ИРАНДЫҚ МҰНАЙҒА – ЭМБФАРГО

ИРАНДЫҚ МҰНАЙҒА – ЭМБФАРГО

ИРАНДЫҚ МҰНАЙҒА – ЭМБФАРГО
ашық дереккөзі
179

Нұрахмет ҚУАТ

Әлемдiк саяси сахнада тағы жанжал шықты. Ядролық бағдарламасы кәрi құрлық пен америкалықтарды алаңдатқан Тегеран Еуроодақпен келiсiм жасауға мәжбүр. Өйткенi оның мұнайынан Батыс пен Шығыс түгел бас тарта бастады.

Әлемдік саяси сахнада біраз уақыттан бері дау тудырған маңызды мәселе – Иранның ядролық бағдарламасы. Өткен аптада Ұлбыритания, Франция, Германия Тегераннан ядролық бағдарламаға қатысты барлық сынақтар мен зерттеу жұмыстарын тоқтатуды талап етті. Еуропалық Одақтың белсенді мүшелері бұған дейін де бірнеше рет ескерту жасаған болатын. Иранның талаптарға құлақ аспағанына шамданған ЕО енді жаңаша санкциялар енгізді. Сонымен Еуроодақ үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап ирандық мұнай импортына тыйым салмақ. Алдағы уақытта Тегеранмен арадағы мұнайға байланысты жасалған келісім-шарттардың күшін жою жоспарланған. Иран халқын өздеріне дұшпан санамайтындықтарын мәлімдеген Ангела Меркель, Дэвид Кэмерон мен Николя Саркози ирандық биліктің атом қаруын жасауына, әлемдік қауіпсіздікке қатер төндіргеніне наразы. Ал ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсатта қолданылатынын қайталаудан шаршамайтын Тегеран дауды келіссөздер арқылы шешуді ұсынды. Әлбетте, «бейбіт мақсатта қолданатынына» еуропалық шенеуніктер сенбейді. Бірақ келісуге кетары емес. «Қырық кісі – бір жақ, қыңыр – бір жақ» болып тартысқан бұл айтыста Ресей мен Сирия ғана Иранның жыртысын жыртады. Жуырда осы мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасаған Ресейдің сыртқы істер министрі батыстық елдердің әрекетін «Айтқанға көнбегені үшін Иранды жазалағысы келеді» деп айыптады.

Ресми деректерге сүйенсек, еуро­па­лық нарыққа тасымалданатын мұнай шикізатының 18 пайызы Иранның үлесінде, сондай-ақ, 22 пайызы – Қытайға, 14 пайызы – Жапонияға, 13 пайызы – Үндістанға, 10 пайы­зы Оңтүстік Кореяға бағытталады. ЕО тарапынан қабылданып жатқан мұнайға қатысты санкциялар Тегеранға қаржылық және саяси тұрғыда тиімсіз. Өйткені ирандық биліктің табатын пайдасы негізінен мұнай экспортынан түседі. Кәрі құрлықтағы мемлекеттерден кейін азиялық алпауыттарды үгіттеген Еуропалық Одақ пен АҚШ ЕО-ның сыртқы істер жөніндегі өкілі Кэтрин Эштон түрлі тыйымдар Иранды келіссөздер үстеліне қайта отыруға мәжбүрлеу мақсатында қолданылып жатқанын ескертті. Күні кеше ғана Жапония мен Оңтүстік Корея көмірсутегілердің балама жолын табу мақсатында араб елдерімен келіссөздерге кірісті. Ал Тегеран икемге көнгісі келмейтін Еуропа мен Америкаға «Ормуз бұғазын жауып тастаймын» деп сес көрсетіп отыр. Ормуз арқылы Бахрейн, Кувейт, Катар, Сауд Аравиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі әлемдік мұнай тасымалының 40 пайызы өтеді. Егер Брюссель мен Вашингтон ирандық мұнайды тасымалдауға кедергі жасау мақсатында қосымша санкциялар қабылдаса, Тегеран да қарап қалмауға бекінген.

Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында Тегеран «Гадер» және «Наср» атты екі зымыранды Парсы шығанағы мен Үнді мұхитын жалғастыратын Ормуз бұғазында сынақтан өткізген болатын. Сарапшылардың айтуынша, «құрлық-теңіз» тобына жататын «Гадер» – 200 шақырымдық, ал кемеге қарсы оқ ататын зымырандар қатарындағы «Наср» 35 шақырымдық қашықтықты бағындырады. Батыс пен АҚШ сынақтан өткізілетін ирандық зымырандардың қуаты 200 шақырыммен шектелмеуі мүмкін деген қауіп айтады. Ядролық бағдарлама төңірегіндегі дау мен түрлі санкциялар әлемдік нарықтағы баға саясатына кері әсер етті. ЕО-ның ирандық «қара алтын» тасымалына эмбарго жариялауының салдарынан мұнай өнімдерінің құны артты. Бүгінде ирандық ішкі нарықтағы азық-түлік бағасы да күрт өскен. Қоғамда дүрлігу бар. Абыр-сабырмен әбігерге түскен адамдардың көпшілігі «жуырда соғыс өрті міндетті түрде тұтанады» деген сенімде.

02.02.2012

Серіктес жаңалықтары