығаннан бөтен түк бiтiргенiм жоқ. «Күнiне бiр маңызды iс iстемесең, не бiреуге бiр жақсылық жасамасаң ол босқа өлген күн” дейдi бiздiң Ерасыл. Бүгiн де бiр күн босқа өттi. Ерасылым елге тезiрек оралып, бас аман, бауыр бүтiн болса, босқа өткен күндердiң есесiн еселеп қайтарармыз. Бәрiнен де амандық керек. “Амандық жамандықты жеңедi” демей ме дана халқымыз…”

Қыз күнiнен бергi сенiмдi серiгi – күнделiк дәптермен сырласқан Айгүл жазу столынан тұрып, көршi бөлмеге келгенде ұлы мен қызының кезектi пiкiрталасының үстiнен түстi.

– Сенiң Конституцияны өзгертемiз дегенiң құр қиял, – дедi Әсел.

– Неге олай дейсiң? – дедi Әсет.

– Совет үкiметi тұрғанда Советтiк Конституцияны ешкiм де өзгерте алмайды. Советтiк системаның мызғымайтынын бала да бiледi.

– Совет үкiметi мәңгiлiк деп ойлайсың ба?

– Әрине, мәңгiлiк.

– Мәңгiлiк ештеңе жоқ. Мәңгiлiк үкiмет тұрмақ, мәңгiлiк двигатель жоқ. СССР деп аталатын алып империя да құлайды.

– Қашан?

– Оны дәл айта алмаймын. Мен көрiпкел емеспiн.

– Көрiпкел болмасаң да бәрiн бiлетiн бiлгiш емессiң бе? Айтшы, кәне, бiлгiш болсаң қашан құлайды Совет үкiметi? – деп Әсел болар емес.

– Одақтас он бес республика СССР-ге өз еркiмен бiрiккен жоқ, – деп бастады Әсет сөзiн. – Зорлық-зомбылықпен, күшпен қосақталды бiр-бiрiне. Ерiктен тыс, күшпен таңылғанның бәрi өмiршең емес. Махаббатта да, өмiрде де солай.

Ондай отбасында бiр-бiрiне деген сүйiс­пеншiлiк жоқ. Әдiлеттiлiк, табиғилық, тепе-теңдiк жоқ. Бәрi жасанды. Ал жасанды нәрсенiң ешқайсы да өмiршең емес. Күшпен таңылған темiр құрсау ғана Совет үкiметiн ұстап тұрған. Қаталдық күшейiп, темiр құрсаулы шеңбер тарылған сайын қысылғандардың қарсылығы да күшейе бередi. Есiңде болсын, Әсел, бұл өмiрде ештеңе де iзсiз кетпейдi. Кешегi желтоқсанда төгiлген қанның бiр сұрауы болады…

Сол сәт сыртқы есiктiң қоңырауы шырылдай жөнелдi. Үшеуi “мезгiлсiз келген кiм бұл?” дегендей ауыздары аңқиып, бiр-бiрiне аңтарыла қарады. Оның да орайы бар. Елдiң алды ұйқыға кеткен түн мезгiлiнде жұрт бiрiн-бiрi өте шұғыл шаруа болмаса мазалай қоймайды. Тiптi болмай бара жатса телефон шалады. Ауылдан келе қоятын ағайын тағы жоқ. Осы оймен бұлар бiр-бiрiне сұраулы жүзбен қарап бiраз тұрып қалды. Есiк қоңырауы тағы да, бұл жолы қатты әрi жиi шырылдады.

– Кiм бұл?! – Әсеттiң дауысы қарлығыңқырап естiлдi.

– Әсетжан, бұл мен ғой, – деген таныс дауыс естiлдi.

– Ура, папам келдi! Табалдырықтан аттай берген Ерасылға бiр-ақ қарғып жеткен Әсел әкесiн құшақтай алды.

– Әселтайым менiң! – дедi Ерасыл ет жүрегi елжiреп.

– Әу, бiзге де кезек берсеңшi, – деп ендi Әсет құшақтады әкесiн.

Айгүл бұларға аузын ашып қарап қалыпты. Қуанғанынан көзiнiң алды жасаурап, тiзесi дiрiлдеп кеттi. Сәлден соң бойын билеген Айгүл ұлы мен қызының көзiнше Ерасылдың мойнына асыла кеттi.

– Алдымен шай iшесiң бе, әлде тамақ ысытып жiберейiн бе? – дедi сәлден соң Айгүл Ерасылдың сыртқы киiмiн iлiп жатып.

– Әзiрге тамақ та жемеймiн, шәй да iш­пеймiн, – дедi Ерасыл Айгүлге мейiрлене қарап. – Қалада тыныштық па? Менi сұрап жатқандар бар ма? – дедi сосын орындыққа жайғаса берiп.

– КГБ-ның өзi де сенi сұрай-сұрай шаршады, – дедi Айгүл. – Жанашыр жақындарымыз сенiң кешiккенiңе алаңдаулы.

