ДӘСТҮРІ БАЙ,БАҒЫТЫ ЖАҢА
ДӘСТҮРІ БАЙ,БАҒЫТЫ ЖАҢА
XIII ғасыр яғни, Бiрiккен Моңғол мемлекетi құрылғанға дейiн киiз туырлықты көшпендiлер әдебиетi әдеттегiдей халық ауыз әдебиетi формасында дамып келдi. Ауыз әдебиетiнiң негiзгi түрлерi жыр, аңыз ертегiлер, бақсылық домдары, өсиет-қағидалар, бата, соғыс пен аң аулау кезiнде айтылатын ұрандар сипатында болды. Тарихи деректер бойынша көшпендiлердiң ең алғашқы жыры — бiздiң жыл санауымыздан бұрынғы I ғасырда Ғұн (Хүннү) елiнде ән болып айтылған 4 жолдық қасiреттi өлең болып табылады. Кейiн мұндай өлеңдер моңғолдар ортасына кең таралып, бүгiнге дейiн «уртын дуу» (ұзақ, созылыңқы ән деген мағынада) деген жеке жанр ретiнде сақталған.
XIII ғасыр яғни, Біріккен Моңғол мемлекеті құрылғанға дейін киіз туырлықты көшпенділер әдебиеті әдеттегідей халық ауыз әдебиеті формасында дамып келді. Ауыз әдебиетінің негізгі түрлері жыр, аңыз ертегілер, бақсылық домдары, өсиет-қағидалар, бата, соғыс пен аң аулау кезінде айтылатын ұрандар сипатында болды. Тарихи деректер бойынша көшпенділердің ең алғашқы жыры — біздің жыл санауымыздан бұрынғы I ғасырда Ғұн (Хүннү) елінде ән болып айтылған 4 жолдық қасіретті өлең болып табылады. Кейін мұндай өлеңдер моңғолдар ортасына кең таралып, бүгінге дейін «уртын дуу» (ұзақ, созылыңқы ән деген мағынада) деген жеке жанр ретінде сақталған.
Көшпенді моңғолдардың көнеден жеткен ертегі, аңыздарының ішінде Орта Азия халықтарының және Америка үндістерінің арасында айтылатын нұсқалармен үндесетіндігін зерттеушілер атап көрсетуде. Сондай-ақ, Ежелгі Грек философы Эзоптың мысал ертегілері, «Інжілде» жазылған аңыздар да моңғол ауыз әдебиетінде кездеседі және Ескендір туралы баяндалатын «Сулхарнайн тууж» (Зұлхарнай жыры) атты ертегі де бар. Олардың ішінде таңды таңға, күнді күнге ұрып әндетіп айтылатын жырлардың орны айрықша. Айталық, Батыс Моңғолдың атақты жыры «Жаңғыр»-ды толық нұсқасымен жырлап шығу үшін 60 тәулік уақыт кететіндігін зерттеушілер анықтап отыр.
Еуразия халықтарының арасында эпостық жырлар кең тараумен қатар тарихи оқиғаны әдеби-көркем тәсілмен ұрпаққа жеткізген ауыз әдебиетінің ерекше бір жанры ретінде қалыптасқаны баршаға аян. Моңғолдың ірі эпостарының арасындағы ең көнесі – «Хан Харанхуй» атты жыр әрі ол көшпенді моңғол тайпалық аймақтарының одағы құрылардан әлдеқайда бұрын шығарылғандықтан «эпостардың ханы» немесе «эпос атасы» ретінде қарастырылады.
Әлем әдебиеттанушыларының ең көп зерттеген «Гэсэр жыры» X ғасырлық оқиғаларды бейнелейтіндігі ғылыми түрде дәлелденген. Аталмыш жыр 1716 жылы тұңғыш рет Моңғолияда басылып шығарылғанға дейін Тибет, Бурят сынды Орталық Азия халықтары арасында ауызша тараған әйгілі туынды болған. «Жаңғыр» жыры – қалмақтар арасында кең тараумен қатар олардың Моңғол Алтай өңірінен ауып, Жайық өзенін мекендеуінен бұрын шығарылғандығы анықталғандықтан 1940 жылы 500 жылдығы аталып өткен.
