ДЕНИЗ
ДЕНИЗ
Көрермен сұранысына сай қазақ телеарналарынан түрiк фильмдерi үзiлмейтiн болды. Дәл қазiр менiң айтайын деп отырғаным, көрермендердiң тамаша көзайымына айналған түрiктiң «Дениз» атты киносы. Қазақстан ұлттық телеарнасынан көрсетiлетiн бұл фильмдi көрiп жүргенiмiзге бiр жыл болды. Былтырғы күзде қызыға теледидарға телмiрiп, Дениз басталды деп бар жұмысын қоя сала, бар зейiнiн Денизге бөлетiн көрермендерiмiз биылғы жылы да теледидардағы Дениздiң алдынан табылады. Алдыңғы жылдары арнамыздан «Мың бiр түн» үзiлмеген едi, ендi «Дениз» – бұл фильмнiң бiтер шегi бар ма өзi? Ол бiткенше бiздiң рухани санамыз жойылып кетпес пе екен? Кештетiп бiр туғаныңның үйiне бара қалсаң, әпке – жеңгелерiмiз Дениздi көрiп отырғаны. Бар жұмысын қойып, жылап жатқан баласын ұмыттыратын сол фильмнiң бiр пайдасы бар ма өзi? Осы жағына мән бергендер кем де кем шығар. Көп көре бермеген соң әпке-жеңгеме қызығып мен де Дениздi көрмекшi болдым. Қарасаң бiр бiрiне ерегiскен, бiрiн-бiрi қорқытып бағындырған, үлкенi де кiшiсi де өтiрiктi қиыстырып жатқан, бiр-бiрiне пайдасынан зияны көп актерлер көрермендерiмiздiң санасынан ойып орын алған. Кейде бұл фильм мектептегi оқушылардың арасында да даулы мәселеге айналады. «Мертке жаным ашиды», «Мерттiкi дұрыс, Дениздiкi қате» немесе «Суна байғұстың бiр бағы ашылмады ғой», «Озан сүйкiмсiз болып кеттi, Банудың тастап кетуiне әбден лайық» деген пiкiрлерге қарап, бұл фильмнен жас буындарымыздың алатын әсерiн байқаймыз. Айта кететiн тағы бiр нәрсе, осы фильмдегi актерлер, олардың қылықтары, жүрiс-тұрысы, киiмдерi де бiздiң жас жеткiншектерiмiздiң үлгi тұтар тұлғасына да айналып үлгердi. Жоңғарлардың тарих сахнасында болған орны сияқты, бұл фильмнiң де ұлттық арна сахнасында өзiндiк орны бар. Әрине, бiр жыл уақыт бойы көрсетiлген бұл фильмдегi кейiпкерлерге ұқсағысы кеп, елiктеушiлер де бар екен.
«Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай атамыз айтқандай қазақ жастары түрiк киносындағы бiрi Мелихке ұқсағысы келсе, бiрiнiң Денизге ұқсағысы келедi екен. Абай атамыздың сөзiн қате деуге болмайды. Ол кiсi «болмасаң да ұқсап бақ, Дениз бен Мелихтi көрсеңiз» демедi, «бiр ғалымды көрсеңiз» дедi. Ал бiздiң жастарымыз теледидарда көрсетiлген, оның үстiне қазақ емес, алыс түрiктiң өзiмшiл қыздары мен жеңiлтек, ұстамсыз жiгiттерiне ұқсағысы келедi. Бұл түрiктiң фильмдерi жастардың санасын улаған м – агенттен кем емес деуге болады.
Оқырман ойына сәл қозғау салған болсам, мұны жазар алдында шын ниеттенiп, өрге талпынғаным деп бiлем.
Алматы облысы,
Панфилов ауданы,
Ават орта мектебi,
11-сынып оқушысы