Айтақын БҰЛҒАҚОВ: АЙТЫСТЫ «ТҰМЫЛДЫРЫҚТАУ» ҮЛКЕН АЙЫП
Айтақын БҰЛҒАҚОВ: АЙТЫСТЫ «ТҰМЫЛДЫРЫҚТАУ» ҮЛКЕН АЙЫП
Газетiмiздiң өткен санында («Түркiстан», 19 қаңтар, 2012 жыл, №3) «Айтыс телеарнадан неге көрсетiлмедi?» деген бiр топ зейнеткерлердiң хаты жарияланған едi. Осыған орай, бiз белгiлi айтыскер, талдықорғандық ақын Айтақын Бұлғақовқа бiрер сауал тастаған едiк.
– Айтақын аға, Тәуелсiздiк тойына арналған айтысты көре алдыңыз ба?
– Мүмкiндiгiм болмады. Бұл айтысқа балам Жандарбек те қатыспады. Бiрақ та айтысқа түскен ақындармен байланыс арқылы айтыстың қалай өтiп жатқанынан хабардар болып отырдым. Осы айтыста Айнұр Тұрсынбаеваның қарсыласы қырғыз ақыны Элмирбек Иманалиев келмей қалып, менi айтысқа шақырды. Мен айтысудан бас тарттым. Себебi ешбiр дайындығым болмады. Елдiң алдына шыққан соң, көркiңдi көрсетуге емес, естi сөз айта бiлу керек. Халық та сенен соны күтедi. Әгараки, сол 45 ақынды басында тiзiмдеген Жүрсiн Ерман күнi бұрын елеп-ескерiп шақырғанда, ойымды жинақтап барар едiм.
– Үш күн бойы Астананы аламанға айналдырған айтысты қай телеарна түсiрдi?
– Бұл айтысты қай арна түсiргенiн Жүрсiн Ерманнан сұрау керек. Негiзi барлық айтысты «Хабар» түсiрiп, көрсететiн. Өздерiң де бiлесiңдер, қандай айтыс болмасын онда үлкен әлеуметтiк мәселелер қозғалады. Азуы алты қарыс Бекарыс, Ринат, Балғынбек, Айбек сынды тарландар сын садағын қарша боратады. Ал бұл билiктегi көкелерге ұнамайды. Экраннан көрсеткен күннiң өзiнде айтыстардың барлығын жүнiн жұлған тауықтай, жұлым-жұлымын шығарып үзiп беретiн. Сонда да болса ол көрерменге жол тартатын. Кейiн бұл айтулы өнер құдды бiр мемлекеттiң құпиясындай жасырын сақталатын болды. Осыны түсiнбей далмын.
– Осы айтысты көрерменге неге көрсетпедi деп ойлайсыз?
– Үш күнге созылған Тәуелсiздiк тойына арналған айтысқа 45 ақын қатысты. Бұған көршi Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Қырғызстаннан да ақындар келдi. Тiптi айтыс өтедi деп алдын-ала сауын айтылған да болатын. Өкiнiшке қарай, бұл айтысты көрермендер көзiнен жасырып отыр. Бiр естiгенiм, үш күнге созылған айтыста алдын-ала жүлденi кiм алатынын бiлген Ринат Зайытов екiншi айналымнан бас тартыпты деседi. Бiрiншi айналымда түгелдей он бал алған Төреғали Төрәлi айтыс үстiнде қоғамда болып жатқан келеңсiздiктердi бүге-шүгесiне дейiн ашынып айтқандықтан екiншi айналымға шықпай қалған екен. Өйтетiнi бар қазылар алқасы неге түгелдей он бал бередi? Тiптi ақтық мәреге жақындағанда ақындардың барлығына он балдан берiп қарық қылып, жүлденi көздеген ақындарына бергенiн айтып ақындар ренжулi. Осы айтыста Қытайдан келген Жамиға атты қандасымыздың сөз саптауы ерекше болды дейдi. Тiптi өмiрi жүлдеден құр қалмайтын Аманжол Әлтаев бәйгеге қолы жетпей, қатысқан ақындарға берiлген сыйақыны алмай кеткен сияқты.
– Жалпы, айтысты шектеудiң өзiндiк бiр сыры бар ма?
– Айтысты шектеудiң өзiндiк сыры неге болмасын?. Ықылым заманнан берi күнгей мен көлеңкенi салмақтап, халыққа жария етiп келген айтыс. Мұнда тәттi де, ащы да айтылады. Ақындар аузынан шыққан сөзге тыңдарман қауым сүйсiне құлақ түредi. Қазiргi айтыс саясатқа айналып кеттi деп жүр. Айтыс бұрыннан да тұла бойы тұнып тұрған саясат болатын. Арғы тарихқа бармай-ақ Сүйiнбай мен Қатағанның айтысын алып қараңыз, елдiк пен ерлiктi салмақтай келе, арнасынан асып, жеке бастың мүддесiне дейiн толғамай ма? Мұны саясат емес деп кiм айта алады? Бүгiнгi қоғам айтыскер ақындардан именедi. Тiптi ауыздарына сөз салып, «ананы айт, мынаны айт…» деп талап та қойып жүр. Шеңберден шығып кеткен ақындар ащы шындықты айтып салады. Айтысқа барып жүрген кезiмде көрермендер ақындар айтқан шымшымаларға дән риза болып, «тым құрыса осы айтыс арқылы шерiмiздi тарқатып жүрмiз, елдiң сөзiн сендер айтпасаңдар, кiм айтады?» деп, ағынан жарылып жататын. Ендi билiк айтысты да, ақындарды да қараша жұрттан аулақ ұстағысы келетiн сияқты.
– Тұйыққа тiрелгенiмiз бе сонда?!
– Осылай кете берсе, айтыстың болашағы бұлыңғыр. Бұл ұлттық өнердiң тұмсығына тұмылдырық таққанмен бiрдей. Кешегi кеңестiк дәуiрде де айтысты идеология құралы ретiнде ашса алақанда, жұмса жұдырығында ұстаған. Ол кезде де айтыс Компартияны, күн көсемдi жырлап, колхоз-совхоздың жетiстiгi мен кемiстiгiн жырлаған. 1943 жылы Жамбыл бастаған айтыскерлер Отан үшiн қан майданда жүрген жауынгерлерге жырларымен рух бергенiн бұқара жұрт жақсы бiледi.
– Айтыстың келешегiн қалай көз алдыңызға келтiресiз?
– Қазiр айтыс төңiрегiнде түрлi алып-қашпа әңгiмелер өрiп жүр. Бұл айтыстың деңгейiнiң өскендiгiн көрсетедi. Бiр өкiнiштi жайт бар. Қазiргi ақындар суырып салудан гөрi жаттандылыққа бой алдырып барады. Егер шындап сұрыптайтын болса, нағыз айтыскерлер саусақпен санарлық. «Мен ақынмын» деп жүргендердiң барлығы бiрдей ақтабан емес. «Мемлекет қамқорлығына алды, ендi айтыстың жұлдызы жарқырайды» деген құр алдамшы сөз болды. Айтысты қамытқа салып, шектей берсе, баяғы таз кепешiн қайта киедi. Бүгiнгi айтыстың эфирге шықпауы шырмауықтай шырматылып тұр. Бүйте берсе, сөз додасының тамырына қан жүгiрмей, талықсып кетуi әбден мүмкiн.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА