РЕПРЕССИЯ ҚҰРБАНДАРЫ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

РЕПРЕССИЯ ҚҰРБАНДАРЫ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

РЕПРЕССИЯ ҚҰРБАНДАРЫ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ
ашық дереккөзі
1705

Соңғы кездерi баспасөз беттерiнде жұртшылықты елең еткiзген бiрер хабар болды. «Жас Алаш» газетi көтерген мәселеге байланысты, Мағжан Жұмабаевтың сүйегiн iздеген арнайы экспедиция Магаданға барып қайтты. (Бiреулер сол өңiрден өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Сәкен Сейфуллиндi де таппақ болған-тын). Халықтық кино саласының белгiлi маманы Еркiн Рақышев Мәскеуден әйгiлi қайраткерлерiмiз Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзiр Төреқұловтың атылғаннан кейiн жерленген орнын тапқанын айтып жүр. Осыларға байланысты, Қазақстанның «Әдiлет» тарихи-ағарту қоғамы өзi шаңырақ көтергелi шұғылданып келе жатқан кей жәйттерге жұртшылық назарын тағы бiр аударуды қажет деп тапты.

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамын құру жөніндегі бастама қайта құру жылдары Мәскеудегі «Мемориал» қозғалысы үлгісімен дүниеге келген болатын. 1988 жылы дайындық комитеті құрылды. Комитет жұмысы барысында бастамашылар тоталитарлық биліктің өз халқына қарсы жасаған қылмыстарын әшкере етуді, ашаршылықтың, саяси қуғын-сүргіннің шындықтарын ашуды мақсат еткен ортақ мұратқа тоқайласты. Содан, 1989 жылғы көктемде, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Жандосовтың басшылығымен республикалық ерікті қоғам дербес шаңырақ көтерді. Көп кешікпей, «Әділеттің» орынды талаптарына байланысты, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті «үлкен террор» жылдары атылған қазақстандықтардың алғашқы тізімін берді (назар аударыңыздар: тізімнің бірінші данасы «Әділетке», екінші данасы Қазақ республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жіберілді! Бұл – демократиялық ахуал өмірге әкелген «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының беделі өсіп, әміршіл жүйені мойындатқанының нақты көрінісі болатын). Ұзамай «Әділет» пен республикалық МҚК арасында жақсы байланыс орнады. МҚК қызметкерлері Алматыда НКВД подвалында атылған азаматтардың қайда жерленгенін анықтауға көмектесті, тіпті үкімді орындаған жендеттердің бірін тауып, «әділетшілердің» онымен кездесуін мүмкін етті; «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы көтерген «Азалы кітап» тізбегін шығару идеясын қолдап, атылғандардың толық тізімі мен деректерін табуға жәрдемдесті. Бұларға қоса, жаппай қуғын-сүргін жылдары күллі Қазақстан бойынша түрлі мерзімге сотталғандардың аты-жөндері мен өмірбаяндық деректері жазылған көп томдық іс-қағаздарды ресми де салтанатты түрде «Әділетке» табыс етті…Жарты ғасырдан астам құпия болып келген «Жаңалық» ауылы маңындағы қорым табылғаннан кейін, «Әділеттің» өтініші нәтижесінде, ҚР Президенті Алматы облысының басшылығына саяси қуғын-сүргін құрбандары жатқан орынға мемориалды ескерткіш орнату жөнінде тапсырма берді… Бүгінде «Әділет» Алматы облысы әкімдігінің көмегіне сүйеніп, «Жаңалық» ескерткіші тұрғызылған аумақты мемориалдық кешенге айналдыру ісімен шұғылдануда. Жаңалықта жерленген 4 мыңнан астам атылғандардың деректері бар «Азалы кітап: Жаңалық зираты» кітабының қолжазбасы баспаханаға тапсырылды. Ескерткіш жанына құрбандар тізімі қашалып жазылатын естелік қабырға орнату жобасы жасалды. Болашақта мұнда саябақ, мұражай, кіші архитектуралық мүсін-ескерткіштер орын тебеді… Мағжан Жұмабаев халқымыздың өзге де ардақты ұлдарымен (мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, ақын-жазушыларымен, өнерпаздарымен) бірге осында жатыр. 