– Мәскеуден кейiн СССР Жазушылар одағынан творчестволық командировка алып, ГДР-ға кеткенiмдi бiлесiңдер, – деп бастады Ерасыл әңгiмесiн. – Мәскеуден Берлинге ұшар­да қатты қобалжыдым. Себебi бұл жол­ғы сапардың жөнi бөлек. Бұрын шет елге делегация құрамында, кейде туристер тобымен барып жүрдiм ғой. Ондайда жаныңда елден бiрге шыққан жолдастарың, таныстарың және аудармашы болады. Бұл жолы жалғызбын. Бұрын жол түспеген ел, бейтаныс халық. Ең қиыны – немiсше түк бiлмеймiн.

– Неге? Мектепте немiс тiлiн оқыдық дегенiң қайда? – деп қалды Әсел.

– О, одан берi қанша уақыт өттi және алыс ауылда қайбiр жетiстiрiп оқытты дейсiң. Бар бiлетiнiмiз “айн, свайн, драй” мен “Гитлер капут” едi, оның өзiн де ұмыттық қой. Жазушылар одағының шетел комиссиясындағылар: “Рейсiңiздi ГДР Жазушылар одағына хабарладық. Сiздi мiндеттi түрде қарсы алады” деген. “Немiстер қарсы алса жақсы, қарсы алмаса не iстеймiн?” деп ойладым. Осы ойымды Олжасқа айтып ем, ол: “Қорықпай бара бер. Немiстер пунктуальный халық. Хабар жеттi ме, бiттi, сөзсiз күтiп алады” дедi. “Өмiрде әртүрлi жайлар бола бередi ғой. Егер олар күтiп алмаса не iстеймiн: “Ойбай-ау, мен бiр ауыз немiсше бiлмеймiн ғой”–деп шошындым. “Бiлмей-ақ қой. Берлиндегi немiстердiң жартысына жуығы орысша сайрап тұр. Берлинде Бастиан Бригитта деген танысым бар. Оның да телефон номерiн жазып ал. Өзi аздап орысша бiледi. Менен сәлем айт. Өзi өте сұлу әйел. Байқа, ғашық болып қалып жүрме”,–дедi Олжас. Осы әңгiмеден соң ойнақшыған жүрек орнына түстi. Дегенмен сақтық жасап Берлиндегi Совет елшiлiгiнiң телефон номерлерi мен адресiн жазып алдым. Сонымен наурыз айының екiншi жұлдызында, дүйсенбi күнi “Ил-62” аэробусымен екi сағат жиырма минуттан соң Берлиннiң Шенфельд әуежайына келiп қондық. “Шенфельд” – “Красивое поле” деген сөз екен.

Шынында да әуежай алаңының айналасы сұмдық сұлу екен. Берлинге келген күннiң ертесiнде “Зонтаг” дейтiн газет редакциясының ұжымы кездесуге шақырды. Кездесудi газеттiң бас редакторы Франц Даннеманн ашып, жүргiзiп отырды. Ол өзi ұзын бойлы, арық, қаншардай қатқан орта жастағы әйел екен. Аздаған пiкiр алысудан кейiн немiс журналистерi сұрақты қарша боратты.

– Алаңдағы оқиға жайлы хабардар ма екен? – дедi Айгүл.

– Иә, алаңдағы оқиға жайлы бiр емес, бiрнеше сұрақ қойды. Сол сұрақтар қанша адам қаза болдымен басталып, алаңдағы оқиғаға қатысты менiң пiкiрiмдi сұраумен аяқталды. Мен қаза тапқандар жоқ, жарақат алғандар көп емес деп жауап бердiм.

– Оған немiс журналистерi қанағаттанды ма? – деп сұрады Әсет.

– Қайдан қанағаттансын. Бейбiт шеруге шыққан жастардың қалай жазаланғанын олар менен гөрi жақсырақ бiледi екен. Мен бұл жайлы анық ештеңе бiлмейтiнiмдi, бiлмеген нәрсе жайлы сөйлеу қиын екенiн айтып жалтарып едiм, олар оған қанағаттанған жоқ. Менiң ЖенПИ-дегi кездесуге барғанымды, онда сөйлеген сөзiмдi көлденең тартып, алдымды орап кеттi. Өзiмiздiң КГБ-дан қорқып қалған басым сонда да болса берiспей, ЖенПИ-дегi кездесуде естiгенiмдi айтып едiм, ол жалған болып шықты. Бiздiң қазақта “құлақпен естiген өтiрiк, көзбен көрген шын” деген қанатты сөз бар. – дедiм. “Жарайды, бұл сөзiңiзге сенелiк”, – деп қуақылана жымиды бас редактор әйел сұп-суық, сұп-сұр жүзiн әзер жылытып, жыланның көзiндей зәрлi көзiне күлкi үйiрiп.

