499
ЗЕРДЕЛІ СӘТ
ЗЕРДЕЛІ СӘТ
Бисмиллахир – Рахманир – Рахим! Көздiң қарашығындай әрбiр сәттiң өзiндiк кiшкене берекетi болады. Бiрде намазға көңiлiн жығып, басын сәждеге қойғанына аз ғана уақыт өткен бiр пенденiң «Мен намаздың рухани қабатына жете алмай жүрмiн» дегенi болды.
«Оған жетудің бір ғана жолы бар. Мына дүниені зерделе» деп, қолына бейнетаспаны ұстаттым. Сөйтіп, жылжыған күндердің бірінде тасыған көңіл, алып ұшқан жүрек, нұрлы бейнемен ол адам алдыма қайта келді. Көзінің қарашығынан үлкен сенімнің күшін көрдім. «Зердең қалай?» дегеніме «Сіз маған үлкен дүние берген екенсіз, Алла разы болсын. Дегенмен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына соңғы дүниесі жүрегімді әбден қопарды» демесі бар ма. Бұл сөзіне қуанғанымнан, «Дүниеде Жаратушы мен пенде арасында айтылатын сырлар бар. Иесі Алла болса да, ол сыр күнделікті мүміннің жүрегінен сығалайды. Алғашқы сәтінде береке, ортасында ырыс, соңы толықтай зердеге құт беретін мерейлі сыр. Сен берекеге келдің, әлі ырысына кенелесің. Ал бейнетаспадан көрген Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың соңғы намазы жүрегіңді қопсытса, құтты орын іздегені. Жанына шифа, өміріне бағыт, күніне күн, түніне ай болған ол намазды (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз соңғы рет жылап оқыды. Алғаш рет Миғражға көтеріліп, Өзінің Жаратушысымен сырласқанда, Оның (с.ғ.с.) жерге қайтқысы келмеді. Себебі Алла тағаламен жүздесу ғанибеттен өткен керемет зерделі сәттегі тәтті сыр еді. Ал сол сырды үзбеу үшін, Алла тағала жердегі Өзінің бір ғана құнды да қымбат, сүйікті жаратылысы «Хабибісіне» намазбен берді. Оны мәртебесіне қарамастан, үмметі ретінде бізбен бөліскен (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз ертеңгі қияметте баршамызға шапағатшы болары хақ! Оның (с.ғ.с.) намазда үнемі ұзағынан тұрып, әрбір сәттің ләззатынан айрылғысы келмейтіні де осыдан болатын. Ол сырды әрбір мұсылманға жеткізгісі келді, әрбір мұсылман үшін намаз оқыды. Әр намаздың уақыты кіргенде «О, Алла! Бізге мына жер бетіндегі тынымсыз тіршілігіңнен демалуға уақыт берші» деп, тілеген. Сондықтан Оның (с.ғ.с.) намазының жанында біздің намазымызды Жаратқан Алла қабыл етсін деп тілейік. Сен жүрегіңді (с.ғ.с.) Пайғамбарға бағындырып, сүннетіне ерсең, Ұлы Аллаға бергенің» дедім. Осы бір тұғырлы ойыма көңілін жығып, мөлтек жастарға шомылған ол, бүгінде жүрегімен көкке көтерілудің жолында деген үміттемін. Өйткені жібіген жүректі әрқашан да (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың бейнесі зерделеуде. Әрине, бұл дүние оны аса бір ерекше сезімге көтеруде. Кезінде Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызды көргенде, бір адам үнемі қорыққанынан дірілдеп, аузындағы сөзін айта алмайды екен. Сонда, Алланың Елшісі (с.ғ.с.) жәй ғана күлімсіреп, «Қорықпа, мен патша емеспін. Сүрленген ет жеген кедей ананың ұлымын, сен сияқты қарапайым адаммын» дегені бар. Сол қарапайымдылықтан басталған әділдік, шынайылық, адалдық, ізгілік ұлы қасиеттердің иегері жалғыз ғана (с.ғ.