1938 жылғы 19 наурызда атылған… Ол алғаш рет 1929 жылы қамалып, 1931 жылы он жылға кесілген-ді. Сталиндік лагерьден 1936 жылғы жазда босап, Петропавлға барады. Сонда қысқа мерзімдік курста дайындықтан өтеді де, мектеп мұғалімі қызметіне орналасады. Одан Сәбит Мұқановтың шақыруымен Алматыға келеді. Бірақ «халық жауын» іздеу науқаны басталып кеткен астанада күйі болмайды. 1937 жылдың соңына қарай қайтадан тұтқындалады. Абақтыда толтырылған тұтқын анкетасы мәліметтеріне қарағанда, Мағжан сол кезде Алматының Лесная көшесіндегі 89-шы үйде тұрған. Әлеуметтік жағдайын «мал бағушы орташа шаруалардан» деп, өз қызметі жайындағы сұраққа: «белгілі-бір жұмысы жоқ», мамандығы жөнінде: «жазушы және медфельдшер» деп жауап берген. Үй мүліктерінен басқа ештеңесі жоқ екенін, 1917 жылға дейін оқуда болғанын, әке-шешесінің табысымен күн көргенін айтыпты. Білімі жоғары, 1925 жылы Мәскеудегі әдеби-көркем институтты бітірген. Саяси жолы жайында: «1917 жылдан 1923 жылға дейін «Алаш» партиясында болдым» деген. Істі болған: «1929 жылы ОГПУ Алқасы Қылмыстық кодекстің 58-ші бабының 10–11 тармақтары бойынша 10 жылға кесті». Алғашқы қамалғанында сот үкімінің шығуы бір жарым жылдай күттірген болса, бұл жолы, ұсталғанына бір жарым айға жетер-жетпесте – (ыңғайы, оның ісін қайта қарауды 1960 жылы қолға алған Түркістан әскери округінің құзырлы орнына жіберілген) «өте құпия анықтамаға» қарағанда – «Солтүстік Қазақстан облысы, Бейнетқор ауданында 1893 жылы туған» ақынды 1938 жылғы 11 ақпанда НКВД және КСРО Прокурорының Комиссиясы соттап үлгерді (хаттама № 377). Үкімді орындау туралы актіден жасалған көшірмеде: «КСРО Ішкі істер халық комиссариатының 1938 жылғы 11 ақпандағы, хаттама № 377, Жұмабаев Мағжан Бекенұлын ату жайындағы шешімі жүзеге асырылды. 19 наурыз 1938 ж.» деп көрсетілген. «Әділет» – халықаралық «Мемориал» қоғамының ұжымдық мүшелері өзекті мәселелерді бірге талқылап, өзара мәліметтер алмасып тұрады. «Мемориалдың» деректер базасында Мағжан туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша Департаменті берген екі анықтамалық мәлімет бар. Бірінде оны «ҚазКСР НКВД-сы (Ішкі істер халық комиссариаты) 1937 жылғы 29 қарашада», екіншісінде ҚКСР ІІХК Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының 3-ші бөлімі 1937 жылғы 27 желтоқсанда» тұтқындаған деп көрсеткен. Екеуінде де НКВД және КСРО Прокурорының Комиссиясы оны РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-6, 58-11 баптарымен айыптап, 1938 жылғы 11 ақпанда үкім шығарғаны, ату жазасына кесілгені айтылған. Алғашқы мәліметте «қылмыс құрамы болмағандықтан, ҚазКСР Жоғарғы соты 1988 жылғы 4 қарашада», екіншісінде – «қылмыс оқиғасы жоқ болғандықтан, Түркістан Әскери округінің Әскери трибуналы 1960 жылғы 8 шілдеде» ақтаған деп жазылған. Бұдан шығатын қорытынды – Мағжанды 40-шы–50-ші жылдары Қиыр Шығыстың әр қиырынан көрдік деген (биыл «Жас Алаш» бетінде көтерілген, ертеректе Бауыржан Момышұлы айтқан) әңгімелердің бәрі шындыққа жанаспайды. Бұл мұндай мәліметтерді айтушылардың ақ ниетіне шүбә келтіру емес, оларды ешқандай да кінәламаймыз. (Біз саяси репрессияларға ұшыраған жүз жиырма мыңнан астам адамның бір ширегі атылғанын тәуелсіздік жылдары ғана білдік, ал кеңестік заманда олар ату жазасына кесілді деген хабар айтылмайтын. 