БОТБАЙДАН ҰШҚАН БҰЛБҰЛ ҚҰС
БОТБАЙДАН ҰШҚАН БҰЛБҰЛ ҚҰС
Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан, бүгiнге дейiн жалғасып жеткен ән айту ѳнерiнiң табиғи синкретизмнен бiрден профессионализмге «қарғуы», басқаша айтсақ, кеңес заманында «феодализмдi айналып ѳтiп, бiрден социализмге қарғыдық» деп күпiлдегенiмiз сияқты, қолайсыз бiр жағдайды бастан кешiргiздi. Қанша мақтансақ та, о кездерi шыққан әншiлерiмiздiң ешқайсысы да, Еуропа, соның iшiне Италия әншiлерiнiң дәрежесiне кѳтерiле алған жоқ. Тiптен оның керегi де жоқ едi. Соған қарамастан бiз кеңес үкiметi сырттан әкеп таңған, халқымыздың үрдiсiнде жоқ опера, балет, драма театрлары т.б. сияқты ѳнер түрлерiнiң мамандарын дайындаудан тыйылған жоқпыз. Мұның маман әншiлерге де қатысы бар. Соның нәтижесiнде бiзде халқымыздың тѳл топырағынан алшақтап кеткен, қазақы ән айту ѳнерiн сезбейтiн, бiлмейтiн, тiптен қазақша дұрыстап сѳйлей де алмайтын, керек десе оны қажетсiнбейтiн де, барынша европаланған, орыстанған әншiлердiң тобы қалыптасты. Бұған бiр жағынан, бiздiң халқымыздың дәстүрлi ән айту мектебiнiң үрдiсiн әрi қарай жалғастыра алмағандығымыз, екiншi жағынан, рухани космополитизм, басқа ұлт ѳкiлдерiнiң қазақ вокалында үстемдiк етуi, қазақтың «қара дауыспен» айтатын мектебiнiң тѳл ѳкiлдерi Ж.Омарова, Р.Есiмжанова, Р. Қойшыбаевалардың т.б. «мәдениеттi» түрде шеттетiлуi, ұлт вокалын ѳзiн-ѳзi тек қана домбырамен сүйемелдеп ән айтатын әншiлердiң шамасында, экзотика ретiнде ғана қарастыру қазақ вокалына кѳп зиянын тигiздi. Мұны кезiнде Ә.Қашаубаев жѳнiнде жансебiл фольклор жинаушысы А.Затаеевич: «Чисто же в голосовом отношении Кашаубаев превосходит обоих яркостью своих данных. И очень жаль, что отрыв от степи и соблазны города ставят этого хорошего певца под искус и перед опасностью замены живого, непосредственного чувства и подкупаюшей свежести и наивности творчества – холодным и безучастным стандартом исполнении», – деп негiзгi мәселенi дер кезiнде кѳрiп, асқан бiлгiрлiкпен, ѳте жақсы жазған едi («500 казахских песен и кюев», Алматы, 2002, 331-бет). Бiз қазiр соның зардабын Орта Азия мемлекеттерi iшiнде барынша тартып отырған елмiз. Кезiнде Мәскеу мен Миланды барып таңғалдырса да, Еуропа елдерiнiң неше түрлi сыйлығын алса да, бүгiндерi бiздiң тѳсiне ұрғыштап жүрген әншiлерiмiздi, мың жерiнен мақтаса да, нағыз да шынайы қазақы әншiлер деуге болмайды. Олар бар-жоғы Италияның белькантосын меңгерген, ѳзiмiздiң тѳл вокал мектебiмiзге мұрындарын шүйiре қарайтын, барынша «еуропаланған», «орыстанған», космополиттер ғана. Мен жақында Италия операсына келгенде тѳрт аяқтарын тең тастайын жорғадай суси жѳнелетiн бес-алты тамаша баритонның Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын» айтқанда қалай ақсап жатқандарын кѳрдiм. Ең бастысы, олардың жан дүниесi, осы әндi сезiнуi, қазақша дыбыс шығару техникасы, интонация мен дикциясын еске алмағанда, регистрлардың алмасуы мен сахнадағы қимыл-әрекеттерiне дейiн мүлдем табиғи емес, жасанды, әлдеқандай компьютердiң арнайы жазылған бағдарламасы бойынша айтып тұрған қуыршақтар сияқты. Ең бастысы, бұл әндегi автордың жан күйi, күйiнiш-сүйiншi, т.б. жоқ, мүлдем салқын. Бiз мұндай салқын лептi, қазақша айтсақ, қазақ даласына Мұзды мұхит кеп орнай қалғандай жағдайды бүгiнде бетке ұстап жүрген, қаншама қазақша малына киiнiп, қаншама қазақ боп кѳрiнгiсi кеп тырысқанымен, нағыз қазақылықтан баяғыда-ақ ат құйрығын кесiсiп кеткен әншiлерiмiздiң басынан анық кѳремiз.
