ҚҰЛМIНЕЗ ДЕГЕН НЕ?..

ҚҰЛМIНЕЗ ДЕГЕН НЕ?..

ҚҰЛМIНЕЗ ДЕГЕН НЕ?..
ашық дереккөзі
371

Өзінің құл екенін білетін, бірақ сол құлдығына қарсы күреспейтін адам – нағыз құл. Ал өзінің құл екенін білетін және сол құлдыққа қарсы күресетін адамды құл деуге болмайды. Әрине, өз тілін, өз ата-дәстүрін, өз мәдениетін сыйламай, орысша сөйлеп, орыстың әдет-ғұрпына еліктейтін, өз ұлтын менсінбейтін қазақтың бәрін бірдей құл деу күнә. Бірақ олардың миының, санасының бір қуыс-қалтарысында қазаққа қарағанда орыс білімді, орыс мәдениетті, орыс күшті, орыс озық деген бір соқыр түсінік тұрғаны анық. Міне, біз айтып отырған, санадан әлі толық кете қоймаған құлмінез дегеніңіз осы. Ол қазақ оны өзі байқауы да, байқамауы да мүмкін.

Адам баласының бойындағы құлмінезді оның әртүрлі қылуасынан аңғаруға болады. Әскер қатарында Ташкент шаһарында болдық. Ол кезде «Ленинская комната» деген бар. Газет-журнал оқисың, әскери жарғыларды жаттайсың, әйтеуір демалыс бөлмесі. Сонда анадай жерде өзбек жігіттері жиналып алып, өз тілінде гәпләшіп, ара-тұра әшулә, қошық айтып өзара шүйіркелесіп, ал әзірбайжан жігіттері бір-біріне «гардаш, гардашлап», ара-тұра «ә, сәнің ағзыңа…» – деп қалжыңдасып қауқылдасып жатады. Ал қазақ жігіттері ше? Қазақтар орыстарды айналшықтап, соларға қарап: «Саша, Саша», «Коля, Коля»-лап өз-өзінен мүләйімсіп, әлгілерге ыржалақтап, өз-өзінен бейшара күйге түсіп тұрғанын көргенде іші-бауырымыз удай ашыса, өзіңе деген бір аянышты күй кешетінбіз. Сонда әлгі қазақтардың әлгі орыстарға соншалықты мүләйімситіндей, соларға жұғыспаса болмайтындай еш себеп те жоқ еді. Бірақ сөйтеді. Соның бәрі сол кезде Өзбекстан, Әзірбайжан республикалары басшыларының туған ұлтым дегенде жанын пида етерлік саясат жүргізіп, сол кездің өзінде-ақ өзбектің, әзірбайжанның, түрікменнің, тәжіктің өз ұлттық мемлекетін құрып жатқанда Қазақстан басшылығының Қазақстанды ұлттар достығының зертханасына айналдырып, қазақты орыстандыру сая­саты ғана жүргізіліп жатқанының салдары екенін кейін ғана түсіндік қой.

Ол заман өтті-кетті. Алайда бүгінде орысқа тәуелсіз қазағыңыз да арзымайтын нәрсеге бола ұлттық ұятты, ұлттық намысты қоя салып, анаған да, мынаған да мүләйімсіп, еш қажеттіліксіз-ақ басқа бір ұлт адамының алдында мүттәйім күйге түсе қалуын көріп тұрсаңыз қайтер едіңіз? Әнебір жылы Гумилев университетінің қазақ жігіттері мен бойжеткендеріне Астанаға келген Рим папасының сүйегі саудырап қалт-құлт еткен қолын сүйгізіп қоятындай не басымызға күн туып еді? Бұл кімнің «көреген саясаткерлігі?» Сол қалт-құлт еткен тірі тулақтай шалды бермен келе жатқанда да, Қазанға бара жатқанда да Мәскеу табалдырығынан аттатпай қойды ғой!