1938 жылғы ерте көктемде 19 қайраткердің атылғаны жайында ғана жалғыз ресми мәлімде жасалған болатын. Талайлар түрмеге тұтқын атылып кеткеннен кейін де киім-кешек, ас-су апарып жүрген, олардың сәлем-саухаттарын түрме әкімшілігі алғашқы кезде қабылдай берген, қабылдауды кейінірек, «пәленше хат жазысу құқынан айрылып, басқа жаққа жіберілді» деген желеумен ғана доғарған). Саяси қуғын-сүргін мәселесімен көптен шұғылданып жүрген белгілі демограф Мақаш Тәтімовтің пайымына қарағанда, репрессияға ұшырап, жазасын өтеп жүргендердің арасында, жазықсыз жапа шегу ашындырғандықтан шығар, бейтаныс адамдарға өздерін «Мағжанмын», сондай-ақ «Сәкенмін» деп таныстырғандар кездескен. Олар бертінге дейін тірі болған екен делінетін түрлі қисынсыз дақпырттың сондайдан тарағаны сөзсіз… Қазақ қайраткерлерінің бірқатары Мәскеуде атылғаны мәлім. Бүгінде Мәскеу түрмелерінде құрбан болғандардың беті жабылған бес қорым анықталып, ресми мұрағаттық құжаттармен расталған. 1926–1935 жылдары Мәскеуде атылғандар (олардың қатарында – 1930 жылғы 21 сәуірде құрбандыққа шалынған Жүсіпбек Аймауытов, Дінмұхамед Әділов, Әбдірахман Байділдин, Ахметсафа Юсупов бар) Ваганьково зиратына жерленген. Астана түрмелерінде 1934 жылдан 50-ші жылдарға дейін атылғандар Мәскеу (Дон) крематорийінде өртелген. «Мемориал» кремацияланған құрбандардың күлі крематорийдің жанындағы зиратқа жерленген болуы мүмкін деп есептейді, бірақ бұл жорамалға әзірге құжаттық айғақ табыла қойған жоқ. 1936–1937 жылдары Мәскеу түбіндегі екі арнайы аумақта жаппай ату және жерлеу жұмыстары жүргізілген: Бірі – Бутово поселкесі (Бутово полигонында 25–26 мың атылған жан тыншулы), екіншісі – бұрынғы НКВД-нің қосалқы шаруашылығы болған «Коммунарка» кеңшары (мұнда жатқандардың саны – 10–14 мың). 1994 жылы Ваганьково зиратындағы қорымға, 1991, 1994 жылдары Мәскеу (Дон) крематорийінің зиратындағы құрбандар жаппай жерленген бейіттерге, 1993 жылы Бутово қорымы аумағына естелік белгілер қойылған. Бутовода, сондай-ақ, естелік айқыш (крест) тұрғызылып, шіркеу салынған. Ал «Коммунарка» «зонасына» кірер қақпаның жанына 1999 жылы мемориалды тақта орнатылды. Кеңшар аумағындағы «наркомның дачасы» деп аталатын арнайы объект көпке дейін қауіпсіздік қызметінің қарамағында, тиісінше, көпшілік үшін жабық болып келді. «Мемориал» ғылыми-зерттеу және ағарту орталығы мұрағатында мынандай анықтама бар: «Рысқұлов Тұрар Рысқұлұлы 14.12.1894 Алматы (Жамбыл) облысында туған; қазақ; білімі жоғары; 09.1917 жылдан ББ(б)П мүшесі, РСФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары. Мәскеуде тұрған. 1937 жылғы 21 мамырда тұтқындалған. 1938 жылғы 8 ақпанда КСРО ЖС ӘК (Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы сотының Әскери алқасы – Б.Қ.) соттаған. Үкім: ВМН (высшая мера наказания – жазаның жоғарғы шарасы – Б.Қ.). 