Мiне, осындай қолайсыз жағдай, неге екенi белгiсiз, халқымызға кеңiнен танымал, дарынды әншi Б.Сәмединованың үлкен концертiн кѳрiп-тыңдап отырғанда, менiң есiме түсе бердi. Әрине, бұл арада консерваториялардың қатырма қағаздарын алып, ѳздерiн вокал тағына отырғандай боп кѳретiндердiң бар-жоғы Алматыдағы эстрада және цирк студиясы мен Қазақ университетiнiң қазақ филологиясын бiтiрген Бағдатқа қалай қарайтынын жақсы бiлемiн. Бұ жерде дарынды әншiнi басқалардан ерекшелендiрiп тұрған нәрсе, Затаевичтiң сѳзiн ѳзгертiп айтсақ, «даладан қол үзбегендiгi», «қаланың қылтың-сылтыңына салынбағандығы», ең бастысы, алғашқы қадамынан-ақ қазақ халқының ғасырлар бойы кѳздiң қарашығындай сақтап келген ән айту мектебiнiң үрдiсiн әр қарай шығарымпаздықпен жалғастыра бiлгендiгi, әзәлында табиғат берген, диапазоны барынша кең, күмiстей сыңғыраған даусының барлығы, бұлбұл құстың ѳзiнiң неге, не үшiн, кiмге арнап сайрап тұрғанын сезбейтiндiгiндей, оны iштей сезсе де, «сезбейтiндей» болуы, құдiреттi дауыс селiнiң тау басынан ѳз ѳзiнен еркiн, ешқандай қиындықсыз ақтарылып жатқандай боп кѳрiнуi, ѳзiн-ѳзi зорлаудың, күшенудiң мүлдем жоқтығы, кантилена мен декламацияның, вокал техникасында бар әр түрлi тәсiлдiң ѳзара еркiн, табиғи түрде жымдасып, астасып келiп жатуы, кейбiреулерге тән жалған қылымсу-сылымсудың, сахнада қалай болса солай жүрiп, басы айналған кѳбелекше шыр айнала берудiң, эстраданың ескi шаңын қағып селкiлдеп секiрудiң жоқтығы, ең бастысы, шынайы табиғилықтың, шынайы дарындылықтың, шынайы вокалдың барлығы деу ѳте-мѳте орынды. Бұған ендi бұлбұл сияқты құп-құйттай Бағдаттың қазақ әнiнiң бар саласын барынша, кеңiнен қамтыған шалқар теңiздей кѳл-кѳсiр, аса кең репертуарын қосыңыз! Осының ѳзi-ақ Б.Сәмединованы бiздiң бүгiнгi таңдағы бiрден бiр маңдайалды дарынды әншiмiз деуге толық негiз бола алады.