– Ал ендi мистер Жақсыбеков мырза, сiз ендi желтоқсан оқиғасы жайлы өз пiкiрiңiздi айтыңызшы. Бейбiт шеруге шық­қан қарусыз жастарды қатаң жазалау Бас хатшы Горбачевтiң Саяси Бюро мақұлдаған қайта құру қағидаларымен, демократиялық принциптерiмен сыйыса ма? Сiз жастардың бейбiт шеруiне күш қолдануды қостайсыз ба? Әлде айыптайсыз ба? Маған Сiздiң “Литературная газетада” жарияланған мақа­лаңыздың “Тәттi өтiрiктен ащы шындық артық” деген аты ұнап едi. Жазушының жалған сөйлемейтiнiне оқырмандарыңызбен бiрге мен де сенемiн, –деп төтесiнен тартқаны.

– Ой, папа, дәл осы тұста қалай жауап берерiңдi бiлмей әбден қиналған шығарсың? – дедi Әсел.

– “Былай тартсаң арба сынады, былай тарт­саң өгiз өледiнiң” кебi келдi ғой, – дедi Әсет.

– Жоқ, мен қиналған жоқпын, – дедi жанары дәл сол бiр Берлиндегi кездесу кезiндегiдей жарқ ете қалған Ерасыл. – Өтiрiк айтып үйренбеген басым “Айыптаймын. Бейбiт шерулерге күш қолдану қателiк болды” деп айтып салдым. Сол сөзiм өзiме сор болып жабысты.

– Ия, тағы не пәлеге жолықтың? – дедi Айгүл үрейленiп.

– Сол бiр жай тап қазiр болып жатқандай көзiң шарасынан шығып кеттi ғой, – деп күлдi Ерасыл. –Үрейленетiндей ештеңе жоқ. Қиыншылықтың бәрi артта қалды ғой.

– Қайтейiн, қорқып қалған басымыз сәл нәрседен шоши беремiз. Қорқа-қорқа қоян жүрек болдық қой, – деп ақталды Айгүл.

– Әңгiменi желiсiн үзбей рет-ретiмен айтайын–деп сөзiн жалғады Ерасыл. – Берлинде “Фольк унд Вельт” баспасына барғанымда немiс тiлiнде жеке кiтап болып шыққан “Қазақ ертегiлерiн”, Әуезовтiң “Абай жолы” эпопеясын, Олжастың өлеңдер жинағын көрiп, қатты қуандым. Қазақ қаламгерлерiнiң “Ақ аруана” деген атпен шыққан кiтабында менiң де бiр әңгiмем бар екен. Ол шығармаларға редактор болған Кристина Линкс, Ганна Браунгарт қазақ әдебиетi жайлы жылы пiкiрлер айтты. Бұдан кейiн ГДР Жазушылар одағында, Германиядағы Совет елшiлiгiнде болдым. Берлин қаласындағы кездесулерден соң Германияны аралап кете бардым. Немiс әрiптестерiм жаныма Наташа есiмдi аудармашыны қосып бердi. Ол Мәскеу университетiнiң филология факультетiн бiтiрген, өзi орысша мен немiсшеге бiрдей жетiк, пысық әйел екен. Күйеуi немiс.

– Берлин сұлу қала ма екен? Онда не көрдiң? – деп сұрады Әсет.

– Берлинде көргенiмнiң бәрiн тәптiштеп айтып уақыттарыңды алмай-ақ қояйын. Сапар әсерлерiн кейiн жазамын. Бiрер сөзбен айтсам, Берлин бiр миллион жүз алпыс мың халқы бар, Батыс пен Шығыс архитектурасының озық үлгiлерiн бойына сiңiрген сұлу қала екен. Тоғыз ауданға бөлiнген қалада жүз жиырма елдiң елшiлiгi мен сауда өкiлдiктерi бар дестi бiлетiндер. Алты миллионға жақын кiтап қоры бар немiс ұлттық кiтапханасы, немiс тарихының музейi, ұлттық галерия, Гумбольдт университетi жақсы әсер қалдырды. Архитектор Кнобсельсдорфтың басшылығымен 1741–1743 жылдары салынған ұлттық опера театры мен он жетiншi ғасырда Афин аркасының үлгiсiмен архитектор Лангханс тұрғызған атақты Бранденбург қақпасы сәулет өнерiнiң озық үлгiсi. Берлиннiң бас көшесi Унтер ден Линдендегi 1851 жылы Пруссия королi Фридрихқа қойылған ескерткiш аспанның өзiне асқақ қарап тұр. ГДР мен ФРГ-нi бөлiп тұрған бетон қабырғаның ар жағында Тиргартен деп аталатын ғажайып парк бар дестi. Әрине, бiз оны көре алғанымыз жоқ. Бiр қызығы – немiс әрiптестерiм менi қонақүйге емес, Мольдштрассе көшесiндегi төртiншi үйге орналастырды. Сол үйдiң алтыншы қабатынан Берлин қонақүйi де, Ленин ескерткiшi де анық көрiнедi екен. Сыртқы есiкке домофон қойылыпты. Сыртта тұрып, келген пәтерiңнiң кнопкасын басасың. Үйдегiлер телефон трубкасын көтерiп, iштегi кнопканы басса кiресiң, баспаса кiру жоқ ол үйге. Ұры-қары көбейе бастаған бiздiң Алматыға да керек екен ол. Лейпцигте ”Астория” қонақүйiне тоқтаған ек. Маған бөлген бөлме суық болып, тоңа бастағасын үстiңгi қабатқа орналасқан Наташаға телефон шалып едiм, ол келдi де, батареяның шет жағындағы тетiктi бұрады. Сәлден соң бөлме iшi құстың ұясындай жып-жылы болып шыға келдi. Немiстер тыңғылықты халық қой, көрмейсiң бе, үйге жылуды керек кезiнде қажеттi мөлшерде бередi екен. Бiздiң Қазақстан қалаларында кейде үйдiң iшi даладан бетер суық болып тұрғанда кей жерлерде трубалардан атқылаған ыстық су айналаға шашылып, жылу айдалаға кетiп жатады. Лейпциг халықаралық кiтап жәрмеңкесiн тұрақты түрде өткiзiп тұруымен, аса бағалы аң терiлерiнiң сауда көрмесiн өткiзуiмен әйгiлi. Гете оқыған қалада оған ескерткiш қойылыпты. 1900 жылы Ленин “Искра” газетiнiң алғашқы санын шығарған “Рау” баспаханасы сақталған қалада 150 баспа бар екен.