1938 жылғы 10 ақпанда атылды. Жерленген орны – Мәскеу, «Коммунаркаға» жерленген. 1956 жылғы 8 желтоқсанда КСРО ЖС ӘК ақтаған». Осы дерекке орай, «Әділет» қоғамынан 1995 жылы «Коммунаркаға» репрессия құрбандарының ұрпақтары Сәуле Тұрарқызы Рысқұлова мен Сәуле Рахымқызы Айтмамбетова (Сүгірова) да барған еді, бірақ бұл арнайы объект ол уақытта көпшілік үшін жабық болғандықтан, кіре алмай, жанындағы Бутовода саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткішке тағзым етіп оралумен шектелген болатын. «Коммунаркадағы» «ату полигонының» аумағы тек 1999 жылғы көктемде ғана орыс православие шіркеуінің қарамағына берілді. Қаза тапқандардың ұрпақтары ол жерге содан кейін ғана тұңғыш рет аяқ баса алды. Сол «Коммунаркаға» кинорежиссер Еркін Рақышев секілді арнайы рұқсат алып барғандар ұзын бір қабатты үйді – бұрынғы нарком Ягоданың дачасын көреді. Кейбір деректерге қарағанда, бұл оның құпия қызмет басшыларымен мәжілістер өткізетін қала сыртындағы резиденциясы болған. Ал ол қамалғаннан кейін, оның ізбасары Ежовтың тұсында (жаңа наркомның жұмыс дәптерінде Сталиннің нұсқау: «Ягоданың дачасы – чекистерге» деп қысқаша тұжырымдаған жазба сақталған), ғимарат чекистердің «үлкен террор» кезіндегі міндеттерін атқаруына қызмет етіпті: адамдарды атар алдында, орман ішінен ор қазылып болғанға дейін, осында қамай тұрған болса керек… Бутово полигонына әкелінгендер, әуелі, санитарлық өңдеуден өткізу желеуімен, баракқа қамалған. Оларға атар алдында үкім хабарланған, анкеталық деректері мен фотосуретін салыстырып тексерген. Сосын әрбір жендет құрбандығын барактан жеке-жеке алып шығатын да, ордың жиегіне айдап апаратын. Одан желкесінен атып, өлікті траншеяға құлататын. Бұрынғы Батыс Алаш-Орда төрағасы Жаһаншаһ Досмұхамедов осындай жағдайда опат болды. Бутово полигонының ату тізімінде ол жайында мынандай анықтама берілген: «Дос-Мухамедов Джаганша. 1887 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданы, № 3 ауылда туған; қазақ; білімі жоғары юристік; партияда жоқ; зейнеткер, бұрынғы Бүкілроссиялық мұсылман комитеті төрағасының орынбасары, революцияға дейін – Том округтік соты прокурорының жолдасы (орынбасары – Б.Қ.). Тұрған жері: Москва, Хавско-Шаболовский шолақ көшесі, 11-ші үй, 265-ші пәтер. 1938 жылғы 1 маусымда тұтқындалған. 1938 жылғы 16 шілдеде НКВД-нің Москва облысы басқармасы жанындағы үштік соттаған, қазақ контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның лидерлерінің бірі және «халық жауларымен» тығыз байланыста болғандығы үшін айыпталды. 1938 жылғы 3 тамызда атылған. Жерленген орны – Москва облысы, Бутово. 1957 жылғы 2 желтоқсанда ақталды». 1937 жылғы 27 қыркүйекте оққа ұшқан Әлихан Бөкейханов пен Нығмет Нұрмақов Мәскеудің Дон зиратында жатыр. Ал 1937 жылғы 9 қарашада ату жазасына кесілген Нәзір Төреқұлов пен атуға 1938 жылғы 8 ақпанда үкім шыққан Сұлтанбек Қожановтың аты-жөндерін жоғарыда аталған зираттардың осы уақытқа дейін анықталған атылғандар тізімінен кезіктіре алмадық. Егер Еркін Рақышев өзінің деректі киносын түсіру барысында олардың да «Коммунаркада» жатқанын дәлелдесе, тек ризашылығымызды білдіреміз. Ішкі істер халкоматының Мәскеу облысы бойынша басқармасын 1934 жылдан 1938 жылдың 20 қаңтарына дейін басқарып, құрбандықтар «атып өлтірілсін» деген бұйрыққа қол қойып отырған 1-ші рангілі мемқауіпсіздік комиссары С.