Бiздiң қашанда осындай «маңдайалдылардың» кезiнде маңдайынан сипай қоймайтынымыз да, оларға емешегiмiздiң онша езiле бермейтiнi де бесенеден белгiлi. Бағдат та осы жолдан ѳттi. Ең бастысы, оның қазақы қаймағы бұзылмаған, Жетiсу ән ѳнерiнiң тұнып тұрған кѳзi – ѳнерлi де сауықшыл Ботбай елiнiң жуан ортасында ѳскендiгi, сол мектептен тәлiм-тәрбие алғандығы. Содан мектеп қабырғасынан кейiн Алматыдағы эстрада студиясына кеп оқуға түсiп, вокалдан сабақ алған оның ѳнердегi үлкен жолы басталды. Әрине, бұл арада қандай дарынның да ѳз ѳнерiн шыңдай түсу үшiн барынша тер тѳгуi керектiгiн ескерген жѳн. Ол жайында К.Станиславскийдiң: «Чем больше талант, тем больше обработки и техники он требует», — деп жақсы айтқан да едi. Мұның Бағдатқа тiкелей қатысы бар. Еңбекқор әншiнiң табиғи даусын қалай ѳңдеп, қырнап, мiнеп, жетiлдiргенi, оны бiр қалыпқа қалай түсiргенi (постановка голоса), қазақ тiлiне ғана тән, бүткiл вокалдың негiзгi тiрегi деп саналатын а–ә, о–ѳ, ұ–ү, ы–i, е тәрiздi дауысты дыбыстарды қалай әндете айтудың керектiгiн, қалған дауыссыз дыбыстардың айтылудағы ерекшелiгiн, негiзгi тонға қоса обертондардың әуенге ететiн әсерiн, дауыс регистрiнiң қасиеттерiн барынша жерiне жете ѳз бетiнше меңгергендiгi кiсiнi таңғалдырады. Әсiресе, оның тыныс алу техникасының кемелдiгi, бүткiл кеудесiн кере, басқаша айтқанда, диафрагма–кѳк еттi соза дем алуы, ол ауаны, шығарманың кѳркемдiк мақсатына орай, әр түрлi тәсiлмен шығара бiлуi, сыңғырлай созылған әуездiң ешқандай да олқылықсыз, не тѳмен түсiп кетпей, не фальцетке ұшырамай, сымға тартқан күмiстей боп бiр қалыппен сыңғырлай шығуы, сырттай қарағанда, ѳз ѳзiнен болып жатқан iс–әрекет сияқты боп та кѳрiнедi. Ал шындығында, оның әр жағында барынша тѳгiлген тер, қыруар еңбек жатыр. Сүйтiп ѳз даусының қыр–сырын ѳзi жақсы бiлiп, оның мүмкiндiгiн барынша меңгергенде ғана шынайы әншi шынайы вокал ѳнерiн жасай алады. Бұл ұлы Э.Карузоның: «Невозможно художественно петь, не владея в совершенстве контролем дыхания», – деген сѳзiн еске түсiредi. Осындағы кѳркемдеп ән салу деген сѳздiң мағынасын Бағдат ѳте тереңiнен түсiнген. Шындығына келгенде, ән салу мен ән айтудың айырмашылығы бар. Шағын дауыспен, жалпы кѳлемi 5–6 нотадан аса қоймайтын «шлягерлердi» билеп жүрiп те, аспанға секiрiп жүрiп те, атпен шауып келе жатып та т.б. «айта» беруге болады. Ал кѳлемi үлкен, кейде бiр жарым октаваға дейiн созылып жататын, сыршыл да терең әндердi орындау үшiн, ең алдымен, әншiнiң құдiреттi даусы болуы қажет. Ал бұл қасиет Бағдатта артығымен жетiп жатыр. Мәселен оның халық әнi «Бурылтайды» айтқандағы кең тынысы, дыбыс шығарудағы еркiндiгi, аса қазақы даусының тембрi, кiм кѳрiнгенде бола бермейтiн күш-қуаты, үлкен диапазоны, ең бастысы, классикалық әннiң табиғатын тереңiнен түсiнiп, ондағы мән-мағына мен тұнып жатқан эмоцияны тыңдаушыға барынша кѳркемдеп жеткiзе бiлетiндiгi, ѳзгеше бiр сыршылдығы, айрықша лиризмi бiрден кѳзге түседi. Мұнда айғай да, кейбiр дүмбiлез әншiлердiң даусы жетпеген жерде әуендi «жұтып» қоятын қулығы да, жадағай декламациясы да жоқ. Сыңғырлаған дауыс құдды бiр қара сырнайдан сыңғырлай шығып жатқан саз сияқты айрықша әсер қалдырады. Ең бастысы, әншiнiң ән әуенiндегi жоғары және тѳмен тұстардан бiр бiрiне ѳтер тұстарындағы табиғилығы, олардың араларының бiр-бiрлерiне соншалықты жымдасып кеткендiгi, әуездiң бiртұтас боп шығуы, шынайы қазақилық тыңдаушыны тәнтi етедi. Аздан кейiн әннiң болмысына бар жан-тәнiмен ерiксiз енiп кеткендей болған тыңдаушы ѳзiн кең далада атқа мiнiп, даусын соза әндетiп келе жатқандай боп та сезедi. Ал бұл нағыз ѳнердiң құдiретi!