– Ал, керек болса, – дедi Әсет. – Бiз бүкiл Қазақстандағы бар-жоғы бес-алты баспаны көпсiнiп жүрсек.

– Бұдан кейiнгi жол он бесiншi, он сегiзiншi ғасырдағы Рафаэль, Джорджоне, Тициан, Веронезе, он жетiншi ғасырдағы голландық Рембрандт, Вермеер, Рубенс; француз Пуссен, Ватто; он алтыншы ғасырдағы немiс Дюрер, Гольбейн сынды атақты суретшiлердiң картиналары қойылған Дрезден қаласына түстi. Дрезденнiң солтүстiк батысындағы небәрi қырық екi мың ғана тұрғыны бар Майсен қаласы фарфор ыдыстарының неше атасын жасаумен әйгiлi. Берлиннiң солтүстiк шығысындағы Ваймер қаласындағы Гете мен Шиллер, король Карл Август, Шекспир, Пушкин ескерткiштерiн тамашалап, Герберт Грайнер Май есiмдi немiс әдебиетшiсiнiң бастауымен барлығы жиырма бес залдан тұратын үш қабатты Гете музейiн аралап көрдiк.

– Бiздiң Алматыға да сондай бiр үлкен әдеби музей керек-ақ, – дедi Әсет. – Жеке жазу­шы­ларға болмаса да, бүкiл қазақ әдебиетiне ар­нап сондай бiр үлкен ғимарат салуға болады ғой.

– Немiс халқының қандай ерекшелiктерiн байқадың?

– Айгүл сенiң бұл сауалыңа, немiстер тәртiп пен тазалықты тәңiр тұтатын өте еңбекқор халық деп қысқа жауап беруге болар едi. Оны Қазақстандағы немiстердiң күнделiктi өмiрiнен өзiң де көрiп жүрсiң. Бұған қоса айтарым, олар жерге үлкен құрметпен қарайды екен. Тұрмыстағы талғамдары да жоғары. Кешкiсiн көшеде көп жүрмейдi олар. Көбiне, үйде, кафеде, ресторанда, театрда, концерт залдарында, барда болады. Германияның қалаларында дүкендер сенбi күнi түске дейiн ғана iстейдi. Демалыс күндерi жабық. Аптаның бес күнiнде өлiп-талып жұмыс iстейтiн немiстер сенбi, жексенбi күнi жақсылап демалады. Ондайда олар көбiнесе табиғат аясында болғанды ұнатады екен.

– Бiз болсақ кiр жуудан қонақ күтуге дейiнгi барлық жұмысты сенбi мен жексенбiде iстеймiз, – дедi Айгүл.

– ГДР-дiң бәрiн болмаса да бiраз жерiн аралап, Берлинге қайтып келсем, – деп әңгiмесiн жалғастырды Ерасыл. – Менiмен кездесу өткiзген “Зонтаг” газетi үлкен бiр бетке менiмен сұхбат жариялапты. Сұхбаттың тақырыбының астына: “Қазақтың көрнектi жазушысы, белгiлi қоғам қайраткерi Ерасыл Жақсыбеков Брежнев атындағы алаңда болған жастардың бейбiт шеруiне күш қолданған билiктi айыптайды”, – деп үлкен әрiптермен жазыпты. Сол сөздердi аудармашы орысшаға аударғанда ендi елге қалай ораламын? деп қорықтым. Қайту билетi дайын. Ендi не iстеу керек? Қорыққанмен жан қала ма? Әрi ойланып, берi ойланып, “Правда” газетiнде жұмыс iстейтiн орыс журналистерiне телефон шалдым. Осылай да осылай. “Мына сұхбатым үшiн КГБ менi әуежайда тұтқындауы мүмкiн. Сендер топталып келiп, менi құтқарыңдар” дедiм.

