АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНАН ҚАЙТАРЫМ БОЛА МА?

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНАН ҚАЙТАРЫМ БОЛА МА?

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНАН ҚАЙТАРЫМ БОЛА МА?
ашық дереккөзі
253

Кезеңдiк, формациялық өзгерiстердiң ерекшелiгiн, артықшылығын, қайсысының дұрыс, қайсысының бұрыс екендiгiн ажыратып, нақты да аргументтi ой түйiндеудiң салыстырмалы сарап жүргiзу мен талдаудан басқа амалын бiз де, сiз де бiлмеймiз. Оның ел бiлетiн әрi тұтас мойындап та қойған: «Кеше, бүгiн және ертең» деген айнымас формуласы бар. Қоғамда азды-көптi жетiстiгiмен қоса, елдiң Бүкiләлемдiк сауда ұйымына өтуiне сай түрлi күмәндi алаң тудырып отырған сырқаулы да «жетiм» сала – ауылшаруашылығы туралы журналистiк көзқарасымызға да осы тұрғыдан сарап жасауға тырысып отырмыз. Сонымен… Кеше: Сабақ алар iс көп

Кеңестік кезеңде ауыл шаруашылығы, оның ішінде әсіресе мал шаруашылығы толықтай мемлекеттік дотацияның арқасында ғана өмір сүрді. Оны консервативті кеңестік шаруашылық жүргізудің басты кемшілігі әрі айықпас кінәраты деп бағамдайтын ортақ пікір қалыптасты. Ал онда қандай логикалық аргумент бар? Бүгінгі ақиқат жағдай сол біржақты пікірлерді ақтай ма? Кеңестік кезеңде әр қазақ ауылында ең кемі мемлекеттің екі табын малы болды. Әр кеңшардағы қой саны ең кемі 30 мың, отардағы қой саны ең кемі 500 бас болуы керек деген қағида ұсталынды. Әлбетте оны бағатын – қазақтар да, етін жейтін Мәскеу мен Ленинградтың сол кездегі Қазақстан халқынан да көп 20 миллионға жуық тұрғыны еді. Басқаша айтқанда қазақ мал бағатын, ал оның етін Ресейдің екі қаласы ғана жейтін. Биязы жүн алу үшін өсірілетін әлсіз миронос тұқымды қойдың шыбынша қырылатыны да есімізде. Оныншы сыныпты бітірген қазақ жастары оқуға бармай, екі жыл комсомол жас­тар бригадасында қой бағуға міндеттелді. Қара малдың да жағдайы солай болатын. Кеңестер одағында ең жылқысы көп Шұбартау ауданында 22,5 мың, ал Көкшетаудың Уәлиханов ауданында 17,5 мың жылқы болды. Қазақ осы малдың да қызығын көре алған жоқ. Есесіне елдегі аты аталған аса ірі екі қала ақ майды кертіп жеп отырды. Негізінен пайда бермейтін саланың ауыр­тпалығының мелекеттік дотацияның мойнында болғаны белгілі. Ал қазіргі нарықтық экономика заманында ондай қағида жоқ. Яғни қайтарымы бар кәсіпке ғана қаржы бөлінеді. Дегенмен соңғы кезде басшылық қаржы бөлмесе, мал шаруашылығының өрістемейтініне көз жеткізе бастаған тәрізді. Ал бұл орайда әлемдік тәжірибе не дейді?Прогрессивтік ауылшаруашылығына ден қойған ЕуроОдақ, АҚШ пен Жапония елдері жыл сайын ауылшаруашылығын қолдауға ондаған миллиард қаржы бөледі екен. Аталмыш үш орталықтың ауылшаруашылығына бөлетін қаржысы Бүкіләлемдік сауда ұйымына қатысушылардың осы салаға бөлетін қар­жысының 90 пайызын құрайтыны да ойланатын жай! Соған сәйкес аграрлы сектор өндіретін өнімдер құнының 40 пайызы мемлекетті қолдау арқылы ғана алынып отыр. Осының өзі-ақ ең дамыған деген эконо­микалық одақтардың өзіндегі ауыл­шаруашылық саласының мемлекет қолдауынсыз алға баспайтынын көрсетеді. Соның арқасында аталмыш елдердің фермерлері өндірген ауыл­шаруашылығы тауарларының сұранымы жо­ғары әрі сапасы да жақсы. Бұл да болса ойланарлық жай. БҮГІН: ҚАРЖЫ САЛСАҢ – ҚАЙТАРЫМЫН АЛАСЫҢ Еркін сауданың ең бір қаны тамған жақтастарының өзі ауылшаруашылығы туралы әңгіме қозғалған жерде алдымен оны қаржыландыру мәселесі туралы сөз көтереді. Әлемдегі барлық дамыған елдер ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруге орасан