Қазақтар тойлайтын түрлі мерекелік шараларға жан-жақтан қарақұрым әнші-бишілер шақырылады. Көбі Ресейдің біреу біліп, біреу білмейтін әртістері, бақырып-шақырған, тұлабойын жұлып жеген әнші­сымақтары. Қазақтар соларды түгел төбесіне көтерді. Бірі бақылдап, бірі шыңғырып сахнаға шықса, көрермен қазақ атаулы қыз-қырқыны, кемпір-сампырына дейін шуылдап, дуылдап қарсы алды. Жүн-жүн беттің арасынан не тапқанын қайдам, сонда бір қазақ әйел сыбағасынан қалып бара жатқандай, ентелеп келіп Кикабидзе деген грузиннің бетінен сүйіп жатты. Сол Кикабидзені білетіндер ең әрі кеткенде әнебір «Мимино» деген фильм арқылы білетін шығар-ақ. Бірақ дәл сол жерде әлгі қазақ әйелге соның бетінен бір сүйіп қалуға тырысатындай не қажеттілік бар еді. Егер сол Кикабидзеден сақал десең сақалы, актерлік шеберлігі десең онысы, әйелдерге деген ықылас десең ықыласы артық болмаса кем емес Асанәлі Әшімов Грузияның сондай бір мерекесіне бара қалса, грузиндердің қыз-келіншектері тұрмақ, әшейінде «генацвали, генацвалилап», «биджо-биджолап» бірін-бірі сүйіп жататын еркектерінің өзі Асекеңнің сақалды бетін мұрнына тигізе қоюы да екіталай. Керек десеңіз, грузиндер ондай-ондай мейрамына қазекемді шақыра қояр ма екен? Ал, анау қазақ әйелдікі не мүттәһимдік? Әлде, мүттәһимдік дегеніңіздің өзі де құлмінездің бір құрамдас бөлігі ме екен?Міне, сол Ресейден азаттық алдық деп шуылдап, қысы-жазы той-тойлап жүрген олар әсіресе зиялы қауым деп аталатын қазекемдер.

Қазір орыстілді газеттер мен телеарналар қазақты қазақтың аузымен «ұрғызуды» өте шебер меңгеріп алды. «Время» газетінің тілшісі де Талғат Теменовтің ұлтжандылық, парасаттылық, ілім-білімдік деңгейі қандай екенін білгісі келді ме, әйтеуір оның аузына келгенін айтқызуға «зор мүмкіндік» береді. Содан Тәкең лепіре-лепіре келе журналистін тәуелсіздік мейрамы кезінде сіз «Неліктен әлдебір жезөкше туралы шетелдік сюжетті («Заграничный сюжет про шалаву») таңдап алдыңыз?» деген сұрағына бұл «Махаббат пен бостандық туралы ең жарқын шығарма» деп жауап береді. Астағфираллаһ! Сонда бүкіл қазақ нағыз адал махаббаттың, нағыз бостандықтың қандай болатынын баяғы Проспер Мерименің «Карменінен» ғана үйренуі керек екен.

Рас, жер бетіндегі ұлт атаулыда жеке бастың бостандығы, махаббат бостандығы деген бар. Яғни өз көңілі қалған, сүйген адамына қосылуға әркім хақылы. Бірақ бірде-бір халық солай екен деп әйел жыныстының жеңіл жүріске салынуына жол бермейді, яғни, оны құптамаған. Құптамақ түгіл жазалаған, әрісі өлім жазасына кескен. Тіпті қазіргі заманда да әйел атаулының, әсіресе қыздардың жеңіл жүріске салынғанын, омырауы мен кіндікті ашып тастап жүру сияқты небір әдепсіз қылықтарын құптап, «көшелерде, автобустарда кармендер көбейіп келеді» деп қуанып жатқан ұлт атаулыны көрген емеспіз.