Әншi даусының тембрi де, даусының бояуы да ерекше. Онда нұрлы сәттер басым. Жалпы жаратылысында шад-шадымандығы мен ѳмiрсүйгiштiгi, мiнезiнiң жарқындығы басым жайдары Бағдаттың орындап жүрген шығармаларының денi мажор әуездiгiнде шығарылған боп келедi. Оның сыңғырлаған даусы да құдды соған орай жаратылғандай боп әсер қалдырады. Ол орындаған әндерден ѳмiршеңдiк, оптимизм, жастық қуаты, қым-қуыт та қарапайым тiршiлiктiң қызықшылығы, терең мән-мағынасы кѳктемдегi жылы самалша есiп тұрады. Бұл жерде күйректiк атымен жоқ. Ол орындаған Жетiсу әндерiнiң iшiнде «Бекзатым-ай», «Желбiр жекен», «Жас келiн», «Бүлдiрген», «Жорғатай», «Қалқам-ай», «Пай-пай», «Сырғалым», «Күмiс құмған-ай», «Угәй-ай» және де басқа тәрiздi жәуһарлар тыңдаушы жанына терең iз салады. Бұ жерде осы ортада туып-ѳскен, сол шығармалардағы бар күш-қуат пен эмоцияны бойына қаршадайынан сiңiрген Бағдаттың тѳрт аяғын тең тастаған жорғаша тайпала жѳнелетiндiгi айтпаса да түсiнiктi. Бұл – оның стихиясы. Ал осы қалып бұзыла қалған жағдайда, мен су шайқалмас жорғаны тақтайдай тегiс қазақ даласында емес, Алматының айналма ипподромына әкелiп, жарысқа қосқан сияқты қолайсыз күй кешем. Шындығына келгенде, бiздiң бүгiнгi ѳнерде қалыптасқан қолайсыз атмосферада шынайы ѳнерпаздардың тек қана қазақтың сайын сахарасында тайпалып жортып жүре беруi мүмкiн де емес. Батыраштар кѳп. Әншi жазғанын кейiннен кiтап етiп басатын жазушы не шайыр емес, оның бар ѳмiрi сахнаға, эстрадаға байланысты. Сол нәрселер қолында тұрған құдiреттiлердiң әнсымақтарын орындамасаң, эстраданың маңайынан да жүре алмайсың. Ал анда-санда бiр болатын ресми үлкен концерттердiң тiзiмiне ену үшiн әншi қыздардан не талап етiлетiнiн мен айтпай-ақ та қояйын. Атақ, шылдырмақ алу одан да ғазабат. Мұндай жағдайда шынайы ѳнер жасайтын әншiге үлкен талап қоюдың ѳзi ерсi. Ал Бағдат болса, осындай келеңсiздiктерден абыроймен ѳте бiлдi.
Ендi бiр айтатыны – Бағдаттың легато, басқаша айтсақ, кантиленаны барынша еркiн, тереңiнен меңгергендiгi. Кез келген музыка шығармасы бiр бiрiнен алшақ жатқан ноталардан құралмайды. Орта есеппен алғанда, шумақ–куплет формасында жасалған бiр әнде болатын 16 тактының (кейде одан да кѳп) бiр шығарма ретiнде, бiр бiрiмен байланысып айтылуы, сүйтiп бiр тұтас дүния боп шығуы қажет. Бұл арада ноталарды бiр бiрiмен жалғастырып, байланыстырып айтқанда, бiр нотадан екiншi нотаға кѳшкен кезде әншiнiң әуелi iшке жұтып, соны iле–шала сыртқа шығарғандағы даусы, яғни дауыс селi үзiлмей, бұзылмай, бiр сәтке де олқы тартпай, еркiн шығуы тиiс. Әдетте қатырма қағаздан жасалған дипломы бар маман әншiлер осындай дәрежеге жету үшiн консерваторияларда ұзақ уақыт бойы вокализбен, сольфеджиомен айналысады. Соның ѳзiнде де олардың қарық боп жатқандары некен-саяқ. Ал консерваторияда оқымай–ақ, вокалдың осы техникасын, жоғары филологиялық бiлiмi бар Бағдаттың ѳз бетiнше жетiк меңгергендiгi, қазақ ѳлеңiнде кездесетiн, бiр бiрiне iргелесе орналасқанда екi дауысты дыбыстың ѳзара кiрiгiп, жұтылып кетiп, бiр ғана дыбыс шығаратындығын, жалпы сингармонизмдi жақсы бiлетiндiгi, мiнсiз