зор көлемді субсидия бөлуге мәжбүр. Оның ішінде әлбетте Қазақстан Республикасы да бар. Қазір Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауға көңіл бөліне бастады. Әрі субсидия егіншілік, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта ұқсату сияқты салалардың бәрін қамтиды. Сондай-ақ, маусымдық дала жұмыстары мен лизингпен техника сатып алуға да әжептәуір қаржы бөлініп отыр. Бұл орайда, субсидиялардың мақсатты болуына басты назар аударылады. Мемлекеттік субсидия – аспаннан түсе қалған тегін олжа емес, керісінше оның қайтарымы болуы керек. Соңғы кездегі әлемдік рыногтағы қара мал етінің сұранымы артуына орай сиыр етін өндіру және экспорттауға байланысты жаңа талаптар қойылуда. Кедендік одақтағы 150 миллион «ауыз» өз алдына, енді бірер жылда іргедегі миллиард тұрғыны бар Қытайдың да қазақ етін сатып алуы ықтимал деген болжамдар айтылуда. Мемлекет басшысының таяудағы жылдары жыл сайынғы ет экспортының мөлшерін 60 мың тоннаға жеткізу туралы тапсырмасы да тегін емес. Соған байланысты шет елден асыл тұқымды етті мал тұқымы көптеп әкелінуде. Қазіргі кезде Қазақстандағы ауыл ша­руашылығын субсидиялау мал шаруа­шылы­ғымен шектеліп отырған жоқ. Атап айтқанда тек 2011 жылы ғана республикалық бюджеттен егіншілік саласына 30,6 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Бұл қаржы бағалы дақылдар өндірісін ұлғайтуға, минералды тыңайтқыштарға, гербицидтерге салынды. Сондай-ақ алда мақта және жүзім шаруашылықтарына қолдау көрсету жос­пары да бар. Ал өткен жылы мал шаруашылығын субсидиялауға республикалық бюждеттен 23,9 миллиард теңге, оның 5,1 миллиарды асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға, 180 миллиард теңгесі өнімнің мөлшері мен сапасын арттыруға бөлініпті. Өткен жылдың желтоқсан айында 2012 жылы саланы субсидиялаудың ережесі белгіленді. Соған сәйкес ниетті шаруа қожа­лықтарының бәрі де аталмыш жобаға ат салыса алады. Атап айтқанда, талап мынадай: жобаға үстіміздегі жылы өндірілетін сиыр, қой, шошқа етінің және басқа да мал өнімдерінің көлеміне сәйкес қатысудың мүмкіндігі бар. Аталмыш жұмыстар жергілікті ауыл шаруашылық басқармалары арқылы жүзеге аспақ. Әрі бұл шаруа үкімет тарапынан қадағалануға тиіс. Жалпы алғанда елде «жетім» сала болып табылатын ауылшаруашылығына деген жаңа көзқарас қалыптаса бастады. Ендігі мәселе белгіленген шаралардың экономикалық һәм қаржылық қайтарымында. ЕРТЕҢ: БОЛАШАҚ «ОКОРОЧКАҒА» ҚАРАП ҚАЛҒАН ЖОҚ Таяуда «Туған жер» аграрлық экологиялық одағы ауылшаруашылығына бөлінетін қар­жының дұрыс бөлінуін қадағалау мәселесіне арналған дөңгелек үстел өткізді. Әрі ол тегін емес. Бұған дейінгі тәжірибе көрсеткеніндей (алдыңғы жылғы ауылды қолдаудың үш жылдығын айтамыз) мемлекеттік субсидияның әділетсіз бөлінгендігі ешкімге де құпия емес. Бұл жерден тағы да алдан «ауылшаруашылығына салынған қаржының қайтарымы бола ма?» деген сауал амалсыз шығады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, әлемнің кей­бір елдеріндегі ауылшаруашылығына са­лынған мемлекет қаржысының мөлшері оның өнімдерінің бағасынан 1,5-2 есе артық көрінеді. Ауылшаруашылығына көмек көрсетудің тұтыну өнімдерінің жоғары бағамен сатып алу және ауылшаруашылығына бөлінетін бюджет қаржысы немесе субсидия түріндегі екі түрі бар. «Басқаша жағдайда ауыл шаруашылығын тұралатып алуымыз мүмкін» деген болжам айтады сарапшылар. Сондай-ақ субсидия қоғамдық ұйымдар арқылы бөлінуге тиіс деген де пікірлер бар. Әрі бұл пікірді айтып отырған негізгі сала болып есептелінетін мал