– Содан? – деп қалды Әсет.

– Содан Шереметьево әуежайынан бiрақ шығып, түрлi тексерулерден өтiп, күтушiлер залына өте бергенiмде жас мөлшерi елуге тақап қалған бiреу көзi көкшиiп қарсы алдымнан шыға келгенi. Жолымды кес-кестеп, “Менiмен бiрге жүрiңiз” – деп жеңiмнен тартты. Сөйтсем КГБ-нiң офицерi екен. “Тұра тұрыңыз. Әуелi күтiп алушылармен сәлемдесейiн” деп әудем жерде тұрған бiр топ қаламдас орыс достарыма қарай ұмтылдым мен. Олар да асыға жүрiп келiп, менi орталарына ала қоршаған бойы сыртта тұрған машинаға әкелiп отырғызды. Өздерi екi машинамен келген екен. Әуежайдан шыға артқа көз тастаған Андрей: “Соңымызда хвость бар. Ендi не iстеймiз?” дедi. Мен “Жазушылар одағына барайық” дедiм. Ондағы ойым Георгий Мокеевичтен көмек сұрау.

– Ол кiм? – деп сұрады Әсел.

– Атақты Марков.

– Соны да бiлмейсiң бе? – дедi Әсет Әселге. – Ол СССР Жазушылар одағының бiрiншi хатшысы. Екi мәрте Социалистiк Еңбек Ерi, Лениндiк сыйлықтың лауреаты, КПСС Орталық Комитетiнiң мүшесi, СССР Жоғары Кеңесiнiң депутаты. “Сiбiр” романының авторы. КГБ тұрмақ Кремльдегi Бас хатшыға да сөзi өтетiн мықты.

– Жазушы боламын деп жүрген сен болмасаң мен бәрiн бiрдей қайдан бiле берейiн. Осы Қазақстанның өзiнде бес жүз жазушы бар, – деп ақталды Әсел. – Совет одағында пәлен мың шығар олар.

– Бәрiн болмаса да, атақтыларын бiлуiң керек. Суретшiлердi ғана емес, жазушыларды да бiлуiң керек! – деп өршеленген Әсеттiң сөзiн Айгүл бөлдi:

– Ау, ботақандарым, әкелерiңнiң сөзiн бөле бермеңдер.

– Машинада келе жатқандағы барлық ой-арманым: «Алла жар боп, Георгий Мокеевич орнында болса екен. Ия, аруақ, ия, сәт болды.” Аулада тұрған сүлiктей қара “ЗИМ-дi” көрiп қуанып кеттiм. Бұл Марков жұмыс орнында деген сөз. Ақылды кiсiлер қарапайым, кiшiпейiл болады ғой. Марков менi бiрден қабылдады. Ол кiсi Алматыға соңғы жолы келгенде қасында болып қызмет жасағаным бар. Оңаша қалған бiр сәтiнде өзiнiң өтiнiшiмен ол кiсiнi көк базарға да алып барғанмын.

– Сондай үлкен кiсi базардан не алды? – деп сұрады Әсел.

– Ештеңе де алған жоқ, – деп жауап бердi Ерасыл. – Базар – халық тұрмысының барометрi. Өзi тұратын жерден басқа қалаға барған адам сол жердегi халықтың тұрмысын бiлу үшiн алдымен базарға барады. Сонымен не керек, Марковтың алдына жеткен мен ол кiсiге барлық жағдайды жасырмай баяндадым. Георгий Мокеевич менiң сөзiмдi бөлмей тыңдады. Ренiшiн де жасырған жоқ. “Аса қадiрлi Георгий Мокеевич! – дедiм мен. Бiздiң халқымызда “Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ” деген мақал бар. “Қанша қиын болса да, жазушы шындықты, тек қана шындықты айту керек” деп жазған сiз. “Жазушы өз халқының – адвокаты” дегендi айтқан Лев Толстой. Мен ұлы орыс әдебиетiнiң шәкiртiмiн. Егер мен қара басымның қамын ойлап, қуғын-сүргiннен қорқып, өз халқымның сөзiн сөйлемесем, жазықсыз жастарға ара түспесем, Сiз “Сен қандай қаламгерсiң?” – деп маған ұрысуыңызға болар едi. Менiң орнымда кез келген жазушы, мейлi орыс па, немiс пе, бәрiбiр осылай жасар едi. Менiң тағдырым сiздiң қолыңызда. Ара түсiп, арашалап аламын десеңiз де, кеудемнен керi итерiп, темiр тордың ар жағына жiберемiн десеңiз де еркiңiзде. Сiзден асып қайда барамын? Сiз не айтсаңыз да көнемiн”. Марков сәл ойланып отырды да үкiметтiк байланыс телефоны арқылы КСРО Қауiпсiздiк Комитетiнiң төрағасымен сөйлестi. Өзi өте ақырын сөйлейтiн кiсi ғой. Жүрегiм атқақтай соғып, құлағым шыңылдап отырып шала-пұла естiген сөзiмнiң қысқаша мазмұны: “ГДР-ден жаңа ғана ұшып келген қазақтың талантты жазушысы Жақсыбековтiң көлiгiнiң соңында хвость бар екен. Мен ол жiгiттi жақсы бiлемiн. Ол менiң шәкiртiм. Демократияға арқа сүйеп, декабрь оқиғасына байланысты өзiнiң жеке пiкiрiн айтқаннан бөтен жазығы жоқ. Өзiм сөйлесемiн онымен. Сiзден Жақсыбековтiң соңындағы бақылауды алып тастауыңызды сұраймын” Марков телефон тұтқасын ұясына қойды да, қолымды алып тұрып былай дедi: “Ал жақсы. Қазақ достарға сәлем айт. Халықтар достығын нығайта беруге қызмет ет. Орыс пен қазақ халқының ежелден дос, тағдыры тамырлас екенiн ұмытпа! Бiздi жаңа шығармаларыңмен қуанта бер!”