Иә, «Я вижу в автобусах, на улицах современных Кармен, за последние время их становится все больше», – деп қуанады Талғат. Әлде бұған Талғаттың неге қуанышы-қойнына сыймай жүргенін өзі ғана білетін бір құпиясы бар ма екен? Біз бүгінде әйелге, қыз балаға тән небір сұлу қылықтан айрылып, бұйдасыз кеткен қыз-келіншектерімізге берісі Баян-сұлудың, Айман–Шолпанның, Қыз Жібектің, әрісі Ләйлі мен Зылиханың, Шырын мен Зухраның махаббатқа деген адалдығын, солардың нағыз перизаттығы мен үрзадалығын үйрете алмай әлекке түсіп жүргенде еліміздегі ең басты Жастар театрының басшысының мұнысын қалай түсінуге болады? Кармен дегеннің қандай әйел екенін жаңа ғана онымен сұхбаттасып отырған журналистің өзі де оны «шалава», яғни «жезөкше» немесе «салдақы деп атап кеткен жоқ па еді? Ендеше Талғаттың мақсаты не? Осындайда ойлайсың, егер Қазақстанмен көршілес тілі бір, діні бір, салт-дәстүрі ұқсас елдер­дің бірінде жастар театрының басшысы түгіл, кез-келген біреу газетке осындай аузына келгенін айта салып көрсінші. Оған не істейтінін айтпай-ақ қоялық. Ал Талғат осы бір шағын ғана сұхбатының өзінде не айтпады дейсің? Оның айтуынша Әуезовтің пьесасы ХІХ ғасыр адамына тән. Ал «шарбақтың ішінде ХХІ ғасыр». Талғат сөйтіп отырып Әуезовтің пьесасы 1913 жылы жазылған деп тағы бір шатасып қалады. Бірақ біздің білуімізше, Әуезов 1913 жылы пьеса жазды дегенді естіген емеспіз. Талғаттың парсы әйелдерінің хиджап көйлегін арабтардікі деуі де қателік. Ал Қазақстан тәуелсіздігіне орай қойылатын спектакльдер туралы сұраққа жауап бере келе: «А всякого рода кампании к датам не для творческих людей. Когда надо пустить недостроенный завод, можно взбудоражить людей какой-то датой, призывом. В театре же такие идеологические авралы – бред собачий» дегені ше? Бұл не «бред»? Сонда Талғат театр дегеніміз – тәрбие ошағы, ал тәрбие дегеніміз – идеология екенін білмейтін болғаны ма? Ендеше, Қазақстанда үлкенді-кішілі той-думан, мереке болса, Ресейдің әнші, актер, биші атаулысы Астанаға ағылып келіп сайран салып кететіні несі?

Қайсыбірін айтасың, журналистің «Сіз науқаншылдыққа қарсы адам көрінесіз, бірақ Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беруге басқа мәдениет қайраткерлерімен бірге қол қойдыңыз ғой?» – деген сауалына Нодар Думбадзе мен Ілияс Есенберлиннің сыйлыққа таласы кезінде болған деген өзі білмейтін, әйтеуір біреулерден естіген бір жағдаятты айтып кеткенде тағы да күмәнді ойға беріледі екенсің. Әйтпесе, дәл сол тұста Елбасымен «Халық қаһармандығына» таласқа түсіп жатқан қарсылас болған жоқ еді ғой. Ол онысымен қоймай, осы жерде «Есть такая казахс­кая черта – завистливость» деп тұтас қазақ ұлтын бір сынап өтеді. Талғаттың қазақ деп аталатын тұтас бір ұлтқа бұлайша баға беруге мысқалдай да құқы жоқ. Бүкіл қазаққа «завистливость» – қызғаншақтық, іштарлық, көре алмаушылық тән дегені үшін де сол жерде намысы бар бір қазақ отырса, не дер еді. Өйткені қызғаншақтық, іштарлық, көре алмаушылық қай халықтың өкілінде де кездеседі. Оны бүтін бір ұлтқа тән әдет деу өрескел қателік. Әлде ол бұл жерде де басқа ұлт өкілінің алдында, орыстілдінің алдында өзінің құлмінез адам екенін көрсетіп отыр ма? Оны біз білмейміз. Бірақ егер сол құлмінез оның бойында бар болса, оны біз бүкіл қазаққа тән мінез деуге аузымыз бармайды. Және ол қазақ атаулыға берген осы бір сорақы анықтамасын дәлелдеу үшін баяғыда Лениндік сыйлыққа таласқан І.Есенберлин мен Н. Думбадзеге қатысты әлде өтірік, әлде рас немесе біреулер әдейі таратқан, әйтеуір қолда нақты дерегі жоқ тек жұрттың аузынан естіген бір әңгімені мысалға келтіре салады. Ал орыс жазушылар, ақындар арасындағы ондай тартыстан ондаған мысал келтіруге болады. Бірақ бір де бір орыстың «іштарлық, қызғаншақтық орысқа ғана тән нәрсе» дегенін естіген емеспіз. Оның есесіне орыс зиялылары (интеллигенциясы) құлмінезден ада. Өйткені орыс қашаннан патша заманында да Кеңес заманында да қазақты билеп-төстеп үйреніп қалған. Біздің толып жатқан шонжарларымыз да, атақты деген әнші кемпіріміз бен актер шалымыз да «ойбай, орысшадан айрылуға болмайды, мен ондай хатқа қол қойған жоқпын», – деп шыж-быж болатыны да осы бір құлмінездің аз да болса бар екендігін растамай ма?

