ҚҰЛАШЫН КЕҢГЕ ЖАЙҒАН
ҚҰЛАШЫН КЕҢГЕ ЖАЙҒАН
Бүгiнде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi сапалы бiлiм мен әлемдiк стандартты енгiзу iсiнде халықаралық әрiптестiкке басымдық берiп келедi. Осы мақсатқа ұмтылған университет Болон декларациясы аясында бiлiм және ғылым саласын интеграциялауға кiрiсiп кеткен. Әлбетте, бұл жұмыстың басы әлемнiң маңдайалды жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтары бағдарламаларымен әрiптестiк орнату арқылы жүзеге асатыны белгiлi. Ол үшiн халықаралық бiлiм бағдарламасы мен жобалары, ғылыми-зерттеу қызметiн жүзеге асыра отырып, дүркiн-дүркiн ғылыми-тәжiрибелiк семинарлар мен конференциялар ұйымдастыруды да қолға алды.
Айта кету керек, осы үрдіс оқытушы мамандардың тәжірибесін арттырып, студенттік академиялық байланысты дамыта түседі. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің зерттеу университетіне көшу стратегиясы – факультеттер мен кафедралар құрылымын қайта ұйымдастыру жұмысынан басталды. Әрине, бұл инновациялық жобаларды дамытып, жаңа технологияларды енгізуге, сондай-ақ университеттік білімнің классикалық беделін көтеруге бағытталған жол екені анық. Химия мен химиялық технология факультетінде қайтадан құрылған «Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасы» қанатын кеңге жайып, шетелдің ондаған жоғары оқу орындары, зерттеу институттары және ғылыми орталықтарымен бұрынғы ғылыми және педагогикалық байланысты дамытуға мүмкіндік алды. Әрі кафедраның оқытушылары алыс және жақын шетелдерде болатын халықаралық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасау арқылы өзінің біліктілігін арттырып келеді. Әрине, бұл қарым-қатынас ғылыми салада да табысты нәтижесімен қуантып жүр. Тіпті осы іс-шараның бәрі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ беделінің шетелде танылуына жол ашқандығын айта кеткен жөн.
Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының тарихи және ғылыми тамыры өте тереңде жатыр. Мәселен, Физикалық химия кафедрасында өз қызметін бастағандардың қатарында әлемге әйгілі ғалым, академик М.И.Усанович, академик Д.В.Сокольский, академик Қ.А.Жұбанов, т.б бар десек, бүгінде бұл саланың тізгінін профессор М.К.Алдабергенов, профессор Ж.К.Қайырбеков, профессор Х.А.Суербаев, доцент Р.М.Мойса, профессор А.К.Оспанова және доцент Г.А.Сейілханова т.б. бір топ оқытушы ұжымы жалғап келеді.
Кафедрада халықаралық гранттар мен мемлекеттік бағдарламалардың қаржылай көмегі аясында жүзеге асатын жаңа ғылыми бағыттағы зерттеулер қалыптасқан. Бұл арқылы жас ғалымдардың ғылымға деген құлшынысы оянып, «ғылыми мектептер» пайда болуда. Студенттер, магистранттар мен докторанттар ғылыми зерттеу кафедрасында өздерінің тәжірибелік жұмыстарын паш етіп, алғысқа бөленуде.
Кафедраның алдыңғы қатарлы профессорлары мен доценттері Ресей ғылым академиясы Структуралық макрокинетика және материалға кіріспе мәселелері институтының, Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық институты және Синь-Цзян университеті химия және химиялық инжиниринг факультетінің, Стивенсон университеті ғалымдарымен бірге ғылыми зерттеу жұмыстарына да кірісіп кетті. Ал кафедраның инновациялық қызметі әртүрлі мемлекеттердің ғылыми орталықтары мен жоғары оқу орындарымен екіжақты келісім-шартқа отырған. Бүгінгі таңда Кайзерслаутерн (Германия) қаласындағы Техникалық университетпен, Алмерия қаласының университетімен (Испания), Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетімен (Ресей), РҒА Сібір бөлімі Г.К.Боресков атындағы Органикалық катализ институтымен ғылыми және педагогикалық әріптестік негізінде келісімге келу басты жоспарда. Демек, Физикалық химия, катализ және мұнайхимиясы кафедрасы әлемнің озық технологиялы бірқатар химия қауымдастықтары және халықаралық форумдар мен конференцияларды өткізу нәтижесінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерді.
БҰҰ-ның Бас ассамблеясы жариялаған Халықаралық химия жылы аясында, академик-ғалым А.Б.Бектұровтың 110 жылдығына орай, 2011 жылдың 20-21 қазанында «Химия мен органикалық емес заттар мен материалдар технологиясының заманауи жағдайы» атты халықаралық конференция болып өтті. Оған Испания, Германия, Ұлыбритания, Ресей, Белоруссия, Украина және Қазақстанның, дәлірегінде алыс және жақын елдерден барлығы 162 ғалым қатысты. Соның арқасында шетелдік ғалымдар мен оқытушылар біздегі «Химия», «Мұнайхимиясы», «Мұнай-газ ісі», «Органикалық емес заттар химиялық технологиясы», т.б. бағытта білім алатын студенттерге арнайы бағдарлама бойынша дәрістер оқыды. Атап айтқанда, Ph.D докторанттары мен магистранттары үшін профессор Х.Зитцман «Структуралық химия» курсы бойынша дәріс оқыса, профессор А.М.Ромероз Ниевас «Координациялық химия» курсынан, Ресейден келген доцент Р.Мусин бакалавриат студенттері алдында «Химия және органикалық және мұнайхимиялық синтез технологиясы» курсынан көп мәліметтер берді.
Биылғы оқу жылы бакалавриаттың физикалық химия және электр химия саласына маманданып жатқан 11 студенті СПбГТУ-дан академиялық тәжірибе алмасатын болса, 3 магистрант Прага қаласына аттанады. 2012 жылы мұнайхимиясы және мұнай-газ ісі саласына маманданған 4 магистрант РҒА Сібір бөлімінің Г.К.Боресков атындағы Органикалық катализ институтына академиялық тәжірибе алмасады деген жоспар бар.
химия ғылымдарының докторы, доцент;
Женетта ТАШМУХАМБЕТОВА,
химия ғылымдарының кандидаты, доцент