Жалпы, «Гэсэр», «Жаңғыр», «Хан Харанхуй» үшеуі – моңғол ауыз әдебиетінің шыңы немесе ошақтың үш тағаны саналады. Үшеуі де ұлт батырларының ерлігін, жасаған игілікті істерін, соғыс тарихын баяндайтындықтан батырлық жырларға жатқызылады.
1240 жылы жазылған «Моңғолдың құпия шежіресі» – көшпенділер әдебиетінің ең атақты ескерткіші. Сондықтан да әлемде ең көп зерттелген, көптеген тілдерге аударылған теңдессіз шығарма. Авторы күні бүгінге дейін ғылыми түрде нақтыланбаған аталмыш туындыда Шыңғыс хан Тэмүжиннің шығу тегі мен өмірбаяны, дала көшпенділерінің біріккен мемлекет құрған тарихы, Моңғол империясына қатысты барлық оқиға мен үрдістер көркемдіктің жоғары деңгейінде тартымды баяндалады. Онда поэзия, проза, шежіре, тарихи дерекпен бірге бақсы домы мен жын шақыру, аңыз ертегі сынды барлық жанрлар бойынша жазбалар кездеседі. Қысқасы, әмбебап шығарма. «Моңғолдың Құпия Шежіресі» – Баян-Өлгийдегі қазақ жазушысы Мағауия Сұлтанияұлының атсалысуымен қазақшаға тәржімаланса, ал, түрлі елдердің атақты моңғолтанушы ғалымдарының ерен еңбектерінің арқасында қытай, орыс, неміс, француз, ағылшын, мажар, поляк, чех, болгар, жапон, түрік, испан, кәріс сынды әлем тілдеріне аударылды.
«Құпия Шежіре»-нің ықпалымен кейін ХIII-ХVIII ғасырлар аралығында бірнеше тарихи шығармалар жазылып, жарыққа шыққан. Атап айтқанда, «Хураангуй алтан товч» (Топтастырылған алтын топшы), Лувсанданзанның «Алтан товч» (Алтын топшы), Саған шешеннің «Эрдэнийн товч» (Асыл топшы), Жамбының «Асрагч нэртийн түүх» (Асыраушы есімдінің тарихы), Раашпунцагтың «Дай Юань улсын болор эрих» (Орталық мемлекеттің інжу маржаны) секілді шығармалар болды. Орта ғасырдағы моңғол әдебиетінен «Қос сәйгүлік жыры», «Шыңғыстың тоғыз кеңесшісімен жетім баланың айтысы», «Аргасун хорчидің аңызы» секілді шығармалар бүгінге жеткен. Қытай елінің қол астындағы Ішкі Моңғолия автономиялық өлкесінің киногерлері «Шыңғыс хан» атты телехикаяны «Құпия Шежіренің» желісімен түсіріп, әлем көрермендерінің назарын аударды. Оны біздің телеарналар да көрсетіп келеді.
ХІІІ-Х1Х ғасырда Моңғол империясы қытай жерін орталық етіп тағайындап, Юань мемлекеті аталған тұста Құбылай ханның жанында болған Агай, Баян сынды ақындар өлеңдерін қытай тілінде жазған. Бүгінде қытай әдебиетінің классикалық ескерткіші саналатын «Бұрынғы мен қазіргінің таңғажайып оқиғалары» атты романның авторы Пу Сун Лин (1640-1715) моңғол ұлтының өкілі болғандығы дәлелденіп отыр.
Қытайдағы көшпенділер билігі құлатылғаннан кейін Моңғол хандығы буддизм дінін қабылдады да кешікпей Манж-Чин мемлекетінің боданына айналды. Сол тұстағы отарлаушылардың қитұрқы саясатының салдарынан моңғол еркектерінің басым бөлігі лама болып, оқымыстылары жаппай тибет тілінде жазып-сызуға көшкен. Мұның тиімді жағы қытай мәдениетінің ықпалында қалудан моңғолдарды сақтап қалды. Ал салдарына келсек, ХIХ-ХХ ғасырдағы монғол әдебиеті Үнді-Тибет мәдениетінің құрамдас бөлігіне айналғандығы еді.