Басқа толып жатқан міні бар болса, бар шығар бірақ қазекем қарасөз бен жырғалы жырдан, қысқасы ұлағаттылық пен даналықтан құралақан емес. «Ұлыңды ұл қып тәрбиелесең ұл болады, құл қып тәрбиелесең құл болады» дейді сол қазақ. Ал сіз Талғаттың «Времяның» журналисіне айтқан мына жан сырын қалай бағалар едіңіз? Ол: «Мен неғұрлым көп тіл, көп мәдениет білсең, соғұрлым өзіңе жақсы дер едім. Орысшадан бас тартуда қандай мағына бар? Адамдар өзіне ең ыңғайлы тілде сөйлесе, одан қорқатын ешнәрсе де жоқ. Қазір мен орыс тілінің арқасында орыс балетмейстері Иван Фадеевті «Карменді» шығару жұмыстарына шақырып отырмын. Мүмкін өзім де Мәскеуде Шыңғыс Айтматовтың пьесасын қоятын шығармын. Егер мен тек қазақша ғана білсем, Мәскеуде кіммен сөйлесер едім?

Біз Айгүл Бабаева, Нұрлан Абдуллин және Нағима Есқалиева үшеуміз Мәскеуден ұшақпен келе жатып орысша сөйлесіп келдік»,– дейді ол. Осы жерде кеудесінде ұлттық намысы бар, өзін тәуелсіз елдің, тәуелсіз ұлттың өкілімін дейтін бір қазақ келіп Талғатқа: «Сен ғой, неғұрлым көп тіл білген өзіңе жақсы дейсің. Ал орыстар, әсіресе Қазақстанда тұратын орыстар: «көп тіл білейік, Қазақстанда тұрамыз ғой, бәріміз ең болмаса қазақша сөйлейік, ол «өзіңе жақсы» деп неге айтпайды? Сен орысша білмесем, Мәскеуде кіммен сөйлесер едім, деп қайғырасың. Ал мәскеулік орыс түгіл Қазақстанның кез-келген ауылында тұратын орыс егер қазақша білмесем Алматыға, Астанаға барғанда қалай, кіммен сөйлесер едім, қазақша білген қандай жақсы» деп неге айтпайды? Бір де бір орыстың Алматыдан Мәскеу тұрмақ Өскеменге не Павлодарға жеткенше қазақша сөйлесейік дегенін не сен өзің, не Нұрлан Абдуллин, не мейрам сайын орысша өлең айтатын Роза Рымбаева (Айгүл Бабаеваны қойшы, ол туралы әңгімені бөлек айтармыз) естіп көрді ме екен?». Бірақ соңғы 20 жыл ішінде қазақтардың көбі саясатша айтқанда, космополиттеніп, нигилистеніп, қаттырақ айтсақ, мәңгүрттеніп, «орыс­тар неге қазақша сөйлеуі керек, өзің бір ұлт араздығын қоздырушы, әлде террорист, әлде экстремист, әлде жаңаөзендік мұнайшы бір бәле емессің бе?» деп өзіңе тап беретіндер көбейіп кетті. Ал адам бойындағы космополитизм, нигилизм, қазақтардың еуроцентристігі дегеннің бәрі не атаққұмарлықтан, не көзге түсуге құмарлықтан, не қарабасы үшін өз ұлтының тілінен, салт-дәстүрінен безуден, не сауаты төмен, надандықтан, жағымпаздықтан, қысқасы, құлмінездің осындай толып жатқан компоненттерінен пайда болатынын көзіміз көріп отыр. Ал Талғаттың Ксенияға «Мен Қазақстаннан