дикциясы, әндетiле айтылған сѳз буындарын айтуға келгенде тiлiнiң икемдiлiгi мен кемелдiгi, дыбыс шығаратын аппараттардың толық автоматизмге жеткендiгi, ең бастысы, сѳз бен сѳйлемдi, ѳлең ырғағын қазақы құлаққа етене таныс етiп шығара алатындығы кiсiнi қайран қалдырады. Бұл жерде эстраданың ѳз ерекшелiгiн ескеру керек. Эстраданың заңы бойынша, қандай да шығарманы тыңдаушы бiрден түсiнуге тиiс. Оны қайталап сұрап жатуға да, қайталап айтып жатуға да уақыт жоқ. Осындай жағдайда екi дауысты дыбыстың ѳзара кiрiгiп кеткен тұстарын әнде келiстiрiп, анық қып айтып кѳрiңiз! Мiне, осы жетiстiк Бағдатта бар. Осы арада, басқаны қайдам, ѳз басым ағыла шығып жатқан ауа селiмен бiрге анық етiп айтылған әлгiндей буындар мен бунақтарды естiп отырып, әншiнiң дыбыс шығаратын аппаратының ерекшелiгiне ерiксiз таңғалам. Мен мұндай кемел фонизмдi басқалардан кездестiрген емеспiн.
Оның ән айту техникасын барынша меңгергендiгi де бiрден кѳзге түседi. Жалпы вокалда ән айту техникасын әншiнiң толық меңгеруi, ән айтып тұрғанда ол жайлы ойламауы, тiпте оны еске алмауы қадағаланады. Бұ жерде еркiндiк, ѳз-ѳзiне деген сенiмдiлiк, дәулескерлiк пен автоматизм керек. Оның орындаған шығармасын тыңдап отырған кiсi ән салудың соншалықты «қарапайымдылығына», соншалықты еркiндiгiне таңғалып, оны ѳз ѳзiнен болып жатқан нәрседей кѳруге тиiс. Ѳнердегi нағыз ұсталық деген осы! Бағдат айтқан кез келген әндi тыңдасаңыз, дәл осындай күйде боласыз.
Ендi бiр баса айтатыны – Бағдаттың халық әндерiн қаршадайынан айтып ѳскендiгiнен бе, қазақ ѳлеңiнiң ѳлшемiн ѳте жақсы бiлетiндiгi. Жалпы халық әндерi 11 буынды және 7-8 буынды ѳлең ѳлшемiне сәйкестендiрiлiп құрылған боп келедi. Кейде оның, мәселен «Сәулем-айда» мелодияның ағысына ыңғайланып, бiрiншi жолға үш буынды қыстырма сѳз қосылып, соның салдарынан жалпы ѳлең ѳлшемiнiң 7-8 буынды екi жол бiр бiрiне жалғасып келген сияқты боп кѳрiнетiн кезi де болады. Одан тыс, «ахау», «беу», «пай-пай», «шiркiн» т.б. тәрiздi, жалпы мәтiннiң мағынасымен онша қабыса бермейтiн, бiрақ экспрессиялы мәнi бар қосымша сѳздер де қолданыла бередi. Мiне, осы жәйттер бiр бiрiмен астасып келгенде, олардың бiрден ара жiгiн ажырата қою оңайшылыққа түсе де қоймайды. Оның үстiне, 11 буынды ѳлең ѳлшемiне негiзделген халық әндерiнiң мелодиясы шумақ-куплет формасында емес, 2 жол түрiнде жасалған боп келедi. Осы алғашқы екi жолдағы әуен шумақтың 3,4-iншi жолдарында еш ѳзгерiссiз, әрi қарай дамымай қайталанып, жасанды түрде «шумақ-куплет» құрайды. Бұл әсiресе Жетiсу мен Оңтүстiк ѳлкесiнiң әндерiне тән қасиет. Сол себептi де болар, кейде мұндай шығармалар күрделi каденциясы мен периоды жоқ, күрделi құрмалас музыкалық сѳйлемдерден тыс жатқан, сырттай қарағанда, әуенi «оңайлау» боп келген дүниялар сияқты боп та кѳрiнедi. Бiрақ бұл сыртқы алдамшы кѳрiнiс қана. Мiне, осындай «оңай», «жеп-жеңiл» сияқты боп кѳрiнетiн әндердiң әуенi мен мәтiнiнде жатқан терең мазмұнды аша қою оңай шаруа емес. Ал Бағдат орындаған кезде, осындай әндердiң қай қайсысы да басқаша бiр қырымен кѳрiнiп, құдды Күн сәулесi түскен жақұттарша құбылып сала бередi.