Ф.Реденс Қазақстанға Ішкі істер халкомы болып келісімен, жазалау машинасы жұмысқа айрықша екпінмен кірісті. Айналдырған екі-үш айдың ішінде қазақ елі қоғамының күллі қаймағы сыпырып алынды… Алматыда да, Мәскеуде де қазақ азаматтарына «конттрреволюциялық ұйым мүшелері, жапон-неміс барлауының агенттері», «Қазақстанды кеңестік Ресейден бөліп әкетіп, жапонның протектораты етуге тырысқан» деген сықылды қисынсыз айыптар тағылғаны белгілі. Дөрекі тергеу амалдарын қолдану арқылы олардың «қылмыстарын» «мойындауға» мәжбүр еткені де мәлім. Бірақ репрессияланғандардың істері күні бүгінге дейін зерттеушілер үшін жабық болғандықтан, абсурдты айып қалайша бәрін бірдей бір тұзаққа түсіргенін байыппен сараптау мүмкін болмай тұр. Большевизм төңкеріс жасап өкімет басына келгенде, оның билікті ұзақ уақыт ұстап қаларына ешбір саяси ұйым сенбеген еді. Сол ретте қазақ қайраткерлері де, совет үкіметі толық мойындалмай тұрған шақта, дамудың өзге де балама мүмкіндіктерін қарастырды. Мәселен Шығыстан Әлихан Бөкейханов, Батыстан Уәлитхан Танашев Омбыға барып, Колчак үкіметімен келіссөздер жүргізді, сол кезде олардың Омбы мен Новосібірдегі жапон консулдығына да кіруі ықтимал. Семей облысынан Райымжан Мәрсековтің Қытайға кеткені, Түркістан өлкесінен Серәлі Лапиннің Германияға барып қайтқаны, ал Мұстафа Шоқаевтың батыстағы белсенді эмигранттық ғұмыры соғысқа дейін созылғаны белгілі. Кеңес өкіметі бір топ түркістандық жасты Германияға оқуға жіберді, олардың соңынан Тұрар Рысқұлов барып қайтты… Әйгілі саяси айыптарды «дәйектеуде» кеңестік құпия полиция назарынан осы деректер қалт қалмаса керек, мұны олар қалай және қайтіп бұрмалап пайдаланды? Жалпы, өткен ғасырдың алғашқы ширегіндегі тарихи шындық қандай еді? Сол заман ақиқатын қазақ қайраткерлерінің «қылмыстық істерімен» мұқият танысу арқылы толық және жан-жақты ашуға боларына күмән жоқ…Біздің ұғымымыз бойынша, саяси репрессиялар құрбандарын ақтау дегеніміз – заңсыз жолмен қылмыстық жауапкершілікке тартылған, бас бостандығынан айырылған, өлім жазасына кесілген жазықсыз жандардың жоғалтқан құқтарын қайтару, оларға жасалған құқықтық шектеулерді жою, олардың кінәсіз екенін ашық мойындау және мемлекет тарапынан кешірім сұрау. Күллі қиянатқа тұнған солақайлықтарды жасаған кеңес өкіметі бүгінде тарих сахнасынан кеткендіктен, тәуелсіз мемлекетіміздің өткенді байыппен талдау жасауға мүмкіндік туғызғаны жөн. Алайда саяси репрессияның алғашқы толқыны көтерілгелі сексен жылдан асып кетсе де, кеңестік билік кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған жеке тұлғалардың «қылмыстық істерін» сараптап, тарихи мәнмәтін ауқымында зерттеу мүмкіндігіне тәуелсіздік ғалымдарының қолы әлі күнге жетер емес. Демократия лебімен есігін айқара аша бастаған мұрағаттарды өткен ғасырдың 90-шы жылдарында біздің билік іс жүзінде жабық жағдайға түсіріп, тергеу материалдарымен танысуға заңмен тыйым салған еді, соны қайта қарайтын мезгіл жетті. Еліміздің жоғарғы басшылығы, парламенті, үкіметі тарих үшін маңызды осы мәселеге сергектік көрсетіп, дұрыс шешуге уақыт табар деп сенеміз.
02.02.2012
Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы

Серіктес жаңалықтары