өзге ұлт өкілдерінің кетпегенін қалар едім. Себебі олар да осы жерді өз Ота­нымыз деуге хұқы бар» деп бұл тақырыпта әңгіме қозғалмаса да өз-өзінен жәреукелене сөйлеуін қандай мінезге жатқызар едіңіз? Бұл да соңғы кезде кейбір бірінен-бірі қағып алып, жиі айтатын «данышпандығына» айналды. Ау, сендерге не болған! Басқа ұлттың өкілдері көшіп кетіп жатса, өзінің тарихи Отанына кетіп жатқан шығар! Кетем деген адамға қазақ даласы сенің Отаның ғой деп сонша жабысатындай не көрінді дейтін біреу болсайшы! Жоқ! Талғат, бұдан әрі «Мүмкін, біздің келер ұрпағымыз шекараларды бұдан да кеңейтіп (?) (астын сызып, сұрақ қойған біз.–М.К), өзара ағылшынша сөйлесетін шығар» – деген болжам айтады. Бұл көріпкелдік пе әлде ауызға келгенді айта салатын парықсыздық па? Әуелі, Н.Абдуллин, Н. Есқалиева үшеуміз тек орысша сөйлестік деп жанындағы орыстілді журналист әйелге сонша мақтанып, (әлде құлмінезденіп, жағымпазданып) одан енді ағылшынша сөйлеуге көшетін шығармыз деп, әйтеуір өз ана тілінен ат-тонын ала қашудан өткен келеңсіздік қайда бар? Өз ұлтын бұлайша өзгенің табанына салу басқа қай ұлтта бар екен? Әй, жоқ шығар-ау.

Бүгінгі қазақ ойланатын бір үлкен мәселе бар. Соңғы жылдары Қазақстандағы кейбір орысша басылымдар, әсіресе мемлекеттік тіл, қазақтың кейбір салт-дәстүрі, қай дінді ұстанатыны туралы қазақтардың пікірін сұраған болып, небір зымиян, небір сұрқия сұрақтар арқылы іштен іріткі салуды жиілетті. Олар бұл үшін көбіне орысша оқыған, орыстілді қазақтарды әңгімеге, сұхбатқа тартады. Сірә, олар «тілі екеудің –діні екеу» екенін жақсы біліп алған болуы керек. Осы сұхбат кезінде Талғаттың ой-өрісін де, өресін де байқап қалды ма, қайдам, әйтеуір, «Времяның» тілшісі Ксения оған: «Бұдан жиырма жыл бұрын 2012 жылдың өзінде-ақ жұрттың бәрі қазақ тілін білетін болып шығатындай көрінетін. Енді міне, оны қатаң әдістермен енгізу туралы әңгімелер туындай бастады» – деп Талғат жаққа тағы бір тұтанғыш сауалды тастап кеп жібереді. Содан Тәкең оны лапылдатып ала жөнеледі. Жақында баспасөзден өзім білетін бір профессордың «Өз мемлекетінде өзінің ұлттық идеясын тудыра алмайтын ұлт басқа халықтарға тәуелді болады. Ал идея зиялы қауымның арқасында дүниеге келеді», – дегенін оқыдым. Рас! Ал бүгінгі зиялы қауымыңның айтып жүргені мына Талғаттікіндей, орыстілді газеттерге осындай сұхбат беретіндердікіндей болса, ертеңгі күнің не боларын ойлан, қазекем! Ойлан, қазақ!

02.02.2012

Мырзан КЕНЖЕБАЙ,

журналист

Серіктес жаңалықтары