Бұл жерде халық әндерiн домбыраның сүйемелдеуiмен ғана айтатын жеке әншiлер мен Еуропаның музыка аспаптарының сүйемелiмен, осы заманғы аранжировкамен орындайтын әншiлердiң арасында айырманың барлығын ескере кеткен жѳн. Қанша дегенмен, екi iшектi домбыраның дыбысы әншiнiң даусындағы кем–кетiктi, олқы тұстарды аккомпонементпен «жаба» да, «жасыра» да алмайды. Әншi домбыраның iшегi мен қақпағын қанша қақса да, домбыраның шанағын қырғызшалап мойнынан асып алып, неше түрлi трюк жасаса да, «бақсы» боп, билеп кетiп, зiкiр салса да, бәрi бiр ол кемшiлiктен арыла алмайды. Ендiгi мiндет – эстрада оркестрiнiң құрамындағы Еуропаның музыка аспаптарын, қарапайым тiлмен айтқанда, «қазақыландыру», оларды қазақ мелосына ыңғайлау. Аранжировка жайы да сондай. Бағдат орындаған әндердi тыңдап отырып, осындай ой ерiксiз келе бередi. Ол, шын мәнiнде, осы заманғы халық әншiсi. Бұл жерде халық әншiлерiнiң бұрынғы ескi сал-серiлерше әлем-жәлем боп киiнуi шарт та емес. Бұған керiсiнше, Еуропаның келеңсiз үлгiлерiне елiктеу және қол емес. Бағдаттың концерттерде бiрде ескiше қазақы, бiрде осы заманғы киiм киiп шыға беретiнi де сондықтан. Қалай дегенде жоғары талғамның болғаны дұрыс. Бұл – бiр. Екiншi айтарлығы, қазақ әндерiн әрлейтiн кiсiлердiң маман музыкант еместiктерi, олардың қазақ мелосының табиғатын бiлмейтiндiгi, кiрiспе мен аяқтаудың, ән мелодиясының iшiнде кездесетiн неше түрлi аккордтар мен қосымша дыбыстардың табиғи түрде байланысуы керектiгiн сезбейтiндiгi сан қилы ойға батырады. Мысалға, Бағдат орындаған халық әнi «Құралайды» алайық. Дарынды бұлбұл кѳмей әншiнiң орындауында ешқандай да мiн жоқ. Бұ жерде айтатыны, әннiң кiрiспесiндегi сыңғырлаған дыбыс легiнiң, ойнақылықтың шығарманың ортасы мен аяғына келгенде ѳзгерiп сала бергендiгi. Ол ѳз алдына, кѳп жерде аккордтар дүңкiлдей күштi шығып, әншiнiң даусының алдына түсiп алады. Ал бұл аккомпонементтiң негiзгi атқаратын қызметi мелодияға ылайықты фон жасау керек дейтiн басты шартқа қайшы келедi.