– Марковқа барғаның қандай жақсы болған. Әйтпесе жағдайың қиын болғандай екен. Құдай көңiлiн көтерсiн оның, – деп қуанып кеттi Айгүл сол бiр қиын жағдай Ерасылдың басынан дәл қазiр өтiп жатқандай.

– Мәскеуге келгесiн тағы бiр қиындыққа кез болдым, – дедi Ерасыл.

– Ол не тағы? – дедi Әсет шыдамсызданып.

– “Жақсылық көрсем өзiмнен, жамандық көрсем өзiмнен. Бiреу қылды дегендi таба алмайсың сөзiмнен” деушi ме едi бiр ақын. Сол айтқандай бәрi өзiмнен болды. Көңiлiмдi бiр демдеген соң “Художественная литература” баспасына бармайын ба? Ондағылар келесi жылы шығуға тиiс екi томдығымды жоспардан алып тастапты. Орталық телевидениеге бар­сам, Останкинода өтетiн кешiм де кейiнге сырғыпты. Олардың да шовинистiк ауруы асқына бастаса керек. Содан қонақүйге қайтып келсем “Московские новости” газетiнiң тiлшiсi күтiп отыр екен. Бұл өзi бiрнеше тiлде шығатын, шет елдерге де тарайтын беделдi басылым болғасын сұхбат беруге келiстiм. “Аузы күйген үрiп iшедi” деген рас. Тiлшiге желтоқсандағы шеру жайлы сұрақ қоймаңыз деп өтiндiм. Ол “жарайды” дедi де, диктофонын қосты. Тiлшi қыздың сұрағына орай қайта құруды қуаттап, оны бастаған Бас хатшыны мақтадым. Горбачевтiң: “Қайта құру – жанды процесс және оны әлдебiр схемалар бойынша программаланған роботтар емес, тiрi адамдар жүргiзуде… Бiз өзара байланысты бiртұтас дүниеде өмiр сүрiп отырмыз… ол цивилизация үшiн бәрiмiзге ортақ жауапкершiлiк жүктейдi… Қайта құру – бiздiң барлық халықтарымыздың ортақ ұлы шаруасы” деген сөзiмен қайта құру туралы ойымды тұздықтадым. Орыстың қаршадай қыздарына дейiн пәле. Мына бiздiң Әселжан мен Әсеттен аз-ақ үлкен тiлшi қыз сөз аралата отырып, “Қайта құруға басшылық жасап отырған бас штаб – Саяси Бюроның құрамы, оның аса ықпалды бiр мүшесi Курбатов жайлы пiкiрiңiз қандай?”– деп сұрамасы бар ма?

– Оны да мақтаған шығарсыз? – дедi әкесiне еркiн сөйлеп үйренген Әсет.

– Жоқ, мақтамадым, сынадым, – дедi ұлының үнiндегi наразылықты тап басып таныған Ерасыл.

– Рас па? Не деп сынадыңыз? – деп қуанып кеттi Курбатовты ұнатпайтын Әсет.