шаруашылығының емес, құс шаруашылығының мамандары. Кеңестік дәуірде мемлекеттік ет индустрия­сын өрістету үшін қосалқы сала есебінде құс шаруашылығын өрістетуге көңіл бөлінді. Тіпті Мәскеу мен Ленинград қазақ жерінің өз етін өзіне қалдырмай жалмап жатқанда елдің күнінің құс етіне қарап қалған кезі де болған. Соған сәйкес Қазақстанда үсті-үстіне мемлекет дотациясы бөлінген сала да осы. Құс өсірушілердің түскен қаржыны өзара әділ бөлісуге байланысты өзіндік тәжірибесі мен сабағы бар. 2010 жылы жергілікті атқарушы органдардың субсидияларды дұрыс бөлу мақсатында осы Қазақстан құс өсірушілер одағының тәжірибесін басшылыққа алуы да тегін емес. Әрі Қазақстан құс шаруашылығының өзіндік қайтарымы да болып отыр. Кереметі сонда, әлемдік дипломатияның бір тетігі Америкада өндірілетін «окорочка» болып отыр. Алдыңғы жылы тіпті АҚШ-тың үкіметі металл бағасын көтергені үшін Ресейге жөнелтілетін окорочка мөлшерін күрт азайтып орыс елінің апшысын қуырғаны есте. Сонда окорочкада қандай құдірет бар екен өзі? Ақыры құдіретті АҚШ пен Ресей Федерациясы арасындағы экономикалық тұрғыдағы осы текетіресте Ресейдің металынан гөрі халық арасында «Буштың сирағы» деп аталатын окорочка басым түскен! Ресей елі АҚШ-қа сатылатын металл құнын біршама төмендетуге мәжбүр болған. Бұл да болса ауылшаруашылығы өнім­дерінің халықаралық дипломатияның құзіретті қаруларының біріне айналғанын көрсетеді. Оның үстіне әлемде азық-түлік тапшылығының алғышарттары байқалып қалды. Бұл орайда Біріккен ұлттар ұйымы арнайы бағдарлама да белгілеп отыр. Сондай-ақ, болашақта азықтан тарығып отырған елдерге аргарлық саласы дамыған мемлекеттердің қолдау көрсетуі мүмкін деген пікірлер де айтылады. Рас, әзірге Қазақстанның өз өнімі өзіне жетеді. Алайда болашақты ойлаған ел үшін ол да аздық етпек. Оның үстіне «сапа» деген өлшем тағы бар. Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы Бүкіләлемдік сауда ұйымына қосылу мәселесін қарастырып отыр. Моңғолия, Қырғызстан сияқты экономикасы бізден әлдеқайда төмен мемлекеттердің аталмыш мәртебелі ұйымға мүше екендігін де білеміз. Ресейдің де арманы – Бүкіләлемдік сауда ұйымының босағасынан әрі өту. Қаржы экономикалық ахуалы осы елдердің бәрінен де жоғары Қазақстанның да Бүкіләлемлдік сауда ұйымына өтуге талаптануы заңды. Әзірге бұл орайда бізге ең алдымен өнімнің сапасы кедергі болып отыр. Атап айтқанда қазақстандық мал өнімдері голланд ірімшігі сияқты әлемдік брендтерге бәсекелес бола алмай отыр. Мамандар бұл тығырықтан шығудың да бір амалы ауылшаруашылығына мемлекеттік қаржы бөлу деп санайды. Қазір қазақстандық ауылшаруашылы­ғының ең басты қаржылан­дырушысы – «КазАгро» холдингі. Аталмыш холдинг мамандарының айтуынша «Каз Агро» мен оның еншілес ұйымдарының қаржыландыру шарты ашық әрі анағұрлым тиімді көрінеді. Атап айтқанда, несиеленуші обьектілерді іріктеу және несиелеу ісін жүргізу ақпарат құралдарында жарияланбақ. Әрі оған қалаған шаруа қожалықтарының барлығы қатысу мүмкіндігіне ие. Дәл қазір қазақ билігі ауылшаруашылы­ғының мемлекеттік қолдаусыз алға баспайтынын әрі онсыз саланың өрістемейтінін жақсы біліп отыр. Үстіміздегі жылдан бастап ауылшаруашылығын субсидиялау ісі бұрынғыдан да қарқынды жүргізілмек. Ендігі мәселе саланың қайтарымында ғана. Әзірге ол туралы бірдеңе айта қою, ой түйіндеу қисынсыз. Десек те, үмітсіз – шайтан ғана. Қаржы бөлінсе қазақ мал шаруашылығында неге іскерлік танытпасқа? Ендігі сөз өзіңде, мал баққан елдің ұланы!..
02.02.2012
Өмiрзақ МҰҚАЙ  
Көкшетау

Серіктес жаңалықтары