Бағдат кейiнiректе «Отырар сазы» оркестрiнiң жеке әншiсi боп қызмет те атқарды. Ал мұндай кѳп дауысты оркестрдiң сүйемелдеуiмен ән айтуға дағдылану, машық алу маман әншiлерге қажет-ақ. Бұл да Бағдатқа үлкен мектеп болды. Кезiнде осы оркестрдi басқарған композитор әрi домбырашы Н.Тiлендиев дарынды әншiнiң даусына лайықтап, арнайы 5-6 ән де шығарды. Соның iшiнде Бағдат орындаған «Ѳз елiм» атты ән бiрден назар аударады. Алғашқы тактылары Л.Хамидидың «Отанының» бас жағын еске түсiрсе де, композицияда симфонизмi басымдау Нұрғиса әуендi мүлдем басқа жаққа бұрып жiберiп, ән тiнiнде бiрнеше секвенция жасап, ѳзiне ой салған дүнияға ұқсамайтын жаңа бiр туынды жасаған. Мұнда ѳлең ѳлшемi де, байырғы ѳлшемдей емес, қазақ поэзиясына кейiннен енген жаңа ѳлшем. Әуеннiң дамуы мен ѳрiстеуi де ѳзгеше. Шығармадағы екпiн, ырғақ, мәтiндегi ашық декламация, кей кездерi жадағай тартып сала берсе де, тыңдаушы ѳзiнiң туған елiнде жүргендiгiн, ұлт әншiсiн тыңдап отырғандығын бiрден аңғарады. Бұған Бағдаттың күш-қуатқа толы сыңғыраған даусы қосылғанда, әндi басқаша бiр қырымен етiп жарқыратып жiбередi.
Осы жерде айта кететiн бiр нәрсе, даусының диапазоны кiшi октаваның соль, ля нотасынан екiншi октаваның бастапқы ноталарына дейiн жететiн, «Жетiсуда желiп жүрген бѳкендей» кең тынысты әншiнiң табиғатын бiр жақты қарастырып, отаншылдық, патриотизм т.б. дегендi желеу ғып, оны ұраны мен публицистикасы басымдау келген жадағай әндердi айтуға мәжбүр етудiң болмай да қалмағандығы. Мұндай ѳтпелi шығармаларда ѳлең мен вокал ажырасқан кезден бастап, ән жанрының бiрден бiр басты элементi боп есептелетiн терең лиризм, туған жер, Отан, ата мекен т.б. дегендерге жеке кiсiнiң қалай қарайтыны, оны қалай сезiп-түйсiнетiнi, жан сезiмi жоқ боп келедi. Соған қарамастан репертуарында 400-ден астам вокалдық шығарма бар Бағдаттың ауқымы ѳте кең. Туған жер, отбасы, ата-ана, достық, ата мекен, махаббат, ѳмiрдiң мән-мағынасы т.б туралы тыңдаушыны терең ойға батырып, оның жан сезiмiне қатты әсер ететiн, алуан түрлi тақырыпты қамтыған, жерiне жеткiзiле орындалған, әуенi әсем, сыршыл әндер үлкен әншiнiң ѳз жанымен бiте қайнасып кеткендiгi сонша, қанша қайтара тыңдасаң да, оның ѳз сыры, ѳз сѳзi, ѳзiнiң замандастары мен келер ұрпаққа айтып отырған лирикалық жан сыры сияқты боп сезiледi. Бұл жағынан алғанда Ботбайдан түлеп ұшқан бұлбұл Бағдат орыстың нағыз халық әншiлерi Л.Русланова, Л.Зыкина, О.Воронец, В.Толкуновалармен деңгейлес, салалас, биiк бiр қатарда тұр.