– Мен бұл сұраққа былай деп жауап бердiм, – деп әңгiмесiн жалғастырды Ерасыл. – Николай Иванович Курбатов Горбачев командасындағы әлсiз адам. Мен айтар едiм, стечение обстоятельствомен көтерiлген кездейсоқ, қаңылтыр қайраткер. Ә, дәлел дейсiң бе? Дәлел жеткiлiктi. Ол байсалды ойлап, байыпты шешiм қабылдайтын парасатты тұлғалар санатында еместiгiне өзi бастамашы болған “сухой закон” дәлел. Соның салдарынан қаншама жүзiм плантациялары оталды. Оларды қайта қалпына келтiру үшiн ондаған жылдар керек. Орыстың аса көрнектi қаламгерi Чеховтың сөзi есiңiзде ме, “Адамның iшкi жан-дүниесi де, сыртқы сымбаты мен киiм киiсi де сұлу болу керек” дейтiн. Ол Курбатовтың қалай киiнгенiн көрiп жүрмiз ғой көгiлдiр экраннан. Сонау отызыншы, қырқыншы жылдардағы талғамсыз киiмдерге ұқсайды. Қолына iлiккенiн үстiне iлiп жүре беретiн мүмкiндiгi жоқ бiреу болса бiр сәрi. Ал, сөйлеу мәдениетiне тағы да көңiл толмайды. Жақында Янош Кадар қайтыс болғанда Николай Иванович Венгрияға барып, социалистiк мемлекет басшысын жерлеу рәсiмiне қатынасып қайтты. Сөйлеген сөзiн тыңдадық қой телевидениеден. Сонда Курбатов мен Янош Кадармен дос едiм. Оған талай ақыл-кеңес берiп едiм. Оған ол қатты риза болып едi деген мағынада бiраз мақтанды. Қаралы жиында айтатын сөз бе осы?! Янош Кадар халықаралық деңгейдегi аса танымал тұлға. Сөзiнiң мазмұны осы болса, сөйлеу мәнерi одан да сорақы. Әлемге әйгiлi аса iрi тұлғаның қазасы жайлы көгiлдiр экранда екпiндеп, айғайлап сөйлеу де мәдениеттiлiк пе? Бұл қандай этикаға жатады? Қысқасы, маған бұл кiсiнiң науқаншылдығынан бастап, iстеген iсi, жүрiс-тұрысы, сөйлеген сөзi, тiптi киген киiмiне дейiн ұнамайды. Бұл менiң жеке өз пiкiрiм. Қателесуiм де мүмкiн

– Папа, дұрыс айтыпсыз. Менiң де пiкiрiм осы, – дедi Әсет.

– Содан сол сұхбаттың гранкасын оқып отырғанымда маған өзiн Курбатовтың бiрiншi көмекшiсiмiн деп таныстырған бiр орыс жiгiтi телефон соқты. Менiң шетелге қалай барып қайтқанымды, көңiл-күйiмдi, денсаулығымды, қалай орналасқанымды, не көмек керек екенiн сұрап, iшi-бауырымнан өтiп барады. Сөзiнiң соңында: “Сiзге пропуск жазғызып қойдық. Машина жiберейiк. Бiзге, Кремльге келiңiз” дедi. “Не үшiн?” деп сұрадым мен. “Николай Иванович Курбатов күтiп отыр” деп сызылмасы бар ма? “Ол кiсiнiң қабылдауына жазылған жоқ едiм” деймiн мен. “Жазылып қайтесiз, Сiздi кезексiз қабылдайды” дедi ол. Николай Ивановичтiң көмекшiсiмен әңгiме осылай болды.

– Саяси Бюроның мүшесi шақырса неге бармадыңыз, – дедi саясаттан хабары аз Әсел.

– Ой, Әсел-ай, аңқаусың ғой, – деп әкесiнен бұрын Әсет жауап бердi оған. – Папамды ол дәудiң Кремльге неге шақырып отырғанын манадан бергi әңгiмеден аңғармадың ба?

– Ал сен бiлсең айта қойшы? Неге шақырды олар папамды?

– Кремльде отырған дәулердiң қырық құлақ, жүз көзi бар. Қаптаған көмекшiлер мен кгбшниктер не бiтiрiп жүр дейсiң, соларды қызғыштай қорып, тыңшылықпен айналыспағанда. Солардың бiреуi папамның газетте шыққалы жатқан сұхбатын жеткiзген. Сол материалды автордың келiсiмiмен ың-шыңсыз номерден алып тастау үшiн жасалған айла-шарғы емес пе бұл. Сен бiлiп жүр, Әсем, олардың қулығына құрық бойламайды. Осы айтып отырғаным дұрыс па, папа?

– Дұрыс, – дедi Ерасыл. – Мен Кремльге бармағаннан кейiн сол көмекшi сол күнi кешкiсiн тағы телефон соғып, менiмен бiраз саудаласты.

– Сонда ол не айтуы мүмкiн, папама. Ал бiлгiш болсаң айта қойшы? – деп ағасына шүйiлдi Әсел.

– Ол әңгiме былайша өрбуi мүмкiн. “Сiз, Жақсыбеков жолдас, ана “Московские новости” газетiне берген сұхбатыңыздағы Николай Иванович туралы пiкiрлерiңiздi алып тастаңыз. Ол кiсi Сiздiң Мәскеудегi кешiңiздi өткiзуге, кiтабыңызды шығаруға пәрмен бердi. Сiз бiздi дұрыс түсiнiңiз. Бұл сауда емес, әрине. Әйтсе де Николай Ивановичтiң өзi сiздiң шығармашылық кешiңiзге қатыспақ ойы бар екенiн хабарлаймын. Сол кезде өзiңiзге ыңғайсыз болып жүрмесiн. Бұл Сiз бен бiздiң арамыздағы құпия болуын қалаймын” деп төгiлдiрген болар.

– Солай ма, папа?

– Сен оған келiспедiң ғой, папа? Солай ма?