с.) Расулымыздың тағдыры тек қана Ұлы Жаратушының мейірімінен басталған. Ол Алланың қалауында қайталанып келсе де, енді қайтып, ешкімге берілмейтін тағдыр. Өйткені, тағдыр жазушының қолынан шыққан туынды біреу ғана, әрі Жаратушының зерделі бір ғана сәтінен туған берекелі тағдыр. «Егер Сені жаратпағанда дүниені жаратпас едім» деген Алланың сөзі бар. Осы мейірімділіктегі текті қасиеттер тек қана иманда! Бір бәдәуи адам (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың ту сыртынан келіп, қолымен қатты нұқып, киімінен тартып, сөзге келуін нұсқапты. Бұл жұлқығанынан (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың мойнында матасы қатты шапанның тігісінен із қалыпты. Сондағы айтқан бір ауыз сөзінде «Әй, Мұхаммед! Алланың саған бергенінен бізге де бер» депті. Өзіне не басқаға болсын сұрауға келген адамның түріне қарап, ісіне жымиған (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз «Мынаған бірдеңе беріңдерші» депті. Бұл күнде, біреуіміздің басымызда тура осы жағдай болса, біздің күніміз не болар еді? Бірде бір адам (с.ғ.с.) Пайғамбарымызға келіп, «Мен сізбен бірге Алла разылығы үшін соғысқа аттанам. Артымда қалған әке-шешемнің жылағанына қарамастан, ақырет үшін сізбен бірге болуды қаладым» депті. Сонда «Сен кері қайт. Ата-анаңды қалай жылатсаң, солай олардың көңілдерін бас» деп, Алла үшін міндеттелген соғыстан ана адамды кері қайырған болатын. Бұл күнде, Алла разылығы үшін бір істің басын шалмақ түгілі, бір мұсылман ата-анасының жүрегін жадырататын қайырымды іс жасайды ма? Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бізге жеткен ұлағатты өсиеті Алладан берілген. Қиямет күні Алла тағала адамнан «Ей, Адам атаның баласы! Мен ауырдым. Бірақ сен маған келмедің» дейді екен. Сонда адам «Я, Раббым! Сен әлемді жаратқан Алласың, мен саған қалай барам?» дейді. «Менің құлдарымның бірі ауырып жатқанын білмедің бе, егер де жағдайын сұрап барғаныңда, мені қасынан табар едің» дейді. Егер Алла тағала қандай да бір адамға ауру берсе, ол Алланың мейірімі деп білуі керек дегенді кім жеткізді бізге? Әрі қарай, Алла тағала «Ей, Адам атаның баласы! Мен тамақ сұрадым, сен бермедің» дейді екен. Сонда «Я, Раббым! Сен әлемді жаратқан Алласың. Қалайша мен сені тамақтандырам» дейді. Сонда, «Менің құлдарымның біреуі аш жатты. Сен оны тамақтандырғаныңда, мені сол жерден табатын едің» дейді. Өзі тоқ болып, аш жатқан көршісін тамақтандырмаған адам мұсылман емес дегенді кім жеткізді бізге? Нақақтан – нақақ, бір мұсылман қанының төгілуі, Жаратқанның бүкіл дүниесі құрығанынан бетер қорқыныш. Онымен қоса, шариғат үкімі барлық адамзат баласына яғни билікке де, халыққа да бірдей. Шариғат үкімінде ұрлық жасаған адамның қолы кесілетіні бар. Заманында Құрайыш тайпасынан бір әйел бөгде біреудің затын ұрлапты. Бүкіл тайпа болып, әйелге үкім шығарылмауын ауырып жатқан (с.ғ.с.) Пайғамбарымызға қалай жеткізерін білмеген еді. Сонда, «Сендер Алланың үкіміне қарсы келіп, ұрлықты қолдайсыңдар ма? Сендерге дейін өмір сүрген адамдар арасында сыйлылары қылмыс жасап, ұрлық істеген. Ал үкімнің зардабын қарапайым халық тартқан. Әлсіз адамның ұрлығы ескеріліп, оған үкім қолданылған. Алланың атымен ант етейін, егер де Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық жасаса, мен оның да қолын кесер едім. Кімнің ұлы мен қызы болса да, Алланың үкімін шығаруға жол беріңдер» дей, әділдікті орнатқан. «Адамда ақиқи сенім болмаса, жұмаққа кіргізілмейді. Ал, арада бір – бірлеріңе деген шынайы сүйіспеншілік болмаса, ешқашан сенім болмайды. Ол үшін мейірімділік таратыңдар» дегені бар. Бүгінде, үлкенге бірінші амандасу әдеті әлі күнге дейін үйретілуде. Ол әдет біздің салтымызда ең бірінші тұрған әдеп. Тіптен, қанымызға сіңіп, төбемізден көтерілетін заманға