Кең құлашты әншi бертiнiректе «вальстiң падишасы» Шәмшiге кеп ат басын тiредi. Бұл жерде Бағдат ең алдымен оның «Құшақ жайған қандай адам» дейтiн алғашқы шығармасын бiрден таңдап алды. Ля минор әуездiгiнде орындалған бұл әнде алғашқы маһаббат, сүйiктiсiнiң қандай адам екендiгiн бiлмей дал болу, оны лирикалық музыкалық кейiпкердiң аңсауы, терең сыр, үмiтiн үзбейтiн бiр күрсiнiс, адамға деген сенiм бар. Шәмшiнiң нағыз халық әндерi ыңғайында, атап айтсақ, стилiнде жазылған шығармаларының iшiнде бұл әннiң алар орны айрықша. Мұндағы тұнық лиризмдi Бағдат тереңiнен, бар болмысымен түсiнген. Оның сыңғыраған күмiс даусындағы жеңiл мұң, ерекше шуақ, iште жатқан әлдеқандай бимәлiм күш-қуат тыңдаушыны келешекке сендiредi. Олардың жарасымды жұпты боп кете қоймаса да, ѳмiр бойы бiр бiрiн сырттай жақсы кѳрiп, қалтқысыз сүйiп ѳтетiндiктерiне иланасың. Мұнда ешқандай да күнә, кiр-ылас деген атымен жоқ, Нағыз романтизмi басымдау боп келген шынайы, таза, сүйiспеншiлiк! Бiр жарым октаваның кѳлемiнде бiр бiрiмен табиғи түрде еркiн жалғасып жатқан аса сұлу саз Бағдаттың күмiстей сыңғыраған даусының әсерiмен мүлдем әрленiп, Ай сәулесi түскен iнжу–маржанша неше алуан түрге енiп кеткен. Осының алдында ғана патриотизм т.б. дейтiн жадағай бiрдеңелердi орындаған Бағдат пен мына мүлдем басқа қырынан кѳрiнiп отырған жаңа Бағдаттың арасы жер мен кѳктей. Шын мәнiне келгенде, екi аяқты, жұмыр басты пенде үшiн сүйген жары, отбасы, бала-шағасы, ата-анасы, туған елiнен басқа қандай қымбат нәрсенiң болуы мүмкiн? Нағыз отаншылдық, шынайы патриотизм деген осы емес пе? Бұларсыз адам ѳмiрiнiң қандай мән-мағынасы бар? Жалпы ѳнердiң, соның iшiнде вокалдың негiзгi iргетасы дәл осы арада жатыр. Онсыз кѳркем ѳнер тұл.
Жаратылысынан дарынды, күмiс кѳмей дарынды әншiмiз Бағдат Шәмшiнiң «Отырардағы той» дейтiн атақты әнiн орындап, Т.Айбергеновтiң сѳзiмен айтсақ, ѳзiнiң де күндердiң күнiнде «бiр болатын, болуға тиiс тойын» ұлы композитор ағасымен бiрге бастап кеп жiбергендей боп кѳрiндi. Бұл нағыз қазақы әншiнiң болмысына сай келетiн туынды бiзге ендi мүлдем жаңа бiр қырынан жарқырай ашылды. Шығармадағы кѳл-кѳсiр қуаныш, шад-шадыман сезiм, аздаған элегия, аса сұлу саз бiр ғана Отырар ѳлкесiн емес, күллi қазақ даласына қаптай жайылып, кѳктемдегi нұр суынша себелеп, оның келбетi мен кескiнiн мүлдем жаңғыртып жiбергендей. Қуатты екпiн сайын сахарада шапқылап жүрген шабандоздары кѳз алдыңа әкеледi. Айналадан қызғалдақтың жұпар исi шыққандай болады. Кѳктемнiң саф самалы есiп тұрғандай сезiледi. Бұл бiр ғана Отырар аймағының тойы емес, жалпы ән ѳнерiнiң тойы сияқты. Шындығына келгенде, бұ жағдай қазақ музыкасына Шәуiлдiр тѳңiрегiнiң сиқырлы да сыршыл сазын ала келген Ш.Қалдаяқов пен қазақ вокалында ұлтымыздың орындаушылық ѳнерiнiң озық үрдiсiн жаңа бiр сипатта жалғастырған, бүгiнгi маңдайалды әншiмiз деп ашық айтуға толық хақымыз бар, Ботбайдан ұшқан бұлбұл құс Б.Самидинованың кѳркем ѳнердегi, белгiлi бiр кезеңдегi есеп беруi, жасаған қорытындысы, түйген сабағы, жинақтаған тәжiрибесi тәрiздi. Қалай дегенде де осы екi үлкен таланттың мынадай шығарымпаздық тұрғыдағы табысуында, тоғысуы мен түйiсуiнде үлкен астар мен нышан жатыр. Бұл жағдай П.Чайковскийдiң таза лирик шайыр А.Феттiң «звенящая даль» деген жолына таңғалғанын еске түсiредi. Басқаны қайдам, ѳз басымның күмiс кѳмей бұлбұл әншi Бағдаттың ѳнердегi ѳрiсiнiң, орысша айтсақ, «звенящая дальiнiң», бұдан әрi қарай жалғасып, кеңи де тереңдеп, колоротура мен мелизмнiң алуан түрiмен байи түсетiнiне, ауқымы аса зор, тембрi барынша бай, нағыз қазақы да қуатты даусының ұзақ уақыт бойы тыңдаушының жадында сыңғырлап тұра беретiндiгiне сенiмiм зор.