Орта ғасырдағы моңғол әдебиетіндегі лирикалық поэзияның көрнекті мысалы ретінде зерттеушілер Цогт тәйжінің (1581-1637) Төв аймағының Дэлгірхан елді мекеніндегі Дуыт тауында тасқа қашаған өлеңдерін келтіреді.
«Алыстан айдап, жақыннан жымқырған пенде,
Қорадағы қойға тасадан тиген қасқыр
Екеуінің сырт бейнесі басқа демесең,
Ашылған араны мен арам ниеті бірдей» — деп, көшпенді халықтарға тән философиялық ойды толғаған өлең жолдары қазақ оқырманына жат көрінбесі аян.
XIX ғасырдың Моңғол әдебиетіндегі қайта дәуірлеу кезең деп аталуы кездейсоқтық емес. Осы тұста билік иелерінің арасында «есті тентек» аталған Данзанравжаа (1803-1856), «заңшыл» атымен танымал Сандаг (1825-1860), терең ойшылдығымен, телегей теңіз білімімен көзге түскен Инжаннаш (1837-1892) сынды сөз өнерінің теңдессіз зергерлері туған.
Говь даласындағы халыққа «Ноён хутагт» (әулие төре) атымен әйгілі болған Данзанравжаа діни, философиялық және лирикалық жүздеген өлеңдермен қатар «Саран хөхөөнің өмірбаяны» атты ән мен саздан тұратын пьеса жазып, оны өзі сахналаған. Сахнаны үлкен және кіші деп екіге бөліп, әртістерді ойнатқан деген тарихи дерек бар.
Ақын Сандаг моңғолдың классикалық әдебиетінде «Сөз» деп аталатын жаңа жанрды дүниеге әкелген. Оның мәні – мал, аң, жануарлар және жансыз заттарды да адамға ұқсатып сөйлетіп, солардың ойлары арқылы қоғамдағы келеңсіздіктерді ащы сынға алған, шебер жазылған мысал өлеңдерді мұра етіп қалдырған.
Ақын Инжаннаш – моңғол туырлықты халықтар ішінде тұңғыш рет жазбаша романды дүниеге әкелген адам. Қазірге дейін оның қаламынан туған «Хөх судар» (көк шежіре), «Бір қабат шатыр», «Улаанаа жылаған кеңсе» деген үш романы ғана табылған. Инжаннаштың туған ағасы Гүлранс (1820-1851) та өз тұсында Моңғолдың атақты ақындарының бірі болған.
1921 жылы Моңғолияда Халық революциясы жеңіске жетіп, шетел басқыншыларынан толықтай тәуелсіздік алды. 1924 жылдан бастап елде Кеңестік Ресейге сүйенген коммунистік үлгідегі мемлекет орнады. Осы тұстан бастап моңғол әдебиетінде М.Горькийдің нұсқауымен социалистік реализм бағыты туынды жасаудың басты тәсілі ретінде қабылданды. 1990 жылдарға дейін классикалық дәстүрлі әдебиеттің озық үлгілері тасада қалды. Ішінара оқырманын елең еткізген тәуір туындылар жасалғанымен көбінесе компартияның саясатына қалтқысыз қызмет көрсететін ұраншыл әсіре мадақшыл шығармалар жазылды. Еркін шығармашылық пен әдеби азат ойды қатаң бақылайтын бюрократиялық аппарат жұмыс істеді.
Социализмнің жетпіс жылында кеңес елдеріндегідей жазушылар одағы құрылып, әдеби әуесқойлардан екінің бірі жазушылықпен айналысса да Д.Нацагдорж (1906-1937), Б.Явуухулан (1929-1982) бастаған айтулы азғана ақындар, Д.Намдаг (1911-1984), С.Эрдэнэ (1929-1999), П.Лувсанцэрэн (1934-1972), Д.Батбаяр (1940) секілді санаулы жазушылар ғана ауызға ілігіп жүрді. Д.Нацагдоржының жыл мезгілдері туралы өлеңдері, «Лама көкемнің көз жасы», «Қараңғы тау», Д.Намдагтың «Кәрі қасқырдың ұлуы», С.Эрдэнэнің «Құс шал», «Күн сәулелі тырна», П.Лувсанцэрэннің «Су іспетті көгілдір», «Күн батқан жоқ» әңгімелері, Б.Явуухуланның «Хар-Ус көлінің қамысы», «Таутекенің тұрағы» өлеңдері мен Р.Чойномның «Адам» атты өлең түріндегі романы, Д.Батбаярдың «Құйғыта жортқан киік» повесі және сатириктер Ц.Доржготов, Ш.Цэнд-Аюуш, Ж.Барамсайлардың сықақ әңгімелері мен сатиралық романдары жұрт жадында сақталған таңдаулы шығармалар болды.