жетсек те, әлі күнге дейін үлкеннің бетінен алу, сөзін тыңдамау бар. Жағдайын сұрамақ түгілі, амандаспайтын уақыттамыз. Әлемдегі керемет дамыған елдердің сөйлеу мәдениетінің өзі исламнан тәлім алған. Ал ол тәрбие Жаратушының көркем жаратылысы мұсылмандар патшасында! Оны көркемдеп, жеткізген кім бізге? Қарапайым мысал, Алланың жердегі үйі мешітке жиналған жамағат өзара қауқылдасып, әңгіме құрмайды. Бір-бірімен етене танысып, жағдайын білісу деген жоқ. Құрығанда, бүгінгі саясатты айтады. Орнына, (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың өмірінен үзінді, өсиеттерін, жайдарлы мінезін одан сайын сөз арасында үлгі етіп, көркемдеуге неге болмасқа. Қайта, керісінше бірін-бірі итермелеу, менсінбеу, ала көздену, жеке дара бұртиып, ешкіммен сөйлеспеу, қала берді ала бөтен сөздерді қолдану, тіпті қол жұмсауға дейін барады. Ал мұсылман мұсылманға қол көтеру, әсіресе Алла жаратқан бет жүзінен ұру мұсылман алдындағы үлкен қатер. Естеріңізде болсын, мұсылманның бет – жүзі Алланың назары! Бұл істер әрине, шынайы мұсылмандықтан бұрын, мұсылманды қатардан шығарады. Егер де, бұл ісімізді көрген (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз бізді мүміндікке санар ма еді? Әрине, әрбір мұсылман бұған ойланған жөн, әрбір сәтін зерделей білсін! Осы сияқты, «Бүкіл әлемге рақым болған» (с.ғ.с.) Пайғамбарымызға Алладан берілген өсиеттер тізбегі мұсылман әлеміне толықтай жетерлік дүние. Оны әрқайсымыз білсек, кейінгі ұрпаққа, балаларымызға үйретсек, барша үмметі Оны (с.ғ.с.) Алла алдындағы қиямет күні бірден таныр еді. Бір кеш демейін, күніміздің әр қолайлы уақытында, басымыз дастархан басында қосылғанда, күнделікті бітпейтін тірліктің жырын жырлағанша, Алланың Ұлы жаратылысы Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызды ойша ортаға алсақ, қандай ғанибет. Дүниелік тірлікке қоспай, Оның (с.ғ.с.) әрбір ісін өмірімізден іздеп, өзімізге қолдансақ, әрбір сөзін зерделеп, санамызға құйсақ, өмірін ғибрат етіп, тынысымызға қоссақ, біз үшін Алланың алдындағы үлкен сауап емес пе? Алла біреу! Біздер Оның жаратылысымыз, әрі бір-бірімізге тым ұқсаспыз. Сондықтан біз бір Алланың бөлшек-бөлшек бірлеріміз. Олай болса, осы бөлшектегі бірлер яғни барша мұсылман қауымы (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз жайлы бір – бір үзік ойдан күніне бір реттен ойымыздан бойымызға зерделесек, ертеңгі қиямет күні ардақты (с.ғ.с.) Пайғамбарымызды қалың ел арасынан тауып, алдына барып, Алланың рұқсатымен Ол (с.ғ.с.) бізге шапағатшы болмай ма? Алла тағала дүние нығметтерін үлестіруде адамдарға бөліп – бөліп береді. Бұл мұсылманға қалай берілсе, кәпірлерге де солай беріледі. Алайда кез – келген адамға беріле бермейтін, әрі Алланың тек сүйген құлдарына ғана берілетін құнды нығмет, ол – иман! Біздің сұлулығымыз осы иман дәрежесімен ғана өлшенеді. Әлбетте, ең сұлу, ол – Мұхаммед (с.ғ.с.). Кейін сахабалар, табиғиндер, тобаға табиғиндер, Алла жолындағы барша мүміндер, мешіттерді толтырған жамағаттар, үлкенін сыйлап, кішісін жабырқап, жетімін қолдап, жесірін жылатпаған қазақ елі иманымен сұлу. Ол нығметке ие болу да Алланың мейірімінде. Ендеше, осы сұлулығымыз мәңгілік болсын ағайындар. Барша нұрлы нығметіне бөлеген Алла тағаланың рақымы Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз қиямет күні баршамызға шапағатшы болсын деген үмітте болайық, Әумин!
02.02.2012
Нұрлан АСАНОВ,