– Солай, Әсетжан, солай. Сонымен сұхбат газетте шығып кеттi, – деп әңгiмесiн әрi қарай қайта жалғады Ерасыл. – Сол күнi сол сұхбат арқылы мойыныма тағы бiр қоңырау байланып, соңымнан қарауыл қойылғанын iшiм сездi. Курбатов осал жау емес. Оның қолында СССР дейтiн алып империяны билеп тұрған шексiз билiк бар. Ойнақтап жүрiп, от басты деген осы. “Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар едi, құлыным?” дегендей аузы алты қарыс Курбатовта нем бар едi? Ендi не iстеу керек? деп жатып алып ойландым. Сондағы ойлап тапқаным, ең алдымен бiрiншi қабатқа түсiп, қонақүйде болу мерзiмiн он күнге ұзартып, ақысын төледiм. Сосын бөлмеге келiп, шет елден алған “Адидас” спорт костюмiн төсектiң үстiне тастай салдым. Күздiк пальтомды гардеробқа iлдiм. Жазу столына отырып “ГДР сапарынан алған әсерлер” деп тақырып қойып, жарты бет жолжазба жаздым. Қаламсабымды, ГДР-да жазған қойын дәптерiмдi жазу столында, чемоданымды iшiндегi киiм-кешек, кәкiр-шүкiрiмен, тiптi сақал-мұртымды алатын электр құралымды да, тiс жуатын паста мен щетка, сабынды да номерде қалдырдым. Сосын қолыма дипломатымды алып, ақырын қонақүйден шығып кеттiм. Кетерiмде бiр бет ақ қағазға үлкен әрiптермен орысша: “Екi-үш күннен соң қайтып келемiн” деп жаздым да, есiкке қыстырдым. Сосын таксиге отырып, Айгүлдiң Мәскеуде бiрге оқыған құрбысы Галяның үйiне келдiм. Галяның күйеуi Петр де, анасы Ольга Николаевна да үйде екен. «Ұлтшылсың деп менiң соңыма түсiп алды. КГБ-ның қызыл көздерiнен қашып жүрмiн. Менi ұстап берсеңдер де, жасырып, паналатсаңдар да ерiктерiң” дедiм. Олар: “Сенi ұлтшыл деп жүрген қай ақымақ?! Бiз сенi баяғыдан бiлемiз ғой. Сен арқылы қазақ халқын да таныдық. Алматыда сенiң үйiңде де, сен туып-өскен ауылда да болдық. Сен бiздiң бауырымызсың. Қазақ нағыз интернационалист халық. Сенi дауға да, жауға да бермеймiз! Қанша жатамын десең де жат осы үйде” дестi. Содан сол үйде жатып, кеш болуын күттiм. Кеш түскесiн “Домедедово” әуежайына, депутаттар бөлмесiне келдiм. Өзiм депутат болмасам да Олжаспен бiрге талай рет сол “үкiмет бөлмесi” арқылы ұшқанмын Алматыға. Содан да онда қызмет көрсететiн бикештердiң бәрi таныс. Өмiрiмде бiрiншi рет пара бердiм соларға.

– Шынымен бе? Сонда оларға не бердiң? – деп таңданысын жасыра алмады Әсет.

– Жаным қысылғасын екеуiңе шетелден алған блузкидi бердiм. Сөйтiп депутаттар бөлмесiндегi бикештердi көңiлдендiрiп алдым да, ең бiрiншi рейске билет алып беруiн өтiндiм.

Сөйтiп солардың көмегiмен Ташкентке ұшып келдiм де, ертесiне Самарқанға тартып кеттiм. Қайтарда Жизаққа – Шараф Рашидовтың туған жерiне соқтым. Сосын Ташкентке қай­тып оралдым да, машина жалдап, бiр мың кило­метрден артық жол жүрiп, аман-сау орталарыңа оралдым.

– Папа, өте шебер жүрiс жасапсың, – дедi Әсет.

– У моего папы светлая голова, – дедi Әсел.

– Жарайсың, шалым! – дедi Айгүл. – КГБ-ны жақсы-ақ адастырған екенсiң. Тек арты қайырлы болсын!

– Ендiгiсi оңай, – дедi Ерасыл. – Уақыт озған сайын қуғын-сүргiн де әлсiреп, азая бермек. Орыстар айтпақшы бiздiң көшеде де мейрам болады әлi.

– Лайым солай болсын! – дедi Айгүл. – Сен кеткелi ұйқымыз шала едi. Бүгiн бiр жақсылап демалайықшы.

– Пәлi, түн ортасы болып қалыпты ғой. Ал, кәне, боталарым, ұйықтаңдар. Ерасыл осыны айтып екi жағында отырған ұлы мен қызын бауырына қысып, өзiне сүйсiне қараған Айгүлдi жанарымен аймалады.

Сол күнi кеш жатқан олар ертесiне төсектен сергек тұрды. Бұлардың көңiл-күйiн көтере түсейiн дегендей ұясынан тұсау бойы көтерiлген күн де өзiнiң алтын нұрын айналаға аямай төктi.

Бұл желтоқсаннан кейiнгi үрейлi көктем едi.

Серіктес жаңалықтары