1990 жылдардан кейін Моңғол әдебиеті компартия идеологиясының қатаң бақылауынан, социалистік реализмнің әпербақандық әсіре ұраншыл жасандылығынан азат етіліп, шығармашылық еркіндікке қол жеткізді. Жазушылар одағы екіге бөлініп, өзара шығармашылық бәсекелестік пайда болды.
Демократиялық дамудың жаңа жолына түскеннен кейінгі жиырма жылда жаңаша ойлайтын жас ақын, жазушылар мен шығармашылықтың түрлі ағымдарын ұстанатын сөз зергерлері көптеп туды.Д.Урианхай (1939), О.Дашбалбар (1957-1999), Д.Нямсүрэн (1945-2002) секілді дара туған ақындардың тың ізденістерін қазіргі жастар жаңаша арнаға бұрып, қазіргі әлем әдебиетінің алдыңғы қатарлы ағымы – постмодернизмге қарай бағыттағаны анық байқалады. Қазіргі кезеңдегі жас ақындар арасында «модернист» деген атпен танымал болған Б.Галсансүхтің өлеңдері тың ізденістерге терең бойлағандығымен және «Адам тану» (1995) жинағы шыға сала әдебиеттанушыларды елең еткіздегімен назар аудартып отыр. Сонымен қатар бірнеше халықаралық кино фестивалдардың гран-при сыйлығын жеңіп алған Д.Төрмөнх, П.Бросенстердің «Иттер елі» атты деректі-көркем фильмі де кинотанушылар арасында қызу пікірталас тудырды.
Бүгінгі моңғол поэзиясында С.Анудардың «Төрт емес төрт» (1996), Г.Аюурзанның «Уақыт тынығып жатқанда» (1998), «Философиялық жырлар» (2001), Л.Өлзийтөгстің «Аспанда өскен ағаштар» (2000), «Еркіндік өнері немесе Жаңа кітап» (2002), Б.Одгэрэлдің «Бейтаныс мейман» (2003) секілді кітаптары бұрын соцреализм қалыптастырған дәстүрдің тас-талқанын шығарып, оқырмандарды мүлдем өзге бағытқа бұрып жібергенін ерекше атап айтуға тиіспіз.
Прозалық шығармалардан бұрыннан халықтың ықыласына бөленген жазушылар: Ц. Доржготов, Ч. Галсандармен қатар Д.Батбаярдың «Мементо» (2001) анти-романы, Г.Аюурзанның «Төсек тартқан адам» (2002) мини романы жарыққа шығып, әлемдік аренаға батыл қадам басқандықтарын паш етті. Тәуелсіздіктің 20 жылында қазақ оқырмандарына тарихи тағдырлас монғол жазушыларының шығармалары түп нұсқадан тікелей тәржімаланған түрінде тұңғыш рет оралман жазушылардың арқасында ұсыныла бастады. Көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет Ұланбатырдағы өз әріптестерінің өлеңдерін орыс тілінен тәржімалап жеткізсе, Солдатхан Орайханұлы, Жүкел Хамайұлы, Бақытбек Бәмішұлы, Сұраған Рахметұлы сынды ақындар моңғол поэзиясының кейбір жауһарларын түпнұсқадан тікелей қазақшаға шебер аударып, оқырмандар назарына ұсынды. Жазушы-аудармашы Абай Мауқараұлы бірнеше прозалық туындылар аударып, жеке кітап етіп бастырды.
Сондай-ақ, 2011 жылы жазушы Думан Рамазан мен ақын Дәулеткерей Кәпұлының бастамасымен «Әлем әдебиеті» журналы кезекті 2-санын түгелдей моңғол әдебиетіне арнауын бұл салада басталған тың қадам деп білеміз. Алда да аталмыш игілікті іс жалғасын табар деп үміттенеміз.